KZ
Өскемен
+6°
пасмурно жел 6 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

– Әкемді Ресейден көшіріп алған Мұхтар Әуезов болатын

6.04.2012, 18:00 334


Тағдыры күрделі Төлеу Көбдіков 1874 жылы Шұбартауда туып, 1954 жылы Шар қаласында қайтыс болады. Бүгін біз ақынның Үржар ауданы, Қарақол ауылында тұратын кенже ұлы Мұрат Төлеуұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Әділетсіздікке
жаны қас еді

– Мұрат аға, XX ғасырдың аса үлкен ақындарының бірі әкеңіз Төлеу Көбдіков туралы қандай естеліктер жадыңызда қалды, оқырмандармен бөлісе отырсаңыз.
– Жалпы, әкем мен осы Шардағы орта мектепті бітіретін жылы, 17 жасымда қайтыс болды. Есімі Қазақ энциклопедиясына, «Қазақ әдебиетінің тарихы» оқулығына енген, Қазақстанның халық ақыны, Абайдың көзін көріп, одан үлгі алған, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов құрмет тұтқан әкем Төлеудің өмірі мен шығармашылығы Кеңес одағының іргесі беки бастаған, ел ішінде аласапыран бір заманның орнығу кезеңімен тұспа-тұс келді. Өзінің айтуы бойынша алғашқы өлеңін қой баққан ауыр тұрмысына арнаған. Он екі жасар кезі болса керек, күн ыстықта қой үйездеп жатқан бір әредікте күні бойы жүргендіктен, тілім-тілім болған табанын ауырсынып, жыларман болып отырғанда бір жылқышы келеді. Сонда жас Төлеу оған:

– Қой жайдым қызыл шақа тасқа жаяу,
Көңілім жаяу жүріп болды қаяу.
Түк қалмай табанымнан түсіп қалды
Бір тұғыр әкеп берші, ағатай-ау! – дегенінде жылқышы жігіт жас баланың сөз саптасына риза болып, бір құнан ұстап әкеліп беріпті. Кейіннен «Ең алғашқы шығарған өлеңім де сол шығар», деп отыратын. Ол адалдық, адамдық жолынан таймаған, бетің бар, жүзің бар демей әділетсіздікті қасқайып айтатын, былайынша біртоға, өздігінен ешкімге соқтықпайтын, маңайына аса жайлы, алды кең адам еді. Кеңес үкіметінің алғаш келген кезінде шолақ белсенділермен болған бір оқиғасы (өзінің айтуы бойынша) есімде қалыпты. «1929 жылы жаз жайлауда отырғанда, біздің үйге үш белсенді келіп кірді, – деп бастайтын әңгімесін. – Біреуінің белінде тапаншасы бар. Өздері біраз ішкен, қызулау екен. Мен төр алдында шынтақтап жатыр едім, шақшамды алып насыбай аттым. Олардың нені көздеп келгені белгілі: өз еліміздің бір байы осыдан біраз бұрын біздікіне үш тоғанақ бұл тығып кетіп еді. Менің насыбай атқанымды көріп тапаншалысы:
– Шалдар неге атады насыбайды,
Жасаңғырап көңілі жасымайды – Аржағын сіз айтып жіберіңізші, дегенде:
– Пәле қумай жайыңа тыныш жүрсең,
Насыбайдан иманың сасымайды, – деп, алдыма келгенде, оң қолыммен тапаншасын қапсыра ұстап, қолтықтап далаға алып шықтым да:
«Ал не керек өзіңе?» дедім. «Ойбай, Төке, ештеңе де керек жоқ». «Ендеше жүр» деп үйге алып кіріп, төсек астында жатқан «ақ дабы» деп аталатын бұлдың тоғанасын суырып алып, табаныма салып жыртып: «Мынадан дамбал тіктіріп ки» деп қолына бердім», деуші еді. Келесі, яғни, 1930 жылдың қаңтарында ұсталып, 10 жылға сотталып кете барды ғой. «Неменеге сотталғанымды өзім де білмеймін», деп отыратын. Әсілі, сол кезеңдегі би-болыс, бай, қажылардың жанында болған, шашбауын көтерген деген желеумен кеткен болуы керек.

Ерназаров елі үшін туған ақынды елемеді

– Сол тұстағы басшымыз Елтай Ерназаровтың алдында қаймықпай елдің жағдайын өлеңмен өрнектеген ақынның кейінгі тағдыры не болды екен?
– Қазақ АСР Жоғарғы кеңесі атқару комитетінің төрағасы Е.Ерназаровтың бетіне жұрттың мүш-кіл халін өлеңмен айту, әрине, ол кезде өте қауіпті еді. Қарқаралы-
ның «қоңыр абақтысында» жатқан ақынның атағын естіген Елтай бірде жұмыс сапарымен жүріп: «Бір төкпе ақын түрмеде отыр дейді. Шама–шарқын көрейік, алып келіңдер» дейді. Ерназаровтың сә-лемін жеткізген түрме бастығына Төлеу ақын:
– Шырағым, мен өлеңді кеңде айтамын,
Кеңде айтсам, бұдан гөрі өңді айтамын.
Есігін абақты үйдің бір ашпайсың,
Отырып тар қапаста немді айтамын, – деп бір ауыз өлеңді табанда суырып салып, шақырушыға: «Шырағым, әлгі ел ағасына үш қайтара сәлем айт. Тұтқында отырған сорлы ақынды әурелемесін», деп теріс қарап бүктүсіп жатып қалыпты. Тар жерде бірге дәмдес болып отырған мұңлықтар да қапа болып, «Апырай, Төке, бекер тұрмадыңыз-ау. Барып мына жағдайды айтсаңыз болар еді», деген сөздеріне де жауап қатпайды. Бәлкім, қайта шақыртса не айтарын көңіл түкпірінде көгендеу үшін уақыт ұтқысы келді ме, кім білсін... Шынында да қайыра шақыртқан ҚазАтКомның төрағасына шерлі ақын уытты жырын төгіп тастайды:
– Ассалаумағалейкум,ханымызға,
Көтерген қазақ жүгін нарымызға.
Еңбекші ел, бүгін өлсең арманың жоқ,
Қарайтын аға келді халымызға, – деп бастап елдің бүгінгі аш–жалаңаш хал-ахуалын жайып салады:
– ...Үй басы бірді-екілі қара қалды,
Бейкүнә талай момын жараланды.
Қолдағы бар азықты сыпырып ап,
Тамақсыз шуылдап аш бала қалды, – деп елдің мұңы мен зарын кестелі сөзбен келістіріп төгеді. Көп жылдар жоғалдыға саналып келген ұзақ жырдың толық нұсқасын ана бір жылы Алматыдағы ұлт-аспаптары мұражайының ғылыми қызметкері Омар Қаймолдин деген ғалымның мақаласынан жолықтырдық.
Содан Елтай Ерназаров: «Ой, мына пәлең торда отырып былай сайрайды. Мұны шығарсаң, ел арасына іріткі салып, мүлде бүлдіреді. Қайта апарып жабыңдар» деп қаматып тастапты. Сөйтіп, ащы шындықты ашына айтып өз тілінен бәле тапқан Төкең біршама жыл түрме азабын тартады. Осылайша жасы алпысқа таяған шағында, 1934 жылы Үкіметтің кеңшілігімен тар қапастан аман-есен шыққан ол Қарқаралыдан Дегелең, Шыңғысты басып, күзге таман Семейге жаяу-жалпылап әрең жетеді. Қилы заманның зардабынан жан-жаққа босып кеткен ағайын-туысын тауып, мауқын басады. Алайда қуаныш ұзаққа созылмайды: арада екі-үш жыл өткен соң 1937 жылдың зобалаңы басталып, ел ішін үрей жайлайды. Жер-жердегі сүт бетіне шығар ұлтшыл алаш азаматтары ұсталып, қуғынға түсе бастайды. Сондай бір күні әкемнің бірінші әйелінен туған Құлжанбек мұғалім мектептен оралмайды. Зұлмат күндердің ақырын жылжып таяп іргеге келгенін ақын жүрек жан–тәнімен сезіп біледі. Бірер күн өткен соң беймәлім бір адамдар келіп, оны іздемей-ақ қоюларын айтқан соң, істің насырға шапқанын анық аңғарған ақын әйелі мен баласын (мені) алып, ат-арбамен бір–ақ күнде Барнауыл қаласынан шығады. Мен онда екі айлық нәресте екенмін. Үш-төрт жыл бойы сол жаққа паналап барған қазақтармен бірге болып, тек 1940 жылы елге оралуға мүмкіндік туады.
1936 жылы қазақ халқының ұлт–азаттық көтерілісіне 20 жыл толуына орай «1916 жыл» деген жинақ шығып, соған Төлеу ақынның «Сарыарқа» деген толғауының он алты ғана жолы еніп, Мұхтар Әуезов кейіннен Абай ауданына келген бір сапарында жинақты ұстап отырып, Абайдың бауыры (Ысқақтың немересі) Әрхам Кәкітайұлына: «Мына бір жырдың иесі өте талантты ақын көрінеді. Қай жерде өліп қалды екен марқұм» деп кейиді. Сонда Әрхам ол кісінің тірі екенін, қазір Ноғайсібір жақта жүргенін айтады. Мұхаң Алматыға бара салып, дереу Жазушылар одағынан арнайы қаржы бөлгізіп, Әрхам Ысқақовты жіберіп, әкемді отбасымен Ресей ішінен алдырып алады. Әрхам Батыс Сібірде Төлеудің отбасымен бір апта жатып, шер тарқатысып, кейін Қазақстанға алып келеді. Төлеу ақын ол кезде «Ковдыков» болып жазылады екен. Барнауылға барып тұрақтағанда осылай болып жазылып кеткен ғой. Жалпы, Көбдіктің шын аты Көпжер болыпты. Өзі орта шаруалы, момын адам екен. Оның әкесі Ерубай дәулетті адам болғанға ұқсайды. Әкем Төлеу сол үлкен әкесінің бауырында өскендіктен, «Ерубайдың Төлеуі» атаныпты. Сол Ерубай бабамыз Найман Ақтайлақ бимен құда болуды қалап, оның кенже ұлы Сабырбайдың қызы Қуандықты біреудің айттырып қойғанына қарамастан, Көпжерге әйел үстіне алып беріпті.

Менің әжем – Абаймен сөз таластырған
Қуандық ақын

– Абаймен сөз таластыратын әйгілі ақын Қуандық сонда сіздің әжеңіз болды ғой?
– Иә, Найман руының сыбан елінен тарайтын, атақты 17 ақын шықты дейтін жердің түлегі – қыз Қуандық. Ал Төлеудің әйелі, яғни, менің анам Гүлғұсия Бердібайқызы. Жөні келгенде айта кетейін, бұл кісі де тегін жерден шықпаған, текті адам. Анамның үлкен әкесі Бегімбетұлы Меңаяқ би. Әкемнің туған жері Семей облысының Шұбартау ауданы, бұрынғыша Қарқаралы дуаны, Дағанды болысына қарасты 2-ші ауыл, Мұзбел деген жер.
– Мүке, жазушы Мұхтар Әуезов ол кісіні ішкі жақтан алдырғанда Абай жайында сұ-рауы да мүмкін–ау.
– Әлбетте, Мұхаң Төлеу ақын-ды аса қадір тұтып, сыйлы адамы ретінде көп-көп сұхбаттасқан. Мәселен, 1943 жылы Алматыда үлкен республикалық айтыс өтіп, семейлік Төлеу Көбдіков осы өңірдің ақындарын бастап барып өзі де қатысып, жүлделі орын иеленеді. Осы жолы ұлы жазушы оны жібермей, өз үйінде бір ай сұхбат құрған. Бұл кісі де Абайды көрген, онымен дастарқандас болған жандардың кеңестік дәуіріне жеткендердің қатарында. Жас кезінде айтысқа, оның ішінде суырыпсалмалыққа бой ұрып шаршы топтарға түскенімен, келе–келе өлеңді жазып шығарғанды жөн көреді. Абайтану ғылымына өлшеусіз үлес қосқан әкем Төлеу жарықтық өте ұстамды, сабырлы адам еді. Жазушы Медеу Сәрсеке былай дейді: «Үйінде мәжіліс құрып отырғанда Ғабит Мүсірепов маған: «Сенің еліңде Төлеу деген ірі ақын болды. Өте инабатты, текті кісі еді. Тегінде мен білетін айтыс ақындарының сұрампаз, түртіншек, даңғойлық пен мақтаншаққа үйір-сек қалыптарынан мүлдем бөлек мінездің адамы болатын. 43-жылғы айтыста Семей мен Қарағанды ақындарын айтыстырдық, жеңісті де саясатқа бұрмаладық. Қонақасы үстінде Төкең маған: «Ғабит қарағым, біздің сөзіміз дәмдірек те өтімдірек болып еді, жеңісті бірақ татымсыз көмірге бергендерің қалай?» дегенде, мен ештеңе айта алмай, «Төке, сауалыңыздың жауабын өзіңіз айттыңыз ғой» деп төмен қарадым. Ол кісі дауласқан жоқ, биязы жымиып, қолымды ұстады...» деп сыр шерткен–ді».

Оның шығармашылығына ұлы ақынның да
әсері болды

– Төлеу Көбдіков шығар-машылығына даңқты ақын Абайдың ақындық үлгісі болды ма, қалай ойлайсыз?
– Ол Абайды анасы Қуандық-тың арқасында көріп, өлең өнері-нің мәні мен мағынасын, міндетін түсінгендей болады. Абайды төрт рет көргені жайындағы естелігі ақын мұражайында сақтаулы. Бірақ бір нәрсе айқын. Ол кісі ескі жырауларша өлеңнің соңына түсіп, өміріне өзек етпеген. Оның үстіне туабітті кішіпейіл, тәкаппарлығы жоқ сыпайы мінезі де мұндайға жол бермеген сыңайлы. Абайға, әлбетте, еліктеді. Ұлы ақынды оқи жүріп, өзі де сол сүрлеумен өлең жазды. Мәселен,
Өлеңге әркімнің-ақ құмары бар,
Ішінде аз–аз ғана ұғары бар.
Көп жаман былғарыға былғамайық,
Әр сөздің өз жөнімен ұнары бар, – деп жазды алғашқыда. Ақындық күш–қуаты орасан Төлеу бүкіл қазақ жұртын өзінің жойқын жырларымен тәнті етті. Мәселен, Мұхтар Әуезов 1943 жылы Семейдегі болған айтыста Төлеу ақынның айтысын көріп, оның талантына бек риза болады. Сол жылы орыс жазушысы Павел Кузнецовқа былай деп хат жазады: «...Облыста бұрын неге көрінбегенін кім білсін, Төлеу деген ірі ақын бар екен. Оның тума шежіресі өте қызық. Ата-бабасынан – сонау алтыншы атасынан бері қарай тұқым қуалаған белгілі ақындар. Ал шешесі – көпке әйгілі Қуандық. Қуандық Абаймен айтысқа түскен... Менің бірінші кітабымда осы жай суреттелген-ді. Сонымен, несін айтасың, Төлеу ақсақалды көргенде мен Қуан-дықпен кездесіп, жүздескендей күйге келдім» деп айшықтайды. Жалпы, әкем жарықтықтың басты қасиеті – мінезінің аса ұстамдылы-ғы, халқымыздың салт-дәстүрін берік ұстайтындығы еді. Кеңестің қылышынан қаны тамып, дінге қарсы науқанның өршіп тұрған шағында да бұл кісі бес уақ намаз оқып, ораза ұстайтын–ды. 1946 жылы Жамбыл ақынның 100 жылдық тойы Алматы облысының Ұзынағаш ауылында өткені белгілі. «Төрт есікті зиратына бардық, – деп еске алатын жарықтық. – Көпшілік оның бір жағынан кіріп, жай бас иіп, екінші жақтағы есігінен шығып жатты. Топтың ортасында келе жатып, марқұмның қабірінің дәл тұсына келгенде тікемнен тік кетуге дәтім шыдамай, тізерлеп отыра кетіп, құранды оқи жөнелдім. Алды-артымдағы жұрт кілт тоқ-тады. Қол жайып, бата істедім. Зиратта тұрғандар да беттерін сипады. Сыртқа шыққанымда Мұхтар бастатқан бір топ жазушы «Апырай, Төке, дұрыс жасадыңыз, дұрыс жасадыңыз» деп жатты» дейтін. Жарықтық сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің «Бай мен молданы қойдай қу қамшымен» деген ұраны жер-дүниені тітіретіп тұрған заманында да Құдайға құлшылық етуден бір жазбаған адам ғой.
– Жалпы, бүгінгі күні ақын Төлеу Көбдіковтің әдеби мұра-сының зерттелуі қай деңгейде?
– Иә, ол кісінің артында қалдырған мол мұрасын зерттеудің басында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин, Медеу Сәрсеке, Жақан Сыздықов, Қайым Мұхаметханов, Әділғазы Рақымжанов сияқты алыптарымыз тұр. Бүгінге дейін Төлеу ақын жайында бірнеше диссертациялар қорғалып, көптеген монографиялық, зерттеу еңбектер жарық көріп келеді. Олардың бәрі де Төлеудің М.Әуезов айтқандай «Өлеңді жазып та, ауызша да шығаратын және өлеңіне көлденеңінен бір де бір жол ен-гіздірмейтінін, ол жазған, ол шы-ғарған нәрсеге хатшы ақынның қол жүгіртуінің қажеті жоқ» екендігін қуаттай түседі. Жас ғалымдардың ішінен Жанар Тұрысбекованы бөле-жара айтар едім. Бұдан өзге талантының арқасында халқының шын құрмет-ықыласына бөленген ақынның әр кездегі мерейтойлары өз дәрежесінде өтіп келе жатыр деуге болады.
– Мұрат аға, сіз әкеңіздің алпыстан асқан шағында дүниеге келіпсіз. Отбасыңыз жайында айтып беріңізші.
– Жалпы, әкеміздің бәйбіше-сінен төрт ұл, екі қыз болса, кейінгі әйелінен мен жалғызбын. Бүгінде жасым 75-ке келді. Өмірімнің 42 жылын ұстаздыққа арнадым. Үржар ауданы, Қарақол ауылында тұрғаныма 50 жылға тақап қалды. Жұбайым Үміткен Әбжанова апаң да саналы өмірін бала оқытуға арнады. Екеуіміз де зейнет демалысындамыз. Екі қыз, екі ұлым, немерелер бар. Бәрі де өмірден өз орнын тапқан. Бір қызым Шынар Мұратқызы Семейдегі Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұра-жайы директорының орынбаса-
ры.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан –
Берікхан Тайжігіт


Үржар ауданы.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив