KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, С
446.49 475.38 4.79

«Казцинк-Торпедо» жаңа маусымды жеңіспен бастады

11.09.2012, 18:00 183


Өскемендегі Б.Александров атындағы Cпорт сарайының мұз айдынында Ресей біріншілігінің жоғарғы хоккей лигасының жаңа маусымының алғашқы беташар ойындары болып өтті. Мұз айдынындағы жаңа маусымның салтанатты ашылу рәсіміне облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аталған жоғарғы хоккей лигасында биыл жиыны он төрт таңдаулы команда бақтарын сынамақ. Олардың арасында облысымыздың мақтанышы, республика мен шетелдерге есімдері кеңінен танымал «Казцинк-Торпедо» хоккей клубы да өнер көрсетеді. Бұл маусымның мұз үстіндегі алғашқы жекпе-жегін өз айдынында жерлестеріміз Балашиханың «Динамо» командасымен бастады. Аймақ басшысы жерлестерімізге жаңа маусымда тек жеңістер мен сәттіліктер тіледі.

– Құрметті хоккей жанкүйерлері! Баршаларыңызды үшінші жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймын. Жыл сайын жоғарғы лигада өнер көрсететін хоккей командаларының саны артып келеді. Олардың барлығына сәттілік тілеймін. Ал өзіміздің жерлестеріміз, «Казцинк-Торпедо» командасына қызықты да әдемі ойын өрнегін көрсетіп, тек жеңістерге жете берсін дейміз. Алға, «Казцинк-Торпедо»!, – деді аймақ басшысы хоккейшілерімізге жігер беріп.

Осылайша хоккейшілерімізге ізгі тілегін білдірген облыс Әкімі мұз айдынының ортасына шығып, «Казцинк-Торпедо» командасының қорғаушысы Владислав Колесниковке шайбаны салтанатты жағдайда табыс-тады. Мұнан соң қос елдің мемлекеттік Әнұрандары шырқалғасын қос команда арасындағы қызықты бәсеке басталып кетті.

Ойын барысы бірден-ақ аса тартысты жағдайда жалғасты. Жерлестерінің алғашқы ойынын көруге Спорт сарайына лық толған өскемендіктердің қолдауы қанат бітірді ме, торпедошылар бірден ойын тізгінін қолға алып, шабуылдарды үдете түсті. Нәтижесінде кездесудің 12-ші минутында шабуылшы Вадим Рифельдің көздей соққан шайбасы қарсыластардың қақпасына дөп түсіп, жерлестерімізді алға шығарды. Таблодағы бұл көрсеткішті бірінші кезеңнің соңына дейін ресейлік хоккейшілер өзгерте алған жоқ. Тек екінші кезеңнің 14-ші минутында ғана «Динамоның» қорғаушысы Владислав Дашкевич біздің қақпадан саңылау тауып, есепті теңестіріп кетті. Арада екі минут өткенде «Казцинк-Торпедо» хоккейшілерінің аз құрамда ойнағанын ұтымды пайдаланған қарсыластардың шабуылшыларының бірі Марат Фахрутдинов есепті 2:1-ге жеткізді. Аз уақыттан соң толық құрамда айдынға шыққан айдын иелері сауатты шабуылдар ұйымдастырып, нәтижесінде шабуылшы Александр Майер екінші кезеңнің аяқталуы-на тоғыз минут қалғанда есепті тең дәрежеге жеткізді. Мұнан соң ойынның үшінші кезеңінде командалар арасында алма-кезек қауіпті шабуылдар басталды. Сондай ұр-ымтал сәттердің бірінде «Динамоның» шабуылшысы Алексей Сопин кездесудегі үшінші шайбаларын соқты.

Қонақтардың басымдық ала бастағанын сезген торпедошылар бірден сергек қимылға көшіп, А.Майер екінші мәрте қонақтардың қақпасына шайбаны дәл көздеді. Бұдан кейін де динамошылар жеңісті қолдан бермеуге тырысып баққанымен, көрсеткішті пайдаларына ұстап тұра алмады. Ойынның аяқталуына небәрі үш минут қалғанда «Казцинк-Торпедоның» шабуылшысы А.Майер тағы бір мәрте шеберлігімен көзге түсіп, командасы үшін жеңісті шайбаны соқты. Осылайша жаңа маусымның алғашқы ойындарын жерлестеріміз өз айдынында жеңіспен бастады.

Жаңа маусымның алғашқы шайба соғушысы болып В.Рифель танылса, үздік ойын үлгісін көрсетуші ретінде А.Майер танылып, оларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Енді жерлестеріміз өз айдынында 12 қыркүйекте «Рязань», 15 қыркүйекте «Саров» хоккей командаларымен кездесулер өткізетін болады.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив