KZ
Өскемен
+8°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
449.58 486.94 4.86

Жаңа құрылыстардың «әттеген-айы» да жоқ емес

9.08.2012, 18:00 154


Кейінгі онжылдықта ғана ауданда С.Сейфуллин, Ю.Гагарин, Ы.Алтынсарин, Өкпеті мектептері мен аудан орталығынан балабақша құрылыстары салынып, пайдалануға берілсе, бұл іс қазір де серпінді жүргізілуде. Ауданда үш мектеп, бір интернат құрылысы жаңадан салынып жатса, К.Нұрбаев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Әрине, көптеген құрылыс ұжымдары серпінді жұмыс істеп келе жатқанмен, кейбір ұжымдардың «әттеген-айы» да жоқ емес.

Сапалы жұмыс кәсіби мамандарға байланысты

Аудан орталығында жаңадан салынып жатқан интернат құрылысының басынан «ЖМК-құрылыс» кәсіпорны директорының орынбасары Қанат Халеловты жолықтырдық. Кейінгі жылдары бұл ұжым аудандағы көптеген маңызды құрылыстарға қатыстырылып, өзінің ұйымшылдығымен, сапалы ісімен облыстағы ең таңдаулы кәсіпорындардың қатарына қосылып отыр.

– Кәсіпорын ұжымы интернатты ғана емес, Ойшілік ауылдық округіне қарасты Танамырза орта мектебі, аудан орталығындағы кәріз, Көкжыра ауылындағы ауызсу, Ақсуат, Ақжар ауылдарындағы он тұрғын үйдің құрылыстарын да қоса жүргізуде. Серіктестік бойынша биылғы жылы 1 млрд. 100 млн. теңгенің жұмыстарын атқару межеленсе, ағымдағы жылдың 1-шілдесіне соның 350 млн. теңгесі игерілді. Қазір құрылыс жұмыстарына 150-дей адам, 20-дан астам құрылыс техникалары қатыстырылуда. Оның сыртында 15 жүк автокөлігі қаладан құры-лыс материалдарын тасымалдауда, – деді басшы жұмыстың қарқынды жүргізіліп жатқандығын жеткізіп.

Ауданы 1312 шаршы метр аумақты алып жатқан үш қабатты интернат құрылысын салуға облыстық бюджеттен 432 млн. теңгеден астам қаражат бөлінсе, былтырғы күзден бері 204 млн. теңгенің жұмыстары атқарылыпты.

Ақсуат ауылында бұрын кәріз жүйесі болмаған екен. Соған орай 2012-2013 жылдары осы елді мекенде кәріз жүйесін тартуға 700 млн. теңге қаратылса, соның 400 млн. теңгесін биыл игеру ұйғарылыпты. Құрылысшылар іске кіріскеннен бері 3,5 шақырым кәріз жүйесі салынған екен. Құрылыстың қарқын алуына жүргізуші Амантай Әбдірақов, экскаваторшы Төлеген Мұстафин, Александр Беннер, Қуат Әбілмәжінов және тағы басқалар уақытпен санаспай еңбек етуде.

Кәсіпорын құрылысшылары Көкжыра ауылдық округі орталығынан 2012-2013 жылдары сметалық құны 380 млн. теңге тұратын ауызсу құрылысын салуды қоса жүргізуде. Биылға бөлінген қаражаттың 27 млн. теңгесі игеріліпті. Келешекте ауылда 15 шақырымдық ауызсу құбыры жүйесі тартылмақ.

Осы кәсіпорынның мердігерлігімен салынып жатқан Танамырза ауылындағы орта мектептің (Ойшілік ауылдық округі) құрылысының басына да бардық.

Былтырғы күзден бері мектеп құрылысына бөлінген 285 млн. теңгенің 112 миллион теңгесі өткен жылы игерілсе, 173,1 млн. теңгесі биыл игеріліпті. Еуропалық жобалық үлгіде салынып жатқан бұл оқу орнының қолайлылығы барлық талаптарға сай келеді. Қазір оның негізгі жұмыстары аяқталып, сылау, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын құрылысты биылғы жаңа оқу жылына дейін толық аяқтағалы отыр.

Мектептің қыркүйекке дейін бітетіні күмәнді

Құрылыс жұмыстары барлық жерде бірдей төрт аяғынан тік басып тұр деуге болмайды. Сондай кемшілікке Кіндікті ауылдық округі орталығында салынып жатқан Ғани Мұратбаев атындағы мектептің жаңа құрылысын жүргізіп жатқан өскемендік «МедАртгруппа» ЖШС-нің жұмысында жол берілген сияқты.

Мектептің жаңа құрылысын көруге келгенімізде, құрылыс учаскесінің бастығы іс барысын таныстырудан бас тартты.

Ауыл жұртымен тілдескенде біраз жайға көзіміз жеткендей болды. Округтің мал дәрігері Бақтияр Ибрайымов, мектептің ардагер ұстазы Бақытбек Жылқыбаев:
– Бұл құрылысты өскемендік құрылыс мекемесі жүргізіп жатыр. Не себептен екені белгісіз, ғимараттың бірінші қабатының төбесіне салынуға тиісті темірбетон плитка жетпей қалған еді.

Сонымен бірге әуелде құрылыс учаскесі басшылығы тарапынан дұрыс жалақы төленбей, құрылысшылар біраз уақыттарын сергелдеңмен өткізіп алды. Осындай орын алған олқылықтарға орай құзырлы орындар тарапынан неше қайтара комиссия келіп, тексерулер жүргізіп қайтқан еді. Сол комиссиялардың қандай қорытындыға келгені де белгісіз. Ал айғай-шуға «азық» болған сол тіреулер мызғымай әлі тұр. Құдай бетін ары қылсын, кейін осы тіреулер төбемен бірге құлап кетіп, оқушыларды басып қалса, олар жазым болмай ма? – деді.

Ауыл жұртының осы арыз-шағымы жайында аудандық сәулет, қала құрылы-сы және құрылыс бөлімінің бас маманы М.Қарғабаевпен тілдескенімізде, ол:
– Бұл құрылысты өскемендік «МедАртгруппа» ЖШС деген құрылыс мекемесі жүргізуде. Бұл ұжым бізге бағынбайды. Бес-алты ай бұрын осы серіктестіктің үстінен арыз-шағымның түскені рас. Сол кезде ондағы олқылықты оңдауда тиісті шаралар қолданылған болатын. Бірінші қабаттағы темірбетон плиткалары ауыстырылған. Қазір алаңдайтындай ештеңе жоқ, – деді.

Ал енді құрылысшылардың жалақысы қалай төленуде? Құрылыста еңбек етіп жүрген Нұрлан Әбдірахманов:

– Атқарған жұмысымызға қарай ай сайын 45-50 мың теңге еңбекақы алып жүрмін. Осы алып жүрген еңбекақыма ризамын, – дейді.

Жалпы, екі қабатты мектеп ғима-ратының шатыр ағаштары құрастырыла бастағанмен, нысанның терістік жағын-дағы жартыкеш қабырғалар әлі де опырайыңқырап тұр. Оған мектептің ішкі бөлмелерін бөлу, әрлеу, сылау сияқты қыруар жұмыстарды қоссаңыз, бұл нысанның құрылысы жаңа оқу жылына дейін бітетіндігіне шүбәланасыз. Сондықтан құрылыс қарқынын арттыра түсу қажет-ау.

Өз ордаларында оқитын болды


Облыстық «Дидар» газетінің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы 156-нөмірінде осы жолдар авторының «Мектеп қабырғасы құлап түсті» атты сын мақаласы жарияланып, онда Зайсан көлі жағасына қоныс тепкен Байтоғас ауылындағы (Тұғыл ауылдық округі) Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектептің қаусаған сыртқы қаптама қабырғасы қыс ортасында құлап түсіп, қам кірпіштен өрілген ішкі қабырғалары ғана төбені ұстап қалуының арқасында мектептің бірінші сыныбында оқып жатқан 19 бала әупіріммен аман қалғандығы баяндалған еді.

Енді міне ауылдың оңтүстік-батыс жағынан екі қабатты мектеп үйі бой көтеруде. Мектеп құрылысының мердігері – Зайсандағы «ҚМБ-Шығыс» ЖШС (бастығы Қуат Әбжанов). Бұрын аудандағы талай құрылыстарды салуға атсалысқан серіктестік ұжымы бұл мектептің құрылысын да аяқтап қалыпты. Сметалық құны 253 млн. теңге тұратын құрылыстың 90 пайызы аяқталып, ішкі әрлеу, сылау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Құрылыс учаскесінің бастығы Сағатбек Асқарбеков:

– Қазір нысан құрылысында 47 адам еңбек етуде. Мектептің құрылысы жетілдірілген жаңа технологиямен атқарылуда. Құрылыс саласында 35 жыл еңбек етсем де, бұрын өзім көріп-білмеген жаңалықтар енгізілуде. Мәсе-лен, климаттың қаталдығына орай тере-
зе әйнектері шыны-пластикпен қос камералы етіп салынуда. Ал мектептің жылу жүйесі электр қуатына қосылмақ. Мектеп оқушыларының футбол, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерімен шұғылданулары үшін алаңдар жасалып, қоршалды. Жобалық үлгідегі сынып бөлмелері, кітапхана, акт залы, асхана, жуынатын орындары кең, – деді.

Ауыл көркін аша түскен мектеп құрылысына ата-аналар да разы. Байырғы орденді балықшы, зейнеткер Мішән Әбжекенов:

– Балықшылардың балалары үшін көл жағасындағы ауылымызда мынадай еңселі мектептің салынып жатқанына аса қуаныштымын. 34 жыл бойы балық шаруашылығында еңбек етіп, 1994 жылы зейнетке шыққан едім. Төрт баламның бәрі де осы ауылдағы мектепті бітірсе, қазір онда төрт немерем оқиды. Енді жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын асыға күтіп жүрміз, – деді.

Сонымен бұрынғы мектептің қолайсыздығынан осы ауылдағы 30-40-тай бала басқа елді мекендерге және қалаларға барып оқып жүр еді. Енді солардың бәрі өз елді мекендеріндегі жаңа мектепке оралары хақ.

Күрделі жөндеу көп мәселені шешті

Аудан орталығындағы Кәрім Нұрбаев атындағы орта мектептің ұстаздары осы оқу орны ғимараты ескіргендіктен қыста жылу ұстамайтынын, соның салдарынан оқушылар мен мұғалімдер кейде сырт киіммен отырып, сабақ өткізуге мәжбүр болатынын айтты. Тіпті, кезінде осы мектептегі оқушылар арасынан түрлі жұқпалы аурулар шығып, баспасөзде дабыл көтерілген кездер де болды.

Оқу орнының осы қолайсыз жағдайы ескеріліп, биыл оған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастапты. Оны жөндеуден өткізу жөніндегі тендерде «Айзат-құрылыс» ЖШС (басшысы Б.Құнафиянов) жеңіске жеткен екен. Жеңіске жететін де жөні бар. Өйткені, бұл серіктестік ұжымы кейінгі жылдары басқа да әлеуметтік құрылыстармен бірге ауданымыздағы Сасан би, Чкалов, Қ.Ақынов, А.Байтұрсынов, Би Боранбай, Ы.Кәбеков атындағы мектептер мен Қ.Біләлов атындағы гимназия-интернатты ағымдағы және күрделі жөндеулерден өткізуде ауқымды жұмыстар атқарған еді. Енді бұл ұжым К.Нұрбаев атындағы орта мектебінің жөндеу жұмыстарын мойнына алған екен. Жөндеу биылғы жылдың маусым айының орта шенінен басталғанына қарамастан едәуір жұмыстар атқарылыпты.
Осы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге бөлінген 153 млн. теңгенің 75 млн. теңгесі игеріліпті. Құрылыс учаскесінің бастығы Манарбек Мәлғажинов мектептің жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

P.S. Міне, ауданымызда салынып жатқан құрылыстардың ұзын-ырғасы осындай. Басқа да әлеуметтік салалардағы құры-лыстармен бірге 2012 - 2014 жыл-
дары Қарасу, Ақжар ауылдарында 180-1200, Жамбыл атындағы, Бозша ауылдарының әрқайсы-сында 80 орындық мектептер, Ақсуат, Ақжар ауылдарының әрқайсысында 250 орындық балабақшалардың құрылыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Ақжар, Көкжыра, Жетіарал ауылдарындағы мектептердің жанынан интернат салынбақ.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив