KZ
Өскемен
+6°
переменная облачность жел 5 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Әлібек ДІНІШЕВ, КСРО ХАЛЫҚ ӘРТІСІ: – Менің БАРЛЫҚ ӨМІРІМ тамаша адамдардың жанында, думанға бергісіз болып өтіп келеді

27.03.2012, 18:00 339


Мен бала кезімде теледидардан Кеңестер Одағының халық артистері Әлібек Дінішевті, Ермек Серкебаевты, Бибігүл Төлегенованы көргенде "Қандай сұлу да сымбатты жандар еді. Шетелдіктер осы кісілерге қарап, "Қазақ не деген өңді халық деп ойлайтын шығар" деп іштей масаттанатынмын. Оларға ешқандай қатысым болмаса да, керемет мақтан тұтатынмын. Одақтың құрамына кіретін он бес республиканың өнер шеберлерінің арасынан суырылып алға шыққандарына, қазақ ұлтының мерейін үстем еткендеріне қатты риза болатынмын. Енді, міне, редактордан Париж, Милан, Венаның опералық театрларында кірпияз еуропалық тыңдармандарды өнерімен ғана емес, сұлу сыр-сымбатымен де тәнті еткен күміс көмей, жезтаңдай әнші Әлібек Дінішевтен сұхбат алу жөнінде тапсырма алдым...

Өскеменге Шығыс Қазақстанның тумалары, белгілі опера әншілері, ағайынды Абдуллиндерді еске алу кешіне арнайы шақырылған Әлібек Дінішев пен Сағнай Абдуллин ат басын ең алдымен ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжіне бұрған болатын. Өнер ордасындағы оқытушылардың асқан ыждаһаттылықпен жинастырған Абдуллиндердің мұражайын аралап, оқушылармен жүздескеннен кейін белгілі әншіден кешкі концерт алдында шағын сұхбат алудың реті келді. Қарсы алдымда әншінің өз әзілімен айтсақ, "бұрын әрі әдемі, әрі жас болса, қазір жай ғана әдемі" Дінішев отыр.

Туған жерге деген махаббатты бойымызға дарытып кетті


– Әлібек Мұсаұлы, қазақта "үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашыдан" деген дана сөз бар. Атақты әншілер ағайынды Абдуллиндерге
Сіздің жиен болып келетініңізді біреу білсе, біреу білмес. Жаңа ғана нағашыларыңыздың мұражайын аралап, танысып шықтыңыз. Қандай әсер алдыңыз?


– Сөзбен айтып жеткізу қиын. Ұшағымыз Кенді Алтай жеріне қонғаннан бастап бойымды бір сағыныш баурап алды. Көкірегің-ді өртеп, кеңсірігіңді ашытатын, азапқа салатын сағыныш емес, қайта жаныңа ләззат сыйлайтын, бақытты балалық шағыңды үп еткен самал желмен еске салатын тәтті бір сезім. Сағым жылдар... Анаммен Өскеменге алғашқы келуімнен бастап Шығыс жеріне келген әрбір сапарым көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатыр. Жүрегімді тәтті бір мұңның мазалап тұрғанын қалай жасырайын?!. Ал мұражай туралы сөз тіпті басқа. Мен ағайынды Абдуллиндерді ұмытпай, олардың өміріне қатысты деректерді тірнектеп жинап, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде ұсынған жандардың алдында басымды иемін. Мұражайда біздің отбасылық мұрағатта жоқ небір сирек суреттер бар екен. Атақты егіз әншінің қазақ сахнасында өнер көрсетіп жүрген барлық ұрпақтарына арнайы бұрыштар беріліпті. Тіпті, Ришат пен Мүсілім ағалардың әндері жазылған дискілер де бар. Мен қазақ өнерінің қанат жаюына барынша үлес қосқан атақты дуэттің 100 жылдық мерейтойына дайындықты бүгінгі еске алу кешімен бастап жатқан өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА олардың ұрпақтары атынан мың да бір алғысымды білдіремін.

– Мұражайға қандай да бір көмек көрсете аласыздар ма?


– Кездесу барысында ұйымдастырушылар жеке заттары болса дегендей өтініш айтты. Әрине, Сағнай екеуміз ақылдасып, ол жағынан қол ұшын беруге дайынбыз. Мен шынымды айтсам, Шығыс өңіріне келіп жүріп, аталмыш өнер ордасына осы кезге дейін бас сұқпағаныма ұялып та отырмын. Алдағы уақытта өзара байланысымыз нығая түседі деп үміттенемін. Осы колледждің сахнасында концерт те беруге болады деп ойлаймын. Аталмыш өнер шаңырағында биылдан бастап Абдуллиндер атындағы шәкіртақы тағайындалғаны да біз үшін тағы бір жағымды жаңалық болды.

– Нағашыларыңыз қандай адамдар еді? Есіңізде қалған жайттардан естелік айтып берсеңіз?

– Мен бала кезімнен осындай тамаша өнер адамдарының жиені екенімді мақтан тұтып өстім. Менің балалық ша-ғым, тіпті барлық өмірім әнмен, күймен өр-нектеліп, ғажайып ертегі әлемінде өтті. Біз, үлкен бір әулеттің ұрпақтары қоян-қолтық тұрмыс кештік. Соғыстан кейінгі жылдары нағашыларымыздың балалары, менің үлкен ағатайларым бірге өсті. Менің анам ағам Тимурға да, Сағнайдың әпкесі Ғалияға да омырау сүтін берген. Қысқасы, кімде сүт болса, баланы сол емізген ғой. Көзімізді ашқалы, есімізді білгелі көргеніміз пианино, рояль болды. Сағнай басқа жолдастарының үйіне барғанда "Оларда саз аспаптары жоқ, неге ?" деп қайран қалып келетін. Ол ән-жыр айтылмайтын, той-думан өтпейтін ортаның да болатынын түсінбейтін. Ришат ағаның мінезі қаталдау, ал Мүсілім аға жұмсақтау еді. Мүсілім аға таңертең Сағнай екеуміздің бөлмемізге "жалқаубектер, тұрың-даааар!"деп әндетіп кіретін. Ал Ришат нағашым кабинетіне кіруге ешкімге рұқсат етпейтін. Тек Тимурға ғана көңілі ерекше еді. "Бұл – өте сүйкімді балақай, жоқ дей ал-маймын" деп отыратын. Бірде сол "сүйкімді жиенінің" қатырғаны бар. Біздің әулеттің кішкентайлары үлкен өнердің, театрдың жанында жүріп тәрбиеленді. Өйткені, ересектердің барлығы сол театрда жұмыс істеген. Бірде "Онегин" операсында анам Камила Ларинаның, Ришат аға Онегиннің, ал Мүсілім аға Ленскийдің партиясын орындайды. Қойылымның ең қызған шағында залда отырған төрт жастағы Тимурдың "мама, мен кіш етемін" деп айғай салмасы бар ма?!. Сонда Ришат аға "иттің ғана баласы..." деп зілсіз бір күліпті. Ришат Абдуллин қазақ өнерінің шыңында Абайды тұңғыш сомдаған опера әншісі ретінде қалары сөзсіз. Одан кейінгі әншілердің барлығы да сол кісінің образына еліктейді, соған қарап бой түзейді. Ал Мүсілім аға қазақ әндерінің інжу-маржандарын, орыс, татар романстарын шебер орындаушылардың бірегейі екені даусыз. Кәукен Кенжетаев ағамыз "Мүсілім қазақ радиосына Гәккуден басқа әндердің бәрін жазды" деп қалжыңдайды екен. Ағайынды Абдуллиндердің дуэтінің өзі табиғаттың тамаша бір сыйы емес пе?! Екі дауысты ансамбльді құрған кезде бірі баритон, екіншісі тенор, бірақ сазды бірдей түсінетін, әуенді жүректерімен бірдей сезінетін, ойлары бір жерден шығатын екі әншіні табу өте қиын. Ал Ришат пен Мүсілім Абдуллиндерді табиғаттың өзі солай жаратқан. Олардың орындауындағы қазақ, орыс, татар әндері қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Ол кісілердің еңбектерінің ең маңыздысы – кәсіби өнерге деген сүрлеуді салғандары деп санаймын. Алғашқыларға қашан да қиын. Бойымды оларға деген мақтаныш сезімі кернеп бара жатқандықтан Абдуллиндер жайында айтудан жалықпаймын. Мен шы-ғысқазақстандықтарға ағайынды Абдул-линдерге деген махаббаттарыңыз үшін шек-сіз рақмет айтамын. Анам да, нағашыларым да туған жерлеріне деген ыстық ықыластар-ын бізге сыйлап, бойымызға дарытып кетті. Олар кіндік қандары тамған өлкелерін бір сәт те естерінен шығарған емес.

Ол кезде Ертістің суы жып-жылы болатын

– Өскеменге алғаш келгеніңіз есіңізде ме?

– Бұл – 1961 жылы болатын, мен он жаста едім. Анам туып-өскен көше қазір жоқ. Менің жадымда көкпеңбек аспан мен шырайлы күн сәулесі қалыпты. Сосын бір шаттық сезімі. Алаңсыз бақытты шақ. Анам екеуміз асықпай, Үлбінің жағалауымен серуендеп келеміз, өзеннен ескен самал жел бетімді өбеді. Күн жып-жылы, ашық терезелерден бір орыс романсының әуені төгіліп тұр. Сол романсты естіген сайын көз алдыма Үлбінің жағасында өткен сол бір кеш келеді. Ол кезде әлі ГЭС салынбағандықтан Ертістің суы жып-жылы еді, суға армансыз шомылатынбыз. Бірде Ришат аға мұздың астына түсіп кетіпті. Оны көрген көршісі жүгіріп барып, таяқ алып келіп, шығарып алған. Қазір осындай достық, бір-біріне көмектесу деген азайып барады қоғамда.

– Отбасыларыңызда Наурыз мерекесін қалай қарсы аласыздар?

– Қазақи қонақжайлылықпен, міндетті түрде бауырсақ, шелпек, наурыз-көже пісіріледі, ет, қазы-қарта асылады. Бұл да нағашыларымнан жұққан. Ришат аға үшін басты тағам ет болатын. Әсіресе, соғым сойған кезде "қазысы төрт елі екен" деп қуанып отыратын. Менің анам бізді алып, нағашыларымдікіне қонаққа бара қалғанда, диванның үстіне қытай жібегімен тысталған әдемі жастықшалар тасталынады. Анам шынтақтай жатып, халдерін сұрастыра бастайды. Қазір Сағнай "Камила тәте келгенде ғана көретінбіз сол жастықтарды. Бес минуттың ішінде бауырсақ пен шелпек дайын болатын. Қалай үлгеретін осы?" деп есіне алады. Қонақты күту, оларды сыйлай білу деген қасиеттер ана сүтімен дариды ғой. Біздің үйде өнер адамдары, әдебиет, мәдениет қайраткерлері, артистер тұрды. Әрқайсысы аңызға бергісіз бір-бір тұлға еді. Барлығымыз бір отбасының адамдарындай, тонның ішкі бауындай аралас-құралас өстік. Қазір біздің қоғамда сондай риясыз емін-жарқын әңгімелесу, жатпен туғаныңдай жақын араласу жетіспейтін секілді.

Өткенге деген сағыныш жаңа белестерге жетелейді

– Сіз маған үлкен бір сағыныш арқалап жүргендей көрінесіз. Сізде өткенді аңсау басымырақ емес пе?

– Өткен күнде белгі жоқ деп жатады. Өтті, кетті. Ал ертеңгі күн туа ма, жоқ па, белгісіз. Болашақты болжау, сәуегейлік айту – қисынсыз дүние. Сондықтан бүгінгі күнмен өмір сүру керек деген тұжырым бар. Бірақ өткенсіз болашақ жоқ екені тағы түсінікті. Дегенмен, өз басым өткенге көп қарайлайтын сияқтымын. Мысалы, кеше Алматыда қар жауды. Мен өзім туып-өскен Төлебаев көшесімен келе жаттым. Маужыраған түнгі Алматы. Қапалақтап қар жауып тұр. Менің есіме он алты жасымдағы осындай қысқы Алматы кеші еріксіз оралды. Бұрымды қызға деген алғашқы албырт сезім "есіңде ме?" дегендей жүрегімде бір бұлқынды. Сосын өнебойымды дәл сол кездегідей ыстық жалын шарпып өткенін сездім. Мұның несі жаман? Оның үстіне мен өзімді сол бозбала кездегідей жігерлі де қайратты сезіндім. Бойымды билеген сол шаттық сезімді басқалармен, сіздермен бөлісуге асықтым.

– Сіздің Сағнай екеуіңіздің сахнадағы әзілдеріңіз сондай жарасымды. Сіз көтеріңкі көңіл күйді, күш-қуатты қайдан аласыз?

– Шығармашылықтан. Тамаша ән естісем, жақсы концерт көрсем, менің де шығармашылықпен айналысқым, өнерімді паш еткім келіп кетеді. Ал егер ешқандай әуен естімесем, ештеңеге зауқым болмай, солып қаламын. Сондай-ақ, мен ән айтып жатқанда залда отырғандардың ыстық ықыласпен тыңдап отырғандарын байқасам, менің шабытым артып, қанаттана түсемін. Одан да жақсырақ айтуға тырысамын.

– Кезінде сахнасында өнер көрсеткен Абай атындағы опера және балет театрына жиі барасыз ба?

– Мүлде бармаймын. Бірақ кезінде мен сол өнер ұжымының мақтанышы болдым, оларды ешқашан ұятқа қалдырған жоқпын деп сеніммен айта аламын.

– Операны сағынбайсыз ба?

– Мен операны Парижде, Венада тамашалаймын. Ал қазіргі қазақстандық операға көңілім толмайды. Бірақ кім біледі, егер мен онда жиірек барып тұрсам, олардың ортасына түссем, бәлкім, феникс құстай қайта түлеп шыға келер ме едім. Олардың проблемаларын түсініп, қолұшымды да беруім мүмкін ғой.

Кеңестер Одағының халық артисі болу - мен үшін зор мәртебе

– Сіз бар болғаны 35 жасыңызда Кеңестер Одағының халық артисі атағына қол жеткізіпсіз. Бұдан басқа да марапаттарыңыз жетіп жатыр. Алайда концерт бергенде барлық жерде Кеңес Одағының халық артисі деген бір ғана атағыңызды айтады. Соған қарағанда, бұл Сіз үшін өте маңызды сияқты. Осы атақ берілген сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Мен тек қана Қазақстанның ғана емес, құрамында он бес республика, он бес ұлттың өнері мен мәдениеті бар ҚСРО сынды алып державаның өкілі екенімді түйсіндім. Сонымен қатар маған үлкен сенім артылғанын ұқтым. Кезінде бұл атаққа лайықтылар саусақпен санарлықтай ғана болғандықтан, мен үшін үлкен мақтаныш.

– Қазір немен айналысып жүрсіз? Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар?


– Шығармашылығымда еркіндікке қол жеткіздім. Яғни, мен ешқандай жерде жұмысқа тіркелмегенмін. Бірақ ұмыт қалдым деп өкпе айта алмаймын. Көктем сайын Алматыда концерт беруге қолқа салады. Жеке концертіммен Ресейде, Ташкентте болғанымда, ол жақтағы тыңдармандардың ұмытпағандарының куәсі болдым. Бүгінгі таңда менде Абай әндерін, орыс, татар романстарын орындауға деген құлшыныс басымырақ. Әсіресе саздың құдіретін түсінетін, қасиетін бағалайтын аға буын өкілдері үшін осындай концерттер қажет. Алда ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойы келе жатыр. Сол себепті шығармашылық бойкүйездік танытуға уақыт жоқ.

– Шығысқазақстандықтарға бір ауыз жылы лебізіңізді білдірсеңіз.


– Құт-береке, молшылық, тыныштық болсын! Жаңарған күн тек жақсылық әкелсін!

– Уақытыңызды бөлгеніңізге көп рақмет!


Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив