KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 3 м/с, ОБ
439.4 473.54 4.76

Қауіпті биологиялық қалдықтарды көму талаптары орындалып жүр ме?

20.05.2012, 18:00 349


Өткен жазда Өскеменде ішіне нәрестелердің сүйегі толтырылған 3 темір бөшке табылды. Тосын хабардың төбемізден жай түскендей әсер еткені шындық. Темір ыдыстың ішіне 29 нәрестенің сүйегі салыныпты. Сонымен қатар онда ересек адамдардың да түрлі дене мүшелері бар екен.

Бұларды Үлбі металлургия зауытының жұмысшылары радиоактивті және өндірістік қалдықтарды көму кезінде тапқан. Жүргізілген сот медициналық сараптамалардың нәтижесінде нәресте мүрделерінің 1956 жылы көмілгені белгілі болды. Осыдан кейін-ақ көкейімізде бір сауалдың бас көтергені шындық. Жалпы ота жасалып кесілген, оталған адам денесінің мүшелері қайда кетеді? Осы біздің аймақта қауіпті биологиялық қалдықтарды көму талаптары қаншалықты сақталып жүр?

Бәрінің де есебі жүргізіледі

Құдай бетін әрі қылсын, әрине. Дегенмен де мынау өмірде жазатайым жарақат алып, пышаққа ілініп жатқан жандар жетерлік. Тіпті алысқа бармай-ақ қояйық, күні кешегі арқыраған аяз күндері қаншама адам үсікке шалынып, аяғы мен қолынан айырылды десеңізші. Ал басқа да инфекциялық, онкологиялық аурулардың кесірінен «қырқылып» жататын аяқ-қолдар қаншама? Әрине, денсаулық сақтау мекемелеріндегі қалдықтың бұл түрін залалсыздандыру санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Бірақ сол талап бүгінгі күні қаншалықты деңгейде сақталып отыр? Республикамыздағы патолог-анатом дәрігерлердің бұған күмәні бар. Себебі, елімізде жасалған ота саны мен қалдық мүшелердің статистикасы сәйкес келмейтін көрінеді. Мамандар өздерінің бұл күдігін кесілген аяқ-қолын немесе ағзаның басқа да мүшесін дәрігерлерден сұрап алып, жалпыға арналған зираттарға апарып көметіндердің қатарының азаймай отырғандығымен түсіндіреді. Мамандар бұл сауалға мұсылмандардың ерекше қарайтынын айтады. Ота жасау нәтижесінде кесілген дене мүшелерін сұрап алып, жалпыға арналған зираттарға жерлейтіндер де негізінен солар. Ал ол мүшелер залалсыздандырылды ма, жоқ па? Бұл жағын кім жіті бақылап отыр? Кесілген дене мүшелері көмілген жер ертең-ақ аурудың нағыз ошағына айналып кетпейді ме? Жұртшылықтың көкейінде түрлі сауалдардың туындауы әбден орынды. Осы орайда біздің өңірдегі жағдай қандай?

Жалпы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 2011 жылы біздің облыста 67 мыңнан астам адамға ота жасалыпты. Бір қуанарлығы, ҚР ДСМ МСЭҚК ШҚО бойынша де-партаменті директорының орынбасары М.Тұрабаева органикалық қалдықтарды жеке тұлғаларға беру фактілерінің біздің облыста тіркелмегенін айтады.

– Емдеу мекемелерінде биологиялық қалдықтарды жеке тұлғаларға беру жүзеге асырылмайды. Облыстың барлық емдеу-алдын алу мекемелерінде қауіптілік дәрежесіне сай биологиялық, медициналық қалдықтарды жинау, өңдеу, уақытша сақтау және жою жүйесі ұйымдастырылған. Жиналатын қалдықтардың сандық есебі жүргізіледі. Медициналық қалдықтардың айналымына күнделікті бақылау жасауға медициналық ұйымдардың жауапты тұлғалары бұйрықпен тағайындалған. Жауапты тұлғаларға лауазымдық нұсқау-лықтар бекітілген, – дейді ол.

Жалпы медициналық қалдықтардың өзі «А», «Б», «В», «Г» деп түр-түрге бөлінетіні белгілі. Облыс орталығы Өскеменде «Б» және «В» класты медициналық қалдықтарды жинау мен тасымалдауды «Спецмедотходы» ЖШС мамандандырылған ұйымы жүзеге асырады екен. Ал Семейде «Б» және «В» класты қалдықтарды жою «Биовторполимер» ЖШС-не жүктеліпті. Биологиялық қалдықтарды жоюмен Өскеменде «Рыс-паев» ЖК, Семейде «Ритулсервис 2000» МҚК айналысады. Облыс бойынша барлығы медициналық қалдықтарды жоюға арналған 6 муфельдік пеш бар. Олар Үржар, Тарбағатай, Көкпекті аудандарында орналасқан. Десе де бұл жеткіліксіз. Қазіргі уақытта термикалық қондырғылардың жоқтығы да қалдық-тарды жоюдағы басты проблема болып отырған көрінеді.

Медицинада ұлтқа бөлінуге болмайды


Жасыратыны жоқ, биологиялық қалдықтардың көп шоғырланатын жері перзентханалар екендігі де ешкімге жасырын емес. Жаңа туған нәрестелердің жолдасы, кіндігі – бәрі де биологиялық қалдықтар болып саналады. Ал өмір бол-ғаннан соң кейде қайтыс болып кететін сәбилер, тіпті аналар да болады. Осы орайда біз мәселенің мәнісін Өскемендегі «Ана мен бала орталығының» директоры Рая Рахимовадан сұраған болатынбыз.

– Не істеу керек? Қалай істеу керек? Біз жұмыс кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарын басшылыққа аламыз. Рас, түрлі жағдайда жарақат алып, түрлі ағзаларынан айырылып жататындар бар. Мысалы, аяқ-қолдан өзге адамның басқа да дене мүшелерінің жартысы алынып тасталатын оқиғалар жиі ұшырасып жатады. Денсаулық сақтау саласында адамның кез келген жерінен алынған заттың бірде-біреуі зерттеусіз қалмайды. Әрбір алынған биологиялық қалдық патолого-анатомиялық зерттеуге, жалпақ тілмен айтсақ, мәйітханаға жіберіледі. Біздің қалада екі мәйітхана бар. Бірі облыстық аурухананың, екіншісі №1 қалалық аурухананың жанында. Ал патолого-анатомиялық зерттеуге жіберілген биологиялық қалдықтардың арғы қарайғы тағдырын бақылау біздің құзырымызға кірмейді, – дейді Рая Жанғалиқызы.

Жалпы заң бойынша бір жасқа дейінгі өлі туған сәби денелерінің барлығына патолого-анатомиялық сараптама жүргізілуі қажет екен. Егер жүкті әйелдің өлімі болса, ол уақытта да сараптама жүргізу міндетті. Ал бір жастан асқан сәбилердің өлімі болған жағдайда, егер сәбилердің ата-аналарының медицина қызметкерлеріне қоятын кінәсі болмаса, ол уақытта денені патолого-анатомиялық зерттеуге жібермеуге рұқсат.

– Өлі туған сәбилерінің денесін сұрап келетіндердің саны да көп. Олардың арасында өз ұлтымыздың өкілдері жиі кездеседі. Тіпті «сәбиімнің денесін бермей, неге тілгілеуге жіберіп отырсың» деп өзімізге ұрсып, жер-жебірімізге жететін ата-аналар да бар. Әрине, мен олардың жанын түсінемін. Бірақ бәрібір мен заңды бұза алмаймын, – дейді Рая Жанғалиқызы.

Баланың кіндігін көрінген жерге тастамаған халықпыз

Жалпы қазақ деген халық баланың кіндігін көрінген жерге тастап, лақтырмаған ғой. Атақты Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф Зейнеп Ахметова апамыз бұрын ата-бабамыз ұл баланың жолдасын алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмгенін айтып жүр. Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген екен. Өйткені қыз бала болашақ ана, қазан-ошақтың иесі деп ырымдаса керек.

Ал қазіргі күні біздің кіндігімізді кім кеспей жатыр. Рая Рахимованың айтуынша, Өскемендегі «Ана мен бала орталығында» өткен жылы ғана 7 700 сәби дүние есігін ашыпты. Оның 10 пайызға жуығы өте шала туған сәбилер. Мұнда өмірге келген нәрестелердің жолдасы, кіндігі, яғни биологиялық қалдықтар №1 қалалық аурухананың жанындағы патолого-анатомиялық мекемеге жіберіледі екен.

Бір атап айтарлығы, бұл орталықта бұрын жаңа туған сәбиді үйіне кіндігі түскеннен соң ғана жіберетін болса, қазір баланың жалпы жағдайы жақсы болса, кіндігі түспей тұрып та босата беретін көрінеді. Үйде түскен баланың кіндігін кім қалай, қайда көмемін десе, ол өз шаруасы.

Осы орайда біз Рая Жанғалиқызынан ұлттық перзентханаларды жаңғырту жайында да пікірін сұраған болатынбыз. Рая Жанғалиқызы «медицинада ұлтқа бөлінуге болмайды» деп кесіп айтты.

– Исламда кіндіктің адамның денесіндегі орны адамның тырнағы ғана секілді. Адамның мүшесі емес, жеке өзі ғана құнды. Әрине, кез келген мүшені аяқ асты етуге болмайды. Егер адамның өзінде болатын болса, оны жерлеген дұрыс. Бірақ кесілген, оталған аяқ-қолға немесе басқа да дене мүшесіне ешқандай құран оқылмайды, – дейді Өскемен өңірінің өкіл имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Жоғарыда біз әңгімемізді Өскеменде орын алған тосын оқиғадан бастадық. Кеңестік заманда Үлбі металлургия зауытында істеген жұмысшылардың дені радиация сәулесін жұқтырғанын бүгін ешкім де жасырмайды. Осының салдарынан зауытта істейтін әйелдердің көпшілігі сәбилерін өлі босанған немесе түсік тастаған. Ал өндіріс аумағындағы №22 медициналық-санитарлық бөлім-нің дәрігерлері ол денелерді радиа-циялық сәуле бар деген қауіппен темір бөшкелерге салып, көміп отырған екен. Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бұл фактіде ешқандай қылмыс құрамы жоқ деп тауыпты. Сөйтіп тәртіп сақшылары прокуратурамен келісіп, іс қозғамау жөнінде шешім қабылдапты.

Иә, мұның бәрі ең алдымен таза-лыққа, халықтың денсаулығына қатысты сауал. Тіпті өркениетті елдер шаштараздардағы адам шашын утилизациялаудың өзіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Ол елдерде қиылған шашты утилизациялаудың қалыптасқан белгілі бір ережесі бар. Ендеше ұлт денсаулығын ойлаған ел бұл нәрселерге ұсақ-түйек деп қарамаса керек.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив