Өскемен
-25°
плотный туман ветер 2 м/с, СВ
460.43 501.04 6.65

Мэрлер Бейбітшілік мекені Қазақстан болады деп отыр

18.03.2012, 18:00 41 0


Ядролық қарусыз әлемге бірінші болып қадам басқан Қазақ елі атом аждаһасынан адамзат баласын қорғауды мақсұт тұтқан тағы бір игі бастамаға мұрындық болды. Сынақ полигонынан қасірет шеккен һәм үнемі тың идеяларға ұйтқы болып жүретін біздің Шығыста «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының өкілдері бас қосып, ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Бельгияның Ипр қаласының мэрі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы «Болашақ – 2020» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Люк Деане бастаған еуропалық делегация алдымен облыс орталығы Өскемен қаласына ат басын бұрды. Мұнда шетелдік меймандар «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ның кәсіпорынында болып, жұмысымен танысқан соң облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті.
Өнеркәсіптің қазіргі тынысын баяндамас бұрын «ҮМЗ» АҚ-ның басқарма төрағасы Юрий Шахворостов жақында Бельгиядағы болған автобус апатының салдарынан көз жұмған мектеп оқушыларының қазасына қатысты көңіл білдірді.
«Қазатомпром» ұлттық компаниясына қарайтын, алпыс жылдан астам тарихы бар бұл металлургиялық зауыт негізінен шикізат өндірумен айналысатын әлемдегі ірі өндіріс орны.

Еуропалық делегаттардың «ҮМЗ»-ға арнайы тоқтап, тыныс-тіршілігін көзбен көруі тегін емес. Өйткені, сонау жетпісінші жылдардың басында бұл жерде атом энергетикасы саласын дамыту бағытында үлкен шаруалар қолға алынған-ды. Нақтырақ айтсақ, бұрынғы Кеңес одағының аумағындағы АЭС-терді жылумен қамтамасыз ету мақсатында құрамында уран қосындысы бар таблеткалар шығару міндеті Шығыстағы зауыттың мойнына жүктелген. Кейіннен тәуелсіздік алған жылдардан бастап өнеркәсіп дамудың жаңа белестерін бағындыруға көшті. Тантал, берилий, уран сияқты сирек кездесетін металдарды өндіруге білек сыбана кірісуі оны әлемдегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындар қатарына шығарды. «ҮМЗ»-нің басқарма төрағасы Юрий Шахворостов ресми делегаттарға осындай қызықты да маңызды мәліметтерді айта жүріп кәсіпорын өндіретін өнімдерді көрсетті. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, өскемендік зауытта шетелдіктердің көңілін аударарлық тамаша дүниелер көп екен.
– Құрамында тантал және ниобий бар кез келген шикізатты қайта өңдей алатын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған біздің кәсіпорынның шығарған бірқатар өнімдері бүгінде күнделікті өмірімізде қолданып жүрген ұялы телефондарды, аудио-бейне-фототехникаларды, компьютерлерді жасауға пайдаланылады. Сондай-ақ, миниатюра-лық тантал конденсаторлары автомобиль өнеркәсібі, әскери-өнеркәсіптік кешені үшін де қажет, – деп түсіндірген Юрий Шахворос-тов тантал, берилий, уран металлдарынан өндірілетін дүниежүзінде зор сұранысқа ие тауарлардың бір парасын таныстырды.
Бұған қоса ыстыққа төзімділік, иілгіштік, коррозияға шынайы беріктігі сияқты бірегей қасиеттері арқасында тантал металлургияда, металл өңдеуде, химиялық машина жасауда, аспаптар жасауда, аэроғарыштық техникада, медицинада, ядролық энергетикада кеңінен қолданылады.
Айта кету керек, тантал өндірісінде жаңа буындағы сыйымдылығы жоғары тантал конденсаторлы ұнтақтарын шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік желінің қосылуымен еліміз «ҮМЗ» арқылы сыйымдылығы жоғары ұнтақтар шығару мүмкіндігіне ие әлемдегі төртінші елге айналып, конденсатор жасау саласында алғашқы отандық жобаны жүзеге асырды, Қазақстанның электронды өнеркәсібін қалыптастыруға бекінді.
Қазір Шығыстан тарайтын тантал өнімдерін тұрақты тұтынушылар қатарында АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Жапония және Қытайдың әйгілі компаниялары бар.
Зауыттың басқарма төрағасы Юрий Шахворостов сондай-ақ, уран мен берилийден өндірілетін өнімдерді құрметті қонақтардың назарына ұсынып, бейбіт мақсатта кәдеге жаратылатын атом энергетикасының жайына да тоқталды. Одан кейін Бельгия мэрі Люк ДЕАНЕ бастаған делегаттар «ҮМЗ» АҚ жайында әзірленген деректі фильмді тамашалады.
Кәсіпорында болғаннан кейін халықаралық ұйым мүшелері облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВПЕН кездесуге келді.
– Ипр қаласының мэрі Люк ДЕАНЕГЕ осы ғылыми-конференцияны ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Ядролық қарудың зардабын тартқан өңір ретінде бізді «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық қозғалыстың көтеріп отырған бастамасын қызу қолдаймыз. Шығыстағы барлық қалалардың әкімдері мен Павлодар, Қарағанды облыстарының басшылары да бізге қосылады. Сонымен қатар біз аталған конференция аясында жастар ұйымдарының «Жаңа ұрпақ ядролық қарусыз әлемді қалайды» атты бастамасына мән беріп, қолдаймыз. Және де халықаралық ұйымның басшылығына Семей қаласында өздерінің өкілдігін ашуға келісім бергені үшін алғысымды айтамын, – деген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ алыстан ат арытып келген меймандарға, еліміздің Люксембург және Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ пен НАТО-дағы миссиясының басшысы Ерік ӨТЕМБАЕВҚА ризашылығын жеткізді.

Ескерткіш белгі қойылды

Бұдан соң облыс орталығынан аттанған халықаралық ұйым өкілдері Семейге келді. Шетелдік делегаттар әуелі қаладағы Түйемойнақ аралында орналасқан «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойып, сынақ полигонынан зардап шеккен құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы «Болашақ – 2020» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Ипр қаласының мэрі Люк ДЕАНЕ екеуі «Қала мэрлері ядролық қарусыз әлем үшін» атты құлпытасты салтанатты түрде ашты.
– Құрметті қонақтар, бүгін, міне, сіздер ұзақ жылдар бойы сынақтардан зардап шеккен Семей жеріне табан тіреп отырсыздар, өздеріңізге барлық шығысқазақстандықтардың ыстық ықыласын жеткізгім келеді, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Бүгін осында ядролық соғысқа қарсы көптеген адамдар жиналып отыр. Олар ядролық соғыстың зардабын тікелей өз бастарынан өткерген. Ядролық апат дерті ұрпақтар үшін де аса қауіпті екендігі жасырын емес. Сондықтан болар, Түйемойнақ аралына жастар қауымы өте көп жиналғандығын байқап тұрмыз. «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымы адамдар санасында соғыс туралы кереғар пікірлерді өзгертуге атсалыспақшы. Бұл ұйымның бағыты біз үшін аса маңызды. Қазақстандықтар сіздердің алға қойған мақсаттарыңызды толығымен қолдап, қуаттайды.
Міне, бүгін «Өлімнен де күшті» монументінің қасында тұрып, Елбасымыз айтпақшы, біз әлі де болса бейбіт өмір үшін күресімізді жалғастыра береміз. Өйткені, атомның құрбаны болып кеткендер ешқашан да ұмытылмақ емес. Курчатов қаласында өтетін конференция осы бағытымызды нықтай түсіп, «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымымен тығыз қарым-қатынас орнатуымызға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.
– Бүгін мұнда келгендердің басым көпшілі-гі жастар екендігі бізді қуантады, – деді «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы «Болашақ – 2020» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Ипр қаласының мэрі Люк ДЕАНЕ, – Сіздердің осылай ұйымшылдықпен жиналуларыңыз біздің бастаманы толық қолдайтындықтарыңыздың белгісі. Және Семей жастары болашақтарына бейжай қарамайтындықтарын дәлелдеп отыр. Осында келіп, қолдау танытқандықтарыңыз үшін рақмет айтамын. Біздің ұйымның құрамында әлемнің әр қаласының мэрлері бар. Бүгіннен бастап оған Семей қаласы да еніп отыр. Біз Семейді 2020 жылға дейін ядролық қарусыз бейбіт өмір қозғалысына өзге қалалардың басшыларын шақыруда үлгі деп санаймыз. Қаланың мэрлері халыққа ең жақын адамдар, мұң-мұқтажын біледі. Сондықтан, болашақта ядролық қарусыз әлем үшін күресте ұйым жұмысын бірге жандандыратын боламыз.

Ғылыми жобаларға тәнті болды

Бұдан кейін шетелдік делегация Семей қаласы мемлекеттік медицина университетінде болып, осындағы жеке клиникалық база жұмыстарымен танысты. Хорватиядан келген мэр Иван Кнез, норвегиялық мэр Тор Весбиларды клиникадағы жасалып жатқан емдеу шаралары қызықтырды.
Келген делегация тобына клиникада қазіргі заманның жетілген технологиялары бойынша операция жасау, емдеу шараларының озық түрлері көрсетілді. Көрсетілімге шетелден келіп оқып жатқан студенттер де қатысты. «Біздің миссия Қазақстанның барлық халқы үшін сапалы медициналық білім беру болып табылады, мақсатымыз – Шығыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау саласын жоғары білікті медициналық мамандармен қажетінше қамтамасыз ету. Біздің түлектер жоғары білікті маман ретінде сұранысқа ие. Олар Қазақстанда жемісті қызмет атқарумен қатар, АҚШ-та, Израильда, Германияда, Ресейде, Пәкістанда, Индияда, Жапонияда және басқа елдерде табысты еңбек етіп келеді» – деді университет басшылығы.
Бұдан соң қонақтар Семей қаласындағы өңірлік онкологиялық диспансерге атбасын бұрып, бұл салада адам денсаулығы мен өмірін сақтауға байланысты атқарып жатқан жұмыстармен танысты. Онкологиялық диспансерде жаңа ғылыми жобаның тұсаукесері бірден ағылшын тілінде өтіп, оның тың жаңалықтары мен адам өмірін сақтауға байланысты маңызды сәттеріне барлығы куә болды. Онкологиялық диспансер басшысы Марат Сандыбаев келген делегацияға «Радиологиялық орталық» құрылысы, қашықтықтан сәулемен емдеуге арналған аппарат және жаңа корпустың ашылуына орай бүгінгі жаңа үлгідегі радиологиялық құрылғылармен жабдықтау және радиоизотопты диагностика жасау бөлімі жайында айтып берді. Диспансер радиологиялық қызметті дамытуға арналған МАГАТЭ грантын ұтып алыпты. Соған орай радиология орталығын жаңа және қауіпсіз сәуле аппараттарымен жабдықтау, мамандарды оқыту жоспарланған. Сонымен бірге МАГАТЭ радиологиялық орталықта ТМД мемлекеттерінің мамандарын оқытуға арналған білікті орталық құрып, сәулелі қондырғыларға сервистік қызмет көрсету де ойластырылыпты. Семейдің өңірлік онко-логиялық диспансерінің бір ерекшелігі қа-терлі ісіктермен зардап шегетін науқастарды анықтау мен емдеудің мол мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бүгінгі күні қолданыстағы барлық анықтау мен емдеу технологиялары жинақталған, ғылым мен тәжірибе арасында тығыз шығармашылық байланыс қалыптасқан. Бүгінгі күні диспансер көптеген халықаралық ұйымдармен байланыс жүргізіп отырғандығына шетелдік делегация тікелей куә болды. Келген қонақтарға экрандағы слайдтар арқылы жаңа жұмыстар жобасынан ақпараттар берілді. Мәселен, медицинасы жоғары дамыған жапондық әріптестермен тәжірибе алмасу қызметі жақсы жалғасын тауып, бұл әріптестік оң нәтижесін беруде. Мұнда Ресейдің ірі онкологиялық орталықтары және мекемелерімен әріптестік қызмет жолға қойылған. Алтай өлкелік онкология орталығымен, Н.Блохин атындағы Ресейдің онкологиялық ғылыми зерттеу институтымен жан-жақты әріптестік келісімшарт бекітіліп, Татарстан Республикасы денсау-лық сақтау министрлігі Қазан онкология-лық диспансерімен қызметтестік туралы меморандумға қол қойылыпты. Диспансер ұжымы Ресейдің ірі онкоорталықтарымен және Нагасаки университетімен ғылыми-тәжірибелік байланысты нығайтуға күш салуда.
Келесі кезекте делегация тобы қаладағы радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтында болды. Мұнда халықтың денсаулығын зерттеп, ем шараларын жүргізу жұмыстары атқарылады.
Қазіргі уақытта институттың ғылыми-тәжірибелік бөлімінің құрылымына клиникалық радиология бөлімі, статистикалық талдау және клиникалық эпидемиологиялар бөлімшесі, радиоэкология және цитогенетикалық лабораториялы биологиялық дозиметрия кіреді. Бұл институтта әртүрлі радиоэкологиялық жағдайларда сәулеленуге түскен халықты жаңа сапалы технология, ғылыми зерттеулер арқылы емдеу шаралар қолға алынған. Сол сияқты Қазақстан аумағының полигон аймақтарын бақылайтын радиоэкологиялық мониторинг, сәулеленудің көлемін бағалау мен демографиялық салдарын сипаттау, онкологиялық және радиация әсерінен туындайтын аурулар бағытының ерекшелігін зерттеу сияқты ғылыми жұмыстар жүргізіледі.

Семейде өкілдік ашылды


«Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының делегациясы сапарларын Семей қаласының әкімдігінде жалғастырды. Мұнда Ипр қаласының мэрі Люк ДЕАНЕ мен Семей қаласы Әкімі Айбек Кәрімов бауырлас қатынасты бекіту құжаттарына қол қойды. Сонымен қатар Семейде «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы хатшылығының ресми өкілдігі ашылды.
– Бүгінгі келісімге қол қою екі бауырлас-қаланың дамуына тың серпін беретін болады, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
– Семейде біздің ұйым хатшылығының өкілдігін аша отырып, семейліктердің белсенді ұстанымына сенеміз. Өйткені, олар бейбітшілік идеясын таратуда үлгі көрсетіп келеді, – деді Люк ДЕАНЕ.

Қалаларымыз халықаралық ұйымның қатарына енді

Келесі күні Курчатов қаласында «Мэрлер бейбітшілік үшін» атты халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен «Жаңа ұрпақ ядролық қарусыз әлемді қалайды» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Ауқымды іс-шара аясында еліміздің 12 қаласы, атап айтсақ, Қарағанды, Павлодар және өңіріміздегі Өскемен, Семей, Курчатов, Риддер, Зырян, Зайсан, Аягөз, Шемонайха, Шар, Серебрянка қалалары ұйымға мүшелікке енді, Семей мен Бельгияның Ипр қаласы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөніндегі меморандум бекітіліп, бауырластық қарым-қатынас орнады.
Конференция жұмысына Бельгия, Норвегия, Хорватия, Франция, АҚШ, Қытай мен Ресей сынды жеті мемлекеттен келген делегаттар және отандық ғалымдар атсалысты. Олардың қатарында «Назарбаев орталығы» көпсалалы ғылыми-сараптамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінің директоры Қанат САУДАБАЕВ, Ипр қаласының (Бельгия) мэрі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы «Болашақ – 2020» кампаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Люк ДЕАНЕ, Фрогн қаласының (Норвегия) мэрі Тор ВЕСБИ, Муродағы Биоград қаласының (Хорватия) мэрі Иван КНЕЗ, «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық кампаниясының директоры Аарон ТАВИШ болды.
Келелі кеңестің өтуіне себепкер болған «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы Хиросима және Нагасаки мэрлерінің бастамасымен отыз жыл бұрын құрылған. 1945 жылы Жапон еліндегі жүз мыңдаған адамның өмірін жалмаған қасірет қайталанбас үшін ұйым бүкіл әлемді ядролық қарауды жоюға шақырады. Негізгі мақсаты – дүниежүзінде атом қаруын қолдануға жол бермеу және қарусыздану, 2020 жылға дейін барлық қала басшыларын ядролық қарусыз әлем қозғалысына біріктіру.
Беделді халықаралық ұйымның қызметі жер-жаһандағы қалалардың басын біріктіре отырып, ядролық қарусыз әлем құруға ынтызар мемлекеттердің өзара ынтымағын дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда ұйымның қатарында 153 елдің 5136 қаласы бар.
Ипр қаласының мэрі Люк ДЕАНЕ бастаған еуропалық делегация мүшелері мен «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы хатшылығының өкілдері ең алдымен Курчатов қаласындағы стратегиялық нысандардың жұмысымен танысты. Жекелей тоқталсақ, EAGLE зерттеу-тәжірибелік реакторымен, «Токамак КТМ» материалтануға арналған термоядролық реакторымен, сонымен қатар Ядролық технологиялар паркінде, Ұлттық ядролық орталықтың радиациялық қауіпсіздік және экология институтында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
«Қазақстандық «Токамак КТМ» термо-ядролық материалтану реакторын жасау» жобасы мәртебелі меймандардың ерекше қызығушылығын туғызды. Ол – термоядролық энергетикаға арналған жоғары температура, қуатты магниттік өріс және ионды сәулелену жағдайларында жұмыс істеуі
тиіс материалдарды сынау және зерттеу үшін арнайы әзірленген әлемдегі бірегей қондырғы.
Ядролық технологиялар паркін құру-дағы басты мақсат – ядролық технологиялар саласындағы компанияларды өрістету арқылы еліміздің индустриялық-инновациялық бағытта дамыту екені белгілі. «Ядролық технологиялар паркі» қазіргі кезде бірқатар инновациялық кәсіпорындар құр-
ып, бизнес жүргізудің нақты да озық орталығына айналуда. Технопаркте қазір ЭЛВ-4 электронды үдеткіші негізіндегі радиациялық технологиялар кешені, ИЛУ-10 электронды жылдамдатқышы базасындағы радиациялық сүзгілеу корпусы жұмыс істеп тұр.
Ядролық технологиялар паркінде қонақтарға өндірілетін өнімдердің түржиыны көрсетілді. Олар полиспан материалынан дәрігерлерге арналған медициналық киімдерді шығаратын «Мерусар және К» ЖШС цехтарын аралап көрді. Аталмыш киімдер радиациялық залалға төтеп беретін жоғары сапаға ие.
Конференция жұмысын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашты.
– Семейдегі сынақ полигоны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен 1991 жылы жабылып, Курчатов қаласы өндірісті, ғылымды дамыту қаласына айналды. Оны өздеріңіз бүгін аралап көрдіңіздер. Қазір ядролық жарылыстарды сынау жұмыстары тоқтап, ғылыми өндіріс дамып жатыр. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ осыдан 20 жыл бұрынғы
бастамасы дүниежүзінде қолдау тауып, қазір көптеген халықаралық ұйымдар сол бастаманы жалғастырып, Семейден кейін Невадада (АҚШ), тағы да басқа елдерде ядролық қаруды, басқа да адамның денсаулығына, өміріне зиян келтіретін жаппай қырып-жою қаруларын жою басталды. Өздеріңіз кешеден бері Өскемен, Семей, бүгін Курчатов қаласында Қазақстанда осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын көрдіңіздер. Бельгияның Ипр қаласында құрылған «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының өкілдері кеше Семейде болып, бұрынғы Кеңес одағына енген елдердің ішінде өздерінің алғашқы өкілдігін ашты. Біз осы ұйымның басшылығына өз ризашылығымызды білдіреміз! Біздің ойымызша, сол ашылған өкілдік тек қана Қазақстанның қалаларын емес, көршілес Ресей, Қытай, Орталық Азияның қалаларын да осы ұйымға қосуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Өздеріңіз куә болып отырсыздар, 90-шы жылдардың бас кезінде тоз-тозы шыққан Курчатов қаласы қазір қайтадан өзінің қалпына келуде. Тұрғындарының саны артып, олардың тұрмыс жағдайы да жақсарып жатыр, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.
Келесі сөз кезегі «Назарбаев орталығы» көпсалалы ғылыми-сараптамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінің директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Қанат САУДАБАЕВҚА берілді. Ол баяндамасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ келелі кеңеске қатысушыларға арнаған үндеуін жария етті.
– «Мэрлер бейбітшілік үшін» сияқты қуатты ұйымдар ядролық қаруға қарсы қозғалысқа үлкен серпін беруде. Бүгінгі біздің форум кезінде әлемдегі ең ірі саналған Семей сынақ полигоны төңірегінде болып жатқаны да бекер емес. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ және халқымыз тәуелсіздік алған жылдардан бастап ядролық қаруды жою мен таратпау жолында қажырлы қызмет атқарып келе жатыр.

Бұл – әлем мойнындаған батыл қадам екенін атап өткен жөн, – деді Қанат Бекмырзаұлы.
Ипр қаласының мэрі Люк ДЕАНЕ баяндамасында Хиросима мэрі Матсуи КАСУМИДІҢ форумға қатысушыларға арнаған үндеуін оқып берді. «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының президенті Матсуи Касуми мырза жеделхатында 1945 жылғы 6-тамызда тасталған атом бомбасының 140 мың адамның өмірін қиып кеткенін, оның зардабын айта келе, «Қазақстан осыдан 20 жыл бұрын Семей полигонын жапты, бұл Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ батыл шешімі халықаралық қауымдастық тарапынан үлкен құрметке ие болды» делінген үндеуде.
– Осы тарихи кездесуде мен баршамызды ядролық қаруды жоюға жұмылуға шақырамын. Бүгінгі жиын барысында ядролық қару зардабын көріп, атомнан көз жұмғандардың рухына тағзым етемін. Біз бір жайтты анық түсінеміз, ол – мақсатқа жету үшін бізге күш біріктіру қажет. Өз болашағымызды өз қолымызбен жасаймыз, – деп түйіндеді өз сөзін Люк ДЕАНЕ.
Фрогн қаласының (Норвегия) мэрі Тор ВЕСБИ Норвегияның 90 қаласы «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымына мүше екенін айтты.
– Мен КСРО-ға жақын елде және қырғиқабақ соғыс заманында ер жеттім. Біздің халық Қазақ елі сияқты ядролық жарылыстардың зардабын шеккен жоқ, бірақ сол кездерде үнемі ядролық соғыс басталып кете ме деп, үрей үстінде жүретінбіз. Атом бомбасынан зардап шеккен Жапонияның Хиросима қаласында болғаным бар, енді, міне, бұрынғы Семей полигонының аумағына келіп тұрмын, – деді Фрогн қаласының мэрі.
– Байқағаным, Қазақстан экономикалық және саяси тұрғыда қарыштап өсіп-өркендеп келе жатқан ел екен.
Мен әлемдегі ең ірі деген Семей полигонын жапқан Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ерлігіне тәнтімін! Ядролық полигонның қасіретін қырық жыл бойы шеккен қазақ халқының қайсарлығына тағзым етемін. Муродағы Биоград қаласының (Хорватия) мэрі Иван КНЕЗДІҢ айтуынша, «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымына Хорватияның 31 қаласы мүше. Бұл еуропалық ел 2001 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қойған. «Өкінішке қарай, кейбір елдер бұл халықаралық шартқа әлі қол қоймай отыр. Мен барлық елдерді осы келісімді қолдауға шақырамын» деді ол.
«Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымы халақаралық хатшылығының басшысы Аарон ТАВИШ Семей жерінде атом қаруының сыналғаны тек Қазақ елінің ғана емес, бүкіл адамзаттың қасіреті екенін қадап айтты.
Бұған өз өкінішін білдірді. «Полигонның зардаптарымен әлі күнге дейін күресіп келеміз. Ядролық қарудың неге әкеліп соғатынын бәріміз жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан, бүкіл адамзат осыған қарсы тұруы тиіс» деп санайды ТАВИШ мырза.
– Дүниежүзілік антиядролық қозға-лыстың жетекшісі – Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, оның бастамасымен Қазақстан өз еркімен атом қаруынан бас тартты, әлемдегі көлемі жөнінен 4-ші орын алатын ядролық әлеуеттен осылайша бас тарту – нағыз ержүрек тұлғаларға ғана тән батыл қадам, – деп бастады сөзін «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан КАРТОЕВ. – Қазір бұрынғы Семей полигонының аумағын сауықтыру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Біздің ұйым бүгінгі таңда ядролық қаруға қарсы азаматтардың еліміз бойынша 500 мың қолын жинады, оның 100 мыңы – Шығыс Қазақстанның тұрғыны. Бұл істі енді жастарымыз жалғастыруда. Осы ғасырда әлем елдері ядролық қарудан толық бас тартады деп үміттенеміз.

Шығыстың жастары тың бастама көтерді


«Салауат» жастар бірлестігінің көшбасшысы Бақыт Топтаеваның жалынды сөздері көпшіліктің көкейінен шықты.
– Менің ата-анам Абай ауданының Саржал ауылынан, олар ядролық жарылыс-тарды тітіркене еске алып отырады. Әрбір осындай сынақтан соң полигон жақтан алапат құмды дауыл соғып, төрт түлік малдың жаппай қырылатынын айтады олар. Біз – жастар сондай сұмдықтың қайталанбауын қалаймыз. Қазіргі жас ұрпақта келешекке деген зор сенім бар. Мұның бәрі де Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сындарлы сыртқы және ішкі саясатының арқасы. Бүгінгі таңда бірлестік жастары ядролық қарудың жаппай жойылуын қолдаған адамдардан қол жинап жатыр. Біз, соғыссыз, бейбіт әлемде тұрғымыз келеді. Барша дүниежүзі жастарын осы қозғалысқа қосылуға шақырамын, – деді ол.
Шығысқазақстандық жастар бейбітшілік пен келісімнің үлгісін насихаттайтын «Болашақ–2020» кампаниясына белсенді түрде атсалысып, «Қалаларды ядролық соққының нысанына айналдырмаңдар!» деген ұранмен қол жинауда. Осылайша Шығыс өңірінің жұрты еліміздегі тағы бір тың бастамаға ұйтқы болып отыр.
Жиын барысында Люк ДЕАНЕ ұйымға енген қазақстандық қалалардың басшыларына арнайы сертификаттарды табыс етті. Бұған дейін Қазақстанның төрт қаласы ұйымға мүше болса, енді облысымыздың барлық қалалары және Қарағанды мен Павлодар шаһарлары еніп, олардың қатарын толықтыра түсті.
Ұйымның жаңа мүшелерін құттықтаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ аталмыш беделді халықаралық ұйымға мүше болу қазақстандық қала әкімдері үшін үлкен мәрте екенін атап өтті.
Бұдан соң Бердібек САПАРБАЕВ пен Люк ДЕАНЕ Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының хатшылығы арасындағы бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды.
Конференция жұмысына, сондай-ақ, Қазақстанның Люксембург және Бельгия Корольдігіндегі елшісі, Қазақстан Республикасының Еуроодақ және НАТО-дағы миссияларының басшысы Ерік ӨТЕМБАЕВ, Қазақстандағы Еуропа одағы өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Юбер ПЕТИ, Қазақстандағы Ресей Федерациясы елшілігінің кеңесші-елшісі Сергей ТАРАСЕНКО және өзге де шетелдік елшілер мен ғалымдар қатысты.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив