KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 9 м/с, С
446.49 475.38 4.79

«Сингентаның» технологиясына тең келер ештеңе жоқ

16.08.2012, 18:00 117


«Баптай білсең, жер жомарт» деген нақылға қазір қолдана білген технология мен ерекше тұқымның берері мол деп қосуға болады» дейді мамандар. Оған келтірер дәлелдері де жоқ емес. Мәселен, Глубокое ауданы, Веселовка ауылындағы «Виситаев» шаруа қожалығында «Сингента» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ынтымақтаса отырып өсірген күнбағыс алқабына қарап оған анық көз жеткізуге болады. Сабағының ұзындығы бір жарым метрден асатын, қалпақтары кішігірім астаудай, дәнін әрең көтеріп, бастары салбырап тұрған, осы бір күн нұрын сүйетін дақылдан шаруашылық әр гектарынан ең кемі 25 -30 центнерден, сәтін салса, 40 центнерге дейін өнім жинауды жоспарлап отыр. Осыған орай «Сингента» серіктестігінің гибридтерін егіп, технологиясын табыспен қолданып жүрген шаруашылық пен серіктестік оның ресми дилері болып отырған «Тандем Агро» фирмасымен бірлесе отырып, «Алқап күні» атты арнайы семинар өткізді.

Әлемнің 96 елінде өкілдіктері бар

Семинарды ұйымдастыруға мұрын-дық болған швейцариялық «Сингента» серіктестігінің майлы және дәнді дақылдардың, гүлдердің гибридтерін сұрыптап шығаратын, дайындайтын, өсімдік қорғау саласымен айналысатын фирма ретінде әлемнің 96 елінде өз өкілдіктері бар. Оның ішінде Қазақстанда жұмыс істей бастағандарына да он жылдан асыпты.

Шығыс Қазақстанның агроөндірістік саласымен ынтымақтастық орнатқаны-мызға да биыл он жыл толады. Біз, әсіресе, күнбағыс өсіретін шаруашылықтармен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді осы орайда серіктестіктің техникалық қолдау жөнін-дегі маманы Дина Мырзақұлова. Өткен жылы осындай семинарды ауданның «Ушаново Астана» шаруашылығында өткізген болатынбыз. Мақсатымыз – фирманың дайындаған гибридтерін және соған орай жасалған технологияны пайдалану арқылы қаншалықты мол өнім алуға болатындығына шаруашылық басшылары мен мамандардың көздерін жеткізіп, оны кеңінен насихаттау. Біздің гибридтеріміз жоғары өнімділігімен қоса бірыңғай өсіп, бірдей пісіп-жетіледі, түрлі ауруларға төзімді. Сондықтан да оны пайдаланушылар қатары Қазақстанда артып келеді.

«Жақсыны – көрмекке» дегендей, «Алқап күні» аталған семинарға алыс-жақыннан келген шаруашылық жетекшілері мен мамандары аз болған жоқ. Оған көршілес Павлодар облысынан да мамандар келіпті.

– Соңғы үш жылдан бері «Сингентамен» ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Біз егіншілікпен айналысатын болғандықтан заман ағымынан қалмай, уақыт талабына сай еңбек ету үшін жаңа технологияларды енгізіп отыруға тырысамыз. Сол себептен осы серіктестікті таңдаған едік. Олардың ұсынған гибридтері мен технологиясы бізге ұнады. Биыл бес түрлі гибридтерді таңдап, еккен болатынбыз. Күнбағыстың шығымы, өсімі өте жақсы. Бәрі бір қалыпта. Жалпы, осы қадамымыз өзін ақтады деп есептеймін, – дейді осы орайда қожалық жетекшісі Руслан Виситаев.

Гибридтерінің тиімді екендігіне көздері жетіпті

Қожалықтағы жалпы егістік алқабы 7500 гектар болса, оның 2100 гектарына күнбағыс егіледі екен.

Жер емесін еміп, егіншілікпен айналысып отырған қожалықтың табысы жаман емес. Соның нәтижесінде соңғы жылдарда барлық техникаларын жаңалап алыпты. Әсіресе, өткен жылы алынған су жаңа, қымбат бағалы шетелдік астық комбайндарының пайдасы мол болып тұр екен. Оған қоса ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруда әлемдегі жетекші орын алатын американдық «Джон-Дир» компаниясының техникаларын сатып алмақ. Күнбағыс өсірудің «Сингенталық» технологиясын енгізген соң оған лайықталған осы американдық фирманың тұқым себетін және өңдейтін техникаларының кешенді жабдықтарын сатып алған.

– «Сингентаның» гибридтерін егіп, технологиясын енгізген соң оған лайықталған техникаларды алмасқа болмайды. Онсыз ісімізде мән болмас еді, – дейді бұл тұрғыда Руслан Виситаев. – Соның арқасында қазір күнбағысымыз бірдей болып өсіп, жайқалып тұр. Көрер көзге өте тамаша. Шығымы жақсы. Кемі 97 - 99 пайыз болып тұр. Осы гибридтерді қалай шығады деп күмәнданбай-ақ егуге болады. Өнім ең кем дегенде гектарынан 25-30 центнерден айналады деп отырмыз. Тіпті, 35-40 центнерден де өнім алуымыз ғажап емес. Қалай болғанда да аса пайдалы екендігі көрініп тұр.
Білікті басшы, тәжірибелі жетекшінің айтуынша, биыл күн райы егіншілік үшін қолайлы болған жоқ.

Көктем салқын болды. Жаздың басында жаңбыр жаумады. Жерге тамшы тамбағандықтан ылғал жетіспей, топырақ кебе бастаған болатын. Оның үстіне тұқымды жылдағыдан ертерек, мамыр айының басында жерге сіңіріп қойғандықтан ол көк-теп шыға салысымен солу қаупі де төнген. Алайда, гибридтер мен жаңа технологияның арқасында оны күтіп, баптау арқылы сақтап қалуға мүмкіндік туған. Ал маусым айының ортасынан бастап жау-ған жаңбырдан соң өсімдіктер бірден көтеріліп, аз уақытта агротехникалық талаптарға сай өсіп-жетілген. Мұның өзі олардың жергілікті жердегі күн райына бейімделген, қатал табиғат жағдайына төзімді екенін көрсетіп отыр,– дейді мамандар.

Күнбағысты кәсіп қылған жұрт көп


«Сингента» серіктестігінің гибридте-рін егіп, жайқалтып күнбағыс өсіріп отырған, әрі одан гектарынан ең кемі 25 - 35 центнерден өнім жинауға үмітті шаруашылықтың алқабына аттанып, оны көздерімен көруге келген семинарға қатысушылар ең алдымен алқаптағы күнбағыстың бойлап, әрі біркелкі өскеніне назар аударды. Ал күн нұрына бөгіп, салбырап тұрған оның дән толы бастарының үлкендігі, тіпті, ерекше көзге ұрады. Оған жай көзбен бір қараған адамның өзі-ақ мол өнім алынатынына шүбәсіз сенгендей. Ал мамандар болса, алқаптың басқа да артықшылықтарын талқылаумен болды.

– Күнбағыс – әлемдік дақыл. Дүниежүзінде оны өсірмейтін ел кем де кем, – деп бастады әңгімесін семинарға қатысушыларға алқапты таныстырған Ресейден арнайы келген «Сингента» се-ріктестігінің майлы дақылдар жөніндегі техникалық сарапшысы Евгений Сизо-ненко. – Биыл әлемде күнбағыс өндірісі-нің көлемі 38,75 миллион тоннаға жетеді деп болжануда.

Сарапшының айтуынша, әлемде осы дақылды өңдеу шаралары өткен жылғыдан 17 пайызға артып, 34,8 миллион тоннаға жуықтаған. Оның ішінде бұл өнімді көптеп өсіретін Украйна мен Ресейде осы бағытта алға жылжушылық болғанымен, биыл олардағы алынатын өнім көлемі аз. Сол сияқты АҚШ пен Индияда өнім азайғанымен, Еуропа елдерінде ол арта түспек. Қытай елі де өз өнім өндірушілеріне үлкен қолдау жасап отыр. Ал Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, оның ішінде күнбағыс және басқа да майлы дақылдар өсірумен айналысатын шаруашылықтар қатары артып келеді және олардың бірталайы жаңа технологияларды батыл енгізуде. Оның бір дәлелі осы шаруашылық деуге болады.

Сарапшы мұнан әрі осы алқапқа қолданылған гибридтердің артықшы-лықтары мен пайдасы туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Оған қоса алқапты қалай күтіп, баптау керектігі жөнінде де көптеген кеңестер берді. Осы орайда, әсіресе, гибридтерді жерге сіңіруден бастап, оның өсіп-өнген уақытындағы атқарылар шаруалар туралы айтылғандар семинарға қатысушы мамандар мен шаруашылық жетекшілерінің ойынан шықты деуге болады. «Сингентаның» гибридтері арзан емес. Алайда олар аса пайдалы, жақсы өсіп-өнеді. Жер бетіне біркелкі шығып, бойлары бірдей болып жетіледі. Түрлі ауруларға төзімді. Ең бастысы, оны орып, бастыру үшін аса көп күш-жігердің қажеті жоқ. Себебі, ол жинауға аса қолайлы. Күнбағыстан мол өнім алу үшін оған арналған техникаларды қолданған жөн. Осы тұрғыдағы әңгіменің аса қызықты болғаны сонша-лық, семинарға қатысушылардың сан алуан сұрақтары да көп болды. Бір сөзбен айтқанда, «Сингентаның» гибридтерінің аса пайдалы, ал технологиясын қолдану тиімді екендігі тағы да белгілі болды. Оған дәлел – жайқалып өсіп тұрған осы алқап деуге болады.

Александр Бурдаков, шаруа қожалығының жетекшісі, Глубокое ауданы:

– Агроөндірістік салада қалай болғанда да өндіріс пен ғылымның өзара байланысынсыз алға басу мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда «Сингентаның» гибридтерінің, оның технологиясының зерттеу мен тәжірибеден алынғандығы көрініп тұр. Оны тек орнымен қолдана білсе, ешкім ұтылмайды деп ойлаймын.

Александр Касицын, «Галицын» шаруа қожалығының жетекшісі, Павлодар облысы:

– Өте қажетті жұмыс. Мұндағы нәтиженің аса жоғары екендігіне көзім жетті. Біз өзіміздің ауданымызда осы әдісті қолдануға тырысамыз. Алайда кез келген технологияны сол қалпы пайдалана алмаймыз. Себебі, жер, топырақ, күн райы әртүрлі. Дегенмен, көргендерім көңілімнен шықты.
Нұрлыбек Құмарғажин, Глубокое ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы:

– Ауданымызда егіншілікте жаңа технологияларды енгізуге барынша мән беріледі. Міне, «Виситаев» шаруа қожалығының бұл қадамы – соған дәлел. Басқа да бірнеше шаруашылықтар «Сингента» серіктестігімен ынтымақта жұмыс істеп жатыр. Нәтижелері өте жақсы. Біз оларға үнемі қолдау көрсетіп отырамыз.

Сонымен, «Сингента» серіктестігінің гибридтерін егіп, оның технологиясын қолданып отырған «Виситаев» шаруа қожалығы биыл күнбағыстан мол өнім алатындығына сенімді. Қазірдің өзінде осы дақылдың шығымы көз қуантып отыр. Семинарға қатысушы мамандар мен шаруашылық жетекшілерінің пікіріне қарағанда серіктестікке сенім артып, ойланбастан ынтымақтастық орнатуға әбден болады. Олардың қойып отырған шарттары да қабылдауға әбден лайық. Ең бастысы, өнім өндірушілер болашақтарын осындай әлемдік деңгейдегі фирмалармен байланыстырса ұтылмайтындығы анық.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив