Өскемен
-18°
туман ветер 1 м/с, СЗ
459.92 501.31 6.62

«Спецназ» сарбазының сыры

20.05.2012, 18:00 31 0


Маған ол жігіттің тағдыры жайында бір әріптесім айтқан-ды. Бұрынырақта. Ұзақ жолдың бойында, әлдебір ойдың жетегінде отырып, аса көңіл бөлмеппін. Енді міне, сол жігіт екеуміз жүзбе-жүз әңгімелесіп отырмыз. Бір қарағанға, ұзын бойлы, жұқалтаң жігіт екен. Бірақ көзінде мұң бар секілді. Мұң емес, өкініш десем дұрыс болар.

Қанат жастайынан шығыс жекпе-жегінің бір саласы – жапонның каратэ спортына әуес болады. Сол жылдары Зайсан көлінің жағасындағы шағын ғана Тұғыл ауылының ересек балалары жиналып, спорттың осы түрімен жасырын шұғылданып жүреді екен...

Жас та болса, тағдырдан біраз сыбаға көрген жігіт бірден шешіліп кете қоймады. Біршама ой тұңғиығына батып, сәлден кейін «Біз бұл жайында ешкімге тіс жармауға уәде етіп, қолхат берген едік. Одан бері де біраз уақыт өтіпті. Бұл әңгіменің күндердің-күні айтыларын білгенмін» деді сарғая бастаған сарбаздардың фотосуретінен көзін алмаған қалпы. Мен оның ойын бөлмедім.

«Казармадағы жарық сөндіріліп, сарбаздардың ұйқыға бас қойғандарына да біраз уақыт болып қалды. Таң атқаннан күн батқанға дейін жүргізілген әскери дайындықтан қол-аяғым салдырап, денем зіл батпандай болып тұрса да, көзім ілінер емес. Ойыма сонау шалғайдағы балдай балалығым өткен алақандай ғана Тұғылым оралды... Менің кіндік қаным тамған, құмында табанымның ізі қалған қасиетті ауылым...
...Көп ұзамай көз алдымда ақжал толқындары жағалауға асығып, айдыны күн нұрына шағылысып жататын Зайсан көлі көрініс берді... Төсінде қанатын керіп, шарықтай ұшқан шағалалар. Жағалау толған демалушылар екен деймін. Көгілдір көлдің көз жетер тұсында түтіні будақтап, аппақ пароход жүзіп барады. . .
...Кенет бәрінің астан-кестеңі шықты. Пароход бар дауысымен ышқына дабыл қаққандай болды. Әлгінде ғана қаннен-қаперсіз демалып жатқан жағалаудағы ел сеңдей соғылысып, әлдеқайда безіп бара жатқандай. Ештеңе түсінсем бұйырмасын...
Біреудің қатты жұлқылағанынан ояна келсем, казарманың ішіндегі түнгі жарық жанып-өшіп, шынымен де дабыл қағылып жатыр екен. Маңымдағы сарбаздардың барлығы апыл-ғұпыл киініп, сыртқа жүгіріп барады. Шапшаң киініп, сапқа тұрдым.
Екі иығы есіктей, ұзын бойлы офицер ортаға шығып: «Он минутта барлық керек-жарақтарыңды алып, осы жерге сапқа тұрыңдар. Әскери-құпия әрі мемлекеттік маңызды тапсырма орындауға барамыз!» деді әскери адамдарға тән қысқа әрі нұсқа тілмен бұйыра сөйлеп...
12.10.1990 жыл. Сарбаз күнделігінен...


– Алғашқы кезде «жасырын каратэші» ауылдастарымды сырттай бақылап, ағам Нұрланның жазған-сызған конспектілерін көшіріп, өз бетімше жаттыққан болып жүрдім. Кейін, менің спортқа деген әуестігім мен ыңғайымның барын байқаған үлкендер мені қатарларына қосты, – деп бастады ол әңгімесін.

– Мен әскер қатарына Шымкент қаласынан шақырылдым. Ол жаққа жетелеп барған да сол каратэге деген құштарлығым. Мектеп бітіретін жылы Бақытжан деген ағам Шымкентте тұрып жатты. Бірде «Шымкент, Тәшкент жағында каратэ спорты жақсы дамыған екен. Біздегідей ешкім тыйым салмайды. Спортшыларға барлық жағдай жасалған, білікті жаттықтырушылар да бар» депті маған жазған бір хатында. Хатты оқып алғасын дегбірім кетті. Жатсам-тұрсам ойлайтыным – Шымкентке жетіп, каратэ секциясына қатысу.

Содан Шымкентке де жеттім. Қалалық кәсіптік-техникалық училищелердің бірінде оқи жүріп, әскер қатарына шақырылғанға дейін өзімнің сүйікті спортыммен армансыз айналыстым.

1989 жылдың күзінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан және тағы да басқа республикалардан әскер қатарына шақырылған 80-ге жуық баланы Тәшкентке алып келді. Медициналық тексерістен өткенде әскери комиссариаттағылар спорттық дене бітімім мен айналысқан спорт түрін ескерді-ау деймін бірден Ш. дейтін қалада орналасқан әуе десантының батальонына түстім. Ол кезде бойым 182 см., салмағым 85 келі болатын.

Ш. қаласының тура астына әскери гарнизон орналасыпты, оны кейін білдік. Сол жерде Ауғанстан секілді, басқа да соғыс болып жатқан жерлерге арнайы әзірлейтін десантшылардың оқу орталығы бар екен. Мен сол орталықта бес ай дайындықтан өттім.
Бір күні командирім шақырып алып: «Сенің жеке басыңның ісімен (личное дело) танысып шықтым, «Спецназға» (арнайы мақсаттағы жасақ) ауысуға қалай қарайсың?» деді. Барлап қарасам, көзінде «Осы қайтер екен?» дегендей, бір сынай қарау бар секілді. Мен екінің біріне бұйыра бермейтін әуе десантына түскеніме төбем көкке жеткендей болып жүрген едім. Ал арнайы жасақ жайында ұзынқұлақтан там-тұмдап естігенім болмаса, олардың атқаратын нақты міндеттерінің қандай екендігін де білмейтінмін. Бар білерім, олар мемлекеттік маңызы бар, аса құпия тапсырмаларды орындайды.

Командирімнің «Ауысуға қалайсың?» деп, жорта сұрап отырғанын бірден түсіндім. Әйтпесе, білдей бір батальон командирі әскерге шақырылғанына бес-ақ ай болған жас сарбаздың әлдеқайда барар-бармасын сұрай ма? Әскери бұйрық берілсе болды, қайда бар десе, сонда барасың. Сондықтан бұлтақтаудың еш жөні жоқтығын сездім де, бірден «Ауысайын, жолдас командир» дедім.

«Ол үшін сендер 17 түрлі сынақ түрінен сүрінбей өтулерің керек. Ертеңнен дайындық курсы басталады. Сынақтан өткендеріңді арнайы жасаққа қабылдаймыз» деді командирім сөзін қысқа қайырып.

Үш айға жуық жүргізілген дайындық курсына әуе десантына түскен 50 сарбаз қаты-сып, нәтижесінде үш-ақ адам арнайы жасақ қатарына өттік. Оның бірі – қырғызстандық Константин, екіншісі – Тәжікстаннан келген Сергей, үшіншісі – мен болатынмын.
Бізді сынақтан өткен күннің ертеңінде басқа құрамға ауыстырды. Ол жерде арнайы сынақтан өткізу арқылы таңдалып алынған 50-ге жуық сарбаз бар екен. Ендігі жаттығу жиындарын сол жерде жалғастырып жаттық...

Осы тұста Қанаттың сөзін бөліп, «Сендер өткен сынақтың 17 түрі және арнайы жасақ қатарындағы жаттығуларыңның әуе десантындағы жаттығулардан қандай айырмашылықтары болды?» деп сұрадым. Ол сәл ойланыңқырап отырып:

– Әрине, сол уақытта аса құпия бол-ғанымен, дәл бүгін ол құпиялықтың маңызы жоғалған секілді. Ол жердегі жаттығулар мен 17 сынақтың түріне тәуліктің қай мезгілінде болмасын парашютпен секіру, нысанадағы қарсыласыңның өте жанды жеріне, айталық, жүрегіне, кеңірдегіне белгілі бір қашықтықтан пышақ қадау, автоматпен, тапаншамен кеуде тұсын немесе тура басынан көздеп ату, самолет, вертолет пен танк, БТР-дан бастап, кез келген техника түрін айдап әкету, тұтқынға түскенде өз-өзіңді қалай ұстау, кездейсоқ жолығысып қалғанда өз адамдарыңды айыру мақсатында айтылатын (пароль) жасырын сөздер, кез келген бейтаныс жер бедерін анықтап, оны топографиялық картаға түсіру дейсіз бе, толып жатыр.

...Арнайы жасақ қатарында жүргеніме үш ай өткенде, бір күні түнгі сағат 12 мен 1-дің арасында дабыл қағылды. Қатты ұйықтап кеткен екем, жанымдағы Сергейдің жұлқылағанынан ояндым... Бәрімізді сапқа тұрғызып, «Сендер бүгін мемлекеттік тапсырма орындауға аттанасыңдар. Барлық киім-кешек, керек заттарыңды алып, 10 минуттан соң қайта сапқа тұрыңдар» деді жауырыны қақпақтай, ұзын бойлы, капитан шеніндегі офицер.
Қап тауының қойнауы түнеріп тұрды...

Өзбекстаннан ұшып шыққанымызға екі сағаттан сәл аса бере «Дайындалыңдар!» деген бұйрық алдық. Дереу ұйқымызды ашып, парашюттеріміздің ілгектерін тексеріп, жүк салынған қаптарымыздың ременьдерін тартып, қолымыздағы автоматтарымызды мойнымызға асып, ұшақтан секіруге дайындала бастадық.
Рация арқылы тапсырма алған командиріміз ұшақтың қапталдағы есігін ашып жіберіп, тізім бойынша төмен секіруге дайындалуымызды ескертті. Ұйтқи соққан желдің өңменіңнен өтердей суықтығы соншалық, есік айқара ашылған сәтте-ақ өне бойымды шарлап, денемді тітіркендіріп жіберді. Сақадай-сай отырған сарбаздар бір-бірлеп қою қараңғылыққа сүңги бастады...

Әуе көзге түртсе көргісіз. Осы уақытқа дейінгі сегіз айлық жаттығу барысында парашютпен талай мәрте секірген едік. Алғашында сәл жүрексінгенмен, келе-келе бойымызды үйретіп алып, «тағы да секірсек екен» деп жүретінбіз. Бірақ дәл бүгінгідей, тастай қараңғылықта, жер бедерін көрмей-білмей, ұшақтан секіру, байлаулы көзбен қазған орға бара жатқандай қорқынышты екен. Сырттан соққан желдің ызғары ма, болмаса, бойымды билеп алған әлдебір үрейдің әсері ме, тісім-тісіме тимей сақылдап, денем қарадай қалшылдап кетті.

Осы кезде, кезегі келіп қалған бір сарбаз шегіншектегендей болды да, «Жолдас командир! Мен ауырып тұрмын, секірмей-ақ қояйыншы?!» деді жалынышты үнмен.

Командир мұндайды күтпесе керек. Бір сәтте өңі әлем-тапырық болып, екі көзі қанталап кетті. Сосын «Доғар, сужүрек!» деп бар дауысымен ақырып жіберді де, салалы саусақтарымен сарбаздың иығынан шап беріп, сығымдай ұстап, сыртқа қарай серпе итерді... Сарбаз орыстың жігіті болатын. Соған намыстанды ма, қанын ішіне тартып алған командиріміз: «Тағы кім бар, ауырып тұрған?» деп саңқ ете қалды. Сарбаздарда үн жоқ.

Басымызға қиын-қыстау күн туа қалғанда аузымыздан «бісмілләмізді» тастамаған қазақтың баласы болғандықтан, іштей «бісмілләмді» әлденеше қайталап үлгергенімше менің де секіретін кезегім келіп қалды. Шегінерге жол жоқ. «Нар тәуекел!» деп қарғып кеттім... Көзім қараңғылыққа сәл үйренді-ау дегенде
аңдағаным, түскен жеріміз таулы өлке екен. Бұрын-соңды танымай-тын-білмейтін жердегі түн қараңғылығында төбеңнен түксие төн-ген таулардың сұлба-
сы мұндай сұсты болар ма?

Айналасы жарты сағатта ұшақтан қар-ғыған барлық сарбаз арнайы дыбыс беру арқылы бір жерге жи-налдық. Келісім солай болған. Арамызда парашюты ашылмай қал-ғандар немесе жерге түскенде аяқ-қолдарын мертіктіргендер жоқ екен.

Саптың алдына шыққан капитан Афонин: «Сарбаздар! Біз бүгін Орталықтың бұйрығы бойынша Кавказ-дың таулы Карабах же-ріне келіп түстік. КСРО әскері қатарындағы ен-дігі қалған мерзімдерің осында өтетін болады. Бұл жерде біраз уақыттан бері жергілікті армяндар мен әзірбайжандар арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Осы елде тұрақтылық орнату мақсатында Отанымызға қызмет ететін боламыз. Қазір сағат таңғы 2.00. Жарық түскенге дейін осы таудың бөктерінен әрқайсың өздеріңе пана боларлық окоп қазып алуларың керек. Әрмен қарай жоғары жақтан келетін бұйрық бойынша әрекет ететін боламыз» деді дауысын аса көтермей.

Біз қолымыздағы сапер күрегімен окоп қазуға кірісіп кеттік. Жердің қатпары шы-қырлаған қып-қызыл тас екен. Сарбаздар-дың арасында айғайлап айтпаса да, «Құдай-ау, біз қайда келдік? Мына қарғыс атқан жерден аман-сау қайтамыз ба, болмаса, сүйегіміз осында қала ма?» деп аһ ұрып, қарадай таусыла бастағандар да болды.

Менің де ойыма алыста қалған ауылым, ондағы туыс-туғандарым оралды. Әсіресе, алдағы болжаусыз, жұмбақ күндерді ойла-ғанда көзіме жас келді.
Қап тауының салқын таңы құланиектене бастағанда ақ тер, көк тер болып жүріп, окопты да әзірлеп болдық. Үстімдегі гимнастеркам сығып аларлықтай малшынып кетіпті. Қазылған жердің жақтауын кесек тастармен қоршап, арасына саңылау қалдырдым...

Мергеннің атқан оғы мүлт кетпеді...

Біз Қап тауында тура бір жыл, үш ай болдық. Кете-кеткенше палаткада жатып-тұрдық. Палатка – қауіпті жағдай туғанда шапшаң орын ауыстырып, көшіп-қонғанға ыңғайлы. Ас-ауқат, киім-кешек, қару-жарақ, оқ-дәрі және басқа да қажетті дүниелерді айына бір мәрте тікұшақпен жеткізіп тұрады. Айына бір мәрте келетін тікұшақ арамызда қаза тапқандарды немесе қатты жараланып, әскер қатарына жарамсыз болып қалған сарбаздарды алып кетеді. Қанша адам әкетілсе, соншама сарбазбен қатарымыз толықтырылып отырды.
Ақ қар, көк мұзды да, ми қайнаған қапырық пен апталап жауған қара жауынды да көрдік. Ол жерде көргеніміздің бәрін тәптіштеп айту мүмкін емес. Кім-кіммен соғысып жатқанын да ұқпайсың.

Бізде «Соғыс болған жерлерді тазалау» деген операция болды. Онда майдан даласында қаза болған қаруластарымыздың мәйіті жиналып, жараланып жатып қалғандар болса штабқа жеткізіліп, дәрігерлік жәрдем көрсетіледі. Ал жау жағының жаралылары көзімізге түссе, жауап беруге жарайтындарын тұтқындап, қалғандарын бірден атып тастауға бұйрық берілген. Сонда байқағаным, өліп жатқан адамдардың арасында кім жоқ? Шамасы, жалдамалы әскер болса керек, кәдімгі африкалық қара нәсілділер де, көзі сығырайған қытай ма, корей ме, бәрі бар. Үстеріндегі киімдері де, ұстаған қару-жарақтары да бұрын-соңды еш жерден көрмеген әр алуан. Оларды әзірбайжандар жалдады ма, болмаса армяндар ма, ол жағы тағы белгісіз. Шайқас тәуліктің кез келген мезгілінде тұтқиылдан басталып кететін.

Бір оқиға осы күнге дейін көз алдымнан кетер емес. Түс әлеті болатын. Түні бойы атыс-шабыс болды да дұрыс тынықпағанбыз. Солай бола тұра, барлығымыз бір мезгілде палаткаға барып ұйықтауға рұқсат жоқ. Кезектесіп, постағыларымыз маңайды торуылдауымыз керек. Біз төрт-бес жігіт өзара әңгімелесіп, окопта отырмыз. Бізден бес-алты қадам жерде менімен бірге спецназға қабылданған тәжікстандық Сергей деген досым өз окобында отырған болатын. Кенет, зың еткен оқтың дауысын ғана естідік. Қарасам, досым шалқалап барады. Мен жеткенше қасындағы жігіттер ұстай алды. Оқ тура маңдайдан тиген екен. Шамасы ыстықтап, басындағы каскасын сәл көтеріңкіреп қойса керек. Отырған жерінде қалған каскасы-ның іші қан араласқан ми. Оқ қарақұсын талқандай шығыпты. Жүрегім өрекпіп кетті. Айналаға алақ-жұлақ қарағанмен көзіме ештеңе іліне қоймады. Алыс қашықтықтан, оптикалық көздеу құрылғысымен дәл көздеп атқан мергеннің оғы мүлт кетпепті. Сөйтіп, әскер қатарына шақырылған күннен бастап қатар жатып, бірге жүрген досымнан қас пен көздің арасында айырылып қалдым.
Осы оқиғадан соң көп ұзамай өзім де ауыр жарақат алдым. Сол күні екі кештің арасында, аяқ астынан атыс басталып кетті. Менің взводыма жақында ғана қосылған жас сарбазды зенитканың оғын әкелуге жұмсап жіберген едім. Атыс жүріп жатыр, бас көтеріп жүру аса қауіпті. Әр жерден зеңбірек, гранаталар да жарылып жатыр. Арт жағыма бір қарасам, манағы сарбаз оқ салынған жәшікті мықшыңдап көтере алмай келеді екен. «Оқ тиеді, жат, жат!» деп айқайласам, еститін емес. Біраз жерге дейін жер бауырлап еңбектеп бардым да, екі-үш қадамдай қалғанда сарбазымды «итеріп жықсам да, оқтан қағайын» деген оймен орнымнан тұра бергенімде сол жақ қапталымнан снаряд жарылды. Одан арғысы – бұлыңғыр. Есім бір кіріп, бір шығып жатып байқаға-ным, айналамдағы серіктестерім алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқан сынды. Арқа тұсымнан тиген снаряд жарықшағын сол жерде алып тастағанымен, сол аяғым-ның жілігіне қадалған жарықшақтарды алу оңайға соқпаса керек, БТР-мен 800 шақы-рым жердегі Бакуге жеткізілдім.
Ондағылар ары-бері қарап, ем-дом жасаған болды. Ақыры «аяқты кесу керек, әйтпесе, сүйек шіри бастайды» деген қорытындыға келді. Бірақ, келісім беру-бермеу жайындағы кесімді сөз менен болуы керек.

Әрине, «Кеше ғана аттай шауып жүрген 19 жасар жас жігітке аяғыңды кесеміз» деген сөздің қалай әсер еткенін түсінетін шығарсыз. Төбемнен жай түскендей болды. Өмірден баз кешіп, түңіліп кетпесем де, көпке дейін өз-өзіме келе алмай, есеңгіреп қалдым.

Сол жерде жатқандардан «Ленинградта Федоров деген профессор бар. Денеге қадалған снаряд жарықшақтары мен қорғасын оқтарды аяқ-қолды кеспей, сол кісі ғана ала алады екен» дегенді естідім. Көңілімнің түкпірінде болмашы бір үміт сәулесі жылт еткендей еді, бірақ амал қан-ша?! Біріншіден, мені Ленинградқа жібергелі тұрған ешкім жоқ. Оның үстіне, ол опе-рация ақылы екен.

Содан, бар болғаны бес күннен кейін аяғымды кесуге шешім шығарған медициналық қорытынды мен жолдаманы алып штабқа оралдым. «Қазір келісім бермей, кейін аяғың асқынып кетпесін, жақсылап ойлан!» деп дәрігерлер қалды.

Біздің қазақ «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деп текке айтпаған ғой. Арамызда, Ауғанстандағы соғысқа қатысып, өмірдің ыстық-суығына әбден ысылған, жасы бізден біраз үлкен прапорщиктер бар болатын. Солардың бірі «Андағы дәрігердің берген қағаздарын жыртып-жыртып лақтырып жібер де, «аяқ кесу» деген сандырақ сөзді миыңнан шығар. Біздің ақсақалдар сонау соғыс жылдарындағы снаряд жарықшақтарымен әлі күнге дейін өмір сүріп жатқан жоқ па? Алғашқы бетте қақсап, сырқырап, жаныңа батар. Сол кезеңде шыдап кетсең, сүйекпен бірге бітіп кетеді» деген кеңес берді.
Айтса, айтқандай бәрі де солай болды. Қазір аяғымда снаряд жарықшағы барын ұмытып та кетем. Анда-санда, әсіресе күн бұлттанғанда қақсағаны болмаса.

«Бір өкініш өзегімді өртейді...»

Көп ұзамай жоғарғы жақтан «Таулы Карабахтан қайтсын!» деген бұйрық келді. Қуанышымызда шек жоқ. Бір-бірімізді құшақтап, құттықтап жатырмыз.
– Сендер Отан алдында-ғы азаматтық борыштарың-ды адал атқарып қайттыңдар. Тәжікстанға келгеннен соң, сол кездегі Қорғаныс министрлігі жас болсаңдар да қауіп-қатерге бас тіккен ерліктеріңді ескеріп, сый-сияпат, марапат-мақтау қа-ғаздарын берген болар?
– Біздің аман қалғанда-рымыз Тәжікстандағы әскери бөлімге қайтып оралуын, орал-дық. Бірақ біздің бұл қуаны-шымыз көпке созылмады. Кавказдан оралған соң, мерзімі келген сарбаздар «дембілге», үйге қайтуға дайындала баста-дық. Бұл кезде әскерге менімен бір жылда шақырылғандардың әскери борышын өтеу мерзімі үшінші жылға аяқ басқан.
Бір күні әскери бөлімге құрамында мемлекет мүшелері мен армян, әзірбайжан ұлты ақсақалдарынан құралған, он адамнан тұратын комиссияның келгендігінен хабардар болдық.

Олар, соңғы бір жарым жылда, әсіресе, Таулы Карабахқа Кеңес үкіметінің әскері кіргелі көптеген бейбіт тұрғындардың жазықсыздан-жазықсыз мерт болып немесе ұшты-күйлі жоғалып кеткендігін, қайсыбір ауыл тұрғындары әскерилерден зорлық-зомбылық көргендіктерін және тағы да басқа көптеген келеңсіздіктердің орын алғандығын көлденең тарта келіпті.

Мен үшін жаңағы Сіз айтқан сый-сияпат пен марапат-мақтаудың ең сүбелісі осы болды. Комиссияның едел-жедел шешімімен бізді Кавказға бастап барған батальон командирі 20 жылға, менің взвод командирім Афонин 18 жылға, тағы біраз офицерлер мен прапорщиктер әртүрлі жазаға кесілді.
Бөлімше командирі ретінде мен де жауапқа тартылып, тергеу изоляторының жалғыз кісілік камерасына қамалдым. Содан, камерадан ешқайда аттап шықпастан 27 күн отырдым.

Бір күні камераның ішін тазалайтын болып, 10 - 15 минутқа далаға шығарды. Мен осыдан соң мұндай мүмкіндіктің тумасын сездім де, не де болса, қашуға бел байладым. Қарауыл тәжіктің жас сарбазы болатын, реті келген жерде оны екі-үш мәрте ұрып, есінен тандырдым да, істік темірмен қоршалған биік дуалдан қарғып, қала жаққа қарай қаштым. Артымнан айғай-шу шығып, ізіме қуғыншылар да түсті. Бірақ оқ атылмады. Өйткені, айналаның бәрі жанар-жағармай базасы болатын.
Қайсыбірін айтайын, ақыры не әскери билет, не үстімде ішкиімнен басқа лыпа жоқ, сол гарнизонда біздің бөлімде қызмет етуге қалған Евгений деген досымның үйін паналадым. Сондағы досымның тілі мен діні бөлек болса да, достыққа деген адалдығына осы күнге дейін ризамын. Екі аптадан соң ағам іздеп келді де, екеуіміз қашып-пысып жүріп ауылға жеттік.

Менің бағыма қарай бұл кезде бұрынғы Кеңес үкіметі құлап, әр мемлекет өз тәуелсіздігін жариялай бастаған. Аудандық әскери комиссариатқа барып, жағдайды толықтай баяндап бердім. Олар түсіністікпен қарап, істі әрмен қарай қазбаламай, маған тиісті құжаттарымды әзірлеп берді.
Кейін Семейде жүріп Тәжікстандағы әскери бөліміме телефон шалсам, телефон желісінде отыратын Татьяна деген келіншек мені танып, «Сержант Хамзин, сен қайда жүрсің? Сені әлі күнге дейін іздеп жатыр» деп алаңдаушылығын білдірді. Сөйтсем, комиссия мүшелері мені сыртымнан 12 жылға соттапты. Мен, «сақтықта қорлық жоқ» дегенді ойлап, «Басқа мемлекетте жүрмін» дедім.

– Иә, Қанаттың өзі айтқанындай қашып-пысып Тәжікстаннан Өзбекстанға, одан Шымкент – Алматы арқылы елге оралуы-ның өзі бір хикая. Оның әңгімесінің барлы-
ғын қағазға түсіруді қажет деп таппадық. Дегенмен, оның өміріндегі мына бір оқиға-ны айтпай кетуге болмады.
Ол әскерден келгесін өзімен бір мектепте оқыған Айнаш екеуі шаңырақ көтеріп, 1993–1994 жылдары Тұғыл поселкелік әкімінің жастар ісі жөніндегі орынбасары, 1996– 2006 жылдары «Алтай», «Рахат-түгел», «Егемен» ЖШС-інде директорлық қызметтер атқарады.

– 2006 жылдың көктемі Қанаттың, оның туыс-туғандары мен отбасына қасіреттің қара бұлтын үйіре келіпті. Әлдебір жұмыс бабымен шұғыл түрде түнге қарай жолға шыққан кәсіпкер жігіт Қалбатау мен Көкпекті елді мекендерінің арасында жол апатына ұшырайды. Бір ай бойы ес-түссіз (комада) жатып, облысымызға белгілі әрі білікті дірігер Б.Старокожовтың арқасында әзер дегенде өз-өзіне келеді.

Бірақ ол жадынан мүлдем айрылып қалған болып шығады. Айтуына қарағанда, өзгені былай қойып, айналасындағы ет жақын ағайындарының бірде-бірін танымайды. Не қарнының ашқанын немесе шөлдегенін, тіпті, қай уақытта дәретке барғысы келетінін де білмейтін күйге түседі. Не сөйлеп, не қойғанына да бақылау жасай алмайды. Бір сөзбен айтқанда, бір кездері от пен оқтың арасынан аман-есен оралған арнайы жасақ сарбазы, тепсе темір үзген атпалдай азамат ендігі жерде табаны күректей екі жыл кәдімгі жаңа туған сәбидей, еш нәрсені парықтай алмайтын «бейшараның» күйін кешеді...
– Мен өмірге қайта келген адаммын. Қа-зір апатқа ұшырағанда дүниеге келген үшін-ші ұлым Жанасылмен түйдей құрдаспын. Бір таңғалғаным, ес-түссіз жатқанымда әскерде бірге болып, қыршынынан қиылып кеткен қаруластарымның біразы қасыма келіп, кетіп жүрді. Құдды бір өңімдегідей...
Жұбайымның айтуы бойынша, есім бір кіргенде, оған мені о дүниеде осыдан үш жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған досым Бауаның қарсы алғанын, ол маған «Сен мұнда неге келдің? Бала-шағаң күтіп қалады, әлі шаруаларыңды бітірген жоқсың» деп кері қайтарғанын айтыппын.
«Өзегімді өртеген бір ғана өкінішім бар. Ол – оқ пен оттан тайынбай, жас жанымызды құрбандыққа шала жүріп, жан-тәнімізбен қорғаған кеңестік Отанымыздың бізге жасаған опасыздығы» деді, ол менімен қоштасып тұрып.

Керек дерек

Таулы Карабахта әскери қызметін өтеген бір жыл, үш ай мерзімде бір ғана бригададан шамамен 300-350 сарбаз қаза тапқан.
Қап тауларындағы қарулы қақтығыстар 1991 жылғы Мәскеудегі саяси төңкерістердің салдарынан тоқтатылған.
Соғыс барысында тау аңғарларына орналасқан бірнеше ауылдың бейбіт тұрғындары бір түнде ізім-қайым жоғалып кеткен.

Серік Құсанбаев

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив