KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Әр жексенбі сайын мемлекеттік қызметкерлер мешіт құрылысына көмектесетін болды

10.06.2012, 18:00 53


«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жуықта ғана облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев сол жағалауда бой көтеріп келе жатқан мешіттің жанында Өскемен жұртшылығымен, ірі кәсіпорын өкілдерімен кездескенде қасиетті Ораза айы басталғанша мешітті аяқтау қажеттігін айта келіп, тұрғындарды сауабы мол іске қолғабыс етуге үндеген еді.

Бастамаға үн қосушылар жетерлік болып шықты. Күннің жексенбі екеніне, ми қайнатар аптап ыстыққа қарамастан, облыстық дін істері жөніндегі департамент пен ішкі саясат басқармасының қызметкерлері діни ұйымдармен тікелей байланыстағы уәкілетті орган өкілдері ретінде аталған бастаманы қолдап әкетіп отыр. Күнделікті қызметтерінде галстукпен ғана көретін мемлекеттік қызметкерлер бір сәт көз алдымызда қарапайым жұмысшының киімін киіп, қара жұмысқа білек сыбанып кірісіп жатты. Олар мұндағы жұмыстың көбі бітіп, азы қалғандықтан, қолдарына күрек, қайла алып, маңдай терлері шүмектеп, шама-шарқынша қол ұшын беруде.

– Қазақ халқында «асар» деген жақсы дәстүр бар емес пе? Облыс Әкімінің үндеуіне үн қосып, игі бастаманың өміршең болуына ықпал ету мақсатында басқарма ұжымы ақылдаса келіп, әр жексенбі са-йын мешіт жанынан табылуға бірауыздан уағдаласып отырмыз, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ербол Нұрғалиев.

– Мешіт – қасиетті үй. Оған қарайласу– әрбір мұсылманның парызы. Сондықтан облыс жұртшылығы мен қала тұрғындарын осынау іске атсалысып, күнделікті көмектесуге шақырамыз, – деген облыстық дін істері жөніндегі департаменттің директоры Манарбек Мұхамеджанов бүгінгі шараға департамент пен басқарма қызметкерлері, талдау және болжау институтының өкілдері, жалпы жиыны 40 азамат жұмылдырылғанын жеткізді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив