KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 10 м/с, С
443.85 474.3 4.8

"Даңқ" мемориалында өз шырақтарын жақты

8.05.2012, 18:00 131


Майдан даласынан оралмаған мыңдаған боздақтың рухына тағзым етіп, шырақ жағу акциясы облыс орталығында бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Кеше Өскемендегі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған «Даңқ» мемориалында «Өз шырағыңды жақ» акциясы өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Игі шараға облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев, соғыс және еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Ескерткіш қабырға сыр шерткендей, мыңдаған боздақ майдан даласында қалды. 7199 өскемендік жауынгер Мәскеу мен Берлин арасындағы бауырластар бейіттерінде мәңгі ұйқыда. Біреудің жары, біреудің ағасы, інісі, біреудің әкесі, атасы болып келетін боздақтар рухына тағзым етуге облыс орталығының тұрғындары көптеп жиналды. Мәңгі өшпес алау алдындағы алаңқайда ине шаншар орын болған жоқ. Жиналған жұрт қала өнерпаздары дайындаған соғыс жылдарынан сыр шертетін театрландырылған қойылымдарды да тамашалады.

– Өткізіліп жатқан шараға өз басым қатты ризамын, себебі, бүгінгі буын, яғни, жастар Ұлы Отан соғысының мәні мен мағынасын терең түсіне бермейтін сияқты. Менің атам соғыста болып, Курск иініндегі шайқаста қаза тауыпты, көрсетілген 7199 жауынгердің ішінде ол кісі де бар, сондықтан бұл жеңіс адамзаттың жеңісі деп білемін, – деп ағынан жарылды қала тұрғыны Алексей Рудный.

Әрбір жағылған шырақ соғыс даласынан қайтпаған жауынгердің қысқа ғұмыры сынды, мәңгілік алаумен бірге ескерткіш қабырғаларының ернеулеріне қойылып тұтатылған балауыз шырақтар тез жанып сөне бас-
тады. Бұл шараға еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін келіпті. 88 жастағы Сембинова Қизат апа да батырлар рухына тағзым етіп, өз шырағын жағып қайтты.

– Енді соғыс болмасын, Құдайдан тек қана соны тілеймін. Бұрынғы Таврия ауданының Родовка ауылында тылда еңбек еттім, сұм соғыс басталғанда 17 жаста болатынмын, соғысқа аттанып, қайта оралмаған қаншама замандастарымның бейнелері көз алдымда, ол кезде бүгінгідей фотосуретке түсіретін құрал да болмады, қайран өрімдей жастардың бейнелері тек көкейімде ғана қалды. Ол қорлықты енді қайта көрсетпесін, аспанымыз ашық болсын, – дейді Қизат апа.

Жастар қауымы да акцияға белсене атсалысты, қала мектептерінің оқушылары, студенттер, сондай-ақ, жас жауынгерлер де боздақтар рухының алдында үнсіз бас иіп, өз шырақтарын жақты. Ерлік ешқашан ұмытылмақ емес, ұрыста ерлікпен қаза тапқан жас жауынгерлердің рухына деген тағзым ешқашан бәсеңдемейтіні хақ. Дәстүрлі шара жыл сайын жалғасын тауып, жас буынның өткенге деген құрметін арттыра түспек.

Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив