KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 11 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Баян ЕСЕНТАЕВА: Мөлдір не істеу керектігін өзі шатастырып алды

15.03.2012, 18:00 189


- 8 наурыз мерекесінде Елбасының қыз-келіншектермен кездесуінде болдыңыз. Жүздесуден қандай әсер алдыңыз? Сізді Елбасының көшбасшылық қыры несімен таңғалдырды?

Баян ЕсентаеваҚоғамда әртүрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің ұзақ жылғы еңбегін жоғары бағалап, жылына бір келетін мерекемізде арнайы шақырып, құттықтағанына риза болдым. Президенттің әр саланың беткеұстарларын шақырғанда, мені де арнайы шақыртқанына қуандым. Елбасымен кездесуден ерекше әсер алдым. Елбасын бірінші көрген кезде одан керемет, күшті, нағыз көшбасшылықты байқадым.

Қазір, Құдайға тәубе, бейбіт елде тұрып жатырмыз. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын. Жұмыс жасасам да, оқысам да өз еркім өзімде, барлық мүмкіндік бар. Маған Еуропа немесе Америкаға барып, жайлы мекен іздеп қажеті жоқ. Туған елімде тұрғаннан артық бақыт жоқ. Еңбектеніп жұмыс жасаймын деген адамға елімізде жағдай жасалып жатқаны үшін Елбасымызға алғысымызды айтуымыз керек.

- «Нұр Отан» ХДП-на мүше болдыңыз. Саясатта да бағыңызды сынап көргіңіз келетінін айтып едіңіз. Шоу-бизнестен саясатқа ауысатын болсаңыз, қай салада, қандай мәселелерді қолға алар едіңіз? Шоу-бизнеспен қатар, саяси сахна cізді несімен қызықтырды?


- Қазақстанда тұрып жатқандықтан, біздің елде болып жатқан жағдайларға алаңдаймын. «Нұр Отанның» қатарына өткен себебім, партияның шын мәнінде қай салада болсын жұмыс жасап жатқанын көрдім. Мен қазір жас емеспін. Сондықтан қоғамдағы өзгерістерге, орын алып жатқан оқиғаларға, жалпы елдің жайына бейжай қарай алмаймын. Қандай жұмыс жасасам да, қазаққа пай­дасы болса деймін.

- Өткен жылы «Саз әлемі» шоу бағдарламасын жасадыңыз. Әншілер жанды дауыста ән айтты, талайдың қабілет-қарымы белгілі болды. Өзіңіз осы бағдарлама арқылы не түйдіңіз?


- Менің мақсатым «Саз әлемі» арқылы қазақтың талантты әншілерін марапаттау болды. Қазір қазақтың қаншама жас талантты әншілері бар. Бірақ сол әншілердің сыйдан сырт қалып жатқандығын үнемі ойлайтынмын. Қазақтың әншілері тойда, мейрамханаларда ән салады. Бірақ сол еңбегі үшін олардың өнерін бағалап, марапаттап жатқаны шамалы. Қазір әншілерге көп сын айтылады. Тірі дауыста әнді керемет айтатындар бар. Бірақ олардың жоғары жетістікке жетуіне қаржы қолбайлау болады. Ақшасы бары эфирден түспейді. Елдің көңілінен шығатын еңбекқор әншілерді «Үздік әнші», «Үздік ән» деп оларға қолдау білдіргім келді. Сондықтан нағыз талантты елдің өзі таңдайтын «Саз әлемін» жасадым.

Әділқазылар мен сарапшыларға тек шындықты айту керек деген талап қойдым. Көп жылдан бері шоу-бизнесте жүргендіктен, бұл саланың заңын білемін. Сондықтан бағдарламаға өз ойын ашық, өткір айта алатын мамандарды шақырдық. Ешқашан «мынаны мақта, мынаны жаманда» деп айтқан емеспін. Халық өз таңдауын жасады.

Құдай қаласа, әр жыл сайын «Үздік әншіні», «Үздік әнді» анықтап, әр жылдың соңында марапаттап отырамын.

- Сіздің ойыңызша, әділқазылардың ішінде кімдер қара қылды қақ жарып төрелік айта алды?

Баян ЕсентаеваБаян Есентаева- Ринат Зайытовты ерекше айтар едім. Ескендір Сіргебаев, Дина Төлепбергенова, Меруерт Түсіпбаева, Алтынбек Рахметов, Азамат Сұрапбаев, Сәкен Майғазиевтар шоу-бизнестің бүге-шігесіне дейін білетіндігімен өз пікірін ортаға салды. Бірінің-бірі қас-қабағына қарамай, шындықты айта алды. Өйткені біреуді асыра мақтау, біреуді даттау мақсат емес.

- 2010 жылы «Ғашық жүрек немесе жұлдызды коктейль» фильмін түсірдіңіз. Мейрамбек Бесбаевты жақсы көретін халық киноны көргенше асықты. Қанша қаржы жұмсадыңыз? Кино түсіруге кеткен шығынды қайтара алдыңыз ба?


- Бізде жаңа кино түсірілетін болса, шетелден актер шақыру сәнге айналды. Ол актердің кейіпкерін сомдай алатындығы маңызды емес. Әлем танитын актер түссе болды. «Түсірген кином шедевр болады. Елдің көңілінен сөзсіз шығады» деп ойлайды.

Ал мен ең алдымен «Ғашық жүрекке» тек қана қазақтың артистерін түсіруді ойладым. Фильм түсіру туралы ой Мейрамбекпен танысқан күннен басталды. Мейрамбекке кино түсіремін деген ойымды айттым. Егер Мейрамбек фильмге түсуден бас тартса, «Ғашық жүрек» фильмін де түсірмес едім. Мейрамбек болмаса, «Ғашық жүрек» те болмаc еді. Киноға күллі қазақтың сүйіктісі Мейрамбек Бесбаев түссе ғана фильмнің сенсация болатынын алдын ала білдім. Шетелдік фильмдерде «тауы шағылған таланттан жұлдыз жасау» жаттанды тақырып болса да, фильм ойдағыдай шығатынын, соңғы уақыттағы кино әлемінде жаңалық болатынына сендім. Мейрамбек фильмге түсуге келісім берген соң ғана кино түсірудің қамына кірістім. Себебі қай кезде де әрбір әні хит болған Мейрамбек біздің эстрадада №1. Продюсер болғандықтан ешқашан өнімсіз, нәтижесіз жұмыс жасағым келмейді. Мемлекет тарапынан, «Қазақфильмнен» қаржылай қолдау болған жоқ. Шамамен жарты миллиондай қаражат жұмсалды. Қаржыны өзім шығардым. Кеткен шығынды екі есе етіп қайтарып алдық.

- Осы фильмде актриса Айгүл Иманбаева сомдаған Майра Итаяқова деген кейіпкер бар. Майраның өмірде прототипі бар ма?


- Әрине, бар. Бар болғанда қандай! Ол бір ғана жеке адам емес, жиынтық образ. Кинода жеке-жеке бөліктерден құрастырылған продюсерлер образы Майраның бейнесінде көрініс тапты. Біреудің киім таңдауын, біреудің ән талғамын, біреудің еліктегіштігін, біреудің өз бетінше тірлік жасай алмайтынын, жасағанды көреалмайтынын, көзге көрініп тұрған қылықтарын жинақтадым. Мысалы, Майра Итаяқова сияқты ақшасы бар, бірақ не істерін, қайтіп сенсация жасарын білмейтін продюсерлер бар. Олардың әрекеті күлкілі көрінеді. Өзін-өзі керемет продюсермін деп ойлайтын­дар жетерлік. Майраның бейнесін актриса Айгүл Иманбаева мен ойлағаннан да әсерлі етіп, тамаша ойнап шықты. Айгүлдің актрисалық шеберлігін, еңбекқорлығын ерекше айтқым келеді.

- «Ғашық жүрек» арқылы шоу-бизнестегі бақталастықты, көреалмаушылықты толықтай көрсете алдыңыз ба?


- Бір сөзбен айту қиын. Бірақ қазір өнерді емес, өзін жарнамалау үшін үш жігіт, төрт қыздың басын құрап жүрген продюсерлер, танысы арқылы теледидардан түспейтіндер, бір ән жазса, барлық жерде мақтанып айта беретіндер бар. Әйтеуір ақшасы бар болған соң, «жұлдыз» жасауға тыраштанып жүреді. Олар өз кәсібінің шебері болмаса да, өз бетінше, шамасы жеткенше тіршілік жасайды. Біразы босқа жүр. «Қайтсем де сахнасыз өмір сүрмеймін, өнерде жүрмесем ауырып қалам» деп әбігерленетіндерді көрсете алдым ғой деп ойлаймын. Фильмдегі продюсер, балгер, әншілер кейіпкерлердің қай-қайсысын да өмірден алдым.

- Бір продюсердің жолын ашып, бірінің жолын жабам деп отыратын балгердің бейнесі «Тамашаның» тарланы Құдайберген Сұлтанбаевтың соңғы рөлі болды...

- Әуел баста балшының рөліне актриса Қарагөз Тілеубекованы таңдаған едім. Ол фильмде жатақ­хананың коменданты болып ойнады. Бірақ әкем «балшының рөлін Құдайберген Сұлтанбаевтай ешкім де ойнай алмайды» деп бірден кесіп айтты. Фильмде бір сәттік, ерекше есте қалған сюжет болса, ол - балгердің екі продюсерге бал ашуы. Оның ақырғы бейнесі балгер кейпінде елдің есінде мәңгі қалды. Балгер болу Құдайберген ағаның соңғы рет ойнаған рөлі болады деп кім ойлаған... Ағамызды әрдайым сағынышпен еске аламын.

- «Ғашық жүрек немесе жұлдызды коктейль 2» фильмі бірінші кинодай табысты болды ма?

- Фильмнің сұранысқа ие болғанын фильмнен түскен қаржыдан білуге болады. «Ғашық жүректің» бірінші фильмі өткен жылы миллион доллар табыс түсірді. Екеуін салыстыра қарағанда, екінші фи­льм де дәл сондай қаржылай табыс әкелді. Екеуіне де елдің қызығушылығы жоғары болды.

- Ел сізді «Махаббат бекеті» киносы арқылы таныды. Осы фильмнен кейін араға 15 жыл салып «Астана - менің махаббатым» фильміне түстіңіз. Алдағы уақытта киноға түсуге ұсыныс жасаса, түсер ме едіңіз?

- Нақты айта алмаймын. Уақытында көрермін. Мен кәсіби актриса емеспін. Бір жағынан менде «қайтсем де киноға түсуім керек» деген ой жоқ. Егер ұсыныс жасаса, бас тартпаймын. Әзірге ондай ұсыныс жоқ. Жалпы, киноға түсуге мені үнемі шақырады.

Біздегі ең үлкен проблема киноға түскенің үшін қаламақыны аз төлейді. Мен азғантай қаламақыға келіспеймін. Әркімнің өз деңгейі бар, соған қаламақысы сай болу керек. Еңбегіне қарай лайықты бағаласын. Егер шетелден актер шақыратын болса, олардың айтқан қаржысын төлейді, бар жағдайын жасап, оның алдында құрдай жорғалайды. Неге біздегі актерлерге аз төлейді?.. Кино түсіру алаңында жүретін бір күніне 300 доллар төлеу деген актерді сыйламағандық деп ойлаймын. Көптеген рөлдерден осы үшін бас тартқанмын.

Қатаң ұстанатын принципім - киноның сценарийі қызықты болу керек. Көрермен кино бітпей жатып, соңы не болатынын біліп отыратын фильм түсіріп қажет емес. Сол себептен мен үшін кино­ға түссем де, түспесем де айтарлықтай айырмашылық жоқ.

- Шоу-бизнесте танымал продюсерсіз. Бүгінгі таңда продюсер болудың қиындығы мен артықшылығы неде?


- Қиыншылықтың көп екенін мойындаймын. Қанша көп жобаң болғанмен, бәрі барып қаржыға тіреледі. Біздің компания өте қымбат жобаларды жасайды. Киім тігу, ән жаздыру, бейнебаян түсіру - барлығы ақша тұрады. Не үшін, қандай іске қаржы салып отырғаныңды түсіну қажет. Шоу биз­нестің жазылмаған заңы салған ақшаның қайтарымы болуы керек. Бір жобаны ойыңдағыдай жүзеге асыру үшін қаржы табылса, қалған кезекті ұсақ-түйек қиындықтар шетінен шешімін табады.
Менің продюсерлікпен айналысқаныма алты жылдай болды. Алты жыл бұрын қаржы көзін табам деп, демеуші іздегенде табанымнан тозғанмын. Қазір продюсерліктің қыры мен сырын меңгердім. Жасаған жұмысымның жақсы нәтижесі ғана қуантады.

- Айлан, «Кеш you», «Іңкәр» тағы да бірнеше әншілерге продюсерлік жасадыңыз. Қай әнші үмітіңізді ақтады? Сізді танытқан қайсысын ерекше атар едіңіз?

- «Кеш you» тобы мені танытты. Топ - менің кәсіби жобам. Олар Қазақстанда қыздардан құралған топтардың ішінде үздік бестіктің қатарында болды.

- «Кеш you» тобының ыдырап кетуіне не себеп?


- Меніңше, ештеңе мәңгілік емес. Біреумен алты жыл, біреумен он жыл бірігіп жұмыс жасармын. Содан кейін олар да кетеді. Ертелі-кеш жеке ән салуды ойлайды. Жеке шығармашылықпен айналысқысы келеді. «ВИАГРА», «FM» топтары осыған дейін қанша рет құрамын өзгертті. Біреу тұрмысқа шығады, біреу өнерден кетеді, біреу «жұлдыз ауруымен» ауырады дегендей...

- Кинодағы Мөлдірдің тағдыры «Кеш you» тобынан кетуiмен сәйкес келуі кездейсоқтық па?


- Ал Мөлдір Әуелбекованы әнші, актриса ретінде таныттым. Продюсері болып тұрғанда оның не істейтінін мен шешемін. Мөлдір не істеу керектігін өзі шатастырып алды. Бұл кеңседе қандай талап, тәртіп барын ол жақсы біледі. Ол тәртіпке бағынғысы келмеді. Менде әңгіме қысқа, тәртіпке бағынбай ма, жұмыстан босатамын. Мөлдірді алты жыл бұрын қолыма алып, оны әнші ретінде қалыптастырдым, жұлдыз еттім. Енді ол не істесе де оның жеке мәселесі. Мендегі қыздар ешқашан сахнаға шығу үшін басын ауыртпайды. Олардың не істеу керектігі реттеліп, жазылып қойылған. Өнер үшін еңбектенсе болды.

- Өзіңізбен жұмыс істейтін әнші қыздарға ең бірінші қандай талап қоясыз?

- Бүкіл үдерісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір жобамен бір ай, бір жыл ғана емес, жылдар бойы жұмыс жасаймын ғой. Үнемі іздену, жаттығу, тынымсыз еңбек. Өнер виолончель сияқты. Вио­лончельді күнде тартпасаң, ұмыта бастайсың. Өнер де сол сияқты үнемі ізденісті талап етеді. Ән жазу, киім тіктіру, стилистпен жұмыс, фотосессия жасату, арасында уақыт тауып, сұхбат беру - барлығы біртұтас үдеріс.

Шоу-бизнеске әркім әртүрлі жолмен келедi. Біреулердің таланты бар да ақшасы жоқ. Бұған дейін сахнаға кім шықпады, оның қайсысы қалады, қазірдің өзінде ешкімге танылмай жатып жоқ болып кетіп жатқандары бар. Уақыт өте, өнер деп келгендер ғана қалады. Бірақ олар көп емес. Талантты әншімен жұмыс істеу - продюсерге де оңай. Айтқызбай ұғады. Талантымен өзіңді таңғалдыруы әбден мүмкін.
Ең қиыны - «әдемі қуыршақпен» жұмыс жасау. Сахна, ән, артист болу, қалай ән салу, би билеу керектігін елестете алмай келеді. Айта берсем көп. Бір жылдан кейін ол ертегінің сұлу кейіпкері болып шыға келеді. «Жұлдыздық ауруымен» ауыра ма, күрт өзгереді. Қысқасы, бақты көтере алма­ғандар түбі өнерде қалмайды.
Өнерде жүргеннен - жер аударып, картоп қазған оңай. Аударасың, қазасың, қатты шаршайсың. Ешнәрсе уайымдамай ұйықтайсың. Меніңше, өнерде жарқылдап жүру керек немесе картоп қазу керек. Өнер - тек қана тынымсыз еңбектің жемісі.

- Хит болатын әндерді қалай таңдайсыз?


- «Кеш you» тобы орындаған халық әні «Әдемі қыз» бен «Сүгірдің термесі» хит болды. Хит әндерді таңдауыма кәсіби музыкант, туған сіңлім Бағым Мұхитденова көмектеседі. Ән таңдауда бірге жұмыс жасаймыз. Ол маған бірнеше нұсқасын көрсетеді. Соның ішінен хит болады-ау дегенін таң­дап аламын. Шоу-бизнесте маған қарағанда 20 жылдық тәжірибесі бар.

- «Қазақ аруы» байқауын ұйымдастырдыңыз. Тек қазақ тілін, салт-дәстүрін білетін арулардың ішінен санаулысын ғана іріктеп алдыңыз. Бұл байқаудың өзге де сұлулық байқауларынан айырмашылығы неде?


- Неге бүгінгі замандағы қазақтың білімді, әдемі, әдет-ғұрпын, ана тілін жетік білетін өнерлі қазақ қызын көрсететін байқау өткізбеске деп шештім. Осыған дейін өтіп жүрген сұлулық байқауларын қайталағым келмеді. Тек қыздардың сұлулығын ғана емес, тұтастай қазақтың өнерін көрсеткім келді. Басқа да байқаулардан қай жағынан алғанда да жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Сұлулық байқаулары, көбінесе, арулар мына қаладан, мынадай брендтің киімі, мына фирманың косметикасы деп қана өте шығады. Біздің ұйымдастырғанымыз нағыз шоу. Қыздар ән айтады, монолог оқиды, күй тартады - бәрі-бәрі тұтастай шоуға құрылған. Қазіргі қазақ қызы білімді, өнерлі, жан-жақты болуы керек. Нағыз қазақ қызы білімімен де, көркімен де, талантымен де таңғалдыра алатынын көрсеткім келді.

- «Екі жұлдызды», «Саз әлемін» жүргіздіңіз. Қазір қолында жазылған параққа қайта-қайта қа­рай беріп, кібіртіктеп, айтар сөзін ұмытып қалатын жүргізушілер бар. Тележүргізуші ретінде өзіңізді қалай шыңдайсыз?

- Тележүргізушілік - менің негізгі мамандығым. Тележүргізуші болғаныма, концерттер жүргізгеніме 15 жылдай болды. Өзгелер секілді қобалжып, жарты сағаттай образға кіре алмай отырмаймын. Мәтінді бір оқимын да, сахнада тұрғандай кешті жүргізіп кете беремін. Әрине, бұның бәрі жылдар бойғы тәжірибемен келетіні анық. Әсіресе, «Саз әлемінде» қазақ тілінде жүргізу маған қиындау болды. Оның үстіне, тоқтамай сөйлейтін Тұрсынбек Қабатовқа ілесу оңай болған жоқ. Арасында әдемілеп қазақша жеткізгім келеді. Үйде күнделікті қазақша сөйлеймін. Өкінішке қарай, әдеби тілде ойымды жеткізе алмаймын.
Тележүргізуші ретінде қай жерде қандай қимыл жасау керектігін тез байқап, өзімді сахнада еркін ұстай алатындай қабілет бергені үшін Жаратқанға ризамын. Өжет қылып тәрбиелеген ата-анама алғысымды айтамын.

- Шоу-бизнес туралы «Ғашықтар әлемі» журналын шығарасыз. Өзгелерден айырмашылығы неде? Оқырманның ұсыныс-пікірін жиі ескересіз бе?


- Журналымды ел жаппай оқу керек деген мақсат жоқ. Әркім керегін тауып оқиды. Журналдың таралымын көбейтем деп көзбояушылыққа бармаймын. Өзіңіз көріп отырғандай менде сатылмай, өтпей қайтып келген журнал жоқ. Ең көп қайтып келгені 57 дана журнал. Яғни журналдың барлығы өтеді деген сөз. Әлемдік стандартқа сай журнал шығарамын. Әншілерден ешқашан телефонынан, тойында түскен, жеке архивінен суреттер алмаймын. Шаш үлгісі, киім киісі барлығына аса қатты мән беремін. Барлығын жаңа кейіпте суретке түсіртіп, жариялаймын.

- Балалық шағыңыз, ата-анаңыз, өз отбасыңыз туралы айтып берсеңіз...

- Өнерлі шаңырақта өмірге келгенмін. Әкем Мақсат Мұхитденов Оралда көп уақыт әнші болған. Үш баланы өмірге әкелген анам да жас кезінде ән шырқайтын. Бізді ата-әжеміз тәрбиеледі. Атам облыстық филармонияның директоры болған. Алматыға есейгенде келдім. Әкем әлі күнге дейін дыбыс режиссері болып жұмыс жасайды. Анам кино саласында еңбек етті. Қазір зейнетте. Әкем - кәсіби музыкант, түркітанушы, ақын, композитор, домбырашы, философ. Бізді бала кезімізде еңбекқор қылып тәрбиеледі. Анам ешқашан еркелеткен емес. Менің тәртіпті, талапшыл болғандығым сол тәрбиенің арқасы деп білемін. Үйдің тірлігінің бәрін жалғыз атқаратынмын. Анам мен әкем үнемі жұмыста болатын. Әпкем ерте тұрмысқа шыққан. Өзімнен кішкентай сіңлімді қарап, үйдің жұмысын жалғыз жасайтынмын. Сабақ, үй тірлігі - барлығын үлгеруге тырыстым. Мектепте үздік, белсенді оқушы болдым. Анам мұғалім болғанымды қалайтын. Бала кезімнен опера театры, филармония, сахнаны көріп өскендіктен болар, артист болатынымды әуел бастан білдім. Сондықтан өнерді таңдадым. Артист боламын деген арманымды қазір продюсерлікпен ұштастырдым.

- Үлкен қызыңыз «Mamma mia» бағдарламасын жүргізеді. Қыздарыңыздың келешекте кім болғанын қалайсыз?

- Үлкен қызым Айсәуле халықаралық журналист болғанды қалайды. Қазір көп тіл білуге күш жұмсап жатыр. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазып, сөйлеуге жаттығып жүр. Әрине, қалай сөйлеу, қалай жүру, дұрыс сөйлеу туралы үнемі айтып отырамын. Қазіргі қыздар білімді, өнерлі, сұлу, сымбатты болу керек деп ойлаймын. Кішігірім бейне роликтен көргендер киноға, түсірілімдерге шақырып жатыр. Мен мұндайды күтпеген едім. Мұқабаға түсуге, киноға шақырту алып жатқанына қуанамын. Жолдасым бар. Кішкентайым Айару да озат оқушы. Балаларымның жетістігі мерейімді өсіреді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ

Мәлiметтiң көзi: Айқын




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив