KZ
Өскемен
+9°
ясно жел 4 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Қоршаған ортаны қорғауға қомақты үлес қосып отыр

11.03.2012, 18:00 280


Кеше Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров басшылық еткен үкіметтік делегация Шығыстағы жұмыс сапары аясында облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевпен бірге Жезкент кентінде, Семей және Курчатов қалаларында болып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Астанадан келген мәртебелі меймандар ең алдымен Жезкенттегі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Орлов кен байыту фабрикасына ат басын тіреді. Жалпы Шығыс аймақта аталмыш корпорацияға қарасты алты кеніш пен төрт кен байыту фабрикасы орналасқан. Соның бірі осы Орлов кен байыту кәсіпорыны минералды шикізаттарды өңдеумен айналысады.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы М.Абайдельдиновтің айтуына қарағанда, құрамында 19 кеніш, 9 кен байыту фабрикасы, 2 көмір кеніші, 2 металлургиялық зауыт, 3 энергетикалық станция мен көптеген көмекші кәсіпорындар жұмыс істейтін ірі тау-кен компаниясы бүгінгі таңда табиғатты қорғауға баса көңіл бөліп отыр. Мәселен, 2007 жылы бір жыл көлемінде атмосфераға шығарылған зиянды заттардың мөлшері шамамен 851 707,3 тоннаны құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 292 297 тоннаға дейін төмендеген.
– 1995 жылдан бастап осы уақытқа дейін біздің корпорация қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыру үшін 80 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсады. Соның ішінде өткен жылы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 6 миллиард теңгеден астам ақша бөлініп, игерілді. Атап айтсам, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қаржының біразы – 2 миллиард 648,8 миллион теңгесі Жезқазған аймағына, 1 миллиард 014 миллион теңгесі жылу стансаларына бөлінсе, Шығыс аймаққа 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді, – дейді бөлім бастығы М.Абайдельдинов.
Деректерге жүгінсек, «Қазақмыс» корпорациясы бойынша 2012 жылға 38 экологиялық рұқсат ресімделсе, мұның ішінде 16 рұқсат Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен, 5 рұқсат экология департаментімен, 17 рұқсат табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен берілген. Бұған қоса мамандардың сөзінше, өткен жылы корпорация қоршаған ортаны қорғауды мұрат тұтқан бірқатар іс-шаралардың басын қайырыпты. Айталық, Нұрқазған және Қарағайлы кен байыту фабрикаларына арнап қалдықтарды сақтау орындарын салып, Жезқазған кен байыту фабрикасында консервіленетін қалдықтарды сақтау орнының топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқарған. Мыс балқыту зауыттарының металлургиялық шлактарын өңдеу, «Нұрқазған», «Шатыркөл» кеніштерінде тұрмыстық-шаруашылық суларды тазартуға арналған ғимараттардың жобаларын әзірлеу сияқты көптеген шаруалар былтыр іске асырылған.
«Қазақмыс» биыл да қарап отырмақ емес. Жобасы әзірленіп қойған «Шатыркөл» кенішіндегі тұрмыстық-шаруашылық суларды тазарту ғимаратының құрылысы қолға алынбақ, оған қоса Балхаш ЖЭО-дағы 2 қазандықтың 7 эмульгаторын жөндеу және дайындау, Қарағайлы кен ба-йыту фабрикасының аспирациялық жүйелерін қайта құру, Сәтпаев қаласында тұрмыстық-шаруашылық суларды тазарту ғимаратында қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, қалдықтар сақталған жердің топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтіру бойынша жобаларды әзірлеу, қалдықтарды екінші реттік өңдеу тәрізді ауқымды іс-жоспарлар күтіп тұр.
Сонымен қатар М.Абайдельдинов өзінің баяндамасында «Қазақмыс» тарапынан экологиялық заңнамалардың бұзылуына қатысты мемлекеттік инспекциялық тексерулердің жүргізілгендігін, нәтижесінде біраз мөлшерде әкімшілік айыппұл төленгендігін де тілге тиек етті. Оның есебіне көз жүгіртсек, 2010 жылы 99 инспекциялық тексеру болса, 2011 жылы бұл 110-ға дейін жеткен.
Өткен жылы қоршаған ортаны қорғау заңнамаларының орындалмауына байла-нысты 24,5 миллион теңге шамасында шы-ғын келген, алайда бұл сома толық өтелген. Соның ішінде Шығыс аймақтың үлесінде 4 212 921 теңге шығын бар.
– Біз сіздерге заң шеңберінде қандай да қолайлы жағдай туғызуға, жоспарлаған іс-шараларды жүзеге асыру үшін қажетті уақыт беруге әзірміз. Сол сияқты мемлекеттік жауапты органдар тарапынан болатын тексерулерді де тежей тұрамыз. Есесіне «Қазақмыс корпорациясы» өзінің мойнына алған қоршаған ортаны қорғау туралы барлық міндеттерін нақты орындаса жеткілікті. Әрине ірі корпорацияның жұмысын тоқтатып тастауға болмайды, бұл экономикалық тұрғыдан да, басқа жағынан да тиімсіз. Экологиялық мәселелерді шешуде екі жаққа да тиімді қадамдарға барған жөн. Осы мәселелердің бәрі құр сөз жүзінде қалып қоймай меморандумда міндетті түрде ескерілуі тиіс, – деп атап өткен Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров бүгінде корпорация кәсіпорындарындағы қордаланған проблемаларға аудит жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, өз кезегінде сөз алған «Қа-зақмыс корпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Эдуард Огай ағымдағы жылы экологиялық заңнамаларды сақтауды күшейту жөнінде атқарылатын негізгі шаралар жөнінде айтып өтті. Оның ішінде: табиғат пайдаланудың барлық шарттарының орындалуын қадағалау, экологиялық тәуекелдерді басқару мен бағалау бойынша заманауи әдіс-тәсілдерді енгізу және іске асыру, экологиялық менеджмент жүйесін оңтайландыру, қалдықтарды басқару бағдарламасын дайындау, энергия қуатын үнемдеу және парниктік газдарды сыртқа шығаруды азайту жөнінде бағдарлама да-йындау және тағы басқалар.
«Қазақмыстың» осыған дейін атқарған шаруалары мен алдағы мақсат-міндеттерін білгеннен кейін Нұрлан Қаппаров бастаған делегация өкілдері Орлов кен байыту фаб-рикасын аралап, керамикалық сүзгілердің жұмысын көзбен көрді. Фабриканың тыныс-тіршілігімен кәсіпорын қызметкері Рашид Өтегенов таныстырды.

Қазір қаржы бөлу
қиын емес

Бұдан соң Астанадан келген лауазым иелерінің жұмыс сапары Семейдегі су тазарту нысанында жалғасты. Мұнда қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков шаһарға қатысты үш бірдей өзекті проблеманы айтты. Ол: Тихомиронск өзені арқылы өтетін канализациялық дюкерді күрделі жөндеуден өткізу, су тазарту нысанында биологиялық тазарту құрылғыларын орнату және оң жағалаудағы тұрғын үйлер мен ғимараттарды жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО-3 нысанын салу.
– Бұл канализациялық арна 1990 жылы қолданысқа берілген. Бүгінде арнаның кейбір тұстары тозып, апаттық жағдай туындау қаупі төніп тұр. Егер құбыр жарылып кететін болса, зиянды қалдықтар Тихомиронск өзені арқылы Ертіске құйылуы ықтимал. Сондықтан бұл мәселені шешудің екі-ақ жолы бар, біріншісі, канализациялық арнаны қайта жөндеуден өткізу немесе жаңадан коллектор салу. Жаңа коллектор құрылысына шамамен 442 миллион теңге қаржы қажет. Бұл құрылыстың жобасы қазір тиісті орындардың қарауында. Оған қажетті қаражат республикалық бюджеттен 2014-2015 жылдары бөлінеді делінген. Алайда бізге қарап отыруға болмайды, кез келген уақытта дюкер істен шығып қалуы мүмкін. Сондықтан бюджет қаржысын тезірек алып, шаруаға кірісу керек. Осыны бір жағына шығаруға сіздердің министрлік (Қоршаған ортаны қорғау) көмектесіп жіберсе, – деп өтініш білдірген Дмитрий Гариков Семей жұртын сергелдеңге түсірген қалған екі мәселенің де мән-жайына тоқталды.
Бұл орайда Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров егер аталмыш канализациялық дюкердің құрылысына қатысты барлық құжаттар әзір болса, бюджеттен қаржы бөлу мерзімін ілгері жылжытуға болатынын айтты.
Бүкіл қаланың суын тазартып тұрған нысанның жағдайы да көңіл көншітерлік емес көрінеді. Ұзақ уақыт жұмыс істеген ғимараттың қондырғылары ескірген, жаңартуды қажет етеді. Әсіресе микро ағзалар арқылы тазартатын биологиялық тазарту қондырғысын орнату уақыт күттірмейтін шаруа. Сондықтан Семей су тазарту ғимаратында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін алдымен жобалық құжаттарды дайындау міндеті тұр. Оған қажетті қаржы облыстық бюджеттен бөлінеді.
– Егер облыс қазынасынан бөлінген қаржыға өздеріңіз құрылыстың жобалық құжаттарын жасап берсеңіздер, біз өз тарапымыздан жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыруға көмектесеміз, – деп нақтылады Нұрлан Қаппаров.
Семейдің экологиялық ахуалына кері әсерін тигізетін оң жағалаудағы шағын жылу қазандықтарының жұмысын «тоқтату» үшін сол аймақты жылумен түгелдей қамтамасыз етуге қауқарлы ЖЭО-3 құрылысын салу керек. Сонда оң жағалауда орналасқан көмірмен жанатын он төрт шағын қазандықты ЖЭО-3 желісіне қосып, оңтайландыруға мүмкіндік туады. Жылу орталығын салу турасындағы қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковтың әңгімесін мұқият тыңдаған министр бұл мәселенің жерде қалмайтынын, міндетті түрде дұрыстап қарастыру керектігін ескертті.
Семей геологиялық барлау колледжінің шаңырағына тізгін тартып, білім ошағының қазіргі жай-күйімен танысқаннан кейін астаналық делегаттар Курчатов қаласына жол тартты. Онда Қайрат Қадыржанов басшылық ететін Ұлттық ядролық орталықты аралап, ондағы полигон салдарын жою, зардап шеккен жерлерді қалпына келтіру (ауыл шаруашылыққа пайдалану) бағытында атқарып жатқан ауқымды істерін көріп, білді.

Меморандумның мақсаты айқын

Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров облыстық әкімдіктің ғимаратында өткен кеңесте өңірге жасаған жұмыс сапарын қорытындылады. Оған орталық және жергілікті уәкілетті органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың өкілдері, ғалымдар және қоғам өкілдері қатысты. Министр алдымен жиналыс өтетін залдың кіреберіс дәлізінде облыстың табиғатты қорғау мекемелері ұйымдастырған, олардың осыған дейін атқарған шаруаларынан ақпар беретін стендтерді аралап көріп, экологияны жақсарту бағытында істелінген жұмыстармен танысты.
Облыстың экологиялық ахуалы кеңінен сөз болған алқалы жиынды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашып, қоршаған ортаны қорғауда өңірде 2011 жылы атқарылған жұмыстарды және ағымдағы жылы алда тұрған міндеттерді саралады.
Қазіргі таңда облыста атмосфералық ауаның сапалық жағдайы, автокөлік құралдары санының күрт өсуі, өндіріс қалдықтарын жою мен қайта өңдеу жобаларын енгізу, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу, өндірістік қалдықтар көлемінің көптеп жинақталуы, иесіз қалдықтардың пайда болуы, трансшекаралық Ертіс өзені-нің ластану қаупі, бұрынғы Семей сынақ полигонының зардаптары сынды аса өзекті мәселелер өткір тұр.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен осы аталған проблемаларды шешу жолында маңызды шаралар қолға алынуда. 2011 жылы аймақта табиғатты қорғау шараларына 3416,4 млн. теңге бағытталған. Сондай-ақ, былтыр облыста тұңғыш рет құрамында сынабы бар зиянды қалдықтарды жинайтын арнайы орын құруға қол жеткізілген. Нәтижесінде бір жарым млн. дана құрамында сынап бар зиянды қалдықтарды Семей қаласында орналасқан арнаулы қоймаларда сақтауға мүмкіндік ашылған. Сонымен қатар өңірде ғана емес, еліміз бойынша алғаш рет Парламент Мәжілісі депутаттарының, облыстық қоғамдық кеңестің және қалалық әкімдіктің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде өндірістік экологиялық бақылаудың өңірлік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілген. Ол арқылы ауаның сапасын, облыс орталығының атмосферасын ластайтын зиянды заттардың концентрациясын жылдам әрі нақтырақ анықтауға жол ашылмақ.
Аймақ басшысы облыстық әкімдіктің атынан еліміздің Үкімет басшысына өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында арнайы жұмыс тобын құру бойынша ұсыныс жасағанын, Премьер-Министр осыған орай тапсырмалар бергенін, мәселенің оңды шешімін табатындығын жеткізді. Ірі өндіріс ошақтарын қоспағанда Шығыстағы ауаның ластануына автокөлік санының жылдам артуы да әсер етіп отыр. Бүгінде облыс орталығында 80 мыңнан аса көлік болса, облыста оның саны 220 мыңнан асып жығылады.
Қорытынды жиын барысында бірқатар құрылым басшылары күн тәртібіндегі тақырыпқа орай баяндамалар жасады. Облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы В.Чернецкий өткен жылы ірі өндіріс алпауыттарымен облыста табиғат қорғау шараларына 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгенін, трансшекаралық Ертіс өзеніне бірнеше елді мекен тұсынан бақылау орнатылғанын, Өскемен қаласында көп жылдар шешімін таппаған Комендантка өзенін абаттандырудың бірінші кезеңі аяқталғанын жеткізді. Оның айтуынша, өңірде табиғат қорғау шараларына қаржысын аямаған ірі өндірістік кәсіпорындардың көшін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бастап келе жатқан көрінеді. «Казгидромет» РМК-ның «Шығыс Қазақстан гидрометеорология орталығы» ЕМК директоры С.Сайыров облыстағы барлық су көздерінің экологиялық жағдайына кеңінен тоқталып, ақпарат берді. Оның баяндауынша, су көздерінің тазалығына күнделікті сараптама жүргізіліп отырса, Семей, Риддер, Глубокое кентінде соңғы жылдар шегінде ауаның ластану көрсеткіштері азайып келе жатқан көрінеді.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы В.Лопаткин қандай шаруалар атқарылып жатса да, өңірдің экологиясы көңіл көншітпей тұрғанын айтты. «Облыстағы ер-азаматтардың орташа өмір сүру жасы әлі де бұрынғыша 59-дан аспауда. Облыстың негізгі қалалары орналасқан жер бедері қазаншұңқыр іспетті болғандықтан, кәсіп-орындардан ауаға көтерілген қалдықтар таралмай бір жерде тұрып қалады. Сонымен бірге жылу қазандықтары да ауаны ластауға үлес қосып жатыр. Соларға шара қолданылса. Экологиялық қауіпсіздік орталығы жұмысын жолға қойып, осыларды назарға алса. «Қазцинк» ЖШС ауаға бөлетін зиянды қалдықтар көлемін жыл сайын азайтып келеді. Былтыр екі есеге дейін төмендетті» дейді Владимир Лопаткин.
Жиын барысында қатты отынмен бірге жылыту маусымына газды пайдаланса деген ұсыныстар да болды. Бұл сауалға облыс басшысы былай жауап берді. «Біріншіден, облыста газдың мол қоры жоқ. Зайсаннан табылған газ облысты қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Дегенмен, барлау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі кезде газбен қамтудың екі түрлі жолы бар. Біріншісі, Ресейден Қытайға Моңғолия арқылы газ құбырын тарту басталды, соны еліміз арқылы жүргізу. Егер олар келісім берсе. Екінші жолы, Астана қаласын газдандыру жобалары басталуда. Соның тармағына қосылу. Алайда, ол көп мөлшерде қаржы талап етеді».
Мұнан соң меморандумдарға қол қою рәсімі басталды. Алдымен Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен облыс әкімдігі арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара түсіністік және өзара әрекеттесу жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Ол бойынша министрлік өз тарапынан 2012 жылғы 1-шілдеге дейін Өндірістік экологиялық мониторингтің өңірлік автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – ӨЭМӨААЖ) аккредиттеуге көмек көрсетуге, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Өндірістік экологиялық мониторингтің бірыңғай өңірлік автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құруға, соның ішінде Өскемен, Зырян, Шемонайха, Риддер қалаларында дамытуға көмек көрсетуге, атмосфералық ауадағы зиянды заттардың концентрациясын талдау кезінде енгізілетін жүйелердің бірлескен сынақтарын жүргізуде әдістемелік және мықты көмек көрсетуге, «Қазгидромет» РМК мемлекеттік тапсырысы желісі бойынша алынатын, Өскемен қаласының атмосфералық ауасының ластануы туралы ақпаратты беру саласында көмек көрсетуге жауапкершілік алатын болады.
Екінші тарап ретінде өз кезегінде облыс әкімдігі ӨЭМӨААЖ аккредиттелгеннен кейін Өскемен қаласының атмосфералық ауасының ластануы туралы мәліметтерді талдауға әрі барлық уәкілетті және мүдделі органдарға беруге, облыстағы экологиялық жағдай жөнінде халыққа және қоғамға ақпарат беруді ұйымдастыруға, табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың атмосфералық ауаға шығаратын ластаушы заттарының шығарындысын төмендету жөніндегі шараларды қабылдауды қамтамасыз етуге жауапты.

Аталған меморандум қол қойылған күннен бастап өз күшіне енеді және 2013 жылдың 1-қаңтарына дейін қолданыста болады.
Мұнымен қатар осы тектес меморандумдар министрлік пен облыс әкімдігі және «Қазцинк» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасында да жасалды. Әзірге, тағы бір алпауыт кәсіпорын «УКТМК» АҚ-мен меморандум жасасуға қол жеткізілмеген. Өңір басшысы министрге осыған орай, қосымша шаруалар атқарылатынын мәлімдеді.

Шығысқазақстандықтармен кездесуінің соңында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Жамбылұлы жиналғандарға және БАҚ өкілдеріне арнап сұхбат берді.
– Менің облысқа жасаған жұмыс сапарымның басты мақсаты – өңірде өткір тұрған проблемаларды ашып көрсетіп, оларды шешудің жолдарын бірлесіп қарастыру. Рас, Өскеменде экологияға қатысты шешімін таппаған мәселелер бар. Оны жасыра алмаймыз. Оны өздеріңіз де жақсы біліп отырсыздар. Сол мақсатта кешеден бері Семей, Курчатов қалаларында, «Қазақмыс корпорациясына» қарасты Жезкенттегі кен байыту фабрикасында болдық. «Қазақмыс корпорациясының» барлық кәсіпорындарымен меморандум жасалады. Бүгін Өскеменде сіздермен жүздесіп отырмыз. Бірқатар қордаланған мәселелермен кездестік, шешу жолдарын ақылдастық. Біріншіден, кешеден бері қасымызда бірге жүріп, өңірді таныстырған облыс Әкіміне, оның орынбасарларына ризашылығымды білдіргім келеді. Өңірде экологиялық проб-лема асқынып тұрса да, оны шешу жолында атқарылып жатқан шаруалар да баршылық екен. Енді осы бастамаларға республика тарапынан қолдау керек. Облыстық әкімдік тарапынан біздің министрлікке жолданған ұсыныс-өтініштердің барлығы назарға алынатын болады. Біз өз тарапымыздан облыс Әкіміне қолдау көрсетеміз, – деді Нұрлан Қаппаров.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив