KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СБ
439.43 473.31 4.82

Саны көп, сапасы жоқ жиһаздар көбейді

17.05.2012, 18:00 199


Кез келген үйдің сәнін кіргізіп, ажарын ашатын дүние – жиһаз. Жарқырап тұрса жиһаздар үй иесінің де, қонақтардың да жанын жадыратып, көтеріңкі қөңіл күй сыйлайтыны рас. Жатын бөлме, ас үй, қонақ бөлме, балалар, жұмыс бөлмелері жиһаздары баспанаға керекті ең бірінші қажеттілігіміз. Сондықтан олардың сәнінен бұрын мәні зор.

Бұл кәсіпке ден қойғандар көп

Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысының шағын бизнес саласында өрге тасы домалап тұрмаса да, өркендеп келе жатыр деп айтуға болатын өндірістің бірі –
осы жиһаз жасау өндірісі. Облыс орталығы Өскеменді былай қойып, қазіргі күні шағын қалалар мен аудандардың өзінде кем дегенде бес-алты жиһаз жасау цехы бар. Өскемен мен Семейде жиһаз шығарумен айналысып жатқан шағын кәсіпорындар саны да көп. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Сергей Ляпуновтың айтуынша, Өскеменде бұрыннан бері келе жатқан «Өскемен жиһаз комбинаты», «Цепрус» сияқты сапалы жиһаз өндіріп, тұтынушылар талғамынан шығып жатқан кәсіпорындар аз емес.

Жиһаз жасау өндірістерінің саны артып келе жатқанымен, аймақта ағаш өңдеу өнеркәсібі дамымай тұр. Соның салдарынан жиһаз шығаруға қажетті ламинат (ЛДСП) пен оның түр-түсін келтіретін қажетті жапсырмалар Ресей мен Қытайдан, Балтық жағалауы елдерінен сатылып алынуда. Шеттен әкелген бұл материалдардың бағасы, әрине, арзан емес. Сондықтан жиһаз өндіруші көп болып тұрғанымен, сол отандық өнімдердің бағасы әзірге қолжетімді болмай тұр.

Қарапайым халықтың қолы жетіп, сатып алған арзандау деген жиһа-зы сапасыз болып, екі-үш жылдан соң-ақ салдырлап сыр беруде. Одан қалса, озық технологиясыз, қарабайыр тәсілдермен жиналып, жасалған Қытай елінің, өзіміздің жиһаздарымыздың көпшілігінен оларды құрастыруға пайдаланған заттардың, желімнің құрамындағы фенол, формальдегид, толол сияқты зиянды химикаттар иісі де бұрқырап тұрады.

– Осыдан екі жыл бұрын Өскемендегі бір жиһаз жасайтын шағын кәсіпорыннан жұмсақ жиһаз – екі креслосымен диван сатып ал-ған едік. Екі жылдан соң сол диванымыз сықырлап, ішінің бәрі түсіп, құр қаңқасы қалды. Диванның екі жақ жақтауы ағаштың жаңқасынан жасалған жұп-жұқа фанера болып шықты. Серіппелі пружинаның орнына қазіргі күні мақта-матаның орнына қолданылып жүрген бір қабат губка материалы салыныпты. Жұқа материал ә дегеннен-ақ тақылдап, отырып қалды. Бұ-рынғы жиһаз комбинаттарында шығарылған дивандар кем дегенде он жыл қызмет көрсетуші еді, ал бұл тоқсан мың теңгеге тәуірлеу екен деп алған жиһазымызды осылайша екі жыл ғана пайдаландық. Біреулер үшін бұл ақша көп емес шығар, айлық еңбекақысы 39 мың теңгені құрайтын мен үшін қып–қызыл ақша. Қайран ақшамның желге ұшқанына әлі өкініп жүрмін, – дейді қала тұрғыны Күләш Әмірханова.

Гәптің бәрі жақсы маманның жоқтығында

Ал өз жиһазымызға қа-рағанда сапалы ма деп жүрген Ресей мен Белоруссияның жұмсақ жиһаздары мен кереуеттері, гарнитураларының бағасы өзіміздікінен екі есеге асып түсуде. Қатардағы халық мұндай қымбат жиһаздарды сатып алудан гөрі азын-аулақ қаражатын Қытайдың немесе өзіміздің бағасы біршама төмен жиһаздарына жұмсауды жөн көруде. Қазір бой көтеріп жатқан жаңа баспаналар қатары көбеюде. Қаншама тұрғын үй салынып, қаншама пәтер пайдалануға берілсе, соншама тұрғынға жиһаз керек. Бұл осы саладағы жергілікті кәсіпкерлердің өндірісін өркендетуге оңды ықпал етіп отыр. Осының нәтижесінде өткен жылы елімізде жиһаз өндіру көлемі 30 пайызға дейін артыпты.

Алайда бұл сала кәсіпкерлердің айтуынша, мамандар тапшылығына тап болып отыр.

– Біздің кәсіпорын өткен жылы облыс бойынша өткізілген «Қазақстанның ең үздік тауарлары – 2011» көрме-конкурсында «Ең үздік халық тұтынатын тауар» аталымының жеңімпазы атанған болатын. Жиһаздарымыздың сапасы нашар деп айта алмаймыз. Шикізатты делдал фирмалардан сатып аламыз, сондықтан бағасының біршама қымбат болуы мүмкін. Бәрі шеберлердің, мамандардың кәсібилігіне байланысты. Бірақ біз осы кәсіби мамандарға зәру болып отырмыз. Жиһаз дизайнері жоқ, жиһаз құрастырушы да аз. Әйтпесе, өндірісіміз қатардағы ортаңқол өндіріс құрал-жабдықтарымен, қажетті станоктардың бәрімен қамтылған. Әзірге мұндай мамандық иелері біздің кәсіби оқу орындарында оқытылмайды, – дейді «Востокмебельград» ЖШС-нің директоры Наталья Цыкунова.

Шығыс ағаш өңдеуден алдыда болған

Облыста нарықтық экономика келгенге дейін ағаш өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамыды. Ағаш бұйымдарының ең көп шығарылатын жері біздің өңір болған. Осыдан он екі жыл бұрын Үкімет сол өндірісті қайта дамыту мақсатында «Елімізде ағаш өңдеу, жиһаз өндіруді қайтадан қалпына келтіріп, дамытудың 2001 – 2003 жылдарға арналған бағдарламасын» жасап, оны іске асыруды Экономика және сауда министрлігі мен біздің облыстың әкімдігіне де тапсырған болатын. Бірақ оның қаншалықты орындалғанын бүгінгі жағдай көрсетіп отыр. Ағаш өңдеу өнеркәсібі қалпына келтірілген жоқ. Орман шаруашылығы саласындағылар ол үшін алдымен орман шаруашылығын жүйелеп алу қажет екендігін айтады.

Владимир РЕЗАНОВ, Шығыс Қазақстан аймақтық орман шаруашылығы, ағаш өңдеу және жиһаз жасау кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы:

– Жиһаз өнімдерінің бағасына сапасының сай болмауы оған қажетті материалдардың Ресей мен Қытайдан, Польшадан әкелініп, қымбат бағаға сатылып жатқандығында. Есесіне қазіргі күні орманның іші іріп-шіріген, ауру ағаштарға толып кетті. Рас, орманды сақтап, қорғау керек, көбейту қажет. Бірақ, дәл бүгінгідей емес. Қарағай, қайың, емен, қылқан жапырақты ағаштар, қай-қайсы болмасын белгілі бір жылдар ішінде өсіп, жетілген соң қартайып, өзді-өзінен жойылады. Әр орман ағашының өзінің ғылыми негізде зерттеліп, дәлелденген өсу мерзімі бар. Еліміздің орман және аңшылық шаруашылығы комитеті кесілетін ағаштардың жасын қысқартудың орнына, керісінше, бірнеше ондаған жылға ұзартып жіберді. Нәтижесінде орман ішінде жасы келіп, қартайған ағаштардың аумағы жыл өткен сайын көбейіп, босқа шіріп жатыр. Мұны облыстың орман шаруашылығы саласы-ның ғалымдары да дәлелдеп, дәйектеп отыр. Шіріген ағаш кімге керек? Діңі, өзегі шіріп кеткен сол ағаштарды текке бүліндірмей дер кезінде қиып алса, қаншама пайда түсіріп, бүгінде тоқтап, тоқырап тұрған ағаш өңдеу өнеркәсібін қайтадан жандандыруға әбден болар еді.

Шығыс Қазақстан облысын-да бір кездері орман өнеркәсібі қарқынды дамыды. Тоқсаныншы жылдары ағаш өңдеу өнеркәсібі саласында он мың адамға дейін еңбек етті. Сол кезеңдерде об-лыстағы ағаш өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім жалпы ішкі ай-мақтық өнімнің бес пайызға жуы-ғын құрады. Қазір сол көрсеткіш 0,1 пайыз болып отыр. Бұл өткенді көксеу емес. Иә болмаса, әлдебіреулердің айтып жүргеніндей бизнесмендердің өз құлқын ойлаудан істеп жатқан әрекеті емес. Орманды тиімді пайдаланып, текке құртпайық деген ойдан туып отырған пікір.

Елімізде, шетелдерде ағаш өнімдеріне, жиһаз материалдарына күннен-күнге артып бара жатқан сұранысты өтеуге біздің облыста мол мүмкіндік бар бола тұра, соны пайдалана алмай келеміз. Енді екі жылдан соң қылқан жапырақты орман екпелерін кесуге ты-йым салған он жылдық мораторий мерзімі бітеді. Қазіргі
қолданыстағы орман шаруашылығы заңдылықтары табиғат қорғау мүддесі тұрғысынан орман ресурстарын өнеркәсіптік мақсатқа пайдалануға шектеу қоюда. Қысқасы, облыстың орман шаруашылығына, ағаш өңдеу өнеркәсібіне құрып бітуге айналған өнеркәсіпті қатарға қосып, орманды қорғай отырып, көбейте отырып, өңірдің экономикалық өркендеуіне, тұрғындардың жұ-мыспен қамтылып, әлеуметтік жағдайына оңды әсер етуіне мүмкіндік беретін үлкен инвестиция қажет.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив