KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 11 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Өскеменде қазақ тілінің мамандарын даярлайтын факультет ашу оңайға соққан жоқ

9.04.2012, 18:00 286


Біз қоғамның алтын діңгегі саналатын білім мен ғылым салаларына бүкіл саналы ғұмырын арнап жүрген ұстаз, Өскемен өңіріндегі қазақ тіл білімінің негізін салған ғалым Фарзана Ахметжановамен жолығып, әңгімеге тартқан едік.
«

– Сізді біз ең алдымен Өскемен өңіріндегі қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ретінде танимыз. Сонау 1988 жылы орыстанған Өскеменде қазақ филологиясы факультетін ашу, ойлап отырсақ, мүмкін еместей көрінеді бізге. Осы жолда талай қиындықты бастан өткергеніңізді айтпасаңыз да, анық біліп, түсініп отырмыз. Осы идея Сізге қалай келді, факультет ашуда қандай кедергілер болды, кімдер Сізге көмектесіп, қолдау білдірді?

– Мектепті бітіріп, Өскемен пединститутына оқуға түсерде бірден филология факультетін таңдадым. Құжаттарымды тапсыруға келгенде, мен іздеген қазақ тілі мен әдебиеті болмай шықты. Енді не істеймін деп жүргенде, қабылдау комиссиясы талапкерлерді шақырып, жи-налыс өткізді. Нәтижесінде жаңа-дан ашылған мамандыққа құжат-тарымды тапсырдым. Эксперимент ретінде сол жылы «қазақ мектебін-дегі орыс тілі мен әдебиеті» маман-дығы ашылған болатын. Әр сессияны тек «өте жақсы» деген бағаға тапсырып, Ленин атындағы арнайы стипендияны алып, басқа да көп жақсылыққа қолым жетсе де, іштегі бір реніш бітпей қойды. Оқуымды аяқтаған соң бір істі қолға алармын деп жүргенде, мемлекеттік комис-сия мені жас маман ретінде филология факультетінің оқытушысы қызметіне қалдырды.

Сол сәттен бастап ана тілімнің мәртебесін кө-теруге кірістім. Елдің пікірін білейін деп түрлі адамдармен сөйлесе бас-тадым.
Көбі: «Ол саған неменеге керек? Дипломың бойынша жұмысыңды істей бермейсің бе?! Шығыстағы тіл ахуалы белгілі, «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының фа-культетін ашуға рұқсат бермейді» деген ойларын айтты. Ендеше, өзімнен бастайын деп Ұлттық ғы-лым академиясы құрамындағы Тіл білімі институтында бір жылдық ғылыми стажировкаға кеттім. Кейін сол институттың үш жылдық аспирантурасына түсіп, оны бір жылда бітіріп, диссертациямды ойдағыдай қорғап, қайтып келдім. Аспирантурада оқып жүргенде, қазақ фило-логиясы факультетін ашу үшін қажет-ті қағаздарды жинай бастағанмын. 1986-1987 жылдары ректоратпен ақылдаса отырып қабылдау комиссияның қағаздарын толық қазақ тіліне аудардық, кейін кеңсе қағаздарын, одан кейін бітіруші-лерге ұсынатын дипломдарды да қазақ тілінде толтыратын болдық. Осындай бастаманың арқасын-да қазақ филология факультетін ашу қажеттілігі анық сезілді. Осы мәселені басшылардың алдына қойғанда ректор Е.Мәмбетқазиев бірден келісті: «Шығысқа қазақ тілі керек дейсің бе?! Жақсы! Келісемін. Ашайық. Бірақ мен маман емеспін, бәрін өзің жасайсың, қолыңды қақпаймын. Командировка керек болса, айт!» деді. Осыдан кейін тындырылған қыруар жұмысты санамалап айтсам, қағаз беті де, уақыт та көтермейді. Тек бір нәрсе есімнен кетпейді... Заң бойынша бұрын болмаған іргелі жаңа іс бас-
талар кезде жергілікті биліктің алдынан өту тәртібі бар болатын, олар өзінің «батасын» берген соң өзіңді нық сенімді сезетінсің. Сонда Ақ үйдегілердің бақырайған көздері мен тыржиған жүздері әлі көз алдымда. Ой, тәңірім-ай... Кейін уақыт келе мен оларға апта сайын қазақ тілінен сабақ өткізетін болдым.

– Осыдан біраз жыл бұрын Сіз республикалық басылым беттерінен «Еліміздің жасампаздық жолы жаңа жазуды қалайды» деген мақалаңызда латын қарпіне көшуді қолдап, ойыңызды дәлелдеп жазып едіңіз. Әлі сол пікірдесіз бе? Әлде, пікіріңіз өзгерді ме? Жалпы, осы бастаманың болашағы қандай?

– Осы бағытта мен бірнеше мақала жазып, олар түрлі дәрежедегі газет беттерінен орын алды. Ойым баршаға түсінікті болсын деп мақалаларымды қазақ тілінде де, орыс тілінде де жарияладым. Бір-екі жылдан кейін мені Астанаға шақырды, сондағы университет негізінде өткізілген республикалық конференция барысында аталған мәселе бойынша түрлі пікірлер жинақталып, жүйеленіп талданды. Менің де мақалаларым аталып, сұрақ қойылды, қайта-қайта сөз сөйлеуге тура келді. Содан бері бірнеше жыл өтсе де, пікірімді өзгерткен жоқпын. Жазу жүйесін ауыстыру оңай шаруа емес. Ол үлкен интеллектуалдық күш-жігерді, ұйымдастырушылық іс-шаралар мен айтарлықтай материалдық шығындарды талап етеді. Осыған қарамастан мемлекет тұрғысынан қажетті әрекеттер жасалынып жатыр.

– Біз жыл сайын мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға қыруар қаржы бөлінетінін білеміз. Қызметкерлеріне қазақ тілін меңгерту үшін әрбір мекеме жанында қазақ тілі курстары да жұмыс істейді. Әйтсе де, бөлінген қаражатқа сай істеліп жатқан жұмыстың нәтижесін көре алмай отырмыз. Неге? Фарзана Рафикқызы, өзіңіз маман ретін-де салиқалы саралағанда қазақ тілінің бағын жандырудың қан-дай жолдарын ұсынар едіңіз?

– Өзіңді сондай жақсы түсініп отырмын. Мына сұрағыңды – жан айғайы деп атар едім. Неге? Сан бар, ал сапа жоқтың қасы. Алысқа бармай-ақ қояйық. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған кафедраны ашқан жылдары жалындаған жүректеріміздің арқасында университет негізінде бүкіл қала, аймақ үшін небір әдемі, тілімізді дамытатын, рухымызды өсіретін, ел-жерімізді мадақтайтын, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын шаралар өтетін. Ол кезде кафедрада санаулы маман болса да, жүйелі түрде батыл қадамдар жасалынды. Мемлекеттік тілді меңгеремін деушілерге түрлі үйірме, факультативтер ашып қойдық, қала, облыс мектептеріне көмектесу мақсатымен облыстық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтында лекция оқып, сабақ өткізетінбіз, кейбір жергілікті жерде аудандық семинар ұйымдастыратынбыз. Ниет білдірген адамдар үшін «Сана» атты қазақ тілін оқытатын орталық аштық. Мен өзім екі жыл бойы облыстық теледидар арқылы қазақ тілі сабағын өткізіп, «Рудный Алтай» газеті арқылы апта сайын қазақ тілі сабағының материалын беріп тұрдым.

Бір нәрсені баса айтқым келеді, жаңа ашылған кафедраның қолы көп нәрсеге жетпей жатса да, өзінің шешілмей жатқан мәселелері басынан асып жатса да, сол кездегі қазақ филология факультеті, біздің университет Өскемен, бүкіл облыс үшін ғылыми-мәдени-ағарту орталығы дәрежесінде танылды. Бір түлегімізге он шақыру қағазы келетін.

Философияда сан сапаға ауысады деген ұстаным бар. Биыл қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ашылғанына 24 жыл болады. Осы уақыт аралығында Өскемен пединституты университетке айналды. Екі рет тіл туралы Заң қабылданды, екі рет Ата Заң бекітілді, еліміздің тәуелсіз болғанына да 20 жылдан аса уақыт өтіп бара жатыр. Сөз жоқ, сан сапаға ауысу керек. Алайда, өкінішке қарай, көп жағдайда олай болып тұрған жоқ. Неге? Осы мәселеге түрлі тұрғыдан қарайық. Ертеректе мемлекеттік тілді оқыту үшін жас ерекшелігін, мамандық ерекшелігін ескеріп жазылған оқу құралдары, оқулықтар, түрлі бағдарламалар, көрнекіліктер, сөздіктер, әдістемелік нұсқаулар жоқтың қасы болатын. Қазір бәрі бар. Тіпті арнайы журналдардың өзі қаншама – «Кәсіптік қазақ тілі», «Қазақ тілі: әдістеме», «Қазақ тілі мен әдебиеті қазақ, орыс сыныптарында», «Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл», «Қазақ тілі Қазақстан мектебінде», «Қазақстан мектебі», «ХХІ ғасыр мектебі», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Тіл», «Қазақ тілі – мектепте, колле-джде және ЖОО-да оқыту», «Ізденіс-Поиск», т.б. Бұған «Ана тілі» газеті
мен «Қазақ әдебиетін» қосыңыз. Шүкір! Ал сапа жағы қалай?! Кем-шіліктері жеткілікті. Бұрын қаржы тапшылығы болатын, бірақ іс жоғары дәрежеде тыңдырылатын. Өйткені, азаматтық позиция мен жауапкершілік жоғары деңгейде танылатын. Бүгінгі таңда қаржы орындалмаған іске аударылып, құмға кеткен судай болып жатыр. Сөз көп – нақты іс аз. Қазақ тілін оқыту әдістемесіне жаңа технологияны енгізіп жатырмыз. Жалпы, ол керек нәрсе. Бірақ қашықтықтан оқыту нәтижесінде «жарымжан» түлектер мен жартылай «сақаулар» пайда болып жатыр. Әр нәрседе шалағайлық жеткілікті, сондықтан қазақ тіліне мұқтаждық шамалы. Мұқтаждық жоқ жерде, сұраныс та шамалы. Меніңше, әр адам өзінен бастап, осы іске табандылықпен, жауапкершілікпен қарау керек. Көп жағдайда біз кінәні біреуден іздейміз, біреуге сілтейміз. Олай емес, себеп – өзімізде. Әйтпесе, қажетті жағдайдың бәрі жасалынып жатыр емес пе?!


– Сіз кезінде Дэниел Бэлласт дейтін АҚШ азаматына қазақ тілін үйреткен едіңіз. Ол туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялаған болатын. Қазақстанда туып-өскен өз ұлтымыздың өкілдері ана тілін үйрене алмай жүргенде, шеттен келген ділі бөлек, дүниетанымы басқа азаматқа аз ғана уақыт-тың ішінде қазақ тілін қалай үйреттіңіз? Қандай әдіс-тәсілді қолдандыңыз? Сол құпияңызды білгіміз келеді?

– Сол кезде АҚШ азаматы Дэниел Бэлласт 30-ға толмаған жігіт еді. Бізге өз ісін ашуға келіпті. Уақыт өтіп жатты, шаруасы көңілдегідей болмады. Осы себеп оны маған әкелді. Тілмаш арқылы мен оған бір нәрсені түсіндірдім. «Осында өзіңді іскер азамат ретінде танытуға келгенекенсің, қазақ елін зертте, мәдени-етімен, салт-дәстүрімен, жан дүние-сімен таныс. Осының бәрін тек қазақ тілі арқылы игересің. Адамның күні адаммен. Қазақтың тілін біліп алған соң, қазақпен тікелей қарым-қаты-нас жасау арқылы ісіңді жандан-дырасың» дедім. Қызығушылықпен түрлі сұрақ қойды, алғашқы кездесуіміз 2-3 сағатқа созылды. Қысқасы, бірден іске кірісіп кеттік. Ол да жұ-мыста, мен де қызметтемін, әрең дегенде уақыт тауып аптасына 2-3 рет сабақ өткізіп тұрдық. Құдайға тәубе, білім жеткілікті, тәжірибе бар, әр сабақты түрлендіріп дәстүрлі де, дәстүрден тыс та амал-тәсілдерді қолданып оқыттым. Әліпби, дыбыс, ереже, грамматика емес, бірінші орынға қазақтың дүниетанымын, мінез-құлқын, салт-дәстүрін түрлі мысалдар, атаулар, сөз қолданыстар, мақал-мәтелдер арқылы мең-герттім. Қажетті жерде қазақ тіліндегі мысалды оның ана тілі – ағылшын тіліндегі мысалмен, керек болса, орыс тіліндегі тіркеспен салыстыра түсіндіретінмін. Сонда тез қабылдап алатын.

Бірақ қиналған кездері де болды. Мысалы, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» сөз тіркесіндегі «құмалақ», «қарын» дегендерді түсінбей есі шықты. Кейін келіскен түрде практикадан өту мақсаты-мен бір ауылдағы қазақтың үйіне тұрып, бәрін көзімен көріп, қолымен жасап, басынан өткізіп, жақсы кө-ңілмен оралып келгенде айтқаны: «Мен «құмалақ» дегенді енді жақсы білемін». Елбасы университетімізге келгенде Дэниел Бэлласт қазақ тілінде баяндама жасап, қойылған сұрақтарға қазақша жауап берді. Қазақ тіліне қызыққаны сонша, оны ауызекі дәрежеде білу аздық етеді деп магистратураға түсіп, менің ғылыми жетекшілігіммен диссертация қорғады. Кейін авторлық бірлестікте үш тілде жазылған сөздік басып шығардық. Ешқандай құпия жоқ. Осындай нәтижеге жетудің себебі – қатал тәртіп пен еңбекқорлық. Мұхиттың ар жағынан келген азамат алдына мақсат қоя білді, ісін қарқынды жүргізу үшін қазақ тіліне мұқтаж болды. Бұл арманға айналды, ал оған жету үшін аянбай еңбектенді. Дэниел қазір АҚШ-та, білім беру саласында жұмыс істейді, үнемі байланыста, былтыр Өскеменге келіп, конференция жұмысына қатысып кетті.

– Ғылыми ортада Сізді сөздік жасаушы маман ретінде таниды. Тіл білімінің орталығы саналатын Алматы қаласынан жырақта жатып, сүбелі-сүбелі сөздіктерді құрастырасыз. Білгіміз келгені, осы саланы неге таңдап алдыңыз? Сөздік құрастыру оңай шаруа емес және мұндай іспен бір адам, тіпті бір топ адам емес, бүкіл бір ұжым айналысады ғой.

– Осы күнге дейін екі жүз елуден астам түрлі еңбегім жарық көріпті, оның бірқатары – сөздіктер. Түрлі сөздіктер, олар бір тілде, екі тілде, үш тілде жазылған еңбектер. Құдай қаласа, төрт тілде құрастырылған сөздікті көздеудемін. Сөздіктерімнің зерттеу нысаны – фразеологиялық бірліктер, тіларалық сәйкестіктер, мағыналас ұғымдар. 2009 жылы «Күрделі сөздердің қазақша-орысша сөздігі» атты еңбегім жарық көрді. Сөз түзу, сөздің мағынасын зерттеу, сөздік жасау – ыждаһаттылық пен шыдамдылықты, терең де жан-жақты білімді талап етеді. Аллаға шүкір, осының бәрі бар деуге болады. Мен жалғыз емеспін. Өмір бойы ақ қағазбен сырласып, білім, тәжірибе жинақтап жүрген пендемін. Өз ісіме ғашықпын және берікпін. Сөзбен, ақ бет қағазбен әрекеттеніп рахаттанамын, бір ғажайып ләззат аламын.

Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив