KZ
Өскемен
+2°
переменная облачность жел 2 м/с, З
444.32 473.33 4.76

Әбен ТҰЙҒЫНҰЛЫ, мәдениет қайраткері: – Әсет туындылары әлі де толық зерттеуді қажет етеді

11.03.2012, 18:00 228


Әбен Тұйғынұлы – Үржар ауданы, Мақаншы ауылындағы қазақтың атақты әнші-композиторы, ақыны Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайының ашылуына тікелей атсалысып, оның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер жинап, жарыққа шығаруға үлес қосқан жандардың бірі. Мақаншыда алғаш рет мәдениет бөлімінің жанынан қоғамдық негізде ашылған өлкетану мұражайына мемлекеттік мәртебе берілуіне көп еңбек сіңірді.
Қазір Әбен Тұйғынұлының басқаруымен Әсеттің шығармалар жинағы толықтырылып, 4 томы баспаға әзір тұр. Оның ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағы берілді. Бұл сұхбатта Әбен Тұйғынұлы Әсет Найманбайұлының жұртқа белгісіз кейбір қырлары мен сырлары туралы сыр шертеді.

Жаңа деректер табылды

– Әбен Тұйғынұлы, әңгімемізді ең алдымен Әсет Найманбайұлының ата-тегінен бастасақ. Бәрімізге мәлім, ол кісінің арғы тегі – арғын. Оны өзінің бір өлеңіндегі «Тауықпын тары терген Найман шалдан, найманның күні күлген маңдайшадан» деген жолдардан да байқауға болады. Дегенмен, осы шежірені кеңірек тарқатып айтып берсеңіз.


– Әсет Найманбайұлы – әрі ақын, әрі әнші, әрі композитор. Әсет шығармашылығы өзінің мазмұн-мағынасымен, сыршылдығымен сезімтал жүректерге нұр құйып, әндері ел арасында аса сүйіспеншілікпен орындалып келеді. Әсет асқақ әнімен, ойлы өлең-жырымен ел-жұртына қызмет етті. Оның мақсаты – ел жүрегін әнге бөлеп, артына үлгілі сөз қалдыру еді. Ақынның барлық шығармасына осы мұрат арқау болды. «Арғынмын, атым Әсет арындаған» немесе «Атым – Әсет, ұраным арғын шордан» деп басталатын өлеңдерін оқи отырып ақынның руын, ата-тегін және елі мен жерін айқын байқауға болады. Алайда, кез-келген ақынның өз тегін жырға қосуы – ежелден қалыптасқан дәстүр. Ақын қай жерде жүрсе де бұл дәстүрден жаңылған емес. Әсет те бұл дәстүрді бекем ұстаған. Құрбанғали Халиди өзінің «Тауарих Хамса» (бес тарих) атты кітабында Әсеттің ата тегін «Әсет ибн Найманбай ибн Тауасар ибн Шөрен-Қаракесек» деп таратады. Бүгінге дейін Әсеттің ата-тегін арғын ішінде Қаракесек, одан Қарашор, одан Майлық, одан Қожамберлі деп қысқа ғана таратып келген едік. Бұл зерттеулер Б.Адамбаевта, Қ.Мұхаметхановта, Б.Ысқақовта, Б.Нұржекеевте де қайталана береді. Ұзақ жылдардағы зерттеу жұмыстарынан кейін бұл істің де аяқталғанына куә болдық. 2007 жылы Әсет Найманбайұлының туғанына 140 жыл толуына орай Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында үлкен бір мәдени шара өткізіліп, оған Мақаншы өңірінен мен барып қайттым. Менімен бірге Әсеттің ұлы Қожекенің әйелі Қамария, Қожекенің Семей қаласындағы тұратын ұлы Ардақ зайыбы Гүлшатпен бірге барды. Тойды ұйымдастырушылар – Әсеттің ұлы бабаларының бірі Қожамберлінің екінші әйелінен туған Жұмағұлдың ұрпақтары екен. Сол барған сапарымда Әсет жөнінде тың деректер тауып, ақын шежіресін толықтырып қайттым.
Қысқаша қайырсам мынадай. Әсеттің үлкен атасы Айтқұлдан Қожамберлі, Сәберлі деген екі бала туған. Қожамберлі үш әйел алған. Сол үш әйелден тоғыз ұл туып, оларды Қожамберлінің тоғызы деп атап, ел ішінде аңыз таралған дейді. Айтқожаннан туған Құсайын ұрпақтары Семей маңын мекен еткен екен. Бұрынғы Семей облысының Шұбартау, Абай, Абыралы ауданының аумақтарында көрінеді. Жұмағұлдан тараған ұрпақтар бүгінде өсіп-өніп, Қарағанды жерінде, осы облыстың Ақтоғай ауданындағы ата қоныс жерінде отыр. Ал Қожамберлінің екінші ұлы Қалыбайдан Найманбай, Қайранбай атты екі ұл туыпты. Қайранбайдан тараған ұрпақтар бар деп айтады. Алайда, олардың таралуы жөнінде ақтоғайлықтар да, қызыларайлықтар да ештеңе айта алмады. Найманбайдан Әсет және Әсекей атты бір ұл, бір қыз туған. Әсекей ертеректе Қызай еліне ұзатылып, Қытай асып кеткен екен. Әсекейден туған Әсеттің жиендері бүгінде Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының орталығы Үрімжі қаласы-
ның маңында тұрады деп естідік. Әсеттен Шәмшіфару (Сәмөгей) атты қыз, Қожеке атты ұл туған. Сәмөгей бірнеше рет отбасын құрғаны-мен, одан ұрпақ жоқ. Ал 1938 жылы үйленген Қожекенің бірінші әйелі Гаухариядан (Кәукеннен) 1941 жылы Рәзия атты бір қыз туған. Ол Алматы облысы, Алакөл ауданы, Бескөл теміржол бекеті маңындағы Май ауылында тұрады. Қожеке мұнан кейін бір әйелмен 5-6 жыл отасып, одан кейін ажырасып кеткен. 1950 жылдардың екінші жартысында Қамарияға үйленіп, одан 5 бала сүйеді. Оның екеуі ұл, үшеуі қыз – Ләйля, Ләззат, Бақыт, Ардақ, Біржан. Олар бүгінде Мақаншы, Бақты
ауылдарында және Семей қаласында тұрады.

– Даңқты ақын, әйгілі әншінің арғы бетте, Қытай жерінде кенеттен қаза болғаны бәрімізге мәлім. Ол кісінің қабірі табылды ма, табылса басына белгі қойылды ма?

– Осыдан бірер жыл бұрын жазушы Құрманбай Толыбаевпен жолығып, Әсет жайлы жазған романы туралы және жастық шағы өткен Құлжа, Боротола өңірінде жүргенде Әсет туралы, оның зираты жөнінде естіген басқа да әңгімелерінің бар-жоғын сұраған едім. Марқұм кең тыныстап алып: «Е... ол жағдай есімде ғой» деп бастап еді әңгімесін. «Адамның санасынан өшпейтін оқиғалар жыл өткен сайын қайта жаңғыра береді. Халқымыздың аяулы ұлы Әсеттің өмірі де сондай. Ұмытылмас өмір. Құлжа қаласының шығыс солтүстігіндегі Қайшы жайлауының кең маңдайы – Сарытөбенің жасыл жонында Құлжа ауданының мәдениет мекемесінің 1953 жылы ұйымдастырған ақындар айтысы есімде. Сонда Әсетті зерттеп жүрген ақын Жұмаділ Маманұлы: «Ардагер ақын, әйгілі композитор, бұлбұл көмей әнші Әсет халықтың аузында ғана емес, жүрегінде де жүр екен. Ақындар мен жиналған қауым бір ауыздан «өнерімізбен Әсеттің басына ескерткіш орнатамыз» деген бастама көтерді. Бұл ұсынысқа ел, партия, үкімет, мәдениет өкілдері түгел қосылды» деп тебіренген еді.
Бір кезде осынау жалпақ жайлау үстінде елі сүйікті ақынын төбесіне көтерген. Оның батысындағы Көлденеңқаз, Көлтекшенің зең-гір көгіне шығарған, асқар алып Ереңқай, Бір-жанның солтүстік қапталындағы Тақия-Жың, аяқ жағындағы Сайрам көлінің жағалауы, оңтүстік күңгейіндегі ұлан-ғайыр Көкқамыр Әсеттің әсем әніне елтіген. Жұртты өнермен тамсандырған Әсет осы өңірде қапылыста қайтыс болды. Сүйегі осы Қайшыдағы Тастөбе бейітіне жерленген. Содан бері сексен жылдан астам уақыт өтті. Халқы ұмытпады, сүйікті ақынын ардақтап отыр. Халықтың осы сүйіспеншілігін көзбен көрген Жұмаділ тағы бірде былай деген-ді: «Әсеттің зиратының топырағын жел ұшырып, жаңбыр шайған екен. Осы бір қалың зират ішінен оның дәл табылуы қиынға соқты. Ол кездегі Әсет айналасындағы ақылгөй Мешпет, домбырашы Тергеусіз, сері Әукен, әнші-ақын Рақымжан, дос-жар Әбілақаттар қайда? Жиналғандардың біреуі ана топырақты көрсетсе, екіншісі қамшы сабымен мына топырақты нұсқайды, таппадық». Иә, уақыт өткен. Топырағы шөккен қалың моланың ішінен Әсеттің бейітін таба алмай қатты қиналған. Кенет байсалды бір топ аттан түседі. Қариялар зираттың шығыс бетіндегі топырағы отырып кеткен бір төмпешікке таяп барып отыра қалады да, дұға оқиды. Бұлар көненің көздері 86 жастағы Әпсемет пен Сұлтан және 80 жастағы Мұқан қариялар еді. Көкейлерінен өшпепті. Әсеттің бейітін дәл көрсетеді. Бұл кісілер бір кезде ақынды жерлеуге қатысқандар. Олар: «Осы қабірдің астында жуандығы қара сандай қарағай қазық бар» дейді. Іздегендері табылғандай болған жігіттер топырақты ашқанда әлгі қазықты көреді. Үлкен-кішінің жаппай жұмылуының арқасында Тасжота қорымында табаны тастан өрілген, ақ сырлы бесік күмбез бой көтерді. Маңдайшасына қызыл таспен: «Әйгілі ақын, композитор Әсет Найманбаев, 1867–1923» деп ойып жазылған. – Қалың қатпарлы заңғарлы таулардың арасын мәңгі тыныстаған ақынның ескерткіші 1955 жылы осылай жаңғырды, – деп әңгімесін аяқтады Құрманбай аға. Әсет жөнінде деректер жинау мақсатымен 2009 жылы Іле аймағына іссапармен барғанымда Құрманбай ағаның айтқан әңгімесінің нақты екеніне көз жеткіздім.

Ақын қай жерде дүниеге келген?

– Осы күнге дейін Әсет Найманбайұлының туған жері туралы әртүрлі деректер айтылып келеді. Сіз бұл ретте не айтасыз?


– Қазақ совет энциклопедиясында: «Әсет 1867 жылы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, 8-ауылда (кейіннен Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, «Қызыл арай» колхозы деп аталды) туды» деп жазылған. Оның үстіне 1941 жылы көктемде белгілі композитор Ахмет Жұбанов Семей облысы, Мақаншы ауданындағы Бақты (Көктұма) ауылына келіп, Әсеттің қызы Сәмөгеймен әңгімелесіп, осы деректі растағандай болады. Осылайша барлық жерде Әсеттің туған жері бұрмаланып айтылып, жазылып келді. Алайда, Ахаңның өзі: «...Ән салмайды. Әкесін аса анық білмейді...» деп жазады. Сәмөгейдің өзі: «Әкем өлгенде мен он бірге, Қожеке тоғызға шығып еді» дейді. Зерттеуші марқұм Оразбек Бекбосыновтың жазуынша:
«...Тәтежан шешей «Әсетім» дегенде ішкен асын жерге қоятын, соншалықты ықыласпен еске алып отыратын. Дастарқан жайылса құр жібермей дұға бағыштайтын. Сол кісінің «Қарағаш пен Көкталдың кең жазығында дүниеге келген арысым еді» деп айтатыны ойымда. Қарағаш – қазіргі Жарбұлақ ауылының батысындағы шағын бұлақ-ты жер. Ал Көктал дегеніміз Мұқаншы ауданы-ның Алакөл жағасындағы елді мекен. Ертеде бұл жерлер Жетісу губерниясының Лепсі уезіне қа-раған. Ал әріге барсақ Еміл-Барлық болысының жері». Сол сияқты, зерттеуші-журналист Оспанбай Орынтаевтың 1941 жылғы 8-маусымдағы «Социалистік Қазақстан» (№133 (5742) газетін-дегі «Әсет ақын» деген мақаласында: «Әсеттің туған жері: Мақаншы ауданы Жарбұлақ, Көктал ауыл советтері (бұрынғы Еміл-Барлық болысы). Әсеттің әкесі жастайынан Көктұма (қазіргі Бақты қаласы) деген жерге насыбай сатып, күнін көрген адам. Кейінгі уақытта Әсет өлең айтып жүргенде бір ақын қыздың оны «әкең насыбай сатып күнін көре алмай өлді» деп мұқататыны содан» дейді. Балташ Ысқақов деген азамат 1936 жылғы сол «Социалды Қазақстан» газетінің 26-маусым күнгі санында «Әсет әрі әнші, әрі халық ақыны» деген зерттеу мақаласында: «Әсеттің қай жылы туғаны белгісіз. Туып, өсіп көбінесе мекен еткен жері Үржар, Мақаншы қалалары» деп жазады. Сондай-ақ, ҚХР-дағы бауырларымыздың жаз-баларында да ол кісінің туған жері Мақаншы ауда-
ны деп көрсетілген. Жалпы, менің ұстазым журналист Оразбек Бекбосынов Әсетті көп зерттеген адам. Сол кісінің зерттеу қорытындысы да оның осы өңірде туғанын айшықтап берді. Ол бір зерттеуінде: «... Семей облысы, Көкпекті ауданы-ның бас имамы Ахметхан Қилыбайұлымен (93 жаста, шілде, 1991 ж.) бірге емделгенімде, ол кісі де Әсет жайлы: «Өзім арғын болғанмен кіндік кескенім Найман, Мұқаншы төңірегі» дегені есімде. Ол кісі өзі туралы айтпайтын ғой, қалай көңілі түсті екен» деп жазады. Жалпы алғанда, Әсет Найманбайұлының қай жерде туғандығы әлі де зерттеуді қажет етеді.

Оның мұрасын бізге шәкірттері жеткізді


– Әбеке, біз ақын, әнші, композитор Әсет бабамыздың кім болғандығын, оның шы-ғармашылығын толық танып білдік пе?

– 1992 жылы Әсеттің туғанына 125 жыл толу мерекесін республика деңгейінде ел болып тойлап едік. Он сегіз жыл деген не тәйірі, өте шықты. Әне-міне дегенше, ақынның туғанына 145 жыл болып қалды. Тарих үшін бұл онша ұзақ мерзім емес. Былайша айтқанда, тарих шаңына көміліп, ақын есімін ұмытатын уақыт деуге келмейді. Алайда, бүгінгі таңда Әсеттей ірі тұлғаның ел алдында жарқырай көрінетін келбеті көмескіленіп, атақ-абыройы мен биік тұлғасы аласарып, қадам басқан іздерінің сілемі солғын тартып бара жатқандай. Солай бола тұрғанымен, соңғы жылдарда Әсеттің ән өнерін жаңғыртып, насихаттайтын ғажайып шаралардың өткізілуі көңілге үміт ұялатады.
Меніңше, Әсеттің ғажап туындыларының ел ішінде кең тарамауына негізгі екі себеп бар деп ойлаймын.
Біріншісі, Әсет өмірінің кемелденген шағының шетелде өтіп, шет жерде дүние салуы.
Екіншісі, ақынның мол мұрасын ел ішінен бұрын, Қытайдың Шығыс Түркістан аймағын мекен еткен қазақ жұрты көп естіп, көп білгендігі. Ақынның асыл қазыналарының бұл жақтан гөрі ол жақта басым болуы. Міне, осының салдары болар, оның өмірлік туындылары әлі де толық жинақталып, терең зерттелмей қалыс қалып келе жатыр.
Егер арғы бетте Әсеттің замандастары, озық ойлы, көкірегі ояу, көзі ашық, құйма құлақ шәкірттері, өнерін сүйген халқы болмағанда айтылған сөзі айтылған жерінде қалар ма еді? «Гүлдерім қайта өнер ме өрімдеген, Жібегім кетті-ау талай өрілмеген» деп өз мұрасынан ертеңіне күдікпен қараған ақын, төңірегіндегі өртеңге шыққан көктей қаулап өсіп келе жатқан қаншама шәкірттерін байқай алды ма, жоқ па?! Алайда, шын асыл дүниенің жүректен-жүрекке жол тауып жүре беретіні анық екен. Әсеттің көзін көріп, сөзін тыңдаған, жанына ілесіп жүріп жан азығын тапқан Кәдрихан мен Рақымжан, Жүнісқан мен Шадай секілді шәкірттері болса, оларға ілесе қосылып Қали мен Шериаздан, Ауған мен Тоқтаған бастаған екінші топты Қыдырмолда Әділбекұлы, Бікен Мәсәлімұлы, Мәмет Қошқарбайұлы, Күмлия Әділбекұлы мен Дәнеш Рақышұлы жалғады. Міне, осындай ізбасарлар арқылы Әсеттің әндері, ән орындау мәнері, Әсет мектебі, оның шоқтығы биік, шыңы дара, дана туындылары бүгінге жетті. Әсетті оқып, Әсеттен нәр алып өскен өнерсүйер қауымның және Әсет шәкірттерінің тастан тары тергендей қажырлы еңбегінің арқасында 1945 жылы оның «Салиха-Сәмен» дастаны жеке кітап болып Шығыс Түркістанда, Алтайда жарық көрді. Ал біздің елде 1968 жылы жазушы Балтабай Адамбаевтың құрастыруымен «Әсет» деген атпен шағын шығармалар жинағы шықты. Осыдан кейін 20 жылдан кейін, яғни 1988 жылы жазушы Бексұлтан Нұржекеев пен зерттеуші-ғалым Болатжан Абылқасымовтың құрастыруымен «Жазушы» баспасынан Әсеттің шығармалар жинағы біршама толықтырылып шықты. Бұдан кейін де әнші туралы қаншама кітап жазылды. Ең қуаныштысы сол, қытай елінің астанасы Бейжің қаласындағы «Ұлттар» баспасынан 2000 жылы жазушы Қалиолла Нұртазиннің жинақтауымен Әсеттің шығармалар жинағының 2 томы жарық көрді. Ақынның таңды таңға ұрып айтатын дас-тандары мен тамаша өлеңдерін, әсем әндерін жадында сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуге өлшеусіз үлес қосқан Мақаншы өңірінің көнекөз қариялары: марқұм Қыдырмолда Әділбек, Күнболат Қамзаұлы, Байділда Қанағатұлы, Қажікей Қалипанұлы, Қазытай Мұрынбайұлы, Уәли Тілеуұлы, Мәулітқан Сейтханұлы, Қызыр Сағит, бүгінде ортамызда жүрген Сансызбай Қармыс сияқты ел ағаларына айтар алғысымыз шексіз. Ал Әсеттің ән мұрасын ел кәдесіне жаратып, еліміздің өнер сахнасында қаз-қалпында түлетуші, Әсеттің ақын шәкірті Мәмет Қошқарбайұлының оқушысы Дәнеш Рақышев десек қателеспеспіз. Өйткені, Дәнештің 1958 жылы елге оралуымен бірге Әсет әндері қайта түледі. Арқадан Алатауға дейін аққу болып қалқыды.
«Ән салсаң Әсеттей сал» ән байқауы Алакөл жағасында бүгінге дейін түрлі деңгейде 6 рет өтіп, өмірде Әсет барын, Әсет әндерінің жанашыры бар екенін алты Алашқа паш етті.
Әсет әндерін нақышына келтіре орындап, халқының жүрегіне жеткізуге жол таба білген марқұм Дәнеш Рақышевтың, Жәнібек Кәрменовтің, күміс көмей әнші Мәдениет Ешекеевтің, бүгінде көзі тірі Қажыбек Бекбосыновтың, Қайрат Байбосыновтың, Бекболат Тілеухановтың, Нұржан Жанпейісов пен Еркін Шүкімановтың, Ерлан Рысқалиев пен Толғанбай Сембаевтың, Берік Омаровтың таланттары тұлғаның баға жетпес қазынасының мол қорын аша түскендей.

Әсет оқыған медресе қаңырап тұр

– Мақаншы өңірінде Әсет есімімен байланыстырылатын орындардың қазіргі жай-күйі қалай, жалпы мұражай жөнінде мағлұмат бере кетсеңіз.


– Мақаншы өңірінде Әсет есіміне қатысты тарихи орындар мен ғимараттар жетерлік. Соның бірі – Мақаншы ауылындағы ақын мұражайы болса, енді бірі Бақты (Көктұма) ауылындағы Әсет Найманбайұлы оқып, білім алған Ғабдішүкір қажы (Зейнолла қажы) медресесі. 1985 жылы аудандық өлкетану мұражайы ашылғанда осы өңірдегі елді мекендерден 700-ге тақау жәдігерлер жиналды. 1992 жылы 24-сәуірде салтанатты түрде ашылған Әсет мұражайына осы жәдігерлердің 62 данасы таңдалып алынды. Бұл жәдігерлер негізінен осы өңірді қоныс еткен ел-жұрттан жиналған, Әсеттің қызы Сәмөгейдің (Шәмшіфару), ұлы Қожекенің үйінен алынған заттар еді. Осы жәдігерлер, ел ішінен жиналған қосымша заттар мен құжаттар негізінде 5 бөлімнен тұратын тақырыптық-экспозициялық жоспар жасалды. Көрме залы, мұражай қорын сақтайтын бір бөлме және мұражай қызметкерлеріне арналған бөлмесі ғана бар мұражай күн өткен сайын жаңа жәдігерлермен толығып келеді.

– 1997 жылы Мақаншы ауданы таратылды. Көптеген мекемелер, штаттар қысқартылды, ғимараттар бос қалды. Мұражай қызметкерлері бұрынғы балалар бақшасы, кейіннен аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесі орналасқан ғимаратты қамқорлығына алды. Ғимарат 1950 жылы салынғандықтан күрделі жөндеуді қажет етті. 1998–2004 жылдар аралығында аудан әкімдігінің қолдауымен осы ғимаратты мұражай қызметкерлері күрделі жөндеуден өткізіп, 2004 жылы Әсет мұражайын осында толығымен көшірді. Мұражай 14 бөлмеден тұрады. Мұнда көрме залы, акт залы, 2 экспозициялық зал, кітапхана, мұрағат, қор бөлмесі, қызметкерлер бөлмесі, шеберхана бар. Бұрынғы ескі мұражай үйі бұзылып, оның ауласы қазіргі ғимараттың ауласына қосылды. Бүгінгі таңда Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы толыққанды жұмыс істеп тұр. Мұражайда қазір 1550-дей жәдігер болса, соның 700-ден астамы Әсетке тікелей қатысты. 2007 жылы ғимарат алдына Әсет Найманбайұлының бюсті орнатылды. Аудан көлеміндегі осындай мақтанышпен айтуға болатын игі істермен қоса, «әттеген-айларды» да айтпай кетуге болмас.

Сөз басында Бақты ауылында орналасқан Ғабдішүкір қажының медресесі туралы айта кеткен едім. Бұл медресенің нақты қай жылы салынғаны туралы жазба дерек жоқ. Көнекөз қариялардың, ертеректе осы медреседен дәріс алған Қытай еліндегі азаматтардың айтуына қарағанда, медресені осы Мақаншы, Үржар өңіріне келген дін өкілі, арғы тегі парсы елінен шыққан ноғай Ғабдішүкір қажы 1863-1865 жылдары салдырса керек. «Бұған Тарбағатай тауының өңіріне келіп мекендей бастаған орыстардың ықпалы болуы мүмкін. Орыстардың ашқан мектептерінің үлгісімен жергілікті тұрғындар балаларын мұсылманша оқытып, білім бергізгісі келген болар» деген еді бірде Қарабұта ауылының тұрғыны, марқұм Уәли Тілеуұлы ақсақал.
Діни тағлымдарды оқытып үйрететін мұсылман медресесіне осы Көктұма ауылы өте ыңғайлы еді. Себебі, ол кезде Көктұма қытай елімен екі арада сауда керуендері өтетін оңтүстік-шығыстағы қақпа еді. Бұл жерде жергілікті қазақтардан басқа өзбек, татар, ұйғыр, орыс саудагерлері көптеп мекен еткен.
Екіншіден, осы өңірге қоныс тепкен әр ұлт өкілдерінің басым көпшілігі мұсылман қауымы еді. Бақты (Көктұма) ауылынан бар-жоғы 21 шақырым жерде орналасқан қытай елінің Шәуешек қаласындағы ұйғыр мектептері мен медреселерінде оқу мүмкін болмады. Ресей үкіметінің оңтүстік-шығыстағы шекара бойына бекеттер орнатып, бақылауды күшейтуі халықтың ары-бері жүріп тұруын қиындатып жіберген. Сондықтан да ауылда медресе ашылуы жергілікті халық үшін өте тиімді болды. Медресенің алғашқы оқытушысы Ғабдішүкір қажының өзі болды. Медресе салуға пайдаланылған материал – иі қандырылып пісірілген сары құм топырақ. Ол кірпіш етіп құйылған соң күйдірілген. Кірпіштердің түсі көгілдір. Кірпішті қалаған кезде арасына салынған лай сағыз секілді созылмалы болған көрінеді, өте берік. Кірпішке қандай бояу қосылғаны белгісіз. 1994 жылға дейін медресенің оңтүстік жақтауын-
дағы қабырғаның 10 метр жері құлағаны болмаса, қалған бөлігі дін аман. Төбесі жуан бөренелермен қапталған. Еденіне тақтай төселген. Төбесінің сырты қызыл қаңылтырмен қапталған. Ғимараттың шығыс бөлігінде үйге жапсарласа жарты шеңбер түрінде күмбез тектес құрылыс болған екен. Осыған қарап, медресе сабақ өткізуден бос кезде тұрақты түрде мешіт орнына да пайдаланылған деген тұжырымға келуге болады. Кейіннен медресе үйіне тағы бір қосымша бөлме қосылып салынған. Осыдан кейін оны сауда орынының қоймасы ретінде пайдаланып келген екен. Бұл медреседе Әсет Найманбайұлы 7-13 жас аралығында оқыған көрінеді. Медреседе оқып жүрген кезінде алғырлығымен көзге түскен Әсет құран сүрелерін молдалардан естіген қалпында қайта өздеріне айтып беретін болған деседі. Тіпті, шариғат сөздерін ұйқасқа қосып өлең шығар-ғанда, сол медресе қарилерінің өздері таң қалатын болған.
...Хазіреттің қасында шәкірт едім,
Адастырды осы өлең орта жолдан, – деп Әсет медреседе көп оқымағанын ағынан жарылып, жырға қосады.
Әсеттің бойындағы ақындық дарынды ерте байқаған Зейнолла қари батасын беріп, өнер жолына түсуге жол сілтеген екен.
Медресенің қысқаша тарихы осы. Медресе 1992 жылы Семей облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне алынды. Бүгінде медресе орнында қаусаған ескі үй мен бір төбе үйінді ғана қалған. Міне, барымызды бағаламай, салғырттық танытудың салдарынан тамаша тарихи жәдігерден осылайша айырылдық. Жалпы, Әсет мұрасын түбегейлі зерттеу осы өңірден басталуы тиіс, өйткені асыл азаматтың өмір сүрген ортасы осы жер болса, бақилық болған жері де қашық емес.

Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив