KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Жамали ДИҚАНҰЛЫ, республикалық «Қара жорға» спорттық би федерациясының директоры: – Алтай – МЕНІҢ МӘҢГІЛІК сағынышым

20.03.2012, 18:00 139


Қазіргі күні қазақтың той-томалағы «Қара жорғасыз» өтпейді. Үлкен-кішінің қанын қыздырып, делебесін қоздыратын осынау ұлттық биіміздің болашақта ұлтымыздың «брендіне» де айналарына сенім мол. Десе де соңғы кездері «Қара жорға» жайында ел арасында түрлі қауесеттің де қаптап кеткені шындық. «Қара жорға» қазақтың биі емес деген даудың отын жағып жүргендердің көздеген мақсаты не сонда? «Қара жорға» туралы аңыз қайсы ақиқат қане. Біз бұл жайында осы биді кеңінен насихаттап жүрген азаматтардың бірі – республикалық «Қара жорға» спорттық би федерациясының президенті, «Қара жорға» өнер ұжымының директоры Жамали Диқанұлымен жуықта Өскеменге келгенде жолығып, сұхбаттасқан едік.

Наурыз-көжені үй-үйді аралап жүріп ішетін едік

– Жамали Диқанұлы, Шығысқа Наурыз мейрамы қарсаңында келіп қалыпсыз. Әңгімені наурыздан бастасақ, қалай қарайсыз? Бұл мейрамды Сіз бала кезден жақсы білетін боларсыз?

– Балалық шағым Тарбағатай тауының күнгей бетінде өтті. Кішкентай кезімізде наурызды қазақтың жаңа жылы деп керемет асыға күтетінбіз, Наурыздың 14-ші жұлдызынан бас-тап, ауылдың үлкендері «Қыстан қысылмай аман шықтыңдар ма?» деп бірімен-бірі төс қағыстырып, көрісіп жататын. Шешелеріміз қазан-қазан наурыз-көже жасайтын. Наурыз көжені шақырмаса да үй-үйді аралап жүріп ішетін едік. Әкеміз бізді қасына ертіп алатын ондайда. Ешкім де кет демейтін. Қуана қарсы алатын. Қазақтың жазылмаған үлкен бір салты осы еді. Ал енді ол жақта той-томалақтың бәрі қазақтың №1 биі «Қара жорғамен» басталатын. Аталарымыз бен әжелеріміздің, бала-шағаның буын-буыны былқылдап «Қара жорғаны» билей жөнелетін.
Ал енді биге қарай ойысайын. Жалпы, қазақта «Қара жорғадан» басқа да бидің түрі өте көп қой. «Аю биі», «Аңшының биі», «Құсбегі», «Аққу», «Ортеке», «Алқақотан», «Үкілі ару» дейсіз бе, жетеді. Мұның себебін қазақтың кең байтақ сахарада өскенінен іздеген дұрыс. Сол сахарада еркін өскен халық бүкіл даланың тағыларымен етене болып кетті. Халықтың жадының кереметтігі соншалық, қылт еткен аюдың әрекетін, құланның қимылын қағып алған. Аңшылықтың, саятшылықтың өзін биге арқау еткен. Қазір туризмді дамытамыз деп жүрміз ғой. Шындап келгенде туризмнің нағыз көкесі қазақта болған. Қазақ ертеден-ақ таза су ішіп, таза ауамен тыныстаған. Таза ет жеп, таза қымыз бен шұбат қана ішкен. Қазақ баласы тек тазалықпен өсті. Ендеше, Абайдың әжесі Зеренің Құнанбайды дәретсіз емізбегені секілді өнер де қазаққа тазалықпен келді. Ал тектілікпен келген өнер ешқашан өміршеңдігін жоймайды. Міне, қанмен сіңген өнер күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.
Мысалы, қазақта «Алқақотан» деген би бар. Ол қайдан шыққан? Кезінде қазақтың Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек сынды қас батырлары жауға шапқан кезде кешкісін әскерлер тоңып, ауырып, ертеңгі жорыққа жарамай қалмауы үшін ортаға от жаққан. Сөйтіп жауынгерлер отты айналып «Алқақотан»
биін билеген екен. Бұл бір жағынан адамның шабытын шақырып, сергектік сыйласа, екіншіден, жауынгерлердің үстіндегі киімдері кепкен.

«Қара жорғаны» қазақтың биі емес дегендердің көмейіне құм құйғым келеді

– Жамали мырза, қазір қазақ қоғамында осы «Қара жорға» биіне қарсы шығушылар қара көрсетіп жүр ғой. Бұл қазақтың биі емес, моңғолдың биі немесе қытайдың биі деп елді шатастырып жүргендерге айтар уәжіңіз қандай?

– Есіңізде болсын, қойға қасқыр шаппаса, қой маңқа болып кетеді. Сол секілді өнерде, өлеңде бәсеке, сөз таластыру болмаса, тоқырау басталады. Бірақ бір ескерерлігі, бәсеке адамның өресін өсірсе, қызғаныш артта қалдырады. Өкінішке қарай, көп адамдар бәсеке мен қызғаныштың аражігін айыра алмай жатады. Содан барып ол өзінің не істеп жүргенін білмей қалады. Білетін адамды аяқтан шалуды әдетіне айналдырады. «Қара жорғаға» қарсы шығып жүрген де осындай топтар.
«Қара жорға» биінен бұрын қазақта ең алдымен осы аттас күй пайда болған. Оның құдіреті сонда, бұл күй тартылғанда өздігінен өзі отыра алмай адамның делебесі қозады. Күй шыққаннан кейін тек бір жарым ғасырдан кейін ғана би пайда болған. Ал би дегеніңіз – әрекет, қимыл.
Иә, соңғы кездері «Қара жорға» жөнінде әртүрлі пікір қаптап кетті. Біреулер бұл жоңғардікі десе, енді біреулер «Қара жорғаны» моңғолдікі дейді. Тағы біреулер «ой, бұл шаманизмнен қалған» деп те соғып жүр. Мұндай ой айтып жүрген адамдардың деңгейі осы шамада ғана қалып қойған. «Қара жорғаны» қазақтікі емес, қытайдікі, моңғолдікі дегендердің аузына құм құю үшін мен «Қара жорға» деген зерттеу кітап жаздым. Қазір Алматыдағы бір баспада жатыр. Мен ол кітабымдағы деректердің ешқайсысын ойымнан шығарған жоқпын. Бір кездері жер-жаһанды кезген ағылшын, орыс саяхатшыларының деректеріне сүйендім. Былтыр Моңғолияның Баянөлгий аймағына арнайы барып, моңғолдың қара жорға биі мен қазақтың қара жорға биі, моңғолдың қара жорға күйі мен қазақтың қара жорға күйінің жазба дерегі мен түсірілімін алып келдім. Бір атап өтерлігі, «Қара жорға» күйінің шертілуі ұқсағанымен, биленуі онша ұқсамайды. Содан кейін Қытайдың СиСиТВ-4 деген арнасының алтын қорындағы «Қара жорға» биін түгел түсіріп, көшірмесін де жасаттым. Сондай-ақ, Қазақстаннан жеті жанды дерек таптым. Мысалы, Атыраудағы өлкетану мұражайында бір кітап тұр. Онда Алматыдағы «Өлке» деген баспаны басқарып отырған белгілі журналист, жазушы ағамыз Мереке Құлкеннің анасы Талшын Қарабалина 1945 жылға дейін «Қара жорғаны» билегені туралы жазылыпты. Кеңестік заманда еліміздің Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібек «Қара жорғаны» тәуір-ақ дәріптеген. Өткен жылы «Хабар» арнасындағы «Сонымен, солай дейік» деген бағдарламада осы мәселе сөз болып, мүйізі қарағайдай этнограф ағалардың алдында осындай деректерімнің бәрін жайып салдым. Айтыңызшы, неге біз шұбатымызды, қымызымызды неміске, көкпарымызды қырғызға, «Қара жорғамызды» қытайға немесе моңғолға береміз. Сонда қазақта не қалады? Мүмкін «Қара жорғаны» моңғолдар бізден алған шығар? Моңғол дегеніңіз «мың қол», яғни бір ғана тайпа ел болған ғой. Ал қытайлықтардың «Қара жорғаға» таласпайтын өзіндік себебі бар. СУАР аймағы алғаш құрылғанда Қытай астанасы Пекинде 56 ұлттың салтанатты мерекесі өтеді. Сол мерекеде Меңдіжамал деген апамыз қазақтың «Жылқы» биін билейді. «Жылқы» биі деген осы «Қара жорға» болатын. Сонда барша әлем таныған қытай басшысы Мао Цзэдуннің өзі таңғалған. Егер «Қара жорға» қытайдың атасының биі болатын болса, бүйтіп таңғалмайтын еді ғой. Менің арманым – «Қара жорға» биін таза күй түрінде таратып, халықты сол күйге билетіп, насихаттау.

– Сонда біз қазір қай «Қара жорғаға» билеп жүрміз?

– Қазiргi кезде теледидарда төрт жігіт айтып, билеп жүр ғой, ол «Қара жорға» емес. Ол «Сал күрең» деген күй. Бұл – 1950 жылдары Қытайда «Хасен-Жәмила» деген киноға тапсырыспен жазылған сан қырлы өнерпаз Тайыр Белгібай дегеннің күйі. Тоқсаныншы жылдардың басында Қытайдағы қандасымыз Мерей Тұрдақынұлы деген азамат осы «Сал күреңге» мәтiн жазған. Сөйтіп бірде үлкен бастықтардың бірі «Әй, мынау қандай күй?» дегенде, сасқалақтап «Қара жорға» дей салған ғой. Ал шындығында бұл «Қара жорға» емес, Тайыр Белгібайдың «Сал күреңі». Оған жазылған мәтінде:
– Кемпiр жүрсе кеңкiлдеп,
Ақ жаулығы желкiлдеп.
Шалдарына көз қысып,
Би билесiн селкiлдеп.., – деп келетiн ойсыз, жеңiл жолдар бар. Ал енді өзіміздің Тарбағатай өңірінен Мұратбек Сарбасов деген бауырымыз тағы бір «Қара жорғаны» насихаттап жүр. Оның айтып жүргені тіпті «Қара жорға» емес, әуені «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің ариясынан алынған. Мұның бәрі тарихта қалатын нәрсе ғой. Ұрпақты бұлай алдап, шатастыруға әсте болмайды. «Қара жорғаның» өзінің екі-ақ айырымнан тұратын күйі бар. Осы күйге әжелеріміз бен аталарымыздың билегенін көрсең, көре бергің келеді. Тайыр Белгібайдың «Сал күреңі» мен қазақтың «Келіншек» деген күйі, содан кейін «Моңғолдың қара жорғасы» түпнұсқа «Қара жорғаға» жақын болып келетіндіктен, жұрт «Қара жорғаны» жиі шатастырып алады. Содан кейін неше түрлі әңгіме тарап, әркім әртүрлі тон пішеді.

Атырауда бір мезгілде 15 288 адам биледі


– Сіз «Қара жорғаны» спорттық би деп те жүрсіз. Бұл бидің спортқа қандай қатысы бар?


– Иә, мен «Қара жорғаны» спорттық би деп жүрмін. Неге? Олай дейтінім, «Қара жорға» бидің атасы, бидегі көптеген қимылдардың жиынтығы. Мысалы Қытайда у-шу деген спорт түрі бар. Қытайша «у» деген «бес», ал «шу» деген «сайыс» деген сөз. Cол у-шудағы қимылдар «Қара жорғадағы» би қимылдарына қатты ұқсайды. «Қара жорға» – cпорттың көкесі. Адамның буын-буынының бәрі қозғалады. Қалай, қай жеріңнен ұстаса да құтылып кетесің. Тек қытайлар секілді біз мұның бәрін қағазға, ағаштың қабығына жазбадық. Мұның бәрін қазақ табиғи, Алланың берген зердесінің арқасында ғана жаттап қалды. Тұнықтығымыз, тазалығымыз сондай, біз бәрін миымызға сақтадық. Ал қытайлар бәрін қағазға түсіріп, қаттап отырған ғой.

– 2010 жылдың қазан айында Атырау қаласында Сіз осы «Қара жорғаға» бір мезгілде 15 288 адамды билетіп, бидің Гиннестің рекордтар кітабындағы көрсеткішін жаңалауға еңбек сіңірдіңіз. Он бес мыңнан астам адамға «Қара жорғаны» үйрету қиын болған жоқ па?

– Егер сіз халқыңызға шын көңілден иненің жасуындай болсын пайда тигізуді ойласаңыз, еш нәрсенің қиындығы болмайды екен. Ең бастысы, өзіңді-өзің жеңе білсең болды. Атырау жұртына бұл биді небәрі 10 күннің ішінде үйреттік. 80 адамнан тұратын штаб құрылды. Жұрттың биге деген ықыласын ояту үшін Атырауға «Сал күрең» күйінің авторы Тайыр Белгібайдың алпыс екі жастағы Нағима Тайыр деген қызын, балалар биінің режиссері Зейнеп Әліпбайды алып бардым. «Қара жорға» биін билеуге Атыраудың шетіндегі Мақат, Еркін қала, Жұмыскер секілді ауылдарынан да адамдар көптеп келді. Еңбектің жемісі қашан да тәтті болады екен.

– Сіз «Қара жорға» биін Қазақстанға алғаш алып келген Арыстанқажы Шәдетұлы» дегенмен келісесіз бе?

– Өнерді ешқашан да біреу бір жақтан арқалап келмейді. Өнер – ала дорбамен тасып жүретін зат емес. Ол халық ұнатса ғана сіңеді. Егер ұнатпаса, сіңбейді. Арыстанқажы Шәдетұлының осыдан он-он бес жыл бұрын Қазақстанда «Қара жорғаны» тұңғыш рет билегені рас. Мүмкін сол кезде Арыстанқажыдан басқа да қыздар мен ұлдар билеген болар бұл биді. Бәлкім олар жас болғандықтан көзге түспеді. Ал алпыс жастағы адамның былқ-сылқ етіп билеп жатқаны елге қызық көрінуі мүмкін ғой. Мен ол кісіні ұстаз деп, ақылшы деп құрмет тұтамын. Бірақ Арыстанқажы Шәдетұлы «Қара жорға» биімен ғылыми түрде жұмыс жасаған жоқ. Содан кейін Қазақстанға әкелді деп сөйлемеген дұрыс. Таратты, насихаттады десек, дұрыс болады. Ал мен 2009 жылы бұл биді еліміздің Әділет министрлігіне заңды түрде тіркетіп отырып, жұмыс жасап
жүрмін.

– Айтыңызшы, Алтайға келген сайын қандай сезімде боласыз?

– Алтай – қазақ, түрік мәдениетінің алтын бесігі болған жер ғой. Орта Азиядағы түркі тектес ұлттардың кіндігінің тараған жері бұл. Киелі топырақ. Бір өкініштісі, осынау қасиетті Алтайды орыс пен қытай кейіннен төр Алтай, өр Алтай, малды Алтай, ойлы Алтай деп төртке бөліп тастады. Алтай – менің мәңгілік сағынышым. Алтайға келген сайын бір рахаттанып қаламын.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив