KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 1,7 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Әлем қауымдастығын бейбіт саясатқа шақырды

27.08.2012, 18:00 304


Ертең Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференция өтеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аталған конференцияға қатысушылар бүгін Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықта болып, Семей қаласында өтетін полигон сынақтарының жабылуына арналған митингіге қатысады. Қазақ халқының қаншама ұлыларын дүниеге әкелген киелі Абыралы өңірінде орны толмас қырғын жасап, сынақ алаңына айна-лдырған кеңестік жүйенің саясаты қазақ еліне қарсы жасалған геноцидтік әрекет болды.

Бала кезімізде жарылыс кезіндегі аспанға көтерілген саңырауқұлақтың талайын қызық-тап көрдік, қаршадайымыздан сол қасіретке куә болдық.

Қайнар өңірі тіршілікке жайлы, қойнауы төрт түлікке толы, кезінде аудан орталығы болған іргелі мекен еді. Әсіресе, тарихтың талай сырын ішіне бүгіп жатқан табиғаты көркем Дегелең тауы бүгінде шөгіп, сынақтың құрбанына айналды. Онда орташа және шағын қуатты жа¬рылыстар жасалды. Ол үшін таудың өн бойын тілгілеп, штольнялар қазды. Диаметрі 3 метрдей болатын үңгірлердің ұзындығы кейде бірнеше шақырымдарға жететін. Соған зарядтар салы¬нып, оны жарып, таудың жүрегін солқылдатқан. Осы тауға да 200-ден астам жарылыс жасалды. Бүгінде Дегелең тауы 40 жылғы қырғынның куәсіндей болып, полигон қасіретін тартқан алып тау шұрқ тесік төбешікке айналған.

Бүгінде 40 жылғы үнсіз соғыстың құрбаны болған, ұлылар мекені аталған киелі жердің тартып отырған жан жарасын айтып жеткізу мүмкін емес. Талай жанның өмірі қыршынынан қиылды, әлі де қиылуда.

Семей полигоны – КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық нысан болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн. гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. 40 жыл бойы қазақ елінде жасалған сынақтың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.

1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей және Павлодар, Қарағанды облыстарының радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа ау-мақтардың тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалады. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісіктің патологиялары. Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өсті. Семей полигонына жақын аудандарда жетілуіндегі әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктері әрқилы сәбилер дүниеге ерекше көп келеді. Мамандардың айтуынша, соның бәрі қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Топырақтағы, судағы және ауадағы көптеген радионуклидтер мен ауыр металдар өсімдіктер арқылы жануарлар денесіне өтсе, одан әрі адам организміне сіңеді. 1957 жылдары С.Балмұханов, Б.Атшабаров бастаған Алматыдан келген ғалымдар тобы полигон маңындағы тұрғындардың денсаулығына зерттеу жүргізіп, радиациялық сәуле әсерінен болған ерекше дертке “Қайнар синдромы” деген атау берілді.


40 жылда 416 ядролық сынақ жасалған

Семей сынақ поли¬гоны ядролық жарылыстарды жүзеге асыруда көлемі жағынан да, саны жағынан да, техно¬логиялық деңгейі жағынан да әлемдегі ең үл¬кен де озық сынақ орнының бірі болды. Ал¬ғашқы атом бомбасын сынау 1949 жылы өт¬кізілсе, 1953 жылы 12 тамызда термоядролық құрылғы сыналды, ал 1955 жылы 29 қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1951 жылы 18 қа¬зан¬да атом бомбасы ұшақтан тастау арқылы сы¬налды. Жалпы, 1949 жыл мен 1989 жыл арасында 456 ядролық сынақ (616 жарылыс) жасалды.

Адамзатқа жасалған осындай қасіретті өз көзімен көрген Елбасымыз бүкіл жаһанға үлгі-өнеге көрсетіп, Семей сынақ алаңын жабуы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға екендігін көрсетті.

Ұлт көшбасшысының 1991 жылғы 29 та¬мыз¬дағы Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жабуы жаһандық деңгейдегі айтулы оқиға болды. Бүгінде Семей полигонын жабу туралы Президент Жарлығының ядролық қарусыз ел мәртебесінің биігін белгілеген, адамзат дамуындағы бейбіт қоғам үшін жасалған бірден-бір батыл тарихи құжат екендігін бүкіл әлем қауымдастығы мойындап отыр. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ осы қадамы империялық пасық пиғылды күйретіп, ядролық қаруды игеру арқылы жер-жаһанға қожалық жасауға ұмтылған аш¬көзділікке тоқтам жасауға болатындығын әлем қауымдастығына дәлелдеп берді.

Жарты ғасырдан артық адамзат баласын біржолата жер бетінен құру қаупін төндірген жойқын қатердің алдына тосқауыл қойылды.

Осыдан екі жыл бұрын елімізге жасаған сапары барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун: “Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрға¬ны¬на зор қолдауымды білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлем құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТАН үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақ¬стан¬нан үлгі алуға шақырамын” деп, Елбасымыздың батыл шешіміне айрықша баға берген еді. Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардың тоқтатылуының 20 жыл¬дығына арналған салтанатта сөйлеген сөзінде Елбасымыздың 29 тамыз күнін жаппай қырып-жою қаруларын жоюдың Бүкіләлемдік күні деп жариялау туралы мәлімдемесі БҰҰ-да қолдау тауып, бұл күн “Халықаралық ядролық қарусыздану күні” болып белгіленді. Қазіргі таңда дүниежүзінде 41 мың 735 ядролық оқтұмсық сақталып отырғанын ескерсек, бұл қатер жер планетасын жүз мәрте жойып қана қоймай, жалпы, күн галактикасының өзін тұтастай құртып жіберуге толықтай қауқарлы екендігін қазіргі ғылым дәлелдеп отыр.

Кеңестік заманда Семей сынақ полигонында үлкен ғы¬лы¬ми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оған аса зор материалдық-техникалық база да жасал¬ды. Полигонды жапқанда ол қайда қалмақ? Елбасымыз онда қалып¬тас¬қан ғылыми-техникалық әлеуетті халық игілігіне пайдалану мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Сынақ алаңын жабу туралы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығының екінші тармағында респуб-лика Үкіметіне «…Семей сынақ полигонын одақтық-респуб¬ли¬ка¬лық ғы¬лы¬ми-зерттеу орталығына айналдыру» тап¬сырылды. Бұл –Кеңес Одағының тарқамаған кезі еді. Тіпті, сол Одаққа да парасаттылық жолын көрсет¬кен¬дей шешім еді бұл. Ал еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Президенттің Жар¬лы¬ғымен Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Семей полигоны орналасқан жер –халқымыздың ең шұрайлы жері. Ол – жараланған жер. Бірінші кезекте сынақтың алаңына айналған жердің жарасын жазу бас-
ты міндет болып табылады. Оны жазу үшін осы сынақ поли¬гонында жасалған үлкен ғылыми-техникалық әлеует пайдаланылғаны жөн. Осы мақсатта құрылған Ұлттық ядролық орталық қыруар жұмыс атқаруда. Халықаралық ғылыми қауым¬дастықпен бірлесе отырып ҰЯО Семей сынақ полигонындағы және оған жақын аймақтағы радиациялық жағдайды жан-жақты зерттеп, үлкен ақпараттық мағлұматтар жи¬нақ¬тады. Сынақ алаңдарындағы нысандар демили¬тариза¬цияланды, яғни, штольнялар мен ұңғы¬малар жойылды.

ҰЯО көп жұмыс атқарып жатыр. Оның бір ғана көрінісі – сол орталықтың бас директоры, академик Қайрат Қадыржанов бастаған бір топ ғалым ядролық және радиациялық физика саласындағы іргелі зерттеулер және олардың негізінде ядролық және радиациялық технологиялар құрудағы жұмыстар циклі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл жұмыстар әлемдік ғалымдар тарапынан жоғары бағалануда.

Бұл аймақ ежелден берекелі қо¬ныс, мыңғырған мал өскен жер екені өз ал¬ды¬на, онда қазбалы байлық та көп: алтын, марганец, флюорит, таскөмір, мыс, молибден кендері бар.

Қазір Қаражалда флюорит өндіріліп жатыр. Ол елімізде тек осы жерде ғана кездеседі. «Балапан» сынақ алаңында мыс-молибден өндіріледі. Ал Қаражыра көмір кен орны біраз жылдан бері осы аймақтың тұрғындарын отынмен қамтамасыз етіп келеді. Оның қоры – 1,2 миллиард тонна, жыл сайын 3 миллион тонна көмір өндіріледі. Сондықтан да аймақты кешенді шаралармен сауықтыру саласында қанша ғылыми зерттеулер жүргізілсе де өзектілігін жоймайды.

Біздің университеттің ғалымдары Ұлттық ядролық орталықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Әсіресе, осы салаға мамандар дайындау мәселесі жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар университет пен ҰЯО арасында ғылыми байланыс жасау жөнінде келісімшарт жасалған.

Елбасымыздың тапсырмасы бойынша еліміздегі іргелі оқу орындарының жанынан 5 ұлттық, 15 инженерлік бейімдегі зертханалар ашылды. Сол зертханалардың бірі – Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің еншісіне тиген еді. Зертхананы ашу үшін Үкімет тарапынан 200 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезеңде бұл орталық жұмыс істеп тұр. Заманауи қондырғылармен жабдықталған зертхананың біздің өңір үшін маңызы өте жоғары. Зерттеулерге қажетті мемлекеттік лицензиялар мен сертификаттар алынды, зертхана аккредитациялаудың алғашқы сатысынан өтті.

Біздің мақсатымыз – осы зертхананың көмегімен бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан өңірлерде кешенді сауықтыру шараларын ұйымдастыру.

Зертхананың жүргізетін негізгі ғылыми бағыттары – бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан өңірлердің радиоэкологиялық жағдайына мониторинг жасау арқылы тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіп-қатер факторларының әсерiн талдау және оларды азайту бойынша ұсыныстарды әзірлеу.

Сонымен қатар кешен-дi экологиялық бағалау, талдау бойынша iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу, радионуклидтермен және ауыр металдармен ластанған топырақ, жер беті және жер асты суларын тазалау әдістерін әзірлеу, полигонға жақын орналасқан аймақтарда азық-түлік шикізаты мен тағам өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сараптау жә-не бағалау, радиопротекторлық қасиеті бар жаңа тағам өнімдерін жасау болып табылады. 40 жылдан астам Семей ядролық полигоны сынағынан қарапайым халық пен қоршаған орта орасан зор зардап шеккені барша әлемге аян. Полигон жабылды. Дегенмен де оның зардабы біз үшін үлкен қасірет қалдырды. Полигон аймағында халық тұрады, мал жа-йылады. Ал полигон сынағынан қалған улы радиоактивті заттардың кейбіреуі көп жылға дейін ыдырайды. Әлемдік тәжірибеде суды, топырақты, ауаны радиоактивті заттардан тазартудың бірнеше әдістері бар. Мәселен, кейбір ағаштардың улы заттарды өз бойына жұтып алатын қасиеттері болады екен. Чернобыльде осындай тәсіл қолданылатын-дығын беларусьтық әріптестерімізден естіп, білдік. Бізде де сондай өсімдіктер бар, соның қайсысы тиімді екенін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы анықтауымыз керек.

Полигон аймағындағы халықтың ден-саулығын сауықтыру бағытында жұмыстар атқару үшін қаламыздағы Семей мемлекеттік медицина университетімен және Радиоэкология және медицина ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс жасамақпыз. Сонымен қатар, бізбен тағдырлас Жапонияның Нагасаки қаласының ғалымдарымен, Чернобыль қасіретін зерттеп жүрген беларусьтық әріптестермен және Канада, Чехословакия атом энергиясын зерттеу орталықтарымен ғылыми байланыс орнатуға дайындығымыз пысықталып, бастапқы ғылыми жұмыстар жүргізілуде.

Қазақ жеріне орны толмас қасірет әкелген Семей сынақ полигонының қырық жылғы қасіреті қазақ халқының мәңгі жан жарасы болары хақ. Дегенмен де, осындай алып аждаһаны ауыздықтаған Ұлт көшбасшының ерлігіне тәнті болып, елдің ертеңіне деген сенім нығая түседі. Тәуелсіз қазақ елі өзінің бейбіт ұстанымымен күллі жаһанға танылып, бүгінгідей алмағайып заманда әлемді бейбітшілікке шақыруы көңілге қуаныш ұялатады.

Серғазы Дүйсембаев,
Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің Радиоэкологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив