KZ
Өскемен
-6°
ясно жел 2 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

Оралхан жазған образдар сомдалды

16.05.2012, 18:00 102


«Бір Чикаго – бір кітап» деген атпен мұхиттың арғы жағынан бастау алған акция бүгінде дүниенің төрт бұрышына түгел тарап, «Бір әлем – бір кітап» деген атауға ие болды.

Акцияның мақсаты – белгілі бір шығармаға немесе қаламгерге дүйім жұрттың назарын аудартып, кеңінен насихаттау. Бұл акция біздің елімізде «Бір ел – бір кітап» деген атпен осыдан үш жыл бұрын бастау алған еді. Алғашқы жылы бүкіл Қазақстан болып, Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» поэмасын оқып, талдаған. Сөйтіп, кәрі-жас оның кеңестік цензурадан өтпей қалған тұстарына тағы бір үңіліп, айбынды рухына бас иген-ді. Ал өткен жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романына бүгінгі күннің талабымен қарап, тиісті бағасын бергендей болғаны бар. Биылғы жылды ойдың нәзік қылынан сөздің жібегін ескен Алтайдың еркесі Оралхан Бөкей шығармашылығына арнау жөнінде шешім шығарылған екен.

Бүкіл қазақ жұрты болып Алтайдың асқақ ұлын ұлықтап жатқанда туған өлкесі тыныш жата алмасы анық қой. Осыны жете түсінген облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы аталған ауқымды шараға өз үлестерін еселей қосуға барларын салуда.

11-мамырды Оралхан Бөкейдің шығармашылығына арнаған кітапхана ұжымы бұл күні оқырмандар конференциясы, кітап көрмелері, қаламгердің көзін көрген жандармен кездесу, электронды фотогалерея сынды елеулі шаралар өткізді. Солардың ішінде ерекше есте қалғаны ұлттық әдебиет және өлкетану бөлімінің бас кітапханашысы Құралай Әлкембаеваның ұйымдастыруымен өткен «Оралхан әлемі» атты көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы болды. Сайысқа қаламыздағы қазақ мектептерінің бәрі шақырылған екен. Алайда, №35, №45 және №1-мектептер бұл айтулы шарада төбе көрсетудің қажеті жоқ деп тапқан сияқты.

Онда көркемсөз оқу мәнері, сахналық мәдениеті мен актерлік шеберлігі бойынша өзгелерден оқ бойы озық шыққан А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектептің оқушысы Әйгерім Қанатбекова бас жүлдені жеңіп алса, Жамбыл атындағы мектеп-гимназия интернатының намысын қорғап келген Шырын Туғанбаева мен №16 мектептің үмітін арқалаған Аяужан Исебаева бірінші орынды өзара бөлісті. Екінші орынға тағы да А.Байтұрсынов атындағы мектептің бір оқушысы Елдар Тенкебаев лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орын О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінен келген Маржан Мүслімбекова мен №3 көпсалалы мектеп- гимназияның оқушысы Думан Дулатұлына бұйырды.

Бір бөлекше айтар нәрсе, әрбір көркемсөз оқу сайысында сынға алынып жүрген «жылаңқы» образдар бұл сайыста мүлде кездеспеді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz






Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив