KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Кирсан ИЛЮМЖИНОВ, Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті: – Өскеменнен шахматтан әлем чемпионы шығады деген үмітім бар

18.03.2012, 18:00 201


Кирсан Илюмжинов – бүкіл әлемге өте танымал тұлғалардың бірі. Қарапайым ғана қалмақ баласы бүгінде әлемнің 177 елінің басын қосып отырған Халықаралық шахмат федерациясының тізгінін нық ұстап отыр. Өткен аптада облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың шақыруымен ФИДЕ-нің президенті Кирсан Илюмжинов Өскеменде
болып, шахмат бойынша аймақтық турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Жанарынан нұр төгілген жігіт ағасы осы сапарында журналистерге өзінің өмірі, шахмат, саясат жайында кеңінен әңгіме айтып та үлгерді. Оқырман назарына Кирсан Илюмжиновпен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

Шахмат арқылы қалмақ елін бүкіл әлемге таныттым

– Менің шахматқа деген құштарлығым бала кезден басталды десем болады. Балабақшаға ешқашан барған емеспін. Атам мен әжемнің бауырында өстім. Егер шахматта белгілі бір дәрежеде жеңіске жеткен болсам, ол менің атамның арқасы. Бес жасар ойын баласына шахмат үйрету оңай шаруа емес, әрине. Келе-келе мен бұл ойынды шебер меңгеріп алдым, – дейді Кирсан Илюмжинов.

– Біз тұратын көшенің тұрғындары спортты, оның ішінде шахматты керемет жақсы көретін. Бірде өзіміздің көшеде тұратын үлкен-кішінің бәрін ойсырата жеңіп, «көше чемпионы» атанғаным бар. Ол кезде жүлдеге бір жәшік сыра тігілетін еді. Кеңестік кезеңде «Жигулевское» деген сыра болғанын үлкендер жағы әлі ұмытпаған болар. Бір жәшікте жиырма сыра бар. Кіп-кішкентай болып осы бір жәшік сыраны үйге алып кетпек болған мені өзімнен үлкен балалар: «Сен әлі кішкентайсың, саған сыра ішуге болмайды» деп әзер тоқтатқан еді. Сөйтіп лимонад пен сегіз теңгелік коржикке әбден тойдырғанын білемін. Бұл менің өмірімдегі шахматтан алғашқы жеңісім, алғашқы жүлдем еді. Мен сол кезде әлі бала болсам да шахмат арқылы өмірде бірдеңеге қол жеткізуге, табыс тауып, тамағыңды асырауға болатынын түсінген едім.
Кейіннен 14 жасымда мен шахмат бо-йынша қалмақ елінің ересектер құрамасын басқардым. Әрине, мен шахматпен ғана шектеліп қалған жоқпын. Бокспен де шұғылдандым. Былай қарасаңыз, бокс пен шахмат екі түрлі спорт ойыны ғой. Бірақ екеуіне де бас керек. Менің бокста да көрсеткіштерім өте жақсы болды. Көктемгі демалысқа шыққан кезімде жаттықтырушыларым маған кәдімгідей таласып қалатын. Біреуі бокстан өтетін жарыстарға баруымды өтінсе, енді бірі шахматқа сүйрелейтін. Шахматтың да пайдасы тиген болар, 1979 жылы Элис-та қаласындағы мектепті алтын медальға бітірдім. Әрине, менің үздік аттестатпен Мәскеу мемлекеттік университетіне емтихансыз түсуіме болатын еді, ата-анам да жоғары оқу орнына түсуімді қатты қалады. Бірақ мен басқа жолды таңдадым. Өмірді көргім, өзімді дәлелдегім келді. Мектепті бітіргеннен соң, зауытқа слесарь болып орналастым. Үш айдан соң бригадирлікке көтерілдім. Көп ұзамай әскер қатарына алындым. Отан алдындағы борышымды Солтүстік Кавказ әскери округінде өтедім. Осы округтің шахмат бойынша құрамасының мүшесі болдым. «Құласаң, нардан құла» дегендей, әскерден соң, сол кездегі Кеңес Одағындағы ең беделді оқу орны Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының шығыс бөліміне (МГИМО) оқуға түстім. Жоғары оқу орнын бітіргеннен соң алдымда дипломанттың даңғыл жолы жатқан болатын. Бірақ мен бизнесте бағымды сынап, өзімнің алғашқы миллионымды жасадым. 1991 жылы мен шахмат бойынша әлем чемпионы Гарри Каспаровтан әлем чемпионының тәжін сатып алдым. Ол тәж мыңнан астам бриллиантпен көмкерілген болатын. Тоқсаныншы жылдардың басында Ресейдегі ең жас халық қалаулысы да болдым. Ал 1993 жылы Қалмақ Автономды Республикасының Президенті сайлауына түсуге бел будым. Халықтың 70 пайызы мені жақтап дауыс берді. Бұл кез Кеңестер Одағы келмеске кеткен өте қиын уақыт болатын. Қалмақ жерінде пайдалы қазбалар, газ құбырлары түгілі дені дұрыс зауыт та жоқ еді. Мұражай, кітапхана сынды мәдени нысандарды таппайсыз. Жаңадан Президент болып сайланған менің алдымда елдің экономикасымен қатар рухын да көтеру міндеті тұрды.
Міне, осы 1993 жылы Қалмақ Респуб-ликасының Президенті болып сайланған-ымда менің қол қойған алғашқы ресми құжаттарымның бірі шахматқа байланысты болғанын бүгін мақтанышпен айтамын. Осылайша «Шахматты дамыту және оны мектептерде оқыту» мәселесін сол жылдардан-ақ қолға алдым. Ешбір мемлекетте жоқ шахмат істері бойынша министрлікті құрдық. Қалмақ елінде өте қысқа мерзімде Шахмат қаласын тұрғызып, шахматтан халықаралық олимпиада өткіздік. Сол кездері көптеген орталық газет-журналдар қалмақтарға шахмат олим-
пиадасы не үшін керек деп мысқылдап, сө-гіп жатты. Мені Остап Бендер деп атады. Ал менің арманым – шахмат арқылы қалмақ елін бүкіл әлемге, бүкіл әлемді қалмақ еліне паш ету ғана еді. Өйткені өз басым осыған дейін қалмақ жеріне шетелдіктердің келгенін көрмеппін. Иә, бірде болгарлықтардың, ал бірде моңғол делегациясының келгені бар. Сөйтіп 1998 жылдың қыркүйек айында Халықаралық шахмат олимпиадасын өткіздік. Бүкіл әлем бойынша қалмақ жерінде бой көтерген жалғыз Шахмат қаласына дүниежүзінің 120 елінен екі мыңнан астам шахматшы жиналды. Олимпиада қалмақ балаларына қатты әсер етті. Осыдан кейін шетел тілін меңгеруге, шахмат ойнауға ұмтылушы қалмақ жастарының қатары күрт көбейді.
Бүгінде қалмақ балалары 100 па-йыз шахмат ойнайды десек те болады. Бір таңғаларлығы, бұл ойын мектеп оқушыларының интеллектуалдық деңгейінің жоғарылауына айтарлықтай әсер етті. Қалмақ оқушылары математика, физика, химия пәндері бойынша Ресейде өтетін көптеген додаларда топ жарып, жарқылдап көзге түсе бастады. Мұндағы оқушылардың жарыстарда неге жиі жүлделі орындарды иеленетінін анықтап, білу үшін тіпті Мәскеуден арнайы комиссия да келді. Ал мұның сыры – шахматта жатыр. Біздің елде балалар 4 жасынан бастап шахмат ойнайды.

Кирсан алтын деген мағынаны білдіреді

– Бүкіл әлем Ливия көсемі Кадаффиден бас тартқанда, Сіз одан теріс айналмадыңыз? Муаммар Кадаффимен достығыңыз жайында айтып беріңізші.

– Соңғы кездері маған көптеген әлем елдері есінен алжасқан секілді көрінді. Қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеріп, денсаулық саласына қаржы құюдың орнына жаппай қаруланып, бір ел бір елді қырғынға ұшыратуды жиілетіп кетті. Қару алудан бас тартқан елдерді қудалай бастады. Әсіресе, бұл үнемі демократияны жақтап, ізгілік қағидаларын өзгенің құлағына құюға құмар Американың іс-әрекетіне көп қатысты. Мен Муаммар Кадаффиді көп жылдардан бері жақсы білемін. Ливия ФИДЕ-ге 2006 жылы мүшелікке өтіп, Триполиде шахматтан халықаралық чемпионат өткізді. Додаға төрткүл дүниенің 100-ден астам жетекші шахматшылары қатысты. Жалпы, Қалмақ Республикасының Президенті ретінде де, ФИДЕ-нің басшысы ретінде де Муаммар Кадаффимен сан мәрте кездесіп, талай рет шаршы тақтада шахмат та ойнадым. Ол өте мықты көшбасшы еді. Бір сөзбен айтқанда, Муаммар Кадаффи жиырмасыншы ғасырдың соңы мен жиырма бірінші ғасырдың басындағы біздің көзіміз көрген ең соңғы революционер әрі романтик адам болатын.
Неге НАТО-ға мүше елдер Ливияның соңына шырақ алып түсті? Ақиқатын айтсақ, бұл елдің бар кінәсі, бар жазығы – мұнай мен газға өте бай ел болғаны ғана. Сыртқы елдердің басқыншылығы әлі басталмаған 2011 жылға дейін мұнда халықтың әл-ауқаты өте жоғары еді. Тұрғындар коммуналды төлемдер төлемейтін. Кадаффи билігі жас отбасыларына баспана алу үшін 64 мың доллар, ал дүниеге келген сәбидің жөргекпұлына он мың доллар беретін. Сол
секілді көлік алғысы келетін жастарға да көр-сетілетін көмек көп болды. Көлікке қажетті қаражаттың 50 пайызын мемлекет төлесе, ал 50 пайызын жастардың өзі төлейтін еді. Елде керемет тәртіп салтанат құрды. Бұл елде жасанды дәрі-дәрмек сатқандар өлім жазасына кесілсе, мерзімі өткен азық-түлік сатып пайдаға кенелмек болғандар он жылға дейін лицензиясынан айырылатын. Медбикенің орташа жалақысының өзі мың долларды құрайтын. Жоғары оқу орындарының барлығы да тегін білім беретін. Шетелде білім алғысы келетін жастардың да шығынын мемлекет көтеріп алатын.
Әрине, осындай бай, қуатты елдің шаңырағының ойрандалғаны, бүкіл НАТО-ға мүше елдердің Кадаффидің соңынан шам алып түскені өкінішті. Оның себебінің бір ұшы соңғы жылдары АҚШ-тың мұнай мен газға бай елдерді уысында ұстауға тырысқанында да жатыр. НАТО қабылданған қарарды бірінші болып бұзып, Ливияны бомбылай бас-тады. Ең сорақысы, осынау жарылыстардан мыңдаған жазықсыз адамдар құрбан болып, өмірмен қоштасып жатты. Олардың арасында Муаммар Кадаффидің 29 жасар ұлы, 4 айлық немересі мен 2 жасар екі немересі де бар. Өткен жылдың 12-шілдесінде мен Кадаффимен соңғы рет кездестім. Жақындарының қазасына көңіл айттым. Біз шахмат ойнадық. Муаммар Кадаффи шахмат ойнағанды жаны сүйетін. Шахматты мектептерде оқыту туралы ұсынысымды құптап, «шахмат – ақыл-ойдың гимнастикасы» екенін қадап айтты. Содан соң әңгімеміз саясатқа ойысты. Ол бомбылауды тоқтатса, НАТО-мен келіссөз жүргізуге әзір екенін жеткізді. Бірақ НАТО Кадаффидің сөзіне құлақ аспады. Кадаффидің биліктен кетуін талап етті. Шындығында оның қолында ешқандай да билік жоқ еді. Маңызды шешімдерді қабылдау біздің тілімізбен айтқанда депутаттардың қолында болатын. Кадаффи тек ұлт көшбасшысы ғана еді. Иә, Кадаффидің өз елін тағдыр талқысына тастап, өзге елге қашып кетуге құдіреті де жететін еді. Бірақ ол олай істемеді. Соңғы демі таусылғанша не көрсе де халқымен бірге көруді, қасық қаны қалғанша күресуді жөн көрді. Солай істеді де. Туған халқына деген адалдығынан танбай, нағыз ерлерше ерлікпен қаза тапты. Сорақасы да сол, Кадаффидің көзін құрттық деп бүкіл батыс шулады. Оның қалай өлгенін теледидардан көрсетті. Әлем мұны қалыпты құбылыстай жайбарақат қабылдады.

– Сіздің есіміңіздің мағынасы қандай? Кирсан деген ат нені білдіреді?


– Тибет тілінен аударғанда «кирсан» деген сөз «алтын» деген мағынаны білдіреді. Жалпы мен Президент болғанға дейін қалмақ елінде Кирсан деген есім өте сирек кездесетін. Мектепте оқып жүргенде мен жалғыз Кирсан болдым. Ал 1993 жылдан кейін Кирсан есімді қалмақтардың саны күрт көбейіп кетті.

Бөгде планеталықтар бар

– Көріпкел Вангамен достығыңыз жа-йында айтып беріңізші?

– Ванганың бірде маған: «Өзің арық әрі кішкентай бола тұра, екі креслода отырсың» деп айтқаны бар. «Қайдағы екі кресло» деп мен қатты таңғалдым, әрине. Бір қызметтің өзін әрең атқарып жүргенде екінші кресло маған не үшін керек? Ал арада бірнеше ай өткенде Ванга апамның айтқаны айдай келіп мен 1995 жылдың қарашасында ФИДЕ-нің президенті болдым. Ванга – жиырмасыншы ғасырдың ең ұлы адамы. Қайбір жылы Бельгияның ғылым академиясы Ванганы жер бетіндегі №1 феномен адам деп жариялады. Ол ешқашан да оқиғаның нақты мерзімін айтпайтын. Жұмбақтап сөйлейтін. Ванга ғарыштағы біртұтас ақпараттық кеңістікпен байланысы болған бірден-бір көріпкел. Әйтпесе небәрі он төрт жасында су соқыр болған адамда білім қайдан болсын.

– Сіз жер бетінде бөгде планеталықтармен бетпе-бет кездескен жандардың бірісіз. Осы жайында айтып берсеңіз екен.

– Иә, бұл 1997 жылдың қыркүйек айында болған оқиға. Жер бетіндегі тіршіліктен басқа өзге әлемнің бар екеніне өз басым сенемін. Бөгде планеталықтар бар, тіршілік етеді. Жалпы, бұл адамның наным-сеніміне қатысты мәселе. Бірақ біз, адамзат баласы өте өзімшілміз. Өзімізден басқаны мойындағымыз келмейді. Тіпті бөгде планеталықтармен кездесуім туралы айтқан менің өзімнің ақыл-есімнің саулығына күмән келтірушілер көп. Бұл жайында Познердің хабарында айтқанымда, «Илюмжинов қалай ел басқарып жүр» десті жұрт.
Білсеңіз, шахматты ғарыштан келді деген де болжам бар. Адамзат баласы бұл ойынды мыңдаған жылдар бұрын барлық жерде ойнаған. Көне шахмат тақталары жапон жерінен де, Моңғолия мен Қытайдан да табылып жатыр. Өркениеттер құлағанмен, шахмат қалған. Тіпті шахмат тақтасының өзінен көп нәрсені көңілге түюге болады. Шахмат тақтасы неге ақ пен қара түстен тұрады? Бұл дегеніңіз, инь мен янь, ер мен әйел, зұлымдық пен жақсылық. Маған шахматта жер бетіндегі өркениеттің коды бар секілді көрінеді. Айтыңызшы, шахмат тақтасындағы тор көздердің саны неге 64, неге 80 немесе 100 емес. Жақында ғалымдар үлкен жаңалық ашты: адамның ДНК-сы 64 бөліктен тұрады екен.

– Неше тіл білесіз?

– Атам мен әжемнің тәрбиесінде өскендіктен, мен бірінші сыныпқа барғанға дейін орыс тілін мүлдем білмейтін едім. Ал бірінші сыныпқа барғаннан соң керісінше ана тілімдегі кейбір сөздерді ұмыта бастадым. Өзімнің мамандығым жапон тілімен байланысты. Мұнымен қатар ағылшын, корей, моңғол тілдерін меңгергенмін. Сонымен қатар қытай тіліндегі газет-журналдарды еркін оқи беремін.

Қазақстанға ерекше ықыласпен келемін

– Қазақстан мемлекеті туралы пікіріңіз қандай?

– Жалпы мен әлем елдерін өте көп аралайтын адаммын. Жылына орташа алғанда 50-ден 100-ге дейін елде боламын. Олай болса, жер бетіндегі мемлекеттерді бірімен бірін салыстыруға мүмкіндігім бар деп айта аламын. Әртүрлі ел, әртүрлі ту, әртүрлі деңгейді көргеннен соң, өзіңше ой түйесің. Солардың ішінде Қазақстан менің ерекше бір ықыласпен қуана келетін елдерімнің бірінен саналады. Әлемдегі экономикасы ерекше қарқынмен дамып келе жатқан бірден-бір мемлекет. Қазақстанда білімге, денсаулық саласына, мәдениетке де үлкен көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта Қазақстанда шахматты жаңа бір белеске көтеруге зор мүмкіндік бар. Астана мен Алматы қалаларында халықаралық шахмат академиясының бөлімдерін ашуды жоспарлап отырмыз. Шахматты әлем елдерінің астаналарында ғана емес, ірі қалалары мен аудандарында да дамыту – ФИДЕ-нің алдына қойған негізгі мақсаттарының бірі. Сол үшін маған аймақтарға баруыма кеңес берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА зор алғыс айтамын. Қазақстанның ірі қалаларының ішінде бірінші Өскеменге келіп отырмын. Әлемдік деңгейдегі Шахмат сарайы Өскеменде де салынбақ. Онда шахмат мектебі, шахмат академиясы, шахмат мұражайы орналасады. Сондай-ақ, облыстың мектептері мен жоғары оқу орындарында шахматты оқытуға ФИДЕ үлкен көмек жасайды. Оқулықтарды, әдістемелік кітаптарды тегін беріп, жаттықтырушыларды, арбитрларды әзірлеуге көмек көрсетеміз. Болашақта Өскемен жері шахматтан әлем чемпионын сыйлайды деген үмітім бар.

– Болашақта шахмат Олимпиада ойындарының тізіміне кіруі мүмкін бе?

– Бұл бағытта бізде арнайы бағдарлама бар. 1999 жылы халықаралық спорт комитеті ФИДЕ-ні әлемдегі беделді ұйым ретінде мойындап, халықаралық спорт комиссиялары-ның құрамына енгізді. Алдағы уақытта шахмат қысқы Олимпиада ойындарының бір спорт түрі ретінде қаралады деген сенім бар.

– Сіз қандай әлем чемпиондарымен шахмат ойнадыңыз?

– Мен Бобби Фишермен, Василий Смысловпен, Борис Спасскиймен, Гарри Каспаровпен, Михаил Тальмен, Анатолий Карповпен және көптеген ұлы шахматшылармен шаршы тақтада жүздестім.

– Қайтадан Қалмақ Республикасының Президенті болғыңыз келмейді ме?

– Менің айналысатын жұмыстарым онсыз да көп.

– Өзіңіздің отбасыңыз туралы айтыңызшы.

– Жоғарыда өзімнің атам мен әжемнің тәрбиесінде өскенімді айттым. Сол үшін де мен атам мен әжеме ризамын. Менің осындай деңгейге жеткенім сол кісілердің арқасы. Ал анам өмір бойы мал дәрігері болып жұмыс істесе, әкем инженер еді. Әкем қазір ардагерлер кеңесін басқарады. Әйелім екеуміз бір ұл тәрбиелеп отырмыз.

– Қайда тұрасыз?


– Ұшақта тұрамын. Өйткені өмірімнің жартысы жер шарын аралаумен өтіп келеді.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

[url=http://altaynews.kz/admin.php?mod=addnews&action=addnews]altaynews.kz[/url]




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив