KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Қала сыртындағы лагерьлер саны бойынша облысымыз бірінші орында

29.05.2012, 18:00 146


Өскемендегі Талдау және болжау институтында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалар еңбегін эксплуатациялауға қарсы күрестің он екі күні» ұлттық ақпараттық кампаниясын, «Біз – сенің балаларыңбыз, Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» республикалық акциясын өткізу бойынша баспасөз конференциясы болып өтті.

Конференция модераторы – облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің директоры Аркадий Исаев жиналған қауымға арнап сөз бастады. Сондай-ақ, балалар мерекесінің қарсаңында туындайтын сұрақтарға жауап беру үшін конференцияға облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Думанғазы Арғынғазин, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім бастығы Ғабит Аманжолов, «Феникс» даму және бейімдеу орталығының жетекшісі Нәзигүл Ахметқалиева қатысты.

Жиында облыстағы жалпы саны 300 мыңға жететін балалардың жағдайы, өмірі, тыныс-тіршілігі жан-жақты талқыға түсті. Сонымен қоса, «Балалар еңбегін эксплуатациялауға қарсы күрестің 12 күні» ақпараттық кампаниясына, «Біз – сенің балаларыңбыз, Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» атты бүкілқазақстандық акциясына орай өткізілген және өткізілуі тиіс мәдени іс-шаралар кешені сөз етілді.

Ауыз толтырып айтарлық мәселелердің бірі – балаларды жазғы демалыспен қамту. Думанғазы Арғынғазиннің айтуынша, қала сыртындағы лагерьлер саны бойынша облысымыз бірінші орында келеді. Жазғы демалыс қарсаңында облыста 30 лагерь есік ашады. Аркадий Исаев: «Балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер жазғы демалыспен 100 пайыз қамтамасыз етілетін болады» деді.

Нәзигүл Ахметқалиева «Бота» қорының «Өмірлік дағдыларды қалыптастыру мектебі» жобасының кітапшаларын ұсынды. Аталған маңызды жоба туралы мәлімет беретін кітапшалар қала мектептеріне таратылатын болады.

Жалпы, бүкіл жұртты толғандыратын мәселе балалар еңбегі болғандықтан, оны ұйымдастыру «Еңбек кодексіне» негізделіп, міндетті түрде келісімшарт жасалуы керектігі баса айтылды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив