KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 10 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Қаржысы қыруар медицинамыз неге мандымай тұр?

20.03.2012, 18:00 233


2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» республикалық бағдарламасы облыста қалай жүзеге асырылуда? Негізінен осы мәселені талқылаған облыс әкімдігінің мәжілісінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау басқармасына бірқатар сын айтып, міндеттер жүктеді.

Өткен жылы облыстық денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 44 миллиард теңгені құрады. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ерлан Масалимовтың айтуынша, қаржының басым бөлігі материалдық-техникалық базаны нығайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінді. Бүгінгі күні Өскеменде қан орталығы салынып жатса, Семей қаласында радиологиялық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Басқарма басшысы облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы жыл са-йын артып, соның негізінде телемедицина кіріктіріліп, реанимобильдер мен жылжымалы медициналық кешендердің саны да артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Өткен жылы облыста скринингтік тексерудің тағы екі түрі енгізілген екен. Сондай-ақ туберкулездің алдын алу мен онымен күрес күшейтілген көрінеді.
Ана мен баланы қорғау шаралары да қолға алынған, онкологиялық ауруларға көмек көрсету жақсарып келеді.
Ерлан Масалимовтың бұл айтқандарын мұқият тыңдап отырған облыс басшысы баяндаманы нақты нәтижелерге бұруды сұрады.
– Қай іске қанша қаржы бөлінгендігін баяндадыңыз. Бірақ, сол бөлінген қаржының нәтижесін неге айтпайсыз? Мәселен, облыста туберкулез ауруының көрсеткіші жалпы республикалық көрсеткішпен салыстырғанда қандай деңгейде? Және бұл аурумен күресудің қандай нақты шаралары қолға алынған? Қаржы не үшін бөлінеді?
Туберкулез, онкологиялық ауруға шалдыққандардың санын азайту үшін, ана мен бала өліміне жол бермеу үшін, – деді облыс Әкімі.
Туберкулез, онкологиялық аурулар және ана мен бала өлімі бойынша біздің облыс елімізде алдыңғы орындарда тұр. Ал «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде тұрғындар денсаулығының жақсарғаны байқала ма?
Аймақ басшының қойған бұл сауалдары шын мәнінде кез келген облыс тұрғынын мазалап жүргені анық.
Ерлан Масалимовтың айтуынша, облыс туберкулез ауруы бойынша екінші орында тұр. Оның себебі де бар. Облыста колониялардың саны көп. Он төрт колониядағы туберкулезге шалдыққандардың саны артып келеді. Мәселе – ғимараттардың туберкулез ауруын емдеуге лайықталмағандығында да болып тұр.
– Көкпектіде туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқастар ауылдың ішінде еркін қыдырып жүр. Дүкен аралап, асханаларға да бас сұғады. Қарапайым халық бұған наразы, әрине, олардікі дұрыс, өйткені бұл науқастар туберкулездің ең жұқпалы түрімен ауырады. Науқастардың халықпен қарым-қатынас орнатпауы үшін қоршау тұрғызу сондай қиын ба? Не Көкпекті ауданының әкімі, не денсаулық сақтау басқармасы ешқандай шара қолданбай отыр. Жаңа аурухана салғанға дейін, қоршау тұрғызуға бес-алты миллион табуға болады ғой? – деді облыс Әкімі.
Ерлан Масалимов жуықта осы мәселені шешу үшін тендер өткізілгенін мәлім етті. Облыс басшысы бұл тендер өткен жылы өткізіліп, мәселені әу бастан шешу керек екендігін ескертті.
Аймақтағы медицина кадрларын қайта даярлау ісіне де облыс басшысы бірқатар сын айтты. Екі жылдан бері біліктілігін арттырушылардың кестесі дайындалмаған. «Шетелден миллиардтаған қаржыға сатып алынған құрылғыларда жұмыс істейтін мамандар болмаса, оның не керегі бар?» деді Әкім. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені бірінші кезекте назарға алу керек.
Өткен жылы ана мен бала өлімінің бес фактісі тіркелген. Ал биылғы екі айда осындай екі жағдай орын алған. «Ана мен бала өлімі соңғы кезде неге өсіп барады?» деген сауал қойды облыс басшысы.
– Жергілікті жердегі мамандар тиісті медициналық көмек көрсету үшін білік-тіліктерін арттыру керек. Ал бас дәрігерлер қайда қарап отыр? Неге есепте тұрған жүкті әйелді бақылауға алмай, үйге қоя береді? Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін үнемі бақылауда ұстау неге дұрыс жолға қойылмаған? – деді аймақ басшысы.
Денсаулық сақтау басқармасының минис-трліктің санавиациясымен дұрыс байланыс орнатпағаны да сынға алынды. Ана мен бала өлімінің бір себебі осында жатқандығын ескертті облыс Әкімі.
– Екі әйелдің өлімі тіркеліп отырған кезде мына баяндама кімге керек?! Олардың отбасына жауапты кім береді? Басшыларға қандай шара қолданылды? Міне, он екі күн өтті. Егер де бір басшыны жазалаған жағдайда өзгелері ойланар еді, жұмыстарын ширатар еді, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Содан соң аймақ басшысы диагнос-тикалық орталықтың Зырян, Зайсан, Аягөз аудандарындағы филиалдарының қалай жұмыс істеп тұрғандығын сұрады.
Сауалға он-лайн режимінде аталған аудандардың әкімдері Е.Сәлімов, С.Зайнулдин, А.Мұхтарханов жауап беріп, диагнос-тикалық орталық филиалдарының жұмыс істеп тұрғандығын айтты.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ онкология мәселесіне де баса назар аударды. Біздің онкологтарды Израильде, Кореяда оқытудың кестесі бар ма? Аймақ басшысы шетелге біліктілігін арттыруға ең алдымен аса қажетті мамандар бару керектігін атап өтті. Бұл жөнінде Елбасының тапсырмасы да бар.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің де маңызы бар. Амбулаторлық дәрі-дәрмек-тердің тендерлері өткізілді. 2,5 миллиард теңге бөлінгенімен, кейбір дәрі-дәрмек түрлерінің тапшылығы сезіліп отыр, бірақ мәселе назарға алынған, жуық арада шешілетіндігін атап өтті басқарма басшысы. Онкологиялық ауруға шалдыққандар дәрі-дәрмекті бұрынғыдай аудандардан емес, Өскемен мен Семей қалаларының ауруханаларынан алатын болды. Бұл – минис-трліктің енгізген өзгерісі.
Бүгінде көкейтесті мәселелердің қатары-на ардагерлерге көрсетілетін медициналық көмектің әлсіздігі де еніп отыр. Жуықта ардагерлермен жүздескен облыс басшысына осы мәселе бойынша бірқатар арыз-шағымдар айтылған. Жедел жәрдем шақыру кезінде ең алдымен қарттардың жасын сұрау әдетінен жедел жәрдемдегілер әлі де арылмаған сияқты. Егер оның жасы 70-тен асса, шақыруды қабылдамайтын көрінеді. Басқарма басшысы ардагерлерге қызмет көрсетуде олқылықтар болғандығын мойындады.
Ардагерлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Бердюгин сөз қозғады.
– Соңғы екі аптада мәселе шешіле бастады. Қаңтар, ақпан айларында дәрі-дәрмек тапшылығы болған. Ал ардагерлерге қызмет көрсету жағына келер болсақ, басқарма тарапынан шаралар жасалып жатыр. Алайда қызмет көрсету әлі де көңіл көншітетіндей деңгейде емес.
Облыс басшысы адамға медициналық қызмет көрсетуден бас тарту оның құқығын шектеу екендігін ескертті.
Медициналық мекемелердегі кезек мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Кезектің себебі – кадрлар тапшылығы. Мұны жою үшін облысымыздағы медициналық университет түлектерін өңірге тарту қажеттілігі де сөз болды. Сондай-ақ, Өскемендегі ЖМК ауданына тағы бір аурухана қажет екендігін де атап өтті облыс Әкімі.
Негізгі мәселені талқылауды қорытын-дылаған облыс Әкімі бірқатар тапсырмалар берді.
– Менің ойымша, облыстағы медици-налық қызмет көрсету деңгейі мемлекеттің бұл салаға жасаған қолдауына сай емес. Қаншама миллиардтар бөлініп жатыр, бірақ халықтың денсаулығында жақсару белгілері жоқ, аурудың азайғандығы байқалмайды, өлім-жітім төмендемеген. Әсіресе, балалар мен аналар өлімі. Бұл денсаулық сақтау басқармасының жұмысты дұрыс ұйымдастырмауынан болып отырған жағдайлар, медициналық мекеме басшылары өз жұмыстарына салғырт қарайды. Олар қатаң шара қолданбағанға үйреніп алған, – деді облыс Әкімі.
Аймақ басшысы өзінің орынбасары Ермек Көшербаевқа және облыс Әкімі аппаратының басшысына айтылған барлық мәселелерді назарға алып, денсаулық сақтау басқармасы бастығының өз лауазымына лайықтылығына қатысты ұсыныс жасауды тапсырды.
Министрлік комиссиясының жұмыс қорытындысына сай Семей, Үржар, Өскемендегі осындай мекеме басшыларына қатысты шешім шығаруды да жүктеді. Облыс Әкімі өңірде өзіміздің медициналық жоғары оқу орны бола тұра, кадр тапшылығы жөнінде сөз қозғау артық екендігін де атап өтті.
Мейрамнан кейін барлық медициналық мекеме басшыларының басын қосып, бағдарламаның орындалу барысы жөнінде кеңес өткізу керектігі алға тартылды. Ал бұл мәжіліске облыс орталығының өзінен бірде-бір медициналық мекеме басшысының, бас дәрігерлердің шақырылмағандығы да сынға алынды.

Инвестициялық жобалар серпіліс берді


Өңірдің өткен екі айдағы көрсеткіштері көңіл көншітеді. Экспорттық өнімдердің жоғары бағасы мен ішкі сұраныстың артуы өнеркәсіп өндірісінің өсуіне негіз болды.
Өнеркәсіпте 138 млрд. теңге сомасында өнім өндірілді, бұл өткен жылдың қаңтар-ақпан айының деңгейінен 28 пайызға көп.
Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская-ның айтуынша, өңдеуші өнеркәсіпте де өсім байқалады. Өндеу өнеркәсібінде шығарылған тауар өнімінің көлемі өткен жылдың деңгейінен 41 пайызға жоғары.
Ал тау-кен өнеркәсібінде түсті металлургия мен машина жасау өнімдерінің өсуіне байланысты бұл көрсеткіш 10 пайызды құраған. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі бойынша біздің өңір елімізде көш бастап тұр.
Бұл орайда инвестициялық жобалардың жүзеге асуы да маңызды рөл атқарды. Бүгінде ірі қалалар ғана емес, аудандар да жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Аягөзде өндіріс 7 есеге, Тарбағатайда үш есеге, Катонқарағайда екі есеге өскен.
Өңдеу өнеркәсібі бойынша Шемонайха ауданы 5 есе өсім көрсетсе, Тарбағатайдағы көрсеткіш төрт есе, Абай ауданында – екі есе.
Өндірістің төмендеуі Зырян, Зайсан, Глубокое, Бородулиха, Аягөз аудандарында байқалды.

Мал саны қалпына келтірілмей отыр

Ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 18 пайызға артты.
Ет пен сүт өнімдерін өндіру артқанымен, жұмыртқа өндіру 61 пайызға дейін төмендеп кеткен. Үржар, Бородулиха, Шемонайха, Ұлан аудандары мен Семей қаласында ірі қара мал саны азайған. Мал саны болса қайта қалпына келтірілмеген. Бүгінде мал асылдандырылуға емес, пышаққа көп ілініп жатыр.
Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға жоғары. Салынған инвестиция-лардың негізгі үлесін кәсіпорындардың меншікті қаражаты құрады – 73 пайыз.
Тұрғын үйді пайдалануға беру өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға артты. Сонымен қатар Өскемен, Бородулиха, Жарма, Зырян және Ұлан аудандарында өткен жылдың қаңтар-ақпан айына қарағанда құрылыс жұмыстарының баяулағаны байқалған.
Азық-түлік емес тауарлардың, тұрғын-дарға қызмет көрсету бағасы жоғарылаған. Әлеуметтік қорғау саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызға азайған.
Ағымдағы жылдың екі айының қорытындысы бойынша Аягөз, Күршім, Көкпекті, Зайсан, Үржар, Шемонайха аудандары көш бастап келеді. Дамудың орташа көрсеткіштері Ұлан, Глубокое, Тарбағатай, Абай, Катонқарағай, Бородулиха аудандарына және Семей қаласына тиесілі. Ал төменгі көрсеткіштер қатарына Өскемен, Курчатов, Риддер қалалары мен Бесқарағай, Жарма, Зырян аудандары ілікті.
Облыс басшысы дамудың көрсеткіштері республикалық деңгейден төмен болмауын тапсырды. Басты назарды инвестициялық жобаларға аударуды, сондай-ақ, құрылыс саласындағыларға өзімізде өндірілген материалдарды пайдалануды қолға алу керектігін атап өтті. Тұрақтандыру қоры мен сауда орталықтарының дамуы, бәсекелестіктің артуы азық-түлік және өнеркәсіптік тауарлар бағасының төмендеуіне жұмыс істеуі керектігі атап көрсетілді.
Жаңа өндіріс орындарын көптеп ашу керек

Өскемен және Семей қалаларында индустриялық аймақтар аумағында ірі өндіріс орындарын құру туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтов, Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев пен Семей қаласы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков хабарлама жасады.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2007 жылғы 17-сәуірдегі қаулысының негізінде бизнесті дамыту аймағын құру жөніндегі жұмысқа басшылық жасау үшін Шығыс Қазақстан өңірлік бизнесті дамыту орталығы құрылды. Облыста төрт индус-триялды аймақ бар. Олардың үшеуі облыс орталығында, біреуі Семей қаласында орналасқан. Олар: «Өркен-КШТ», «Өркен-Каменный карьер», «Өркен-Овечий ключ» және «Өндіріс».
Аталған аймақтарды құруға 2007-2008 жылдар аралығында 470 млн. теңге бөлінген. Өкінішке қарай, 2010-2011 жылдары жобалық-сметалық құжаттардың, экономикалық сараптаманың болмауынан индустриялық аймақтарында жұмыстар жүргізілмеген, қаржы бөлінбеген.
2010 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бюджеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша өнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту-ға 427,2 млн. теңге қаржы қарастырылған. Осыған байланысты, аталған бағытты іске асыру мақсатында 2010 жылы Үдемелі ин-дустриялды-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінде «Арматура зауыты аймағы Машина жасау көшесінде бизнесті дамытудың индустриялық аймағының құрылысы» жобасы қаралып, қолдау тапқан.
Өскемен қаласының әкімі С.Тәукебаев бизнесті дамыту аймағына орналастыруға жоспарланған жобалардың тізімі құрылып жатқандығын жеткізді.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірде индустриялық аймақтар бойынша қолға алынған жобалардың тым аз екендігін сынға алды.
– Семейде аздаған шаруалар бар, ал Өскемен әлі тыныш тұр. Өскемендегі қолға алынған жобаларға инженерлік коммуникацияларға дейін тартылған. Олай болса, неге жұмыс істемейміз? Енді нені тосып отырмыз? Тек жұмыс істеу ғана қалып тұр. Өндірістік аймақтарды жаңа жобалармен толықтырып, жаңа инвесторлар тарту қажет,-деді облыс Әкімі.

Әлеуметтік жауапкершілікті арттырған ләзім

Өңірде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде қабылданған міндет-темелердің іске асырылу барысы жөніндегі ақпаратты облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлева жеткізді. Жыл сайын облыс Әкімі, қалалар мен аудандар әкімдері және кәсіпкерлік субъектілері арасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүздеген меморандумдар жасалады.
Әлеуметтік жауапкершіліктің деңгейі жыл сайын өсуде. 2008 жылы 1426 меморандум жасалса, 2011 жылы 4001 құжатқа қол қойылған.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша қабылданған және орындалған міндеттемелердің сомасы 2008 жылы – 2,4 млрд. теңгені құраса, 2011 жылы ол 5 есе артып, 11,9 млрд. теңгені құраған.
2008–2011 жылдар аралығында меморандумдар шеңберінде 11,7 млрд. теңге игерілді. Облыс аудандарында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілікке қосқан үлестерінің нақты мысалдары жетерлік.
Сонымен қатар қалалар және аудандарда жасалған меморандумдардың санында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Егер Аягөз ауданында 900 меморандум жасалса, Абай ауданында тек 25 қана. Бұдан кейін көп меморандум Жарма (577), Ұлан (562), Шемонайха (301), Үржар (277) аудандарында жасалған. Десек те бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша міндеттемелер Аягөз, Глубокое, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Ұлан және Үржар аудандарында толық көлемде орындалмай қалған.
Облыста 2008 – 2011 жылдар көлемінде облыс Әкімі мен ірі компаниялар арасында мемлекеттік-жеке серіктестіктің өзара ықпалдастығы туралы 11 меморандумға қол қойылып, жалпы сомасы 9,5 млрд. теңгені құраған. Қабылданған міндеттемелерді орындау 2012 жылы жалғасады.
Облыс Әкімінің бастамасымен облыста «Туған жерге – тағзым» акциясы жалғасып ке-леді. Ол бойынша өңірден шыққан бизнесте, спортта, өнерде, қоғамдық-саяси қызметте жетістікке жеткен шығысқазақстандықтар әлеуметтік нысандар құрылысына және ауыл- аймақтарды жақсартуға қаражат бөлген.
Үш жылда бизнес өкілдері акция шеңберінде 18,4 млрд. теңгенің әлеуметтік жобаларын іске асырған. 2011 жылдың басында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «20 жарқын іс» акциясы өткізіліп, ол облыстың барлық қалалары мен аудандарын қамтыды.
2011 жылғы облысымыздың екі ұжымы республикалық байқауда жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымында ірі кәсіпорындардың ішінде «ҮМЗ» АҚ танылса, шағын кәсіпорындар арасындағы «Үздік әлеуметтік-жауапкершілікті кәсіпор-ын» ретінде «Екі Дос» ЖШС-і (Катонқарағай ауданы) танылған.
– Меморандумдардың әр тармағы бақылауға алынуы қажет. «Туған жерге – тағзым» акциясы, аудандар жәрмеңкесі биыл да жалғасады. Ең бастысы, аудан әкімдері меморандумдарға қолды қоюмен шектелмей, оның орындалуына да баса назар аударуы керек. Барлық меморандумдар биылғы мамырдың біріне дейін жасалынып бітсін, – деді облыс Әкімі.

Кешіккеннің қаржысы қайтарылып алынады

Облыстық қаржы басқармасының бастығы Серікқазы Оразалиев облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік сатып алуларды өткізу барысы жайында баяндады.
Оның айтуынша, 2012 жылы облыс бо-йынша мемлекеттік сатып алудың бекітілген (өзгертілген) жылдық жоспарларына сәйкес 23,7 млрд. теңгеге 356 конкурс өткізу жоспарланған. Облыс Әкімінің конкурстарды жариялау туралы тапсырмасын орындау үшін ағымдағы жылдың 14-наурызында 21 млрд. теңгеге 329 конкурс жарияланған, 6,01 млрд. теңгеге 73 конкурстың қорытындылары шығарылған, 15,2 млрд. теңгеге 256 конкурс аяқталуда.
Алайда, әлі конкурстар жарияланбаған қалалар мен аудандар бар. Мәселен, Семей қаласында – 7, Бесқарағайда – 4, Өскемен қаласында –3, Аягөз, Күршім, Көкпекті, Шемонайха аудандарында бір-бірден конкурс-тар жарияланбаған. Басқаны айтпағанда, облыстық құрылыс басқармасында да жарияланбаған конкурстар бар болып шықты. Олардың жалпы сомасы – 1,6 млрд. теңге. Бәрінің себебі біреу ғана – жобалық-сметалық құжаттар кеш жасалған, көпшілігі мемлекеттік сараптамада жатыр. Кейбір нысандардың жобалық-сметалық құжаттары қайта жасалған, содан кейін кешіккен. Аталған жағдайлар облыс Әкімінің орынды наразылығын тудырды. Әкім конкурстарды кешіктіріп жатқандарды жеке-жеке тұрғызып, кешігу себептерін анықтады, нақты жауаптарын тыңдады.
– Жобалық-сметалық құжаттардың уақытында жасалмауы себебінен біз респуб-ликадан бөлінетін қаражаттан қағылатын болып отырмыз. Бұл – дұрыс емес. Басқаларды қойып, құрылыс басқармасында осылай болып жатса, не деуге болады. Соңғы рет ескертемін. Егер конкурсты жариялауды кешіктіре берер болсаңыздар, барлық қаржы сәуірде өтетін сессиямен қайтарылып алынатын болады. Жобалық-сметалық құжаттарды қашанға дейін соза беруге болады. Регламент деген болу керек қой. Бұлай созыла беретін болса, жауапты тұлғалар қызметінен босатылуға дейінгі шаралар қолданылатынын ескертемін. Наурыз – соңғы мерзім, – деді облыс Әкімі.

Халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлайық

– Ең бірінші, алдымызда Наурыз мейрамы келе жатыр. Оны лайықты өткізуіміз керек. Наурыз бес күн болса, бес күн бойы қарапайым жұрт мерекелік көңіл күйді сезіне білу керек. Қалалар мен аудандардағы барлық алаңдар, мәдениет орындары, спортзалдар халықтан босамауы керек. Шынында да екі үлкен қаламыз Өскемен мен Семейден Наурыздың иісі сезілмейді. Неге біз Жаңа жылға бір ай бойы дайындаламыз да, Наурызға келгенде құрып қаламыз. Дайындықтың барысын байқай алмадым қаланы аралағанда. Ұлан, Глубокое, Шемонайхада да солай. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демей ме қазақ. Соны неге ескермейміз. Ал біз бір күн арнаймыз да, артынан тып-тыныш қаламыз. Тиісті басқармалар жұмыс істесін, әзірге жұмыстары байқалмайды, – деді өңір басшысы мәжілісте.
Көктемгі тасқынға дайындық жұмыстары да бірінші кезекте күн тәртібінде болу керек. Техникадан, жанар-жағармайдан мәселе болмасын. Тікұшақтармен, жарылғыш заттармен алдын ала келісім болу қажет.
Облыс басшысы қалалар мен аудандардың тасқын болады-ау деген қауіпті елді мекендерін жіпке тізгендей етіп атап берді. Мәселен, Аягөз ауданының Тарлаулы, Қопа, Катонқарағайдың Печи, Коробиха, Үржардың Үржар, Қарабұта, Шошқалы ауылдары, Бұқтырма өзенінің Катонқарағай, Зырян аудандарына тиесілі бөліктері қатты бақылауда болу керек. Барлық аудандық, ауылдық әкімдіктерде мереке күндері үзіліссіз тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылғаны абзал. Көктемнің күн райы құбылып тұрғандықтан, бәріне сақадай-сай әзір болуымыз қажет. Тасқынға тосқын шараларына көп жылғы тәжірибелері бар ауыл ақсақалдарын тарту қажет, солардың ақыл-кеңестеріне жүгінген ләзім.
Одан кейін қозғалған мәселе көктемгі егіс жайында болды. Мұнда да әзірлік бірінші орынға шығуға тиіс. Егістік жерлердің көлемі былтырмен салыстырғанда кем дегенде бес пайыздан төмендемегені жөн. Тұқымның бірінші, екінші сұрыптысы ғана егілуі қажет.
Сондай-ақ, облыс Әкімі жастарға «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы жағдай жасалуына, мектептерді оңтайландыру жұмыстарының нәтижелі жүргізілуіне, кәсіптік-техникалық мектептерде оқытылатын мамандықтардың дұрыс іріктелуіне, облыстағы құрылыс нысандарына кірпіштің жетпей жатқандығына тоқталып, жағдайды түзеуге тиісті тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, облыс Әкімі «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық конференциясының облысымызда лайықты ұйымдастырылуына үлес қосқан барлық лауазымды тұлғаларға ризашылығын білдірді.

[url=http://altaynews.kz/admin.php?mod=addnews&action=addnews]altaynews.kz[/url]




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив