KZ
Өскемен
+7°
переменная облачность жел 2,6 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Ғылымды өндіріске енгізбей өрге баспаймыз

14.05.2012, 18:00 262


Экономикамыздың жетекші саласы – ауыл шаруашылығының аймағымыздағы ахуалы мен оны дамытудағы ғылымның орны дөңгелек үстелде өткен әңгіменің арқауы болды.

Оған Алматыдағы Қазақ ұлттық Аграрлық университетінің оқытушы-ғалымдары – ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Ахметсадықов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қизатолда Мұхаметкәрімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Төлеужан Жексенбаев және Ұлан ауданындағы «Масақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхаметолла Ағзамов қатысты.

Технологияны талғаммен қолдана алмай жүрміз

– Ауыл шаруашылығы – аса ауқымды сала. Соның ішінде мал шаруа-шылығының орны бөлек. Осы орайда сіздер ғалым ретінде қандай мәселелерді алдымен шешу керек деп санайсыздар?

Нұрлан АХМЕТСАДЫҚОВ:

– Мал шаруашылығын дамыту үшін оның өнімдерін экспортқа шығарудың маңызы зор. Ол үшін ең бірінші кезекте мал індеті болмауы керек. Дүниежүзілік эпизоотиялық бюроның мәліметтері бойынша, ветеринария саласы жақсы дамыған елдерде мал шығыны 12-13 пайыз болады екен. Ал мал аурулары көп болса, одан келетін шығын 30–40 пайызға дейін болады. Ал Қазақстанда мал аурулары, індет бар. Екінші – кадр мәселесі. Жоспар бойынша әр әкімдікте ветеринар штаты болуы керек. Бірақ қажетті мамандар жетіспейді. Тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де ветеринария жұмысы жақсы жолға қойылуы керек. Себебі, көп аурулар малдан жұғады. Тағы бір мәселе, ауруларды зерттеуді жолға қою керек. Елімізде биылдан бастап малдың сарып ауруын анықтаудың классикалық әдісіне көштік. Көп нәрсе мал иелеріне де қатысты. Олар санитарлық тазалықты сақтап, заң талаптарын орындаулары керек. Ол үшін ауыл тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын да жетілдірген жөн. Жалпы, Шығыста ветеринариялық жұмыстар жеткілікті жүргізіледі. Мамандар білімді, білікті, әрі өз істеріне жауапты қарайды. Ал мал ауруларының жиі шығып жатуының бір себебі, көрші елдерге де байланысты. Бізге аурулар аң, құс арқылы шеттен келуі де мүмкін.

Қизатолда МҰХАМЕТКӘРІМОВ:

– Ауыл шаруа-шылығында өндірісті ғылыми тұрғыдан жолға қоймай, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ете алмаймыз. Жаңа әріп-тесім айтқандай, мал шаруашылығының жағдайы жеткілікті дәрежеде болмай тұрғанда жер, оның ішінде егін шаруашылығының деңгейі де жоғары дей алмаймыз. Себебі, агротехнология шарасы бойынша әр дақылдың ауыспалы егісте алатын орны, көлемі бір-бірімен байланысты. Бір дақылды бір жерге еге берген соң топырақ тозып, өнім азая береді, дақыл ауруға ұшырайды. Содан кейін тұқым мәселесі де дұрыс жолға қойылмай келеді. Қазір тұқым өндіретін шаруашылықтар аз. Ел көбіне қолына түскенін егіп, күн көріп жатыр.

Топырақ жағдайы Шығыста өте ерекше. Ол үш белдеуге бөлінеді. Таулы, тау етегі және жазық дегендей. Соған байланысты топырақ әртүрлі болғандықтан, оған қолданылатын агротехнология бөлек болуы керек. Шетелде жаңа технологиялар бар, бірақ бізде олардың қайсысы қолайлы, жарамды екенін ешкім білмейді. Мәселен, канадалық технология, нөлдік технология дегендер. Оны қаншалықты қолдануға болатынын ғылыми тұрғыдан зерттеу керек. Содан соң ғана оны талғаммен, анық пайдасы болатын болса ғана пайдаланғанымыз жөн. Ғылымға деген көзқарас жақсы болғанымен, қаржы жеткілікті емес. Топырақтың құнарлылығы сақталмауда. Елу, алпыс жыл пайдаланған жерлердегі қарашірік азайып кеткен. Ендігі мақсат – соның өзін сақтап қалу. Себебі, құнарлылықты көтеретін органикалық тыңайтқыш жоқ. Бар болса, алатын қаржы жоқ. Оны шығаратын зауыт жоқ. Бұл өзі үлкен кешенді мәселе болып тұр.

Мал шаруашылығы мен егін қатар жүруі керек. Малдың көңі керемет тыңайтқыш. Осы кезге дейін Шығыста көбінде күнбағыс егілетін. Ол жерді тоздыруда. Мал жайы-лымдықтарының жағдайы да сондай. Осының бәрін ғылыми жолға қойған уақытта ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады. Қазір ұсақ шаруашылықтардың көп шаруаға шамалары жетпей отыр. Сондықтан олар қайтадан біріксе, жөн болар еді.

– Сіз Шығыста күнбағыс көп егіледі дедіңіз. Қазір бірақ рапс пен қытайбұршақ егіле бастады. Осы қаншалықты тиімді деп білесіз?

Төлеужан ЖЕКСЕНБАЕВ:


– Өткен жолы қытайбұршақ өсіру жөнінен Мұқан Ағзамовтың шаруа-шылығында үлкен семинар өтті. Өте пайдалы болды. Соны енді облыс деңгейіне шығару керек. Сіздердің ғалым ретінде айтқан ойларыңызды мен құптаймын. Шығыс Қазақстанда мал, егін шаруашылығы қатар дамыған. Биыл егіс көлемін арттырайық деп отырмыз. Жалпы 1 миллион 300 мың гектар егістік жер бар. Соның 1 миллион 79 мың гектарына астық егеміз. Бірақ бір мәселе, ұсақ шаруашылықтар ауыспалы егісті пайдаланбайды. Күнбағыс көлемі барлық егістің отыз пайызы болмақ. Яғни, оны азайтып, орнына қытайбұршақ, рапс егеміз. Мысалы, былтыр 4,5 мың гектарға қытайбұршақ егілсе, биыл ол он мың гектарға жетпек. Рапс 4300 гектар болса, биыл 7 мың гектарға жетеді. Жерді тиімді пайдалану жөнінде үлкен жиын өткізіп, талқыладық. Мал шаруашылығында экспорттық ірі қара малын арттыру бойынша жобалар бар. Мысалы, 5,5 миллиард құны бар «Елім-ай – Көкпекті» жобасы. Биыл Канададан 900 бас герефорд тұқымды сиыр әкелінеді. Келесі жылы 1000-ның үстінде мал келеді. Бұл – бір шаруашылықта ғана.
Мал шаруашылығында эпизоотиялық жағдайға ерекше мән беріледі. Шыны керек, мал аурулары шаруашылықтарға үлкен зиян тигізіп отыр. Мысалы, өткен жылы Үржар ауданында Франциядан әкелінген асыл тұқымды мал ауруға ұшырағандықтан, 450 бас мал ірі қара сойылды. Осындай жағдайға жол бермеуіміз керек. Елбасы тапсырмасына орай жайылымдықта мал өсіруді дамытуымыз керек. Кезінде Шұбартау ауданында 350 мың қой болған. Қазір сол жерде 100 мыңдай ғана қой қалды. Бүкіл жайлау, жайылымдық бос жатыр. Құдықтар бос қалды. Біз қазір барлық мал шаруашылығы аудандары бойынша қанша құдық қазу керек, киіз үй керек, соны анықтадық. «Жайлау» бағдарламасының пайдасы мол болып отыр. Оған биыл облыстық бюджеттен 250 миллион теңге бөлінді. Әрине, ол аз. Дегенмен, осы бағытта жұмыс істемекпіз.

Маман ғана емес, мал бағатын адам қалмай барады

– Қазір ауыл шаруашылығында білікті маман жетіспейтінін айтып жатырсыздар. Ал оны шешудің жолдары қандай деп білесіздер?

Қизатолда МҰХАМЕТКӘРІМОВ:


– Мамандар мәселесі сіздер айтқандай өте күрделі деуге болады. Мәселен, агрономияда карантин қызметі деген бар. Қазір соның мамандары жоқ. Сондықтан оның орнына кім көрінген істеп жүр. Содан барып өсімдік аурулары таралуда. Дәрі-дәрмектер де өзгеріп жатыр. Оны білетін білімді ветеринар мамандар аз. Климаттық өзгеріске байланысты елімізде бау-бақша өсіруге мүмкіндік көбеюде. Оған да мамандар керек. Біздің аграрлық университет – үлкен қара шаңырақтың бірі. Білімді мамандар даярлауға базасы да, басқа мүмкіндігі де жеткілікті. Бірақ оқуға келетіндер аз. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, жастарға ауылға аса қажет мамандықты алуға шақырамын.

Жалпы, әр облыс өзіне қажет мамандарды анықтап, соған орай грант бөліп, қаржыландырып, оқытып алатын болса, бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Біздің университетке таяуда Маңғыстау облысынан ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға тапсырыс түсті. Меніңше, осы тәжірибені Шығыста да қолдану керек. Шығыстың жағдайы оған мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Төлеужан ЖЕКСЕНБАЕВ:

– Бұл мәселені біз тиісті басшыларға жеткізіп, оны талқылаймыз. Кезінде Семейдегі зоотехникалық-ветеринарлық институт бүкіл орталық, Шығыс облыстарын мал мамандарымен қамтамасыз еткен. Ал қазір маман ғана емес, мал бағатын адам қалмай барады. Сондықтан осы жағын қазірден ойлап, мал бағатын адамдардың балаларына грант беру жағын ойластырсақ деген ұсыныс жасалды.

Қизатолда МҰХАМЕТКӘРІМОВ:

– Малшы ғана емес, балықшы, аңшы, орманшы мамандарын даярлауды да ойластыру керек. Мәселен, Катонқарағай ауданы жастары неге осы мамандықты оқымасқа? Кейіннен өз ауылдарына келіп жұмыс істеуге мүмкіндіктері болар еді. Осының бәрін зерттеп, ұсыныс жасап отыратын ғылыми орталық болса, дұрыс болар еді. Жалпы, жастарды оқуға көбірек жіберу керек. Солар осы саланы алға апара алады. Мамансыз ештеңе де бітпейді.

Мұхаметолла АҒЗАМОВ:


– Осыдан үш жыл бұрын мен ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жүргенде үш адамға агроном мамандығына оқуға ұсыныс жасадым. Барлық жағдай жасалатынын айттым. Еңбекақы, үй мәселесін шешемін дедім. Алайда ешкім келмеді. 1962 жылы Қытайдан келген отандастарымыз мал шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосқан еді. Сол сияқты тағы да шетелден қандастарымызды көбірек алдырған жөн. Сонда маман да, малшы да жеткілікті болар еді.

Мамандарды тапсырыспен оқыту керек деп дұрыс айттыңыздар. Оның пайдасы көп. Мәселен, Ресейдің Новосібір облысында бюджеттен жылына қыруар қаржыны аграрлық университетке бөліп отыр. Бізге соны неге істемеске? Осы әдісті қарастырса... Ауыл шаруашылығындағы техникада жұмыс істейтін, осы заманғы тракторды айдайтын мамандар да азайып кетті. Енді бір он жылда осы жұмысты кім атқаратыны белгісіз. Содан соң осы заманғы техника алуға шаруашылықтардың көбінің шамасы жетпей жатыр. Осы мәселе де маңызды. Облыстық аграрлық колледжге осыдан алты жыл бұрын жаңа техника алғызылған болатын. Сол қайта тоқтап қалды. Осыны жалғастырсақ жөн.

Жұртты түбінде
жер асырайды

– Жаңа әңгімелеріңізде жер мәселесін көтердіңіздер. Осы әңгімені тереңдете түссек, оны пайдаланудағы ағаттықтар туралы айтпай кетуге болмайтын сияқты.

Мұхаметолла АҒЗАМОВ:

– Кезінде орыстың данышпаны М.Ломоно-сов «Ресейдің қуаты Сібір арқылы артады» деген болатын. Сол сияқты қазақтың жері де бізді дамытады. Жерді аялап, дұрыс пайдалануымыз керек. Одан пайда алу үшін жаңа технология керек. Жердің жағдайын уақытша пайдамен ғана өлшейтін болдық. Соңғы жиырма жылда жердің тозғаны рас. Соны тоқтату үшін қатал заң керек. Екіншіден, былтыр Елбасы айтқандай, астықты керегінше ғана сұранысқа сай егу қажет. Қазақстанға 12 –15 миллион тонна астық жетеді. Оның орнына мал азығындық көпжылдық шөп, одан соң қытайбұршақ, рапс егу керек. Біз әлі күнге соңғы аталған дақылдардың пайдасын біле алмай жатырмыз. Қытайбұршақ Шығыста жақсы өседі. Оған лайықталған, тез пісетін тұқым бар. Оны Канададан әкелдік. Бидайға қарағанда қытайбұршақтың пайдасы анағұрлым артық. Мысалы, бір гектар жерге еккен бидайдан 25 мың теңге пайда алсаң, қытайбұршақтан 70 мың теңге пайда аласың. Шығыны әр гектарға бірдей. Біз осыны әлі түсінбей жүрміз. Сондықтан адамдарды оқыту қажет. Түбінде бізді жер асырайды. Осы жағдайдан жылдам шығу үшін әр облыс өздерінде не егетінін анықтап, ескі көзқарастан арылып, жаңа әдіске көшкен дұрыс.

Тағы бір мәселе, шаруашылықтарды қайтадан ірілендірмесе болмайды. Неге бізде ет, сүт, басқа өнімдер қымбат? Анау Аргентинадан әкелген ет неге біздегіден арзан болады? Оның бәрі айналып келгенде мамандардың жоқтығы мен ғылымның өндірістен шет қалуы дер едім. Орта буын мамандардың алатын орны үлкен. Соларды дайындау керек.

Төлеужан ЖЕКСЕНБАЕВ:

– Дұрыс айтасыз. Мемлекет жиырма жыл бұрын жерді жеке меншікке берді. Ол кезінде дұрыс болды. Оны әркім әртүрлі пайдаланды. Бос қалған алқаптардың бары рас. Енді соны қайтарып алу мәселесі былтырдан бастап қолға алынып жатыр. Бірақ Заңымыз дұрыс іске аспай жатыр. Қазір шаруашылықтың ғылымсыз дамымайтынына көпшіліктің көзі жетті. Қазір субсидия беру арқылы егістік мәселесі реттеліп келеді. Бұрын күнбағысқа өтемақы берілсе, енді басқа дақылдарға беріледі. Осылайша біртіндеп бәрі орнына келеді деп ойлаймын.

Нұрлан АХМЕТСАДЫҚОВ:


– Мен Франциядан көрген бір тәжірибені айтайын. Оларда белгілі бір өнім шығарушылар қауымдастыққа біріккен. Сол арқылы бар жұмыстарын реттеп отырады. Оны мемлекет бақылап отырады. Шаруа адамы ұсақ-түйек нәрсеге алаңдамайды. Ол өнім өндіреді. Ал оны сатуды басқалар істейді. Технологиялары аса қарапайым. Бірақ өнімділіктері жоғары. Бізге соны оқып-үйрену керек.

Төлеужан ЖЕКСЕНБАЕВ:

– Ол, әрине дұрыс. Бірақ бізді Еуропамен салыстыруға әлі ертерек болар. Оларда субсидия берудің әртүрлі өлшемдері бар. Бізде қазір тұтыну кооперативтеріне бірігу жолы дұрыс. Сол арқылы несие алуға да, техника сатып алуға да мүмкіндік туады. Әркімнің өз малы, жері өзінде қалады да құжаттары ғана ортақ болады. Міне, осыны насихаттап, халықтың көзін
жеткізе білуіміз жөн.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив