KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ, жазушы: – Тәуелсіздіктің ТАҒЫЛЫМДАРЫН ТӨРТ тұғырдан іздеген жөн

10.03.2012, 18:00 112


Жазушы, журналист, дінтанушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Уақап Қыдырханұлымен сыр-сұхбат.

Санадағы сарқылмайтын сағыныш

– Уақап аға, біз Сізді қоғам қайраткері, жазушы-журналист, халқымыздың қадірменді ақсақалының бірі, әрі жерлесіміз ретінде мақтан етеміз. Жазғандарыңыз жерлестеріңіздің есінде.
«Ел тарихын кім айтады?
Атадан қалған сөз айтады,
Көнеден қалған көз айтады.
Жер тарихын кім айтады?
Күзетте тұрған құз айтады,
Құздарда қалған із айтады».
Бұл – Сіздің сөзіңіз. «Алтын ай» атты повесіңізде Алтайыңыздың апай төсін аралап кетесіз. Көненің көзін көресіз, атаның сөзін тересіз. Күзетте тұрған құздармен тілдесесіз, құла дүзден із кесесіз. Ұлан таудың асуында шашылып жатқан ақ тастар тіл қатады сізге. Туған жеріңіз «Тасқайнат» – табиғат тылсымы. Зерттелмеген зерде, ашылмаған жұмбақ. Осы өлкеде қара тастың қабырғасын қағып қалсаңыз, андыздап аңыздар шыға келеді. Кейіпкердің бәрі тау тұлғалы, Алтайдың шыңдарындай өр азаматтар. «Әттең, Алтай – Марқакөл» – Өр Алтайдағы төр найманның мысалында айтылған тұтас қазақ тағдыры. Сонда бұл Алтай неткен таусылмайтын тақырып, сарқылмайтын сағыныш?


– Адамда бірге туып, бірге өлетін екі сипат бар. Ол – үміт пен сағыныш. «Үміт үзілмейді, сағыныш сарқылмайды». Оның үстіне мен аса тауқыметті тағдыр кешкен жанмын. Туған жердің тал бесігі бұйырмай, жөргөгімде жер ауып, анамның құшағында арғыбет асып кетіппін. Бесігім бебеу күймен тербетілді. Отансыздықтың отына ерте күйдік.
Туған жердің қадірін елде жүрген еркеден шеттеп кеткен шерменде мың мәртебе терең түсінеді. Алтай – сондықтан да мен үшін таусылмайтын тақырып, сарқылмайтын сағыныш. Мен ғана емес, ол – кіндігі Алтайдың кеудесінде кесілген күллі түркіге сағыныш болып қалған қасиетті топырақ.

– Сол сағыныштың алғашқы сарыны Қазақстанға «Ант» повесі болып жетті-ау деймін.


– Ол – Әлім баланың бастан кешкен бір қасіретті халі туралы қаз-қалпында қағазға түскен хикаят. 1961 жылы «Жолбасы» жинағында жарияланған. Бұл жаққа таңсық тақырып. Кезінде «Шерлі шежіре» аталып та жүрді. Сонымен бірге ол кеңес баспасөзінде тарс жабылып қалған эмиграция тақырыбының да жолбасы болды.

– Арғыбет, қанша айтқанмен, балалық бал дәуреніңіз, жалындаған жастығыңыз қалған жер ғой. Кейін барған шығарсыз. Сонда кері сағыныш сезіндіңіз бе, көзіңізге ыстық көріністер кезікті ме?


– Балалығымның балын татпадым, жастығым жалындамады дей алмаймын. Мен сол балалық пен жастықты арғыбеттегі аласапырандар мен армандар арасында қалдырып, өмірімді туған жерде (1955 ж.) қайта бастаған адаммын. 1999 жылы барып, әке-шешемнің зиратына зиярат еттім. 1940 жылы көтерген биік дуалдан тізеге жетер-жетпес таған қалыпты. Қыстаулардың орнында болар-болмас тап жатыр. Сондай белгілерді іздеп жүргенде ғажайып бір құбылысқа тап болдым. Қара Ертістің жағасында, қара жардың үстінде бала кезде ішіне түсіп, қуыс-бұрыштарына жасырынбақ ойнап жүретін ұра-жыралар болушы еді. Сол ұзын-ұзын орлардың едәуір терең сораптары әлі жатыр. Ол біздің әкелеріміз бен ағаларымыздың алғаш барғанда қазып, паналаған жеркепелері еді. Сол індерге суырша сүңгіп кіріп, сүйретіліп шығып жүріп, ел қатарына қосылып кетіпті. Таңғалдым. Тәңірдің маған сақтаған табиғи мұрағатындай, жаңа сіз айтқан «балалықтың бал дәуренін» қара жердің осы қыртысынан қайта көргендей сезімде болдым.
Әрине, балалық шағымда жоқшылық, таршылықтың тақсіретін де тарттық. Бірақ құдайға шүкір, тағдыр берген дарын-таланттың арқасында өнер-білімге талпынып, әуелі гимназия, онан соң Үрімжіде партия мектебін бітірдім. «Шыңжан» газетінде істедім, Шыңжан радиосынан қазақ бөлімі ашылғанда алғашқы редактор, алғашқы диктор болдым. Шетелдегі қазақ радиосынан үні алғаш рет эфирде жаңғырған қазақ болғанымды күні бүгін мақтан тұтамын. Алла маған ұлттық құндылықтарды әспеттеуде бірінші болуды жазған екен. 1955 жылы ондағы қызметімді, салиқалы тұрмысымды тастап ҚХР-дан туған Отаным – Қазақстанның шекарасын аттаған бірінші қазақ болдым. Бірінші болып, Құран кәрімді қазақ тіліне тәржімелеу бақыты да маған бұйырды.

– Қазақ «көшкен елдің бұқасын еру елдің бұзауы қорқытады» дейді. Ол кезде біздің атымыз көшкін де, босқын да емес, «қашқын» еді. Енді тарихи Отанымызға оралып, «оралман» атандық. «Оралман» дегенге қалай қарайсыз?


– «Ман, мен» – қазақ грамматикасында тек теріс сөз жасайтын жұрнақ. «Атарман, шабарман, өлермен, аларман, берермен, сабарман...». Бәрінің көлеңкесінде кекесін, мысқыл, мазақ, тұспал жатыр. Демек, бұл тіл заңын өрескел бұзып, «репатриант» дегенге балама етіп, қолдан жасалған саяси термин.

– Енді не деген дұрыс?

– Мен, егер термин етіп алса, құлақ тез үйреніп кететін, ең жылы сөз «бауырлар» дегенді ұсынғанмын. Алда-жалда «репатриантты» мазмұндау қажет болса, оған «ман» деген мазақты қоспай «оралғандар» деу керек.

Азаттықтың авторы – Нұрсұлтан Назарбаев


– «Қуан, қазақ, қуанатын күн бүгін,
...Сарайың толсын Сақарадан ескен самалға,
Күн нұры қонсын күңгірттеніп қалған жанарға,
Биіктегі жаудыраған жұлдызды,
Көсіліп жатып, өз көзіңмен санауға,
Кең түріп таста Тәуелсіз үйдің түндігін».
Аға, бұл да – өз сөзіңіз. Сіз тәуелсіздікті аңсап қана қойған жоқсыз, тәуелсіздікке қол жеткізуге зор үлес қостыңыз. Ұлттық сананы жүрегімізден өшіруді мақсат тұтқан қызыл империя заманында Қазақстан мен шетелдегі қазақ диаспорасын байланыстырған алтын көпір – «Шалқар» («Біздің Отан») газетіне ұзақ жыл басшылық еттіңіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасымен бірге шетелдерге сапарлап, жат жұртта жүрген қандастарымызбен дидарласып, азат елдің, азат ұлттың жалынды жаршысы болдыңыз. Осы сапарлардан «Сағыныш саздары» атты кітап жаздыңыз. Сондықтан Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырмандармен ой бөліссеңіз.


– Ол баяғы сарын емес, сырттағы ағайындардың Тәуелсіздікпен табысқан сәттердегі салтанатты сағыныштарының сазы. Нұрсұлтан Әбішұлы ең әуелі Қытай барды. Ондағы қазақтармен жүздесіп, жұбатып, қуантып кетті. Түркия сапары тіл жетпейтін тебіреніспен өтті. Түрік танытқан туысқандық өз алдына ондағы ағайындардың жүрегі жарылып кете жаздады. Әуежайларда, вокзал босағаларында, елшіліктің табалдырығында ақсарбастар аталып, құрбандықтар шалынып жатты. Азан естігенде құлағымызды басып алатын өзіміз қос алақанымызды аспанға жайып, ағайындардың «А, Құдай!», «Абылай!», «Алаш!», «Ақ жол!»... деген ұрандарына үн қосып кеттік. Иран барды. Ауған соғысы кезінде күллі Таяу Шығысқа тарап кеткен сан мыңдаған қазақты соғыс босқыны ретінде қайтарып беретін қатерден арашалап алып қалды. Анкара саммитінде түркі әлемінің тағдыры талқыланды. Осы елде Қазақстанның тұңғыш елшілігі ашылды. Мен осының бәрін Президентке еріп жүріп, осының бәрін көріп жүріп тәуелсіздіктің не екенін терең түсінген тілшімін, тәуелсіздіктің таза тілешісімін. «Сағыныш саздары» – ұлтымыздың осы ұйысуы, табысуы тұсындағы лапылдаған сезім, лүпілдеген жүрек, періште көңіл, пәк тілектер пайымдалған жалынды жазбалар жиынтығы.

– Иманды қазақ Алласыз сөз бастамайды. Ақылды қазақ тәуелсіздіксіз тіс жармайды, түс те көрмейді. Сол Тәуелсіздіктің 20 жылдығында оның ұлы мазмұны – тіл, діл, дін, демократия, диаспора орайында өткеніміз бен жеткенімізді бағамдап бір көрсек қайтеді?


– Тәуелсіздік – адамзаттың өмір сүру еркі.
Демократия – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік.
Дін – адам жанының әміршісі.
Тіл, діл – ұлттың ұлы нышандары.
Диаспора – ұлттың үзіліп қалған буыны.
Осының бәрі бізде болған. Осының бәрінен айырылғанбыз. Соның бәрі қайта оралған. Бізді ұлт етіп ұлықтаған да, құл етіп құрықтаған да, бодандықтан босатып, бақытымызды ашқан да – ырықсыз уақыт – Жаратқан хақтың жазуы. Аллаға шүкір, ешбір күш тербелте, еш тарих төмендете, еш құбылыс ауыстыра алмастай болып, тәуелсіздік орнықты. Оның авторы да, орындаушысы да – Елбасы. Тәуелсіздік пен Нұрсұлтан Әбішұлы бір тұлға, бір ұғым. Тұлғалық сипат – «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Оның аты – парасат, ұлы иман!
Жиырма жыл – дәуір өлшемінде қас қағым сәт. Қазақ ел жаңаруын – 50, қазан жаңаруын 100 жылмен есептеген. Біз оған небәрі 20 жыл жұмсадық. Көз ілеспес осы кезеңде ұлтымыздың арқасынан сан ғасырдың салмағын аударып тастап, тұтастай саналық, сапалық, жаңаруға жеттік. Елдігіміздің ен-таңбасын түгендеп алдық. Өркениеттің осы заманғы биігіне өрлеп кеттік. Кер даланың кешегі керенау қазағын бүгін білмейтін ел, танымайтын түкпір жоқ. Дүм-дүниенің дүмпуін дәл естіп, саяси сахнада даусымыз саңқылдап шығатын болды. Мұны енді тәуелсіздікті теңселтпей, ұлттардың ынтымағын ыдыратпай, дамудың тізгінін тежемей, ілгері жетелеп келе жатқан Елбасынан қалай бөлек қарай аласың! Қалтқысыз сенген халқы тағы да өз тағына қайта отырғызды. Сол сенімді ақтауға ант бере отырып, туған елін «толдым деп тоқырамауға, астым деп асқақтамауға» шақырды. Бұл да кемел ақылдың үні.

Дін – адам жанының әміршісі

– Дін де қазаққа тәуелсіздікпен бірге қайта оралған хақиқат қой?

– Дәл солай. 1991 жыл Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіз елдің тағына отырды. Сол жылы қазақ топырағында Құран кәрімнің тұңғыш мағыналық тәржімесі жасалды. Оны дәл осы тұсқа дайында деген ешкім жоқ еді. Тіпті, қазақтың ұшып кеткен иманы әлі орала қоймаған. Ендеше, Тәуелсіздік пен Тәңір сөзінің қазаққа бір тұста жетуінде Хақ бұйырған үйлестік бар.

– Ол тәржімеші сізсіз ғой. Бұл тәуекелге қалай келдіңіз?


– Иә, менмін. Бұл да – жаратқан хақтың жарылқауы, әрі өзіме өзім жүктеген парызым.
Сол тәржіменің қайта қаралған нұсқасы 2002 жылы «Қазақстанның мәртебелі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа сыйы» ретінде қайта басылып, тегін таратылды. Мұның нанымдық, танымдық, адами, ғалами құндылығын айтпағанда, оның өзі бодандықтан босаған мұсылман елдері басшыларының бәрінен бұрын Нұрекең жасаған аса сауапты іс еді. Ал, 2003 жылы Президент дүние діндері даналарын сәби елінің төріне шақырып, теңселіп тұрған әлем тыныштығының топсасын нанымдар нақыштарымен шегендеп, шегелеп тастады. Мұны сұңғыла саясат деу аз еді. Жер күйресе – имансыздықтан, діни дұшпан-
дықтан, тәубеден жаңылудан, тойымсыз топас-тықтан күйрейді. Және бұл әлгі Америкада жасалған лаңкестіктің жаласын ислам әлеміне жапқан діни дүрдараздық дүркіреп тұрған тұс еді. Әлем абыздарының ұғысу, уағдаласу форумы осы қатердің жолын бөгеген бірегей шара болды.

– «Аумағы алақандай, халқы саусақпен санағандай» қазаққа осыны да көпсініп, құстанағандар да болып еді-ау.

– Рас, біз бірақ шөкім халықпыз. Бірақ, мінсіз Алла мұғжизасын мемлекеттердің мәртебесіне, халықтың санына, патшалардың пәрменіне қарап жасамаған. Мұхаммедті (с.ғ.с.) Пайғамбар еткенде арабтар әлемнің артында қалған ел болатын. Сол қуыстағы құлына Құран түсіріп, күллі жаһанға жарық шашқан. Адамзаттың жаңа өркениеті сол жерден басталған. Ендеше, са-яси әлем сипатын әлі аша алмай, пәтуасын дәл баса алмай келе жатқан бұл шараны Жаратқан Хақтың біздің Елбасымыз арқылы жер бетіне жіберген мұғжизасы (шарапаты) деп білсек керек...
Содан бері Астанада әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің үш съезі өткізілді. Өмірі тоғыспайтын, тоғысқаны соғысқан болып шығатын дін даналары ұғысып, жұғысып кетті. Дінаралық татулық тыныштықтың біздің топырақта қағылған алтын қазығына айналды. Қазақстанда биылдың өзінде Ислам әлемінің екі ұлы жиыны болып өтті. Пәни дүниенің бар тірлігін пайдакүнемдікпен емес, Патша Құдай бұйырған парасатпен жүргізетін әлемнің, өсімқорлыққа бармайтын, алдап соқпайтын, арбап-әрбілемейтін экономикалық жүйесін, банктік басқаруды алға шығарды. Дүниежүзілік Ислам конференциясының тізгіні түркі исламиятында тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанның қолына өтті. ЕҚЫҰ-ның он бір жыл жабылып қалған саммитін шақырып, үзіліп қалған үміт, тоқырап қалған тілекті қайта жалғап берген Елбасымыз бұл конференцияны «Ислам елдерінің ынтымақ ұйымына» айналдырып берді. Ислам әлемі енді халықаралық мәселелерді сырттай сөз етіп қана қоймай, оған ықпалды ұйым ретінде араласа алатын болады.

Қазақ – қайда болса да қазақ

– «Жылағанды – жұбат. Жығылғанды – жебе. Адасқанды – ізде. Айырылысқанды табыстыр. Азды құрап – ел ет. Сазды құрап – жер ет!» Бұл – адамгершіліктің қағидаттары, Сіздің тіркесіңіз. Тәуелсіз Қазақстан Тәңірдің осы тағылымын тыңдады ма?

– Диаспора (сыртқазақ) – ұлты-мыздың үзіліп қалған буыны. Буыны бос ұлт бірегей ел бола алмайды. Елбасы осыны ойлап, тәуелсіздіктің сәулесін елдігіміздің елең-алаңында-ақ алыстағы ағайындарға түсірді. Барған жерінің бәрінде қазақ болса, оны елемей кеткен жоқ. Жүрекжарды сөздерін айтып, жұбатып, қуантып жүрді. «Қазақ – қайда болса да менің халқым» деді. «Қашан, қайда жүрсем
де, алыстағы ағайындар жүрегімнің бір түкпі-рінде жатады» деді. «Сіздердің атамекенмен қауышуға асығатындарыңды білемін. Мен де асығамын» деді. «Түптің түбінде, түгел жинап аламын» деді. Сырттағы қазақтардың Тәуел-сіздікпен табысуы, Атамекенге ат басын бұруы осыдан басталды. Содан бері қазаққа бір миллионнан астам ағайын қосылды. Көші-қон мемлекеттік саясатқа көтеріліп, айырықша заң аясында жүргізіліп келе жатыр. Диаспорамен жұмыста дүниенің алдында тұр деген неміс пен еврейде бұл әліге дейін қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорлар арқылы жүргізілетін шаруа. Бұл жағынан небәрі жиырма жылда әлемнің алдына шығып кеткенімізді әлі аңғара қойған жоқпыз.

– «Сіздерді мен де сағынамын. Елге әкелуге асығамын!» – қандай жылы сөз.

– Осыларды зерделегенде менің ойыма осыдан 38 жыл бұрын Нұрекеңмен Теміртаудағы кездесу түседі.
1973 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазір «Егемен Қазақстан») газетінің көшпелі редакциясы Қарағандыға барғанбыз. Теміртауда болғанбыз. Қара тас қарш-қарш туралып, үгітіліп, ерітіліп, қып-қызыл бұлақ болып ағып, сойылдай-сойылдай сом темір, туырлықтай-туырлықтай қаңылтыр болып, қатталып-бүктеліп жатқанын көргенбіз. Отандық осы алыпқа жолдамамен келген Нұрсұлтан жұмыс істеген домна – пештердің «падишасы» ретінде үлгіге қойылыпты. Қабырғасында қаспақ, шаңырағында шаң-тозаң жоқ домнаның күмбезінен жас қазақтың атын көргенде көкіректе оркестр ойнап сала берген.
Теміртаудан аттанарда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы зиянат беріп оны өзі жүргізіп отырды. Жас патриоттың парасаты, тапқырлығы таңғалдырды. Тілді тұлпардай тулатып, ешкімнен сөз сұрамайтын журналистердің сезімдерін сілкіп-сілкіп тастайды. Сөз арасында домбыра сүйемелімен ән кетеді. Сонда айтқан, сазын да, сөзін де өзі шығарған «Шұбарат» әнін мен жазып алғам.
Алатау – туған жерім, елім менің,
Сағындым арасынан ескен желін.
Арқада ардақталып жүрсемдағы,
Ер жігіт ұмытар ма, туған жерін.
«Шұбарат» – Алатаудың етегінде,
«Шамалған» тұрады екен жетегінде.
Арқадан асыл жарды тапсамдағы –
Туған жер сенен алыс кетермін бе!
Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер,
Басында панасы жоқ пақыр да өтер.
Бұл өмір қарап тұрсаң, тұрағы жоқ.
Жел соқса бір-ақ сәтте ұшып кетер...
Бұл, әрине, баяғы балалық сағыныш, перзенттік сезім. Бірақ, өзі сағынып көрмеген жан басқаның сағынышын түсіне бермейді. Кезінде осы сезімдерді суыртпақтап «Сырласу» атты новелла жазғам. Кейін ұлы сағыныштар оянғанда, солармен сабақтасып, Нұрекеңнің «Шұбар» тұлпары шылбырын шұбатып, көз алдымда тұратын болды.

– Аға, өзіңіз де қатыстыңыз, Дүниежүзі қазақтарының соңғы құрылтайы қалай өтті?

– «Жол – жүрсе өнеді». Ең басты жол – Отанға бастайтын жол. Ол – жырақта жүріп, сағынышпен сарғайған қандастарымыздың жүрегі арқылы өтетін жол» дегені есіңізде ме, 2005 жылғы үшінші құрылтайда. Биыл сол жүрек жолын, алыстағы ағайындарды Отанға жетелейтін киелі жолды кең ашып берді. Оның өзі және Тәуелсіздік тойының беташарындай, бірегей құрылтай болды.

Тіл – ұлттың ұлы нышаны

– «Ұлтыңның тілі ілгері шықты ұрандап,
Тілі жоқ халық қалайша елдік құра алмақ?..» деген едіңіз.
Тіл шіркіннің түйткілі көп-ақ. Осы сөзді айтқанда Сіздің тіліңіздің тиегін не нәрсе түртіп қалды екен?


– Тіл мәселесі еріннің ернеуімен көмкере салуға келмейтін мәселе. Ал менің тілімді шешіп жіберген жайды айтайын.
1992 жыл. 30 қараша. Анкара. Биук Мәжіліс (Парламент) сарайы. Тәуелсіз алты түрік мемлекеттері Президенттерінің тұңғыш саммиті жүріп жатты. Саясат сараланды, экономика екшелді, мәдениеттің мыңдаған жылдық мәртебелері сөз болды. Ешкімнің қабағына қарамай, әр ел өз нұсқаларын ұсынды. Жалтақтық бір нәрседе белең берді. Халықтардың тарихы, тілі, мәдениеті орайындағы қимыл бірлігі сөз болғанда Әзірбайжан Президенті: «Латын жазуына көшейік. Түрік тілін ортақ тіл етіп, БҰҰ-ға өткізейік» деген ұсыныс жасады.

– Болмайды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы, – біз тәуелсіз мемлекет құрып жатырмыз. Тілсіз тәуелсіздік жоқ. Бір ағадан іргеміз бөлінбей жатып, екінші бір тілді ағаламайық, – деп кесіп айтты. Бұл туралы сөз одан әрі өрбіген жоқ. Өз басым Нұрекеңді қазақ тілінің ғана емес, бодандықтан босаған түркі тілінің бәрінің құтқарушысындай сезіндім. Осыны сапарнамамда жұтындырып жаздым да, делегацияның жетекшісі Мырзатай Жолдасбековтен жөн сұрадым. Ол кісі «Әзірше айқайлатпай-ақ қой» деді. Сонда да болса, оның өңін өзгертіп: «Ұлтыңның тілі ілгері шықты ұрандап. Тілі жоқ халық қалайша елдік құра алмақ. Жаһанға жар сал өзіңнің ана тіліңмен. Даңқыңды жеткіз қазақы қоңыр үніңмен. Қазақ қып өсір ұлдарың менен қызыңды. Бояусыз көрсет қазақы нұрлы жүзіңді. Тайсалма туыс, тәуелсіз ұлтсың сен енді. Бодандық бұғау біржолата үзілді. Түркістандағы Тайқазаныңды көтеріп, қазақша дәмде ақ наның менен тұзыңды» деп төгіліп барып, сезімімді әрең тежегем. Нұрсұлтан Әбішұлының осы нұрлы сөзі тіл мәселесі қозғалған сайын менің жадымда жаңғырып тұрады.

– «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң жасалып жатыр ғой. Қолданыстағы заңдағы тіліміздің көсегесінің жылдам көгеруіне тиек болып келген тұстар түзелер деп сенесіз бе?

– Иә, оған қол қойылды деседі. Жиырма жыл бойы айтылып келген түйткілдер ескерілген шығар. Оның 2020 жылға дейін кесіп-пішкен бағдарламасы дұрыс. Жазуды өзгертетін кез жеткен жоқ. Латынның тұтас түркіге ортақ нұсқасы да, қазаққа үйлестірілген үлгісі де әлі жоқ. Ендігі буын он жылға дейін тілдің де, жазудың да егжей-тегжейін игерсе, ешкімнің басын жарып, көзін көгертпей-ақ, жылжып өтіп кетер.

– Құба-құп... Енді осы тақырыптарды түйіндеп көрейікші!

– Уақыт жүрдек, ғұмыр қысқа. Саясат сан құбылып, экономика да бір жығылып, бір тұрып, ілгері тарта береді. Жасалған тарих қаз-қалпында қалады. Сонда Елбасымыздың тұлғасы – өзі орнатқан тәуелсіздік, өзі қорғаған ислам, өзі тірілткен тіл, өзі жинап алған ұрпақпен одан әрі ұлықтана түседі. Төртеуі де тәуелсіздіктің тұғыры, төртеуі де киелі!

– Өмірдегі ұстаным-идеалыңыз. Қысқа, нұсқа.

– Сиынғаным – Алла, сүйенгенім – еңбек, тілегенім – тыныштық, ойлайтыным – ұрпақ, сыйлайтыным – Елбасы!

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив