KZ
Өскемен
+9°
ясно жел 11 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Нағыз бақытты әйел

19.03.2012, 18:00 146


– Осы сенбіде ауылға барайық, – деді күйеуі.
– Өткен демалыста ғана бардық қой.
– Тағы да барайық...
Күйеуі бұған қиыла қарады. Қызық өзі, сен-бі, жексенбіде қалада жақсылап демалудың орнына ауылға барғысы келеді де тұрады. Мұны да «жүр, жүрдің» астына алатынын қай-терсің. Обалы не керек, ауылдағылар бұлар барған сайын қуанып қалады. Енесі сандықта сақтаған тәтті-дәмдіні екеуінің аузына
тосып, бәйек болады. Бұл да барынша жақсы келін болуға тырысып, үй жинап, кір жуып дегендей, тыным таппайды. «Керегі жоқ, еш-теңе істемей-ақ қойшы, демалшы» дейді кейде енесі қасына келіп. Қандай мейірімді жан десеңші! Өткен жолы барғандарында біраз ет берді.
– Мынау ұлтабар, әдейі саған сақтадым, – деді енесі.
Жүрегіне әлдекім біз сұғып алғандай болды. Енесінің нені тұспалдап, айтқысы келгенін де жақсы түсінді. Бала... Кейде ата-енесіне бір шарана сыйлай алмай жүргеніне өзін кінәлі сезінеді. Қаралмаған дәрігері жоқ. Бірақ құдай бермеген баланы қолдан қалай жасайсың.
– Ауылға бармаймын. Өзің-ақ бара берші.
– Неге, жаным?
– Сол...
Күйеуі әрі қарай қазбаламады. Ауылға барған сайын енесінің мұның бойына әлдебір үмітпен қарайтынын ол қайдан білсін. Ауылға барған сайын мұның жанының қиналатынын ол қайдан білсін...
...Балконның терезесінен сыртқа көз салған. Әне, үйдің жанындағы қоқыс жәшігін бірнеше қайыршы ақтарыстырып жатыр. Өзек жалғар нәпақа іздейді. Араларында екі әйел бар екен. Құдай-ау, біреуінің аяғы ауыр ғой... Өз көзіне өзі сенбеді. Кәдімгідей іші шартиып жүр. Қызыға қарады. Қызғана қарады. Сол сәт аяғы ауыр қайыршы әйел оған мынау әлемдегі ең бақытты жандай көрінді...

Мейрамтай Иманғали




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив