KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

Жұртшылық Өскемен құс фабрикасының тауықтарын сатып алуға құмар

25.03.2012, 18:00 238


«Арзанның жілігі татымас» деген облыс жұртшылығы бұл күнде «Американың окорочкасын» алуды сиретіп барады. Павлодар мен Алматының тауық еті өнімдері де аса үлкен сұраныс тудырып отырған жоқ. Бағасы біраз жоғары болса да өз өніміміз – Өскемен құс фабрикасының тауықтарын сатып алуға құмар.

Шұжығымен танымал болады

Тұтынушылардың талғамынан шығып отырған Өскемен құс фабрикасының тауық еті өнімдері бұрын дүкендер мен базарларда ғана сатылып келсе, енді қала көшелеріне қойылған арнайы тоңазытқыш құрылғылары бар автокөліктерде де сатылып жатыр.
– Біз бұл автокөліктерді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалы арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша беріліп жатқан несиеге сатып алдық. Тауық еті өнімдерін салқындатуға арналған құрал-жабдықтар мен рефрижераторлы автокөліктерді сатып алу үшін банктен 84 миллион теңге алған болатынбыз. 14 пайыздық өсіммен қайтарылатын осы қаржы өсімінің жеті пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып жатыр. Мемлекет алған несиеміздің пайыздық өсімінің жартысын өзі қайтарып отыр. Бұл – бизнес үшін нақты қолдау, шынайы көмек деп білемін, – дейді «Өскемен құс фабрикасы» АҚ басшысы Серік Толықбаев.
Ет өңдейтін жаңа құрал-жабдықтар сатылып алынып, қайта жарақтандырылып жатқан Өскемен құс фабрикасында қараша айынан бастап жаңа өнім – тауық етінің шұжығы шығарылмақ.
– Шұжықтың сексен пайызы тауық етінен, жиырма пайызы мал етінен жасалады. Өндірістік технологиясы ерекше жаңа өніміміз бәріне де ұнайтынына сенімім мол. Нағыз дәмді шұжық болады. Әзірге елімізде мұндай өнімді шығарып жатқан ешкім жоқ, – деген кәсіпорын басшысы Өскемен құс фабрикасының шұжығы тұтынушылар талғамынан шығатынына әбден сенімді.
Үдемелі индустриялық даму бағдарламасына еніп отырған құс етінің шұжығын өндіру жобасына он миллион доллар қаржы жұмсалуда. Жаңа өндіріс орнында айына екі жүз, үш жүз тонна шұжық өндірілмек. Қазақстандықтарға таңсық ас болып тұрған тауық етінің шұжығы өз облысымызбен қоса Астана, Павлодар өңірлеріне де шығарылмақ.

Тауықтың тамағын өздері дайындайды

Өскемен құс фабрикасының басшылығы биылдан бастап егін шаруашылығымен айналысуға кіріскелі отыр. Өзіңнің жемшөбің болмай, тауық өсіру оңай емес. Табыс таппақ түгілі, шулаған құстарға жем тауып бере алмай, банкрот болған фермалар да бар. Құс етінің өзіндік құнын, бағасын құрайтын басты нәрсе – оның тамағы.
Сондықтан құс фабрикасы үшін жемшөп қорын жасау бірінші қажеттілікке айналып отыр. Кәсіпорын Верх Уба ауылының маңынан бірнеше ондаған гектар жер алып, тауық жемінің шикізаты болатын ауылшаруашылығы дақылдарының біраз түрін екпек екен.
Дақылдарды өңдеп, жем, өзге де азық түрлерін шығаратын өндіріс орны дайын. Кәсіпорын сатып алған бұрынғы Защита элеваторының өндірісі жемшөп өндіретін өндіріске бейімделіп, қайта жарақтандырылып жатыр. Өндірісте жылына жүз мың тонна жем өндірілмек. Алпыс мың тоннадайын өздеріне пайдаланса, қалғанын шағын құс фермаларына сатуды көздеп отыр. Құны жеті миллион доллар болатын жем өндірісі жобасы келер жылдың наурызында іске асырылмақ.
Қазір жылына 12 мың тонна тауық еті мен оның жартылай фабрикаттарын шығарып отырған Өскемен құс фабрикасының өндірісі индустрияландыру картасы аясында жүргізіліп жатқан қайта жарақтандыру шараларынан кейін екі есеге арттырылады.
Аймақтағы азық-түлік өнімін өндірушілердің арасында ең алғашқылардың бірі болып халал өндірісіне көшкен құс фабрикасында болғанымызда, мұнда ветеринарлық қызметтің, халал өндірісі қағидалары бойынша ет өңдеудің талаптары мен тәртіптері қатаң сақталатындығын аңғардық.
Бройлер тауықтарының балапандарын өсіріп, құс етін өңдеп, енді егін шаруашылығымен айналысып, жемді де өздері өндіруге кіріскелі отырған фабрикада осылайша кішігірім құс еті өндірісінің кластері құрылып жатыр.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив