KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

«Білім саласы қартайып барады». Неге?

26.04.2012, 18:00 302


«Білім саласы қартайып барады» деген сынды уәж біраздан бері айтылып келеді. Ел айтып жүрген бұл сөздердің шындыққа қайшы келмейтініне біз осынау зерттеу мақаланы жазу барысында біраз көз жеткіздік.

Сондықтан нақты дәлелмен сөйлеуді мақсат етіп, әуелі облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметоваға «Саланың кетеуінің кетуіне себеп болып отырған нендей жағдайлар деп ойлайсыз?» деген сауалымызды қойған едік.
– Ең бірінші бізді құртатын – тәртіп. Екінші – резерв дайындамау. Мәселен, аудандардағы оқу бөлімінің бастықта-
ры қызметінен кетсе, кісі жоқ болғандықтан олардың орны 3-4 ай бос тұрады. Қазір Тарбағатайда, Бесқара-ғайда бұл лауазымдар бос тұр. Абай ауданы білім саласының басшысы жақын-да басқа қызметке ауысып кетті. Оның бәрі ондай лауазымға лайықты резерв-тің уақтылы даярланбайтындығынан. Мектеп директорларымен де нақ солай. Кез келген жақсы ұстаз жақсы басшы бола алмайды. Басшы болу үшін оның бойында заман талабына сай көптеген қасиеттері болуы керек. Сонымен қатар әр басшы мүмкіндігінше салаға жастарды тарта білгені абзал.

Басшы кадрларды ауыстырып отыру аса қажет


Хош. Осыны көлденең тартқан облыстың бас мұғалімінің тікелей басшылығымен біраз бұрын бүкіл облыстағы директорлар корпусының нақты базасы жасалынған екен. Басшының бас қатырып отырған тағы бір мәселесі – (мұны жоғарыдағы басшыларға да айтып келеді) білім саласында өзге ведомстволардағыдай, кадрларға ротация жасау. Ол ұсыныс қандай мықты директор болса да ол бес, жеті, әрі кетсе он жылдан соң артта қалып келе жатқан мектептерге жіберілсін дегенге саяды.
Басшының айтқанына еш дауымыз жоқ. Бүгінгі мектептердің әр басшысы-нан білімдегі жаңа технологиялар мен инновацияны молынан енгізу талап етілетіні белгілі. Біздің дәл осы жерде облысымыз бойынша қанша мектеп басшысы мен мұғалімі зейнет жасына жетсе де заңды демалысқа кетпей отырғанынан нақты дерек бере кеткіміз келді. Бүгінгі күні өңіріміздегі Үржар, Тарбағатай, Абай және Зай-сан аудандарындағы басшылар зейнет жасына жеткендерді бірден демалысқа жіберетіні белгілі болып отыр. Яғни, соған орай, ол жерлерде білім саласының жаңа ойлы, өзіндік көзқарас-пайымы бар кадрлармен толығып жатқаны да даусыз. Осы тұста Үржар ауданының әкімі Бауыржан Жанақовтан үлгі алуға әбден болатындай. Бұл басшы ауданындағы зейнет жасына жеткен мұғалімдер мен директорларды ың-шыңсыз, еңбегіне алғыс айтып, құрметпен шығарып салып отырады екен. Және аталған ауданда түрлі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жасап, жас мамандарды қызметке шақыру, оларға үй беру мәселесі оң бағыт алған. Десек те, зерттеу мақаланы жазу барысында облыстық білім басқармасынан алған деректер дәл осы мәселеде бас ауыртатын тұстар жетерлік екеніне көзімізді жеткізді.

Облыста 620 зейнеткер мұғалім еңбек етеді

Міне, ол тізім: облыстың аудандары ішінде ең көп зейнеткер мұғалімі бар Күршім ауданы болып шықты. Бұл ауданда бүгінде 102 әртүрлі пән мұғалімі, оның ішінде алты мектеп директоры зейнет жасына жетсе де, қызметтерін жалғастыруда. Бұл тізімнің алдыңғы легінде сондай-ақ, Шемонайха (66), Глубокое (49), Катонқарағай (43), Риддер қаласы (32), Жарма (30), Бородулиха, Ұлан аудандары мен Зырян қаласы (тиісінше, 24, 23-тен) өңірлері тұр. Жарайды, бұл аудандар облыс орталығынан шалғайда болғандықтан жас мамандар көп бара бермейтін болар (бұл өз топшылауымыз!), ал Өскеменде бақандай 135 мұғалімнің (оның алтауы мектеп директоры, оны мектеп директорының орынбасары) шаршаса да, демалғылары келмей отырғаны таңғалдырады. Өзге-өзге, Өскемен мен Семейдегі білім ордаларына жас мамандар бармайды дегенге сену қиын. Жалпы үстіміздегі 2012-2013 оқу жылында біздің облысымыз бойынша 620 зейнет жасындағы мұғалім еңбек етуде. Бұл дегеніңіз 4-5 жыл оқып, табақтай диплом алып шыққан осыншама жас маман амалсыздан басқа тірлік жасап жүр деген сөз.
Осы тұста зейнет жасындағы мұғалімдердің орнына келетін жас пе-дагогтардың ауылдарды бетке алмайтыны да үлкен мәселе болып отырғанын айтпасқа болмайды. «Жатқан тастың астына су жүгірмес» дегендей, сол жас мамандарды ауылдарға шақыруда аудандық білім бөлімдерінің басшылары нақты шаруа атқара алмай отырғаны даусыз. Егер білім бөлімі түрлі педагог кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындарында жыл сайын өтетін мамандар жәрмеңкесіне қатысып, дип-лом алуға даярланып жүрген жастармен жеке-жеке әңгіме өткізіп, оларға лайықты көмек болатынын жеткізсе, бәлкім, жастар қартайған аға буын әріптестерінің орнын басар ма еді. Біздіңше, мәселенің осы жағын негізді түрде ойластыру керек сияқты.
Жасырары жоқ, зейнет жасына жеткен мұғалімдердің бала тәрбиелеудегі іс-тәжірибелері мол, салиқалы, санаты да жоғары болып келеді. Дей тұрғанмен, олар жаңа, заманауи технологияны толық меңгерген, талабы таудай, ойлауы да, ісі де жылдам жас адамдармен иық тірестіре ала ма? Әрине, жоқ. Ол тек білім саласында ғана емес, барлық салада дәлелдеусіз-ақ көз жеткізілген ақиқат. Сондықтан зейнет жасындағы мұғалімдер бұл пікірімізді жоққа шығара қоймас. Бұл сонымен бірге барлық жасы жеткен ұстаз қауымына топырақ шашу деген ой емес екенін түсінер саналы қауым.
– Бұл аудандық білім бөлімдерінің алдағы 4-5 жылда қай пәннің мұғаліміне қажеттілік туатыны туралы мониторинг жасап отырмайтынынан да туындайтын мәселе. Ол бөлімдегілер алдағы жылдары қай пән мұғалімі зейнетке шығатынын біліп, сол бойынша мектеп бітірушілермен жұмыс істеп, олардың сол мамандыққа оқуға баруына бағыт-бағдар беріп отыруы қажет деп ойлаймын. Тіпті, осы қажет болатын мамандық иесін арнайы квотамен оқытуы немесе облыс Әкімінің грантына бергенде сондай бағытта жұмыс істеулері керек, – дегені бар облыстың бас мұғалімінің.

Нақты мониторинг жасалып жатыр

Басшының айтуынша, қазірде облыс көлемінде қандай пәндердің мұғалімдері жетіспейтіні туралы арнайы мониторинг жасалып жатқан көрінеді. Ал дәл бүгінгі күні математика, физика, химия, биология, шетел тілі мамандарына, сондай-ақ, дефектологтар мен логопедтарға аса зәрулік байқалып отыр.
Тағы бір майшаммен қарайтын мәселені айтпай кету мүмкін болмай отыр. Ол – шағын ауылдардағы мектептердің тағдыры. Нақты дерек көздері бүгінгі күні біздің облысымыздың 142 мектебі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1256 қаулысын орындамай отырғанын айтады. Яғни, бұл дегеніңіз осынша мектеп шағын комплектілі мектептердің бала санына кепілдік заңын орындамай отыр деген сөз. Егер 2015 жылға дейін сол мектептерді балалардың білім сапасын төмендетпей, олардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, оңтайландыру жүзеге асса, қыруар қаржы үнемделер ме еді және оқытудың 12 жылдық жүйесіне еркін көшуге, яғни, білім сапасын бірсыпыра көтеруге нақты мүмкіндік туар ма еді. Бұл – біздің пікіріміз.
Сонымен біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған зейнеткер директорлар мен мұғалімдер оқушыларға қандай деңгейде білім нәрін құйып келе жатыр? Шыны керек, көптеген мектеп басшыларының күш-жігері арқасында ол басқаратын мектептердің кереметтей озық болып отырғаны да, қатарластарынан қалыс қалып келе жатқандары да бар екенін уақыт көрсе-тіп келеді. Соған қарай білім басқар-масы облыстың барлық мектептеріндегі директорлардың мәліметтер базасын жасауға кіріскен екен.
Осындай (зейнет жасындағы) директорлар мен мұғалімдер қашанға дейін жұмыс істей бермек? Бұл мәселенің мәнісін облыстың бас мұғалімі Мәдениет Медеуханқызы тарқатқандай, жалпы бұл тұрғыда білім басқармасы осылай да осылай істеу керек деген сынды бағыт-бағдар беріп, мұғалімдерге мониторинг жасауы керек. Егер ол мұғалім не директор өз қызметін жақсы істеп жүрсе, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде атап көрсетілгендей, оның қызметін тағы бір жылға ұзартуға әбден болады екен. Ал егер жоғары білімді жас мұғалім жұмыссыз жүрсе, онда зейнеткер-мұғаліммен түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ол кетіп жатқан күнде мейлінше құрмет көрсетіліп, зейнетке шығарып салу керек. Сонда түйсінгеніміз: ешкім де зейнет жасындағы директорды немесе мұғалімді бұйрықпен шығара алмайды екен. Әр зейнет жасына жетіп, жұмыс істеп жүрген мұғалім зиялы ойлы адам ретінде өз орнын өз ықтиярымен босатуы керек сияқты.
«Көңілден көңіл су ішер» демекші, ойдан ой туады. Рас, әркім өзі туралы «күш-қуатым мол, жастардан қалыспаймын» деп пайымдайтыны өтірік емес. Дегенмен, ауылдарды қоя тұрып, облыстағы екі үлкен қала Семей мен Өскемендегі жағдайды салыстырмалы түрде қарастыралықшы. Үстіміздегі оқу жылында Өскемендегі мектептердің 135 мұғалімі жылы орындарын суытқысы келмей отырса, Семейде ондай мұғалімдер бар-жоғы 12 ғана болып отыр. Бұдан шығар қорытынды, өскемендік мұғалімдердің өзінің орнын басар жас маман болмағандықтан емес, «түртпектемесе, жүре тұрайын» деген пендешілікпен жүріп жатқаны даусыз...

P.S. Сонау өткен ғасырда қазақтың біртуар азаматы Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сене-мін» дегенде, елдің болашағын солар арқылы болжағаны белгілі. Ал мынау заманда сол артымыздағы кейде асау толқынға, кейде жапырақ жүрек жас қайыңға ұқсаған жастарды демемеу, жетелемеу ең ізгі, адамгершілікті (гуманный) мамандық иелері саналатын педагогтар тарапынан іске аспаса не амал. Сондықтан, біздің ойымызша, (бұл тек мұғалімдерге ғана қатысты емес!) әр зейнет жасындағы қызметкер соңынан ере шауып келе жатқан жас маманға сеніммен қарап, олардың да ерекше жігермен жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауы керек шығар. Өйткені, елдің келешегі жаңа ой, жаңа бастама мен тұжырымы бар сол жас өркендерде ғой...

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив