KZ
Өскемен
+5°
ясно жел 10 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, тележүргізуші: – Мені елге танытқан «бай-қуатты болайыққа» әрқашан басымды иемін

26.04.2012, 18:00 285


Бір кездері Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қарасу ауылында қара шалдың баласы атанған Нұртілеу Иманғалиұлын бүгінде танымайтын қазақ жоқ. Неге екенін қайдам, тұстастары оны мектеп жасында «Атақаз» атандырған дәурен де болған. Содан да болар, ол – басқалардай емес, еркін өсіп, еркін жүріп, «ала сөйлеп, ұлыққа жаққанша, адал сөйлеп, жұртқа жақ» деген қағидаға сүйенді. Бір сөзбен айтқанда, көкірегі көмбелі қарияның тәрбиесінде өскен ол бойындағы еркіндікті, тура мінезді тележурналистика дейтін ғажайып әлемге өзімен бірге алып келгендей сезіледі де тұрады. Өзі айтпақшы, «Болашағымды болжаған бала шағым болмаса, менің ішкі әлемім де, сырт көрінісім де көпшіліктің көз алдында». Қазақ тележурналистикасының саңлағы атанған Нұртілеу Иманғалиұлы биыл алпыс жасқа толады. Мерейлі мерейтой қарсаңында тұлғамен сұхбаттасудың сәті түсті.

Менің байлығым – үйімдегі бір чемодан қойын кітапшам

– 38 жылдың биігінен қарасақ, телеарнада аз жүрген жоқсыз. Осынау уақыт ара-лығында сіз телевидениеге не бердіңіз, телевидение сізге не берді?
– Ауылдың қарасирақ баласынан ел танитындай дәрежеге жетуіме мұрындық болған – мәртебелі мамандығым мен ыстық-суығы бірдей журналистік қызметім болуы керек. Босағада отырып, төріміздегі теледидарға телміріп отыратын халықпыз ғой. Теледидардың маған берген пайдасы, атақ-абыройы ұшан-теңіз. Қайсыбірін айтайын. Осы бір құдіретті әлемнің арқасында Алаштың талай ардақты азаматтарымен етене танысып, сырлас, пікірлес болдық. Ел көрдік, жер көрдік. Төрткүл әлемді терезесіне сыйдырған осы бір ғажап дүниенің арқасында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға тырыстық.
Ал телевидениеге не бергенімді, нендей жаңалық әкелгенімді көзі қарақты көрермен өзі таразылай жатар. Ұзақ жылдарымды осы бір таңғажайып әлемге саналы түрде арнадым. Төрелік жасайтын уақыттың дегенімен қазақтың қаласы мен даласына теледидардан үн қаттым. Көбіне теледидардан көрініп жүрген адамдарды ғана ел таниды-дағы, эфирде жұрт көзіне көрінбей көмек көрсететін бірнеше адамдар елеусіз қалып жатады. Режиссерден бас-тап, оператор, видеоинженерге дейін. Сол кісілермен қоян-қолтық жұмыс істеу тәсілін үйрендік. Кейде ойға алған жоспарымыз іске аспай қалатын жағдайлар да болып жатады. Егер ойлаған жобаңның жетпіс пайызы іске асса, оның өзі – бақыт. Өйткені, телевидение – бұралаң-бұлтарысы, ойы мен ойпаңы көп күрделі кеңістік.

- 2006 жылдың қыркүйек айында «Қазақстан» ұлттық арнасының басшылығына келдіңіз. Әр басшының өзіне тән қолтаңбасы болатынын ескерсек, үлесіңіздегі қызмет мерзімінде ұлттық арнаның бет-бейнесі едәуір өзгерді. Көптеген көрермендердің пікі-рінше, Нұртілеу Иманғалиұлы телеарнаға, бағдарлама студияларына дархандық пен кеңдік әкелді дейді. Содан да болар, «Қазақстандағы» жаңаша бет- бұрыстан кейін еліміздегі біраз телеарналар кескін-келбеті мен ұстанымын өзгерткен еді... Бұл – көрермендер пікірі. Сіз не дейсіз?

– Алла сәтін салып, кеше қызмет жолымды бастаған Қазақ теледидарының ұлттық арна болып аталған кезінде бірінші басшы болып келуім көптеген «әттеген-айларымның» орнын толтыруға мүмкіндік берді деп есептеймін. Сол тұста ойға алған шаруаларымды үлгергенімше атқарған сияқтымын. Біраз бағдарламалар жасалды. Оны ойлы көрермен жақсы біледі деп ойлаймын. Мәселен, «Қайырлы таң, Қазақстаннан» тартып «Күй-керуен», «Дала-думан», «Ән айтыс», «Күй тартыс», «Отау», «Құрбы-құрдас», «Тау тұлға», «Бастау», «Айна-апта», «Діңгек» бағдарламалары көрермен назарына ұсынылып, «Қымызхана», «Айтыс», «Көкпар» көгілдір экранға шықты. Хабарларды бір үйлестіріп алғаннан соң «Діңгек» ұлттық этнографиялық авторлық бағдарламасы аясында Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков және тағы басқа қазақтың қабырғалы азаматтармен ой алмастық, көкейде жүрген көп сауалға жауап алдық.
Ал бағдарламалармен арнаға дархандық, кеңдік әкелдің деген сөзге тоқталсам, біздің қазақ осы айтылған қасиеттермен қадірлі. Сондықтан да әрбір бағдар-ламамызда кеңдік болғанын қаладым. Бұл – менен бұрын басшылықта болған адамдарды жоққа шығару емес. Мен өзімнің алдымда арна тізгінін ұстаған бірнеше азаматтардың сіңірген еңбегі мен төккен терін жоғары бағалаймын. Бәріміздің де илегеніміз бір терінің пұшпағы. Десек те, әрбір адамның өзіндік қолтаңбасы болуға тиісті. Менің арна басшылығында бол-ған кезімдегі үрдістерді еске алып отырған көрермен, тілеулес адамдарға айтар алғысым шексіз. Амандық болса, әлі талай бағдар-ламалар дүниеге келер деп ойлаймын.

Эфирге шығардың алдында моншаға баратынмын

– Жүргізген хабарларыңыздың соңын үнемі «Бай-қуатты болайық, ағайын!» деп аяқтайсыз. Өзіңіз өмірде қаншалықты бай-қуаттысыз?

– Менің түсінігімдегі байлық адамның жеке басының ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуден тұрады. Құдайға шүкір, соңымда ізімді жалғайтын ұрпағым бар. Бұл байлық емей немене?! Амандасудан абайлап, тек сыртынан тамсана қараған кісілермен бүгін дастарқандас болып, сол кісілердің сенің азамат екеніңді елеп-ескеріп, бір мәселенің төңірегінде әңгіме-дүкен құрып жүргені, байлық емей немене?
Бай деген сөзді біз көбінесе материалдық тұрғыда қарастырамыз. Мен материалдық байлықтың соңына түскен жан емеспін. Қолымнан келмейді деп есептедім бе, әлде, басқа себеп болды ма, білмеймін. Егер қоғамға қажет екеніңді дәлелдей білсең, бойыңды жат қылықтардан аулақ ұстасаң, материалдық байлық өзі келеді. Әуелде алдыма «Міндетті түрде оқуға түсу керек» деген мақсат қойдым. Мектепті бітірген күннен бастап журналистика факультетіне түсем дедім. Арман алдамады. Ақыры оқуға түстім. Тәңірдің берген сыйы болар, бәлкім, алдыма қойған мақсатымның айқындығы болар, патша көңілді көрерменмен ұдайы біргемін.
Менде бір асыл байлық бар. Ол – үйімде тұрған бір чемодан қойын кітапшам. Журналистік жолымды бастаған кезде қолға алар жоспарларымды жазып отыратын, лездемелерде айтылған жақсы ойларды немесе әлдекімдердің қанатты сөздері, газет-журналдардан немесе кітап оқығанда ұнаған тіркестерімді түртіп қоятын кітапшам – мен үшін зор байлық. Соны бір ретке келтірсем, кез келген тележурналист қызығып оқитын кітап шыға ма деп ойлаймын.
Кейде өкініп те қоямын. Газет-журналдарда жұмыс істейтін әріптестерімнің көбісінің жазған дүниелері тасқа басылды. Кітап болып жарық көрді. Оны кез келген уақытта тауып алып, оқуға болады. Телевидениеде мұндай мүмкіндік жоқ. Отыз сегіз жылда жасаған алғашқы хабарларымның көбі бүгінде архивте сақталмаған. «Сонда телевидениедегі қызметімнің құмға құйған су секілді жоғалып кеткені ме?» деп күдікті ойға берілетінмін кейде. Қазір интернеттің шығуына байланысты өкініштерімнің орны тола бастаған секілді.

- Енді «бай-қуатты болайыққа» келейікші. Бұл сөз қалай туды өзі? «Тарихи» сөзіңіздің тарихына тоқталып өтсеңіз...


– «Бай-қуатты болайық» деген сөзбен елге танылғанымды ойлап отырамын кейде. Бұл – аузыма Алла салған сөз. Мұндай сөздің талайын айтқан мықты адамдар бар ғой. Бірақ, бұл сөз сәтімен шықты деп білемін. Несімен сәтті дейсіз ғой? Қысқалығымен, қазақтың миына тез қона қалатындығымен сәтті болған секілді көрінеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі рухани байлығымыз бен экономикалық байлығымыздың, денсаулығымыздың, бір сөзбен айтқанда, барлық саланы қамтыған сөз болды бұл. Осы сөзден кейін спорт комментаторы Амангелді Сейітханның «Жеңісті күндерде жолыққанша!», тележүргізуші Нұрділдә Ораздың «Әр шаңыраққа – амандық» дегені қанатты сөзге айналды. Әр журналистің «Біз де осындай сөз айтсақ, жөн болады екен-ау!» деген ой туғызуына септі-гін тигізген «бай-қуатты болайыққа» әрқашан басымды иемін. Кезінде «Ана тілі», «Жас Алаш» газеттерінде «бай-қуатты болайық» сөзін алғаш қолданып жүргенімде сын садағына алған адамдар да болды. Оңтүстік жақта айтылатын «бақуатты» сөзімен шатыстырған әлдекімдердің «Қазақтың «сау бол» деген әдемі сөзі тұрғанда, мұны қайдан шығарып жүр?» деген сөздерін де естідім. Сосын «бай-қуатты» мен «бақуатты» сөзін шатыстырып жүргендерге түсінікті болу үшін бай мен қуатты сөздерінің арасына тоқтау жасап айтатын болдым. Бірден қабылданды. Бір қарағанда, бай-қуатты сөзі тілек сөзі секілді. Өзімнің кейбір жақын достарыма, жанымды түсінетін адамдарға игі мерекелерде құттықтау телеграммаларын жолдаймын. Сонда жақсы тілектер жазып келемін де соңында «бай-қуатты болайықпен» аяқтаймын. Журналист болғаннан кейін жақсы сөз іздейсің. Бұл – біреулерге күлкілі болуы да мүмкін. Бірақ, мен өзім осыдан ләззат аламын. Көп жағдайда біздің журналистеріміз сценарийден ауытқымауға тырысады. Бірақ, мен қалыптасқан қалыптан шығып, ауытқымау керек деген тұстарда ауытқып кететінмін. Ол менің кішкентайымнан «шал-дың баласы» болғандығымнан ғой деп ойлаймын. Ауытқығанда да толықтай ауытқымаймын. Сцена-рийдегі сұрақты емес, осы сұрақпен ыңғайлас сұрақ қоямын. Сонда ғана тартымды, жанды дүние туады. Газеттің тілінен гөрі екеуара әңгіме ретінде жүргізілген хабардың көрерменге жақын екенін түсіндім. Менің цензураның шеңберінен шықпай, «әдемі» жүргізетін ағаларым болды. Әсіресе, дикторлар. Олар әдетте импровизация жасамайды. Сондай сәттерде мен «Апыр-ай, мына жерін былай айтса ғой» деп отыратын едім. Сол әттеген-айлардың орнын кейін эфирде толтырдым. Қазір эфирге шығу деген – жас әріптестерім ренжімесін, ойыншыққа айналды ғой. Сенесің бе, мен эфирге шығардың алдында моншаға баратынмын. Рухани тазалық үшін ғана емес, жан мен тән тазалығы үшін. Сондай үлкен жауапкершілікті сезіндік біз. Бұл –
тек қана менің басымда болған жоқ, сол кезде менімен бірге қызмет істеген барлық әріптестерім осылай болды ғой деп ойлаймын.

Мақпал Жүнісова мен Роза Рымбаеваның бантик тағып келген кездерін де көрдік

- Жасаған бағдарламала-рыңызға қарап отырып, телеви-дениенің керемет құрал екен-дігін, оның насихат құралы ғана емес, адамзат санасына әсер етудегі рөлінің мықты екендігін жете сезінгендейміз...

– Әйгілі Наполеонның «Төрт мың мылтықтан төрт газет артық» деген сөзі бар. Осының өзінен-ақ ақпараттың қаншалықты құдіретті күш екендігін аңғаруға болатындай. Кеше ғана өзіміз көсем санаған Лениннің «Мамандығың кім?» дегенде «Журналист» деп жауап беруі бекер емес. Телевизия бағдарламаларының өзі өмір сүріп отырған қоғамға қажетті дүниелерді анықтап, сол жайында хабар жасауы адамдарды қалыптастыруда, оларды таныстыруда, өмірге деген көзқарастарын өзгертуде маңызы айрықша. Мұны неге айтып отырмын? Мысалы, мен Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаеваның бантик тағып келген балауса кездерін, олардан өзге де қаншама белгілі азаматтардың Қазақ телевизиясының Жастар редакциясындағы музыкалық бағдарламалар аясындағы «Алтыбақан» хабары арқылы алғаш рет эфирге шығып, алдына қойған мақсат-мұраттарының орындалғанын білемін. Мен солардың ортасында жүрдім. Сол кездегі Қазақ телевизиясының алдына қойған мақсат-мұраттарының дұрыстығы арқылы ақпарат көшіне ілестік. Заман талабына лайық қызмет жасауға ұмтылдық. Мен кейде өзімді телевидениенің әскері секілді сезінетінім бар. Нарық заманы келіп, күнкөріс қамымен көптеген адамдар мамандықтарын тас-тап, басқа салаға бұрылып кеткенде де телевидениеден ұзамай, соның маңайында жүргендігімді, таңдаған мамандығымды сатпағандығымды бүгінде мақтанышпен айтуға болады.

- Телеәлемде өткен саналы ғұмырыңызда елдің есінде қалған қаншама бағдарлама-ларды дүниеге әкелдіңіз. Әрине, бағдарламаны дүниеге әкелу бар да, оны көрермен санасына жеткізе білу бар. Біле білсек, мұның өзі бір өнер. Кеңестік идеология кезінде цензурадан қалай аман өттіңіз? Тәуелсіздік алған соң ой еркіндігін толық пайдалана алдыңыз ба?


– Телеарнада өткен 38 жылда 300-ден астам хабар жасадық. «Ақиқат пен аңыз», «Ашық әңгіме», «Микрофон сұраймын», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Мінбер», «Айна», «Көршілер» секілді үш жүзге жуық хабарлар халық назарына ұсынылды. Аталмыш бағдарламалар сол кездегі қажеттіліктің өлшеміне байланысты ашылды һәм жабылды. Кеңестік телевидениенің тұсында ақпарат кеңістігін қатаң қадағалап отыратын. Сол цензура тосқауылынан байқатпай өтіп кетудің жолдарын әркімнен үйрендік. Оралхан Бөкейдің бір әңгімесінде «Шығыс-тың мың жылдық қарағайларын орыстың «Дружба» деген электронды арасымен сұлатып келе жатты» деген жолдары бар. Бұл – бір қарағанда жеңіл оқылғанымен, әңгіменің арғы жағында терең әлеуметтік мәселе жатқанын аңғару қиын емес. Біз де осы сияқты цензура қыспағынан білдіртпей өтетінбіз. «Қазақ халқының» деп сөйлеуге тыйым салған кездер де болды. «Қазақ» дегеннің орнына «халқымыздың» деген сөзді айттық. Олар халқымыздың деген сөзді кеңес халқының деген ауанда түсінді. Міне, осындай жағдаяттар болды.
«Ой-көкпар» бағдарламасын ашқан кезде Тәуелсіздіктің лебімен біраз шындықты айтудың реті келді. Хабарды әуелде басқа идеямен ашқанмын. Мәселен, бағдарламаны өнер саласындағы адамдардан бас-тап, өлім жазасына кесілген сотталушы мен соттың ортасындағы бір сұраққа жауап алып, сонымен хабарды аяқтайын дегенмін. Алайда бұл идея іске аспады. Бірақ, «Ой-көкпар» өзінің ойнақылығымен, бір тақырып төңірегіндегі екі адамның пікірі арқылы елдің есінде қалатындай, көпшілік асыға күтетін хабар болғанына үлкен шүкіршілік айтамын. Қоғамның, ұлттың көздеген мұратымен бірге сол кездегі басшылардың, әріптестерімнің қолдауының арқасында нәтижелі жұмыс істедік. Надежда Белканова деген бас редакторым, сол кездегі әріптестерім Құсман Игісінов, Совет Мағзұмов, Фатима Бегімбаева жұмысыма ерекше қолдау білдірді. Белгілі жазушы Мереке Құлкенов, Жүрсін
Ерман, Әділғазы Қайырбековпен бірге жұмыс істедім. Бүгінгі «Қазақстан» ұлттық арнасының директоры Марат Иманғалиұлымен бірге бірнеше хабар жасадық. «Көкпар» деген бағдарламаның алғашқы хабарын Марат екеуміз жүзеге асырғанбыз.

«Абай жолын» оқымай эфирге шығу – сауатсыздық

– Кезінде «Дидар» атты хабар жүргіздіңіз. Сізден сұхбат алып отырған басылымның аты да «Дидар». Кейінгі жас тележурналистердің көбі сыртқы дидарының жақсы болғанын қа-лайтын сияқты. Ал журналистің ішкі дидарының тартымды болуы үшін қайтпек керек?


– Білімді болу керек. Телевидение ауруы ізденістің жоқтығынан және жалқаулықтан пайда болады. Сол ауруды жеңген адам міндетті түрде ішкі жан дүниесін жайқалтып, дидары ашыла түседі. ХХI ғасыр – білімнің ғасыры. Жан-жағыңнан қаптап, түсіп жатқан сан түрлі ақпарат көздері білімсіздігіңді оп-оңай әшкерелейді. Өз-өзіңді сыйлап, абыройыңды жоғалтпай, мамандығыңнан жиіркенбейтіндей болғың келсе, осыдан қашу керек. «Оқы, оқы және оқы» деп Құранда бекер айтылмаған. Қай заманда болмасын адамзат баласына білім керек. Білімді адам қиянат жасаса да әдеппен жасайды. Білім жоқ жерде дидар да жоқ.
Телевидение – айна секіл-ді. Сенің «Мені көрдіңдер ме?» деп келбетіңді көрсетіп отырға-ныңның көрермен үшін мәні жоқ. Көрерменнің сұранысын қана-ғаттандыру – өте қиын дүние. Әсіресе, қазіргі уақытта. Олардың үйінде біздің кезіміздегідей екі каналды ғана бұрайтын ескі телевизор емес, жаңа телевизор. Қолында – пульт. Ұнамадың ба, пультті бір-ақ рет басып, басқа арнаға ауыса салады. Эфирге шығатын адам ғана емес, телевизия қызметкерлерінің, жалпы газет-журналдарда қызмет ететін журналистердің барлығының алдында бір мақсат болуы тиіс. Не жазса да, не айтса да біліміне сүйенуі керек. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» жоқ дегенде екі рет оқып шықпай, эфирге шығу са-уатсыздық деп білемін. Мен «Абай жолын» жылына жоқ дегенде бір рет оқып шығам. Немесе һәкімнің қарасөздеріне үңілемін. Лириканың әулиесі Ілиясты оқимын. Кейде өлең жазатыным бар. Оны поэзия ретінде санамаймын, десе де жан дүнием содан рақат табады. Поэзияның не екенін білемін. Телевидениедегі, газеттегі кәсібіңнен ләззат табуың керек. Көрерменіңе, оқырманыңа айтып, жазып отырған әңгімеңнің рас екенін сездіруің керек. Ол үшін білімді болуға тиіссің. ХХI ғасырда сауданың өзін білімсіз жасай алмайсың. Елдің алдында, телевидениеде жүрген журналиске артылар жауапкершілік қай кезде де салмақты. Қоғамның сұранысына сәйкес арналардың көбеюіне байланысты жаңағы айтқан мәселелер керісінше азайып бара жатқандай көрінеді. Қоғамның сұранысына сай, елге ең қажетті ақпаратты ұсыну қажет. Сонда ұлттың алдына қойған мәселең де, айтқан сөзің де өзіңді қанағаттандырады.

– Нұртілеу Иманғалиұлы десе телевизия, телевизия десе Нұртілеу деген есім еске түседі. Бейнелеп айтсақ, қазақ телевизиясы мен сіздің есіміңіз біртұтас ұғым секілді. Егер белгілі себептермен газет-журналдарға немесе радио, сайттарға жұмысқа барсаңыз, журналистік қызметті телеарнадағыдай атқара алар ма едіңіз?

– Білмеймін. Өзім қызмет атқарып жүрген «Қазақстан» ұлттық арнасына басшы болып келгенде бір адам ренжіді. Сол кезде оған айтқан сөзімді алты жыл өткеннен кейін қайталайын. Дәл сол кезде маған кез келген газеттің бас редакторы бол десе, бармас едім. Өйткені, журналистік саналы өмірімнің барлығы телевидениеде өтті. Газетке барсам, қол астымдағы қызметкерім «Нұраға, бұл олай емес еді ғой» деп жөндеп жатса, қандай басшы болғаным? Радиоға баруым мүмкін, өйткені, ол телевидениенің ағасы секілді. Ел бүгінде радионы телевидениенің інісі деп жүр. Бұлай дегендер қателеседі. Радио-ға – 90 жыл, телевидение – 54-те. Ағайынды екеуіне қызметке бар десе баруға болатын шығар. Өйткені, екеуі ұқсас. Баспасөзге бару, менің ойымша, қаншалықты дұрыс болатынын білмеймін. Бірақ баспасөзге басшы болып бармасам да шамамның жеткенінше баспасөзден қол үзбеймін деп ойлаймын.
Менде қазір бір арман бар. 60 жылдық мерейтойымды ойдағыдай өткізу. Мерейтойдан кейін осы күнге дейін жиып-тергенімді реттеп, бір газетке бүгінгі телевидениенің аяқ алысы жайында рецензия жазып отырсам деймін. Бұл – жасыма, тәжірибеме, білік-біліміме дәл келеді-ау деп ойлаймын. Ретсіз болса, қоя қоярмын. Орыстарда телевидениенің жай-күйі туралы жазатын бірнеше журналистер бар. Бізде жоқ. Жазып жүргендердің көпшілігі телевидениенің ішкі спе-цификациясын білмейді. Идеясы, бағыты дұрыс болғанымен, телевидение ішіндегі қым-қуыт өмірді біле бермейді. Білмеген соң қателікке жол береді. Мен жазсам, мұндай қате жібермейтін шығармын. Бірақ оған уақыт керек. Осы уақытқа дейін телевидениенің ыстығына күйіп, суығына тоңып, талай жыл басы-қасында жүрдік. Көп дүниені көкейге түйдік. Енді соны ел-жұртпен бөлісетін уақыт жеткен шығар. Бұл – өзімді ақтау емес, қолымнан келетін дүние деп ойлаймын. Әйтпесе, Камал Смайылов телевидениеде де, Орталық Комитетте де жұмыс атқарды. Бірақ, газеттен қол үзген жоқ, кітап жазуын тоқтатқан жоқ. Өкінішке қарай, мен бұлай жасай алмай жүрмін.

Тәрбие деген сөздің анықтамасын білетін қазақ бүгінде азайып бара ма деп қорқамын

- Телевидениені тәрбиелеуші құрал деп жатамыз. Жаһандану заманына сәйкес теледидардың қоғамға кері әсері де байқалып жатқан секілді...

– Тәрбиелеуші құрал дегенді құптамаймын. Тәрбие деген сөздің анықтамасын білетін қазақ бүгінде азайып бара ма деп қорқамын. Тәрбиені телеарнаға телісек немесе үйдегі баланы балабақша тәрбиелейді десек қателік болар. Телеарнаны көру, көрмеу – әркімнің өз еркіндегі дүние. Неге телеарна маған, саған, сенің ұрпағыңа тәрбиеші болуы керек? Ол – тәрбиеші емес, тек негізгі атқарған жұмысыңа көмекші құрал. Телевидение, жалпы журналистика төртінші билік дегенге күмәнім бар. Уақытысында болған шығар. Ол кезде сынап жазсаң, нәтижесі болатын. Қазір ше? Сенімен санасып жатқан ешкім жоқ. Ал «Билік сенімен санасу үшін не істеу керек?» деген сұраққа екеуміз де жауап бере алмаймыз.
Кезінде «Бетпе-бет» хабарын эфирге шығардық. «Бетпе-беттің» беделінің өсуіне менің жүргізушілі-гім ғана емес, оны қолдап отырған сол кездегі телеарна басшысы Дари-ға Назарбаеваның ұстанымы үлкен септігін тигізді. Бір фамилияның өзі талай шаруаны шешті. Сол кезде Қ.Тоқаев қарамағындағы қыз-меткерлерді жинап алып: «Сендер неге «Бетпе-бетке» барып, журналиспен тең дәрежеде сөйлесе алмайсыңдар?» деп шағын жиын өткізген деп естиміз. Әсер ету деген – осы. Сондықтан, телеарнаны тәрбие құралы дегенге келісе алмаймын. Мүмкін, менің бұл пікірім қате шығар. Балаларыңа кері әсер ететін хабарды қосып қойып, телеарна балаларыңды кері тәрбиелеп жатыр десең, қателесесің. Одан да көрсетпе! Менің бір аталарым болған. Бағдарламаны қарап оты-рады да ішінен керегін таңдап, балаларына соны көрсететін. Басқа уақытта көрсетпейді. Балалар соған тәрбиеленген. Бұл – әр қазақтың ішкі мәдениетіне қатысты дүние. Ішкі мәдениетің қандай болса, талғамың да сондай. Менің әр бөлмемде бір-бір телевизор тұрады. Көретін бағдарламамның астын сызып қоямын. Бұл – өмір бойғы тәжірибемнің жемісі деп білемін. Сосын өзім көретін бағдарламаны жай ғана қарамай, зерттеп қараймын.

– Көк жәшіктің арқасында бүгінде сізді танымайтын жұрт сирек. Өзіңізді үлгі тұтатын шәкірттеріңіз де бар шығар. Ал өзіңіз кімді үлгі тұтасыз? Отандық және әлем тележүргізушілерінен кімдердің өнерін жоғары бағалайсыз?

– Жапон мен еврей халқында бар балалары жеті жасқа келгенше бетінен қақпайтын қасиет бізде де болған. «Шалдың баласы» болғандығым менің «менімді» қалыптастырды. Үлгі тұтар адамым жоқ деп айтқым келмейді. Бар дейін десем, мысал келтіруге келгенде кібіртіктеймін. Қайсысын айтсам, дұрыс болады деп ойланып қаламын. Тележүргізуші ретінде қай қырынан алсақ та марқұм Совет Мағзұмовты ерекше атауға болады. Біз сол кісінің өресіне жеттік пе, жетпедік пе, білмеймін. Ол кісінің әйгілі ұшқыш Титовтан кеңес тележурналистерінің ортасында 30 минуттан артық сұхбат алып, оны жоғары дәрежеде көрсеткенін өз көзіммен көрдім. Тәуелсіздік алғаннан бері әлемдік деңгей демей-ақ қояйық, қазақтың ұлттық мәселесін көтеріп, ұлтқа жаны ашитын журналистердің арасында өзіндік орны бар адамдар жетерлік. Өмірден озғаны, зейнеткерлікте жүргені, өзіммен бірге жұмыс істеп жатқаны бар, жүрегі ұлтым деп соғатын азаматтардың бар екеніне шүбәм жоқ.
«КТК» телеарнасындағы Артур Платонов деген журналистің «Слуги народа» деген хабары бар. Министрлер мен мемлекеттік қызметте жүрген адамдарға сараптама жасауға талпыныс жасайды. Олардың атқарған ісіне, сөйлеген сөзіне мән береді. Мені оқытқан кезде мұғалімдерімнің, тәрбиешіле-рімнің арасындағы бір ұлы заңдылық бар еді. Ол кісілер материалдық құқыққа ерекше мән беретін. Кез келген жазушының Мұхтар Әуезовті талдауға моральдық құқығы бар ма? Осы сияқты өлшемдердің біздің қоғамнан ада болуы мені қорқыта-ды. Ең сұмдығы, Платоновтың жа-сап отырған сараптамасын көріп, баға беріп, оған Президенттік сыйлық ұсынып отырған биліктің қайда қарап отырғанын түсінбеймін. Платоновтан артық ұлты үшін қызмет жасап жүрген қаншама қазақ журналистерін білем. Бірақ, оларды ешкім көрмейді. Әлде, бүгінгі қоғамға «Мені көрдің бе?» деп тұратын адамдар ғана ұнай ма? Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер деген атақты ел алдына шыққанына бір-екі жыл болған әртістер мен туған-туысқандары билікте отырған бірнеше адамның алғанын білемін. Ал соған лайықты адамдардың ала алмай жүргеніне, «Халық әртісі», «Халық жазушысы» деген атақтардың алынып тасталғанына іштей өкінемін. Сол атақтарды қайтару керек шығар деп ойлаймын.
Айтпасқа болмайтын, тағы бір түйткіл. Қазір үлкен сахнаға бір кездердегі автоклуб дәрежесіндегі өнер адамдары шығып кетті. Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісованың қасында көркемөнерпаздардың деңгейіндегілер тұрып ән салатынды шығарды. Соны қуана қолпаштап, қол соғатын көрермен көбейді. Олардың ән салуына рұқсат ететін, басын изеуден басқаны білмейтін маман емес шенеуніктер пайда болды. Осы жағдай мені қатты алаңдатады.

Басқа салаға бұрылмағанда жақсы боксшы болар едім

– Басылым Шығыс Қазақстаннан жарық көретіндіктен сізге Шығыс жақтан сұрау тастайын. Шығыс өңіріне бірнеше мәрте барған да боларсыз. Шығыс Қазақстан сізге несімен ұнайды? Осы өңірдің тумалары, өнері мен мәдениеті жайында не айтасыз?

– Маған қазақтың барлық жері асқақ, әр төбесі қымбат. Десек те, Шығыс Қазақстан өңірінің орны бөлек. Осы өлкеден шыққан Абай, Шәкерім, Мұхтардың өзі неге тұрады? Бүгінгі өнердің түрлі саласында жүрген азаматтардың көпші-лігі – Шығыстікі. Қасым Қайсенов, Қабдеш Жұмәділов, Бибігүл Төлегенова, Сейіт Қасқабасов, Ұлықбек Есдәулет, Роза Рымбаева, Төлеген Мұхамеджанов, Тұрсын Жұртбаев, Несіпбек Айтұлы, Бауыржан Жақып, Кенжеғали Мыржықбаев... Шығыс – аты айтып тұрған-дай, қазақтың өнері мен мәдениетіндегі Күншығысы ғой. Өзіндік орны, дәстүрі мен мектебі бар өлке. Шығыстың осы уақытқа дейінгі бар дәстүрді жалғастыруы қандай? Әрине, жалғастыруда. Бірақ, Абай, Мұхтар, Оралхан өмірге келді деуден аулақпын. 1955-1956 жылдары басталған ұлы көш арқылы сыртта жүрген қазақтардың елге келуіне байланысты Шығыстың қазақылығы арта түсті ме деп ойлаймын.
Шығыстың табиғаты жайында таңды-таңға ұрып сөз етуге болады. Катонқарағайды көрген адам Швейцарияға бармайды. Катонқарағайда бір жарым шақырым атпен жүріп, бүлдірген тергенімде бұтыма киген ақ шалбарымның қып-қызыл болғаны бар. Ол туралы айтпау керек, көрген дұрыс.

– Қым-қуыт шаруалардан қолыңыз қалт еткенде мон-шаға түсіп, қымыз ішкенді ұна-тады екенсіз. Кезінде бокспен айналысқаныңыз да жадымызда. Әуестігіңіз жайында әңгіме етудің реті келген секілді...


– «Жас Алаш» газетінде «Алматыда шілде айында бір жылқының етін бүлдірмей сақтай аламын» дегенім бар. Есігімнің алдында соғымханам бар. Жазда да, қыста да етті бүлдірмей сақтай аламын. Бұл – жүз жастан асқан атамнан қалған игі дәстүр. Бокспен айналысуым да сол кездегі бозбаланың беделін анықтау үшін болған дүние секілді. Егер басқа салаға бұрылмағанда жақсы боксшы болар едім деп ойлаймын. Алматыда Лев Бундаревтің қол астында А.Абдрахманов, Паложинмен бірге жаттықтым. Ешқайсысынан бәлендей қорыққаным жоқ. Волейболдан ауылдың, ауданның, облыстың, ҚазМУ-дың құрама командасының мүшесі болдым. Әлі күнге дейін жас-тармен ілесіп волейболға барамын. Бильярдты да жақсы көремін. Жас кезімнен бері ойнаймын. Моншаға түсуді де өнер деп есептеймін. Ыстық жерде адамның тамыры кеңейеді. Демек, қан қысымы төмендейді. Пардан аһілеп-уһілеп шыққандарды моншаға түсе алмайды деп есептеймін. Монша туралы 25 жылдай іздеп жүріп оқыдым. Бірде кездейсоқ марқұм Әбдісалан Нұрмахановтың диссертациялық жұмысын оқығанмын. Ол кісінің «Спортшының салмақ қуғандағы организмінде болатын өзгерістер» деген тақырыпшасы бар. Сонда салмақ тер арқылы азаяды делінген. Бірақ, тереңдей түсіндірілмегендіктен, спортшының пайдаланған әдебиеттерін іздедім. Нәтижесінде орыс, фин ғалым-дарының еңбектерінен моншаның пайдасын оқып білдім. Барлық хоббиға ғылыми жүйемен қарауға тырысамын. Мен өмір сүруіме көмегін тигізетін шаруалардың ешқайсысынан ада емеспін деп ойлаймын.

- Қазіргі уақытта «Қазақ-стан» ұлттық телеарнасында басқарма төрағасының кеңесші-сісіз. Қандай жоба-жоспарлар бар?

– Түріктер кеңесші дегенді данышпан дейді екен. Кейде жолдастарыма «данышпанмын» деп қалжыңдаймын. Корпорация төрайымы Нұржан Жалауқызы бүгінгі мәртебеме, беделіме лайықты қызмет ұсынып, бағыт-бағдар берді. Бұл – өзіме етене баспасөзбен, қоғаммен байланыс жұмысы. Тікелей сол мәселемен шұғылданамын. Телеарнаның ішкі жұмысына көп араласа бермеймін. Өз орныңды білу деген осы шығар. Әр басшының ұстанымы, алға қойған мақсаты болады. Өздері айтпаса, мен қызмет сұрамаймын. Бірақ, берген тапсырманы шамам-ның келгенінше таза, әділ, тия-
нақты орындауға үйренгенмін.
Корпорация қазір екі үлкен мәселемен шұғылданып жатыр. Біріншісі, мемлекет ұстанымын елге дұрыс жеткізу, Президент тапсырмасын орындаудағы халқымыздың
үлес салмағын анықтау, «Мәдени мұра» бағдарламасын насихаттау. Сонымен бірге бірнеше мәдени ошақтар Астанаға көшіп жатқан-дықтан алға қойған мақсат Астанаға көшу болатын. Корпорацияның көшу процесі биылғы жылы аяқталуы ықтимал.

- Былтыр «Көршілер» ток-шоуын жүргіздіңіз. Елдің көкей-індегі көп ойларды дөп басқан хабардың жұмысы неліктен тоқтады?


– «Көршілер» ашылатын кездегі басшыларымыздың бірі, қазіргі «Астана» телеарнасының бірінші басшысы Ләззат Танысбай деген әріптесім хабардың мақсат-мүддесімен таныстырып, ұсыныс жасады. Бағдарламаны «Медиазавод» компаниясында іске асырдық. Бір жылдай эфирге шықтық. Бұл – жоспарлы түрде жасалған жұмыс. Соған шамамыз келгенше Батыстың әдіс-тәсілдеріне қазақилық әкелу арқылы адал қызмет атқардым деп білемін. Әр нәрсе уақытымен тоқтағаны дұрыс. Өзінің алдына қойған мақсат-мұратын анықтағаннан кейін бағдарлама жабылды. Бұл жерде айтар ешқандай өкінішім жоқ. «Көршілер» өз міндетін атқарды.

- Мазмұнды әңгімеңізге алғыс айтамыз.

Сұхбаттасқан – Олжас Әбілұлы

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив