KZ
Өскемен
+9°
ясно жел 6 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Мал тұқымын асылдандыруға жете көңіл бөліп отыр

26.03.2012, 18:00 211


Ұлан ауданындағы барлық өнімнің 78 пайызы мал шаруашылығында өндіріледі. Осыған орай соңғы жылдары аудан әкімдігі, құрылым басшылары мен білікті мамандар мал тұқымын асылдандыруға жете көңіл бөліп, ең алдымен, етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту мүмкіндіктерін барынша қарастырып келеді.

Соның нәтижесінде аудандағы бірсыпыра шаруашылықтар асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрды. Қазіргі уақытта алты шаруашылық қазақтың ақбасты етті тұқымын және төрт шаруашылық сүтті симментальды тұқымды ірі қара малын өсіріп, көбейтумен айналысуда. Бұл шаруашылықтарда аудандағы барлық ірі қара мал санының 11,6 пайыздық үлесін құраған жиыны 5693 бас асыл тұқымды мал ұсталады.
Бұл күндері қазақтың етті ақбасты тұқым-
ды және сүтті симменталь тұқымды ірі қара малын өсірумен шұғылданатын бес шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие болу бағытында жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, қазақтың құйрықты қылшық жүнді және жартылай қылшық жүнді 10384 бас қойы бес шаруашылықта бағылып, аудандағы жалпы қой санының 8,9 пайыздық үлесін алып отыр. Жабы тұқымды қазақ жылқыларын жеті шаруашылық өсіріп жатыр. Мұндағы жылқы саны 2379-ға жетті. Аудандағы жалпы жылқы малының 16 пайызы – асыл тұқымды жылқылар. Сондай-ақ, шаруашылықтардағы 520 маралдың барлығы асыл тұқымды болса, 1480 ірі ақ шошқаның жалпы үлестік көрсеткіші 18,5 пайызды құрайды.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан асыл тұқымды малдарды өсірумен айналысатын шаруаларға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі уақытта шаруашылық басшылары асыл тұқымды ірі қара малды сатып алуға ниет білдіріп отыр. Өйткені асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген несиелер, өндірілген мал өнімдеріне, сатып алынған мал басына субсидиялар берілуде. Өткен жылы он сегіз шаруа қожалығы «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдары арқылы, сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы аясында жалпы жиыны 224,4 млн. теңге несие-қаржы алып, асыл тұқымды 584 бас cиыр және 16 бас қазақтың ақбас бұқасын сатып әкеліп, өсіріп жатыр. Мал шаруашылығы өнімділігін және өнімнің сапасын арттыру бағытындағы субсидиялау бойынша аудандағы шаруашылықтарға 66333 мың теңге қаражат берілді.
Бұған қоса, алты шаруа қожалығы өз қаражаттарына сатып алған 315 бас симменталь тұқымды тайыншасын, 110 бас қазақтың ақбас тайыншасын және екі бас қазақтың ақбас бұқасын бағып отыр. Аудан бойынша асыл тұқымды 1027 бас ірі қара малы сатып алынды.
Мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән беріп отырған аудандағы екі асыл тұқымды мал зауыты –«Багратион-2» шаруа қожалығы мен «Сағынқұмаров» шаруа қожалығы және «АгроБАМ», «Солтанбек», «Ақбастау» шаруа қожалықтары осы саланы өркендетуге лайықты үлестерін қосып келеді.

Кешенді істер қолға алынып жатыр

Ұландықтар етті мал шаруашылығын дамыту үшін бірқатар кешенді мәселелерді түбегейлі шешу үстінде. Соның бірі – заман-ауи технологиялармен жабдықталған мал бордақылайтын алаңдар салу. Қазіргі уақытта ірі қара малын бордақылауға арналған 26 осындай алаң жұмыс істеп тұр. Өткен жылы ауылдық округтерде, атап айтқанда, Каменкада «Құнжыра» шаруа қожалығы – 500, Саратовкада «АгроБам» шаруа қожалығы – 200, Тарғында «Болашақ» шаруа қожалығы – 200, Егінсуда «Есберген» шаруа қожалығы 100 бас тайыншаны бордақылайтын алаңдарды салып, іске қосты.
Биыл «Ертіс-Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Герасимовка ауылында 140 адам жұмыс істейтін 1,5 млрд. теңгеге жобаланған ет комбинатын салып, пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ет комбинаты базасында 5000 басқа арналған бордақылау алаңын салу қолға алынады.
«Багратион-2» шаруа қожалығының базасында құны 150 млн. теңгелік 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын және мал сою цехын салу жобасын жүзеге асыру шаралары да қарастырылып жатыр.
«Болашақ» шаруа қожалығы ет өңдейтін цех және асыл тұқымды ірі қара малын сатып алу пунктін ашу бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта цех құрылысы салынып, неміс технологиясының жабдықтары сатып алынды. Сондай-ақ, Герефорд тұқымды 400 бас құнажын сатып алу жөнінен келісімшарт жасалды.
Аудандағы шаруашылықтардың ұжымдары күтімдегі малды қыстан аман алып шығу үшін шөптің бір жарым жылдық қорын дайындап, пішендеме мен сүрлем қорының жоспарын да артығымен орындады.

Маңызды шараның бірі – жемшөп базасы


Ұландықтар жемшөп базасын нығайту мәселесін де ұштастыра жүргізуде. Соя, жүгері, рапс және басқа мал азығы дақылдарын өсіріп, дайындап, қайта өңдеу арқылы құрама жем өндіретін цехтарды әрбір бордақылау алаңының, тауарлы-сүт фермасының жанынан ашуға кірісті. Ал мұндай дақылдардың бәрі суармалы жерде ғана өсетіндіктен, суармалы алқаптың көлемін арттыруды да жоспарлап отыр.
Мәселен, «Альжанагро Трейд» ЖШС-1 Азово ауылында 8 мың гектар суармалы алқапты игеруді, «Балауса» шаруа қожалығы Мамай батыр ауылында 400 гектар суармалы жерді игеруді жоспарлауда.
Аудан шаруашылықтарындағы машина-трактор парктерін мал азығын дайындайтын және басқа да қажеттілікке қолданылатын ықшам техникалармен жаңартуда айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. 2010 жылы 306,4 млн. теңгеге 59 техника алынса, былтыр бұл сала 253 млн. теңгенің алты астық жинағыш комбайнымен, жеті трактормен, екі егістік техника жиынтығымен және басқа да әртүрлі техникалармен толықтырылды. Шаруашылықтардағы 223 комбайн, 101 дестелегіш, 802 трактор, 357 жүк автокөлігі, 317 трактор тіркемелері күнделікті және науқандық жұмыстарды жүргізу үшін қолданылуда.
Ауданда «Багратион Ұлан», «Восток Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы елді мекендерде 33 орталықтандырылған сүт жинау пукттері және 10 тауарлы-сүт фермасы ұйымдастырылған. Күн сайын 30 тонна сүт жиналып, 10 тоннадан астам дайын сүт өнімдері дүкендер арқылы облыс орталығына және аудандарға жеткізіледі.
Қазіргі уақытта «Өскемен құс фабрикасы» ақционерлік қоғамында өндірісті жаңарту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылға дейін ет өнімдерін 20 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл жобаның құны 2,6 млрд. теңгені құрайды.

Амангелді СЕРҒАЗИН, Ұлан ауданы кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы:

– Үкімет елімізде ет және сүт шаруа-шылығын дамытудың 2010 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасының тұжырымдамасын бекітті. Бағдарламада асыл тұқымды малдың санын көбейту шаралары белгіленген. Аудандағы 31 асыл тұқымды шаруашылық өз жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп келеді. Облыстық орташа деңгеймен салыстырғанда ауданның асыл тұқымды мал өсірудегі үлес салмағы жоғары. Бұл көрсеткіштер бойынша, атап айтқанда: ірі қара – 2,5, ұсақ мал – 3,6, жылқы – 8,2, шошқа – 15, марал – 12, ара 17,3 пайызға жетіп отыр. Біздің ауданда ұсақ шаруа қожалықтарын бiрiктiрiп, бiрлесе жұмыс істеп, малды асылдандырып, өз төлі есебінен көбейтіп, фермерлік шаруашылық деңгейіне жеткізу жұмыс-тары жалғастырыла жүргізілуде.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив