KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, СБ
445.66 474.58 4.78

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

23.04.2012, 18:00 696


Классик жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жерлесіміз, мұқым қазақтың сүйікті жазушысына айналған Қабдеш ағамен болған сыр-сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Шағын жанрлар жазуға көштім

– Жуырда бір әріптесіңіздің мерейтойында «Халықпен кездесуден қашқан адам – халықтың ықыласынан қашқан адам» деген едіңіз. Алайда өзіңіз оқырмандар-ыңызбен, халықпен көп кездесе бермейтін сияқтысыз...

– Бұл сұрағың негізінен зиялы қауым жөнінде ме?

– Осындай кезеңде зиялы қауым ой-санасы әр тарапта сарсаңға түскен халықпен бірге болуы тиіс қой, яғни, олар халықпен кездескенде қандай ақыл-кеңес беруі керек?

– Зиялы қауым өкілдері жетпіс, жетпіс бес жасқа толып, мерейтойларын атап өтіп жатады. Бұл не үшін керек? Мерейтой – 70-80 жасқа толған жеке жазушы, өнер адамы үшін емес, ең алдымен халыққа қажет. Яғни, әдебиет пен өнерді насихаттау үшін керек. Біз былайғы өмірде барлық қаламгер мен өнер қауымына жаппай көңіл бөле алмаймыз ғой. Олай болуы мүмкін де емес. Сол үшін кейде бір тұлғаның мерейтойы, мүшел жасы кезінде қадау-қадау тұлғаларға халықтың назарын, сәулесін түсіріп, алға шығарып, насихаттау қажет. Бұл бізде кезек-кезегімен өтіп жатады. Өйткені, бізде жеті жүзге жуық қаламгер бар. Соның ішінде алдыңғы қатарлы ақын-жазушыларының қарасы елу-алпыс болса, оның бәрін бір мезгілде насихаттап отыру қиын. Сондықтан, мерейтой – қаламгерлерді кезегімен халыққа насихаттап отыру құралы. Дегенмен, біздің арамызда мерейтойын тойламаған жазушылар да бар. Оны кішіпейілділік, даналық, қарапайымдылық деп мақтайды. Мен бұл пікірге қосылмаймын. Кездесу, мерейтой өткізу – жұрт алдында есеп беру іспеттес.
Менің алпыс жылдық, жетпіс жылдық мерейтойларым шама-шарқынша республикалық деңгейде аталып өтті. Алматыдағы театрда шығармашылық кеш болды. Содан кейін елге бардық. Мақаншыға, Үржарға, ары қарай Өскеменге, Семейге барып, оқырмандар-ымызбен жиындар өткіздік. Халық жақсы қарсы алды. Өйткені, сенімен кездесуге халық та құштар. Қолы жетпей жүреді.

Кейінгі кезде біздің кітаптарымыздың таралымы азайып кетті. Екі-үш мың данамен шығып жатыр. Ол елге жетпейді, Алматының өзінен аспайды. Керек десеңіз, қазір біз бұрынғы даңқымызбен жүріп жатырмыз. Бұрын романдарымыз 30-40 мың данамен шыққан. «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары халыққа кеңінен тарады. Оны білетін оқырмандарымыз да өзімізбен қатар жасы ұлғайып келеді. Кейінгі жастар бізді аз біледі. Қазір кітап оқымайтын заманға тап келдік. Екіншіден, кітаптың таралымы өте аз. Оқырман азайып, көрермен көбейіп тұрған заман болды. Теледидар, компьютер алдынан ұзамайды қазіргі жастар. Сондықтан, кездесулер, мерейтойлар өте қажет. Рухани дүниеге халықтың, әсіресе жастардың бетін бұру керек. Жазушымен сұхбат, ол туралы мақала дәріптеу, көтермелеу емес, әдебиетті насихаттау болып табылады. Әдебиет – рухани өмірдің үлкен саласы, халықты тәрбиелейтін құрал.

Қазір эстетикалық тәрбие туралы айтуды мүлде қойдық. «Экономика, алдымен байысақ, қалта қалыңдаса, бәрі болады» дейміз. Ол өзі сыңаржақ ұғым ба екен деп қалдым. Өйткені, рухани кедейлікке ұшыраған адамды жөнге салу қиын болады. Осы күні қылмыс, ұры-қары неге көп? Мұның бәрі біздің рухани жұтаңдығымыздан шығады. Айналамызда сұмдық оқиғалар орын алуда. Былтыр бір сұхбатымда: «Біз сырқаты асқынған, дертті қоғамда өмір сүріп жатырмыз» дедім. Сырқат деген не? Бұрын адам естімеген, өз баласын өзі өлтірген аналар, биік үйден қарғып кететіндер, аспаққа асылып жатқан 15-18 жас арасындағы жастар. Бұл – біреу, екеу немесе он емес. Былтырғы есеп бойынша, 400-дей жасөспірім өзіне-өзі қол салыпты. Соның ішінде 160-қа жуығы мерт болып кеткен де, қалғандары құтқарылған. Жастар неге өмір сүргісі келмейді? Осының бәріне біз ой жүгіртуіміз, жауап іздеуіміз керек. Сондықтан, халықпен жүздесу, сөйлесу қажетті шара. Кеңес заманында жазушыларды тікелей эфирге шығарушы еді. Жұрттың сұрағына бір-екі сағат бойы жауап беруші едік. Осындай сұхбаттарға екі-үш мәрте шықтым. Кейін бұл үрдіс тоқтап қалды, қазір бізді экранға көп шығара бермейді. Осыдан ұтылмасақ, ұтып жатқан жәйіміз жоқ.

Ал өзім кездесулерден бас тартқан емеспін. Университеттер, мектептер шақырады. Өткенде №12 қазақ мектебінің оқушыларымен жүздестім, бір аптадан кейін №61 гимназияға барамын. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өткен кездесулерге бардым. Кездесулердің барлығы жақсы өтіп жүр.

Жазушы оқырманның соңынан ілеспей, керісінше, оқырманды жетелеуі керек

– Жазушы, қоғамның тамыршысы ретінде кездесулерде жастардың қойған сауалдарынан қорытынды шығарып, оларды алаңдататын мәселелерге көз жеткізе алдыңыз ба?


– Жазушының шығармашылық жоспары болады. Бүгін туып, аспаннан түскен жоқсың. Оқырманға не керек екенін білесің. Жазу – өзіңнің шығармашылық жоспарың бойынша жүзеге асып жатады. Дегенмен, кездесулерде кездейсоқ ой салатын дүниелер болады. Түрлі сұрақтар қойылады. Жастар нені білгісі, оқығысы келетінін тыңдап отыру керек. Бірақ жазушы оқырманның соңынан ілеспей, керісінше, сен оқырманды ертіп отыруың керек. Бұл – жазушының міндеті. Яғни, сені бұқара жетелемеуі керек, сен бұқараны жетелеуің тиіс. Бүгінгі әдебиеттің алдында осындай үлкен міндеттер тұр.

Қазір қалың романдар жазуды қойдым. Бұған дейін 10 роман, 13 повесть, 50-дей әңгіме жазыппын. Мақала, сұхбат, ой-толғаулар өз алдына бөлек. Мен жиі жазатын жазушы емеспін. «Қазығұрт» баспасынан 12 том таңдамалы шығармалар жинағым жарық көрді. Бұл 3 мың данамен шығып еді, елдің қолына тарап кетті. Енді жеңіл, шағын жанрлар жазуға көштім. Өйткені, бұл жас ұлғайған кездегі қарымыма да сәйкес келеді. Қалың кітап жазуға көп уақыт керек. Роман жазуға баяғыда 5 жылдап отыратынбыз. Қалған өмірді олай жұмсай алмайсың. Қазір бір демде оқылатын повестер мен әңгімелер өтімді ме деген ойға қалдым. Оқушының да, өзіңнің де уақытыңды алмайсың. Және бүгінгі заманның типтік бейнесін шағын жанрмен беруге болатын сияқты. Соңғы екі жылда «Мәңгілік майдан» және «Тозақ оты» деген кітаптарым жарық көрді. Екеуінде де бірнеше повестер мен ондаған әңгімелер бар. Оған сыр-сұхбаттарды да қосып отырамын. Өйткені, мұнда да ішкі ойың, айтайын деген мәселелерің көрініс тапқан.

Халық өз әнін неге сағынуы тиіс?

– Сіз бір сөзіңізде «Сараң қатынның қолынан шыққандай сыздықтатып береді» деп телеарналардың эфир кестесінде ұлт-тық бояуы қанық дүниелерді беруін сынға алған едіңіз. Жалпы, телеарналардағы рухани кеңістік туралы не айтасыз?


– Теледидар біздің өміріміздің бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Біз баяғыда қағазға көп тесілетінбіз. Түнде кітап оқып, күндіз жазу жазатын едік. Қазір оған көз де, денсаулық та шыдамайды. Сондықтан, оқысам да, жазсам да, қағазға күндіз қараймын. Түнде көбінесе теледидарды ермек ететін болдым. Теледидар сенің рухани қажеттілігіңді өтеуі тиіс. Керек десеңіз, ермек. Орыстарда «убить время» деген бар ғой. Уақыт өткізу үшін де керек. Сондықтан, теледидарға қараймын, өзіңнің рухани сұранысыңды қанағаттандырғың келеді. Бірақ қазақ телеарналарына көңілім толмайды. Бүгінге дейін бізде бір тәулік ұдайымен берілетін ұлттық арна жоқ. Таза мемлекеттік тілдегі арна ашылса деп айтылғалы да, ашамыз деп уәде бергелі де көп болды. Қазір кабелді жүйеде 60-70 арна бар. Орыс, шет тілдерінде хабар таратады. Соның ішінде бір арна тек қазақ тілінде болуы тиіс қой. Қытайдағы Шыңжан қазақтарында тәулік бойы қазақ тілінде сөйлейтін жеке арна бар. Кейде Қытай қазақтары артта қалды деп мүсіркеп жатамыз. Әйтсе де, олар рухани дүниесі жағынан жаман емес. Бізде осы жағы жетіспейді. Ал телеарналардағы бар бағдарламалардың өзі ұсақ-түйекке құрылған. Мәселен, телебағдарлама кестесі шығатын журнал бар. Сол журналдан жергілікті арналардың кестесін үнемі қарап отырамын. «Ілік септігі» деген бағдарламаның аты жазылып тұрады. Түсініксіз. Не нәрсе? Көрмесең, таныс болмасаң, білмейсің. Телебағдарлама атауы айқын болуы керек, оған жұмбақтаудың керегі жоқ. Немесе «Екі езу» дейді. Бұл не деймін. Қазақ тілін бір кісідей білемін ғой. Сөйтсем, «Екі езу» – күлкі театрының атауы екен. Әрине, езу мен күлкінің арасында аздаған байланыс бар. Бірақ мұндай ат қоюға болмайды ғой. Осы секілді мысалдар көп. Содан кейін біздің қылжақбастар, күлдіргіштер, юмористеріміз бар. Қазақтың сықақшылары жоқ емес, бар. Бірақ олардың көрген күнін итке берсін деуге болады. Өте ауыр. Олар неге сахнада анайы әрекетке барады деп ойлайтынмын. Біздің әртістер көбінесе елді күлдірмей, өздері күледі сақылдап. Бірін-бірі ұрып-соғып, түйгіштеп жатады. Мен күлкі бағдарламаларын Мәскеу сықақшыларымен салыстырып отырамын. Олардың аудиториясында – ду-ду күлкі. Задорновтар, Петросяндар шыққанда, сөздерінің аяғы бітпей, зал жарылып кете жаздайды. Ал бізде – басқаша. Осының сырын білмек ниетпен әзіл-сықақ театрларының бір-екі ойындарына бардым. Сахнадан әсері басқаша болар деген ой болды. Сөйтсем, бұл көрерменге байланысты екен. Біздің көрермен күлмейді. Юморды түсіну үшін де үлкен ішкі мәдениет керек. Өзің юморист болуың керек, яғни, әзілді түсінбесең қайдан күлесің? Көрермендеріміз сазарып отырады екен. Сосын әртістеріміз көрермендерді күлдіреміз деп неше түрлі әрекетке барады. Сонда да міз бақпай отырған соң, қарқылдап өздері күледі. Осындай бір шалалық бар. Бұл – іскерліктің жетіспеуінен. Кейбір адамдар театрға не үшін келетінін білмейді. Міз бақпайды ғой. Әлде жұрттың көңіл күйі дұрыс емес пе? Күлуге жағдайлары жоқ па? Әйтеуір, күлуді ұмытып бара жатырмыз.

Сонан кейін теледидарда қазақ әндері мен күйлері аз беріледі. Кейде «Сағындырған әндер-ай» деп концерт береді. Аталған концертті қымбат бағаға билет сатып, Респуб-лика сарайында өткізеді. Ол кеште Шәмшінің, Әбілахаттың, 60-70 жылдардың әндері шырқалады. Неге сағындырған әндер? Халық өз әнін неге сағынуы керек? Осындай сұрақ туады. Ол әндерді күнделікті неге естіп отырмайды. «Малға кедей болсам да, әнге баймын» деп Шашубай айтпақшы, қазақ ән мен күйге бай халық қой. Телеарна басшыларының өздері ән-күй жазылған кассеталар мен табақтар қорға сыймай жатыр, қоятын жер жоқ деп айтады. Ал сол ән-жырды неге эфирден қоймайды? Жақсы сұрыпталған әндерді апта, ай сайын естіп отырсақ, ғанибет емес пе. Бірақ сараң қатынның бауырсағындай аздап қана шашады. Эфирге тамыр-таныстықпен кіріп кеткен әншілер бары байқалады. Солардың бейнебаяндары мен әндері беріліп, тәуірлері көрінбейді. Ырғағы алға шыққан, қиқаң-қиқаң, бір-бірін қайталайтын бір сарынды дүниелер көп. Жігіттердің, қыздардың 4-5 кісіден құралған ансамбльдері бар. Репертуарларында қайталау басым. Биге құрылған. Қашанға дейін билей бересің? Жалпы, биді азайту керек. Бізде Шәмшінің керемет әсері бар. Ол вальсті енгізді. Біз сол ырғақпен әлі билеп келеміз. Енді жаңа бұрылысқа, басқа биікке бет алуымыз керек қой. Оны іздеп отырғанымның себебі, бүгінде ұлттың рухын көтеретін әндер керек. Республика көлемінде хор жоқ. Бұрын Бақытжан Байқадамов жазатын хорлар болушы еді. Оны орындайтын хор капелласы дейтін үлкен ұжым болатын. 40-50 адамнан құралған хормен күңірентіп тұрып айту адамның рухын керемет аспандатып жібереді. Хордың, ұранның күштілігі ғажап. Бізде ұлттың рухын көтеретін әндер некен-саяқ. Роза Рымбаева айтатын «Заман-ай», «Әлия» секілді бірен-саран әндер бар. Ал мұндай әндер орыста көп. Олардың ән-би ансамбльдері қандай! Құдай-ау, бір ғана Надежда Бабкина дегеннің ұлттың ән-биінен құралған, сахнаның шаңын шығарып жібере жаздайтын ансамблінің өзі таңдай қақтырады. Сүйсіне қарап отырамын. Людмила Зыкинаның «Волга, Волгалар» әні де халқының рухын көтерді. Бізде 10 жыл бойы өзгеріс енгізілмеген кейбір ойын бағдарламалары бар. Сондықтан, теледидарды ермек үшін емес, тәрбие құралына пайдалану керек.

– «Қымызмұрындық» фестивалінде қаптаған сыраханалардың орнына қымыз-хана ашу керек деген тамаша ұсыныс айтып едіңіз. Алайда Шығыс шайырлары жырға қосқан шарапқа кешегі кеңестік қаламгерлер де үйірсек болғаны рас. Мұның өзі жазушы жұртының халыққа басқа бағыт сілтегенін білдіре ме?

– Бірде өлкелік мұражайда «Қымызмұрын-дық» фестивалі болды. Сонда қымыз ашыту-шылықпен шұғылданып жүрген жігіттер көрме өткізіп, ұлттық асты насихаттасақ деген әңгіме айтты. Бұл сөзімді соларды қолдау мақсатында айтқан едім. Кейде бір жігіттерге: «Бізде түйе жоқ, бірақ шұбат көп. Бұл қайдан шығып жатыр?» деп қалжыңдаймын. Той-томалақта көбінесе шұбат құйылады. Түйенің түрін көріп тұрмасақ та, шұбатын ішіп жүрміз. Қымызхана бізде бірен-саран. Ол әр жерде болуы керек. Қымыз, шұбат ішіп отырып, әңгіме-дүкен құру – жақсы дәстүр. Сол жерді теледидар таспаға түсіріп, ел азаматтарының пікірін алып жатса да насихатқа айналады. Ұлттық ән-күйді де, қазақтың тағамын да насихаттап отыруға болады. Қысқасы, ұлттық дүниелердің көп болғаны артық етпейді. Оған біздің мүмкіндігіміз бар. Жылқы да, қымыз да бар. Мұның өзі нарықпен тікелей байланысты. Осы арқылы кәсіпкерлікпен шұғылдануға, табыс табуға болады. Біз шөлмектегісі бар, құйылатыны бар еуропалық сыралардың лицензияларын өзімізге алып, өндірудеміз. Бұл бұрыннан ірге теуіп кетті. Сонымен бірге, қымыз бен шұбатты да қалдырмау керек деп ойлаймын.

Сырттан келген ел Қазақстанның өз ұлттық атрибуттарын көруі керек. Өзбекстанға барсаңыз, шайхана көп. Өйткені, климаты ыстық болғаннан кейін, шәй ішіп отырмаса болмайды. Палау мен самсаңызды жеп, әл жинап алып, әрі қарай шаруаларыңызбен кете бересіз. Бізде де осылай жасауға болады. Қазір мейрамхана көп. Той-томалақ үшін бұл жақсы. Баяғыда жас кезімізде той жасауға мейрамхана табылмайтын. Бірақ мейрамхана удай қымбат. Бізге соның жеңіл түрлері ретінде қымызхана ашу керек. Онда тек қымыз ғана емес, басқа да жеңіл-желпі мәзірлер болғаны жөн. Қазақ та шәйді жек көрмейді. Кейбіреулер жарты сағатта тамақтанып, жүріп кеткісі келеді. Бұл үшін қымызхана таптырмас орын.

Қайраткерді қоғам өзі қалыптастырады

– Бәукең, Бауыржан Момышұлы бір сөзінде Алаш зиялылары туралы «Олар – Ар азаматтары» деген екен. Бүгінгі күні зиялы қауым туралы әртүрлі көзқарас бар. Сіз қазіргі қазақ зиялысын – ар азаматы деп айта аласыз ба?


– Әрине, кімді зиялы дейміз деген сұрақтың өзі жеке мәселе. Бірақ қазақта зиялы бар. Зиялы – дипломы бар адам деген сөз емес. Жоғары білім алғанның бәрі зиялы емес. Ол жәй қызметкер, атқарушы шенеунік болуы мүмкін. Тоқсаныншы жылдары жазылған «Қайраткерлер қайдан шығады?» деген менің мақалам бар. Сол мақаламда қайраткер, шенеунік, қызметкер деген кімдер деген мәселені жеке-жеке талдап
едім. Орынтақта отырғанда ғана қолынан іс келетін, атқарушы қызметкерлер бар. Кез келген мемлекетке олар керек. Кеңсенің қызметін шенеунік болмаса кім атқарады? Бірақ ол қайраткер емес. Екеуінің айырмашылығы неде? Шенеунік орнынан түскен күні нөлге айналады. Оны сөйлететін астындағы орынтақ. Ал қайраткер астындағы орынтаққа тәуелді емес. Қайраткерді орнынан алып тастасаң да қайраткер. Ол үйінде отырса да қайраткер. Тіпті, түрмеге қамап қойсаң да қайраткер.

Сондықтан, зиялылардың өзін сала-салаға бөлуге болады. Қызмет бабында жүргендерді қызметкер және қайраткер деп айырып алуымыз керек. Қайраткер өте аз, саусақпен санарлықтай. Ал шенеунік қызметкерлер көп. Бірін алып тастап, екіншісін қоя салуға болады. Қайраткерді олай алмастыра алмайсыз. Бірінің орнына бірін қоя саламыз деуге болмайды. Әр қайраткер өз алдына бөлек. Қайраткерді қоғам өзі қалыптастырады.
Өнерде, әдебиетте, шығармашылықта жүрген зиялы қауым да біркелкі емес. Зиялы дегеніміз – өз ұлтының мүддесін қорғаушы, өз халқының жоғын жоқтаушы. Зиялы деп ұлттың серкелерін айтады. Ұлтта бір-ақ серке болмайды. Бүкіл дүние бір адамға қарап қалмауы керек. Егер еліміз бір ғана адамға қарап қалса, ол мемлекет болуға әлі дайын емес деген сөз. Бізде зиялы, қайраткер тұлғалар көп болуы керек. Тіпті, Президент болуға лайық он адамымыз, министр болатын жүз жігітіміз дайын тұруы керек.

Рухани және экономикалық, тұрмыстық кіріптарлық, біреуге күні қарау, жалтаңкөз болу зиялыны кейде күнкөріске, басқа ұсақ-түйекке бұрып әкетіп жүргені жасырын емес. Ұлттың мүддесін жоқтап, халықтың сөзін айтып, қоғамға сын көзбен қарап, онда да қастандықпен емес, тілектестікпен өз пікірін қосып жүрген зиялылар бар. Сонымен бірге, «ләббай, тақсыршылап» жүрген адамдар да бар. Оны Мұхтар Шаханов «ТЖ» деп атайды екен (туфли жалаушылар). Сол «ТЖ»-ға жататындар да бар. Сарай маңында, билік төңірегінде жүретін, артық сөз айтпайтын, өзіне пайдалы ғана іс тындырып, берген сый-сыяпатын алып, өз қамын күйттеп жүретіндер жоқ емес. Оларды да сөгуге болмайды. Заман солай. Бала-шаға бар.

Негізі, мұның бәрі қоғамға байланысты. Қоғам қаншалықты ерікті, еркін, азат болса, зиялы соншалық еркін қанат қағады. Ал қоғам тілге тиек, ауызға қақпақ қойып, тек деп отыратын болса, зиялылардың да ауызы буылып, адымы қысқарып қалады.

Мен оппозицияда болған емеспін. Ешбір партияның мүшелігінде жоқпын. Қазақ ұлтына пайдалы істің бәрін қолдаймын. Қазақ халқының мүддесіне не қайшы, не нұқсан келтіреді? Оған қарсымын және күресемін. Осы қарапайым арифметика – менің өлшемім. Кім өз ұлтының жоғын жоқтап отырса, соны зиялы деп айтамын. Кейде «Ардың азаматы» деп біреуге таңып қояды. Оны сан құбылтып айтуға болады. Мысалы, «әдебиет – ардың ісі» деген сөзді біздегі бір ғұламаға таңып жүр. Оны алғаш айтқан Шолохов болатын. Елуінші жылдары Мәскеуде өткен съезде айтқан. Содан біз қағып алып, авторлығын басқа адамға таңамыз.

Зиялысы жоқ халық, ғұламасы жоқ ұлт алысқа бармайды. Дүние ылғи шолақ белсенділерден тұрса, көпке ұзамаймыз. Бізде бәрі болуы керек. Пәленбайдай ұл жоқ деп айтылады. Бұл – қате пікір. Бұл – ұлтты, мемлекетті қорлау деген сөз. Егер шынымен ұлтта ондай ұл тумайтын болса, ол мемлекет құруға дайын емес.

Қытайда «түрме әдебиеті» дейтін әдебиет бар

– Шыңжан туралы айтып қалдыңыз ғой. Өткенде Қажығұмар Шабданұлы ағамызға берілген аста «Жолбарысты сипасаң да ашуланады» деп, Қытай саясатын сипай қамшылап өттіңіз. Бүгінде Қытайдағы қандастарымыз бірқатар озық жобаларды іске асырып жатқанын байқай бастадық. Мұның өзі Қытай саясатының қысымы нәтижесінен туындаған «тұяқ серпу» деп қабылдауға бола ма?


– Жалпы, өмір бар жерде ұлт бар, халық бар, әдебиет бар. Өмір дегеніңіз жалғаса береді. Қытайда аумалы-төкпелі талай замандар өтті. Мен Қытайда жүрген кездің өзін алғанда «Мәдениет төңкерісі», «Ұлтшылдарға қарсы күрес», т.т. жұртты қысқан, ұлттың бетке шығар санаулы азаматын «ұлтшыл», «оңшыл», «халық жауы» деп сонау Такла-Макандағы Тарым лагерьлеріне айдаған көп науқандар болды. Сол түрмелерде 15-20 жыл отырып келгендер көп. Абақтыға жалғыз Қажығұмар емес, жүздеген, мыңдаған адамдар барды. Қажығұмар соның біреуі және абақтыда ең көп отырғаны. Ал Мао Цзедун өлгеннен кейін, сексенінші жылдардан бастап Қытай саясатында өзгеріс болды. Дин Шаопин деген басшы үлкен реформа жасады. Еркіндік берді. Оның пайдалы дүниенің бәрі жаман емес деген қорытындысы бар. Яғни, «ақ мысық болсын, қара мысық болсын, тышқан ұстаса болды» деген қытайлық тұжырымы бар. Негізі, Қытайдың тәмсілдері қарапайым болады.

Қытай кейінгі кезде кеңшіліктің пайдасын көріп отыр. Бұрын коммуна кезінде бәрін қысып, ортақ қазанға қаратып қойған ғой. Еркіндік беріп еді, дүр етіп байыды да кетті. Диқандар тамақтың астында қалды. Қазір кекірейе тойына бастады. Өйткені, шетелге азық-түлік шығарады. Оның шет жағасы бізге де келеді.

Осы аралықта әдебиеті мен өнері де өркендеп, құлашын кеңге жайып қалды. Рухани дүниесі қалпына келді. Бұрын айдауға кеткендерден кешірім сұрап, жақсы қызметтерге қойып, жақсы зейнетақы тағайындап жатыр. Қажығұмар мұндай кеңшіліктен құр қалды. Қажекеңнің өткеніне де үш ай болып қалыпты. Ол зейнетақы да, еңбекақы да алмай, елдің садақасымен қысылып-қымтырылып күн көрді. Атамекеніне жете алмады. Ақыры Шәуешек қаласынан топырақ бұйырды.

Жалпы, Қытай қазақтарында біраз алға жылжу бар. Бірақ тым құлаш жайып жатыр деуге келмейді. Шыңжан әдебиеті де сондай. Біршама өсу бар, поэзиясы жаман емес, ал прозасында әлі балаңдық бар. Қытайдағы қазақ прозасының бастау көзі беріде жатыр. Оның басында Қажығұмар, Рахметолла, т.б. жазушылар бар. Соның ішінде бүгінгі деңгейге лайық талант та кездеседі. Мәселен, марқұм Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» атты кітабы қайта басылып шықты. Бұл Оспан батыр туралы жазылған туынды. Әлі дүкенге түсе қойған жоқ. Жақсылық – үлкен жазушы. Мен Қазақстанға уылдырық шашқалы келдім деймін ғой. Ол да сол үшін елге келді. О жақта жүрсе Оспан батырды жаза алмас еді, жаздырмас еді. Қажығұмардың да «Қылмыс» атты 6 томдық романы шықты. Ол 2 томын шығарғаннан кейін, ар жағын жергілікті саясат шығартқызбады. Қалған 4 томын түрмеде отырып жазды. Маған жіберіп отырды. Соңғы екі жылда біраз уақытым осы «Қылмысты» шығаруға кетті. Министрлікке бару, қаражатын табу, оны жоспарға енгізу, компьютерден өткізіп, арабша қарпінен кирилицаға түсіру, қатесін түзеу, оңай шаруа емес. Сөйтіп, Қажекең алдындағы бір парызымнан құтылдым. Көзі тірісінде кітабын көріп кетті. Шыңжанда осындай серпіліс бар. Бірақ жеке таланттарда ғана. Қалған көпшілігінің дүниелері әлі балаңдау, қорқа жазады. Жалтақтап жазылған шындық, толық айтылмаған шындық ақиқат болып саналмайды.

Мен үшін де «Соңғы көш», «Тағдыр» сынды Қытай қазақтары туралы жазылған шығармаларымды о жақта жазу, шығару мүмкін емес еді. Осы жақта жазылып, осы жақта жарық көрді. Демек, оларда әзірге ұзын арқан, кең тұсау ғана бар. Арқанын ұзартып, тұсауын кеңітіп қоя бергенімен, белгілі мөлшерден асырмайды. Қорғанның ішінде жүресің, барар жерің шектеулі. Үлкен ұлттарды мақтай отырып, соларға жағына отырып, жазасың.

Бірақ қазақ талантты халық қой. Талант қай жерде жүрсе де талантты. Қытайдан да қазақтың жақсы ақындары мен прозашылары шығуы мүмкін. Кейбіреулері осында келіп қатарға қосылып кетіп жатыр. Мен бір жиында: «Кілең талантты Қазақстанға жиылып қалдық деп ойламаңдар. Қазақ бар жерінде талант бар. Ол шетте жүрсе де талантты» деп айтқан едім. Мәселен, ең жақсы бишіміз Шұғыла Шыңжаннан келді. Майра Мұхамедқызы секілді атақты әнші де Шыңжаннан шықты. Ұлттың бойындағы потенциалы, қуаты қай жерде болсын шығады. Ұлы ақын Таңжарық бүкіл шығармаларын түрмеде отырып жазған. Қытайда «түрме әдебиеті» дейтін әдебиет бар. Оның негізін салған – Таңжарық ақын. Арада 40 жыл өткенде оның жолын Қажығұмар қайталады. «Қылмыстың» 4 томын, «Пана» деген Зуқа батыр туралы романын түрмеде отырып жазу – үлкен ерлік. Жалпы, оларда түрмеде отырып жазу үрдісі бар. Ал түрмеге түсу жағынан Қазақстан да кенде болған емес. Бірақ бұл жерде барған із бар да, қайтқан із жоқ. Атылып кеткен адамдардың соңғы сөзі немесе туындысы екен деп жарияланған жазба жоқ. Сәкеннен де, Мағжаннан да, басқасынан да түрмеде жазылған мұра қалмады. Мәдидің, Иманжүсіптің айдалып бара жатқанда жермен, елмен қоштасатын бір-екі әндері бар. Одан басқа түрме тақырыбы біздің әдебиетте терең қаузалмаған. Бұл неден болуы мүмкін? Осы мәселені зерттеу керек.

Абылайдың тұсында, одан кейін де кімге қараймыз деген мәселе көтерілгенде, Қытайға қараймыз ба, әлде орысқа қараймыз ба деген сауал туады. Бұл туралы менің «Дарабоз» романымда жазылды. Шекараның қай жағына қараймыз деген сұрақ туғанда билердің аузынан шыққан: «Қайсысына қарасаң да ноқта ғой, қытай қайыс ноқта болғанда, орыс темір ноқта. Қайсысын киеміз?» деген сөз бар. Сонда жұрт: «Басқасын таңдап болып, енді ноқта таңдайтын заманға ұшырадық» дейді. Сол ноқтаны заманына қарай кидік. Әлі де бұл басымызда ноқта бар. Құдайға шүкір, Қазақстан тәуелсіздігін алды. Ал Қытай қазақтары ноқтасы болса да өз өнері мен әдебиетін дамытып жатыр.

Көкжал Барақтың мыңнан астам ұрпақтары бар

– Сіздің «Толған айдың түні» атты эротикалық әңгімеңізді оқыған едім. Қазақ ұлан-ғайыр жерге ие болып отырса да, халық саны аз екені белгілі. Осы байтақ далаға ие болатын ел керек. Осы тұрғыда демографиялық дүмпуді ояту үшін әдебиетте эротикалық тақырып жазылуы керек деп ойлайсыз ба? Әлде бұл біздің ұлттық менталитетімізге қайшы келе ме?

– Жалпы, бұл тақырыпта жазылған бірнеше шығармам бар. «Бір ғана ғұмыр», «Әмбебап әйел» атты туындыларым да осы тақылеттес. Қазір қазақ менталитеті, табиғат, экология өзгеріп, адам әлсіреп барады. Еркек пен әйел жасына жетпей төсектен қалып барады. Бұл – бүгінгі замандағы дерттің бірі. Бала кезімде Құлыстайда, Шәуешекте Қоңыр ақын деген адамды көргенім бар. «Толған айдың түні» атты әңгімемде осы Қоңыр ақын туралы айттым. Бұл – патология. Өйткені, Қоңыр ақынды қайталау мүмкін емес, ондай қуат (еркектік) ешкімде жоқ. Ол қанша әйел кезіксе де қайтпайды. Осындай адамның өмірде болғаны рас. Денесі де, денсаулығы да ірі болатын. Оны 5 жасымда көріп едім. Кейін осы жаққа өтіп кетті. 1932 жылы Қытайға Қазақстаннан ауып барған екен. 1942 жылы «Ел жақта еркек азайып кетіпті, елге бармасам болмас» деп қайтадан осы жаққа өтіпті. Бірақ ондай «еркелігін» кеңестік саясат көтермеген болуы керек, Сібірде айдауда мерт болған дейді. Осындай табиғаттың ерекше жаратылысы, феномені бір кездері қазақ арасында болды. Жұрттың бәрі Қоңыр ақын болмағанымен, сол кездегі қазақтардың бәрі мықты болған. Бірнеше әйел алу, ұрпақ қалдыру сол мықтылықтың нәтижесі. Негізі, бұл – үлкен мәселе.

Біздің Парламентіміз ара-арасында екі әйел алуды сөз қылған болады. Бірақ түбегейлі емес. Арғы тамырына бойлай бермейді. Қазақ екі-үш әйелді жетіскеннен алмаған ғой. Жаугершілік, жоңғарға қарсы соғыста ер-азаматтың азайып, елде әйелдердің сан жағынан екі есе көбейіп кетуі болды. Оның үстіне жаудан олжаға түскен қыз-келіншек бар. Ол кезде зейнетақы, жәрдемақы алып отыратын заман жоқ. Төрт түлік малмен күн көресің. Көшіп-қону керек. Үйде еркек болмаса болмайды. Жас бала бар. Шаңырақ иесі керек. Сондықтан, амал жоқ, соғыста шәйіт болып кеткен жігіттердің туғаны мен ағайынына артында қалған әйелі мен бала-шағасын қаратқан. Жігіттер кейде «алмаймын» деп зәрезап болса да, ауылдың ақсақалдары мен билері солай кесіп, шешім шығарады. «Жауапкершіліктен қашпа, үйіне, бала-шағасына ие боласың, тентіретпейсің» деген. Қадырдың: «Бір жаманы үйленіп жеңбесе, бір жақсысы жесірін қаңғыртпаған» деген өлеңі бар. Жалпы, халық санына байланысты мәселе көп.

Былтырғы жылдары депутаттар екі әйел алуды сөз қыла бастап еді, сонда отырған орыс әйелдері немесе орыс тілді әйелдер: «Онда бізге де екі еркекке тиюге рұқсат берсін» деп шыға келді. Депутаттарымыздың ауыздары буылды да қалды. Айтар уәж таппады... Ол неден шыққан, біздің ұлттық дәстүріміз қалай? Оған ешкім үңілмеді. Бізде көп әйел алу мыңдаған жылдар бойы қалыптасқанымен, әйелдер үстемдігінің орнағанына жетпіс жыл болды. «Дарабоз» романымда Көкжал Барақ деген кейіпкерімнің жеті әйелі болғаны суреттеледі. Оның төртеуі – қалмақтан, үшеуі – қазақтан. Көкжал Барақ қазақ әйелдерін шәйіт болған ағасы мен інісінің әйелдерін әмеңгерлік жолымен алса, қалмақ әйелдері олжада түскен қыздар. Дала заңы бойынша олжаға түскен қыз-келіншектерге кімге тигісі келетініне таңдау беріледі. Бұл – дала демократиясы. Сонда әйелдер Барақты көп таңдайды екен. Қазір сол Көкжал Барақтан тараған ұрпақ Күршім ауданында мың адамнан асып кеткен. Жеті әйелінен 30 ұл, 10 шақты қыз тараған ғой. Өткен жылдары батырдың 280 жылдық тойына бардым. Күршім өзенінің бойына көп үй тігілген. Маңайында батырдың бүгінгі ұрпақтары жүр. Әр үйдің қасында үстіне са-уыт кигізіп, қолына найза ұстатып екі жігіттен қойған екен. Әрқайсысы екі иығына екі кісі мінгендей шынында батырдың ұрпағы екені көрініп тұр. Біреулері қазақ әжемізден, біреулері қалмақ әжемізден тараппыз деп жатты. Шал-шауқанды, бала-шағаны қоспағанда, арлан бөрідей жүздеген жігіт жүрді. Сонда кім ұтты? Барақ жаугершілікке басын берген адам. Бүгін мыңдаған ұрпағымен өзі қорғаған туған жерге ие болып отыр. Халықтың демографиясын ойлаған кісі осылай арыдан ойлау керек.

Қазір де еркектен әйел көп. Бір Алматының өзінде 100 мың қыз-келіншек артық екен. Оларды кім алады? Өткен жылдары бір қыз қалжыңдап: «Бізді алатын жігіттер Ауған соғысында шәйіт болып кеткен» деген еді. Сол секілді соғыста шәйіт болғаны бар, техника құрбаны, көлік апаты жігіттердің қатарын сиретіп жатыр. Тепсе темір үзетін 70-80 мың адам түрмеде отыр. Сондықтан, қыз-келіншектердің бағын байламау керек. Біреулер сөгеді екен демеуіміз тиіс. Біздің заңдарымыз ұлттың келешегі жолындағы мүдделерге бағынуы тиіс. Екі әйел аласың деп ешкімді міндеттеме. Бірақ рұқсат беру қажет. Шамасы келгендер алсын. Мен екі әйел алған азаматтарды көп көрдім. Өйткені, Шыңжаннан келдім ғой. Әкелерімізде, ағаларымызда екіден әйел болды. Және қалай тату-тәтті тұрды десеңші! Бір досымыздың екі шешесі бар еді. Араға үш-төрт жыл салып, екеуі де әдемі қартайып, дүниеден өтті. Сонда бірі өлгенде екіншісі қалай жоқтады дейсің ғой...

Күндестік те күйеуге байланысты. Шама-шарқың жеткенше, екі отау тігіп бере алсаң болғаны. Ертеде де көп әйелді жағдайы бар адамдар алған. Бір қатынды зорға бағып жүрген жарлы-жақыбайлар да болған. Қазір де солай. Ешкімді шектемеу керек. Бірақ ылғи әйелдердікі жөн бола бермеуі де керек.

Қоңыр ақын секілді феномендерді мысал ретінде шығармаға арқау еткенімнің де түпкі мәні осы болса керек.

Кейінгі жазған шығармаларымның ішінде «Әмбебап әйел» деген әңгіме бар. Онда өзі бала көтере алмаған мықты бизнесменнің әйелі туралы айтылады. Үйленгендеріне 15 жыл болса да, араларында бала жоқ. Ажырасқысы келмейді. Әйел зерттеп көрсе, кінәрат өзінде екен. Сол әйел өз күйеуіне тоқал алып береді. Өзі сыртқы жұмыспен жүреді. Көңіліміз сыйса, екеуімізге бір бай жетеді дейді. Әрі қарай тату-тәтті өмір сүріп кете береді.

Қазір «Тұл Махамбет» деген повесть жазып жатырмын. Көп жыл отасып бала сүйе алмаған әйел күйеуінің кейінгі әйелінің бала көтергенін білгенде, жоғары қабаттан құлап өлетіні туралы айтылады. Шыдамау, іштарлық, әйелдің өзімшілдік эгоизмі сол дәрежеге жеткізеді. Қоғамда біз әйелдерді осыған дейін жеткіздік. Жалпы, әйелдердің екі түрі болады. Саналы тобы және өзімшілдіктің шегіне жеткен, қызғанышпен өмір сүретін әйелдер осы заманда да бар. Солардың бәрі бізбен қатар өмір сүріп жатыр.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив