KZ
Өскемен
+6°
небольшая облачность жел 6 м/с, С
444.32 473.33 4.76

Орыс ғалымы қазақ тілін бір-ақ айда үйренуге болатынын дәлелдеп берді

6.03.2012, 18:00 150


Есте болса, осыдан бір ай бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Тілдарын» әдістемелік орталығы өзге ұлт өкілдеріне арнап қазақ тілін жедел үйренудің әдістемесін әзірледік деп, дүйім жұртқа жар салған болатын. Ол жоба 30-дан астам тіл білетін Ресейдің белгілі психолингвист-ғалымы Дмитрий Петровтың тәжірибесі негізінде жасалған-ды. Ал кеше осы жобаның нәтижесі шығарылды. Яғни орыс ғалымы қазақ тілін бір-ақ айда үйренуге болатынын дәлелдеп берді.

Жобаны сынақтан өткізу үшін осыдан бір ай бұрын эксперименттік топ жасақталыпты. Оған Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері қатысқан. Қазақ тілін үйрету курсын «Парасат және Діл» қоғамдық бірлестігінің директоры Құралай Мұтанова жүргізген. Оның айтуынша, жаңа әдістеменің басты мақсаты - тілді үйрету барысында адам бойындағы психологиялық кедергіні жою бірінші орынға қойылады. «Тіл маманы ретінде мен үшін эксперименттік топ өте қызықты болды. Себебі бұл топқа қазақ тілін мүлде білмейтін, ал орыс тілін орта деңгейде ғана меңгерген елшілік қызметкерлері қатысты. Олар тілді бір айда меңгеріп шықты. Өйткені мен жұмыс барысында бұл кісілердің көздерінен қазақ тілін үйренсем деген қызығушылықты көрдім. Сондықтан олар тіл үйрену кезінде кездесетін психологиялық кедергіден сәтті өтті», - дейді ол.
Құралай Ғалиақпарқызы тілді үйрету кезінде қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін айтып, қазақ тілінің жағымды бейнесін қалыптастыру мақсатында халқымыздың белгілі ән-күйлерін тыңдатқан. Біздің байқағанымыз, Қ.Мұтанова өз «оқушыларын» «Менің сүйікті тыңдаушыларым», «Аяулы да ардақты тыңдаушыларым» деп атайды екен. Оның айтуынша, әдістеме өміршең, нәтижесі бар. Біз оған сол жерде-ақ көз жеткіздік. Мәселен, осы курсқа қатысқан ҚХА хатшылығының кеңесшісі, Қазақстан мәдениеті мен тарихын зерттеуші Виталий Александров: «Осы курстың арқасында мен тілдік кедергіден арылдым. Мен қазір бастапқы деңгейде қазақша сөйлей аламын. Қазақ тілін үйренуді әрі қарай жалғастырамын», - десе, Қазақстандағы Жапония елшілігінің атташесі Аико Ядихаши: «Оқу орталығында оқу өте қызықты болды. Көп сөздерді үйреніп алдым», - деп ағынан жарылды. Жапон елшілігінің кеңесшісі Кенъитиро Сасамэ кездесуге келген қыз-келіншектерді 8 наурызбен құттықтады. Бұдан былай Қазақстандағы Украина елшілігінің баспасөз хатшысы Артем Бабакпен де қазақ тілінде сөйлесетін болдық.
Дмитрий Петровтың әдістемесі арқылы қазақ ұлтының өкілдері де өзінің туған тіліне оралып жатыр. Қазақстандағы Үндістан елшілігінің аудармашысы Әсел Аманбаева осы әдістеме туралы теледидардан естіп, курсқа жазылған екен. «Бұл әдістеме өте қызықты, басқа әдістемелерге ұқсамайды, грамматика түсінікті формада жасалған, схема арқылы баяндалады», - деген ол туған тілінде емін-еркін сөйледі.
Сонымен, бұл әдістеменің ерекшелігі неде? Ол - грамматикалық құрылымдардың жүйелілігі, бейнелігі, мәліметтерді интерактивті әдіспен беруінде, жиі қолданылатын лексикалық материалдардың таңдап алынуы және тілдік кедергіні тез жеңуге бағытталған психолингвистикалық тренингтер болып табылады. Әдістеме 15 грамматикалық конструкция мен кесте түріндегі лексикалық материалдардан тұрады екен. Негізгі тақырыптар бойынша жиі қолданылатын 300 сөз және айналымдағы 150 сөз қамтылған көрінеді. Айта кетерлігі, әдістеме мемлекеттік тілді меңгерудің алғашқы қадамы ретінде қаралып отыр. Ал екінші қадам ретінде салалық бағыт алынады, ал үшінші қадам - мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізуге үйретеді. Бұл «Тілдарын» әдістемелік орталығының алдағы жоспарлары екен. Ол үшін алдымен оқытушы-әдіскерлерді дайындау жұмысын қолға алу көзделуде.
Жаңа әдестеменің авторы Дмитрий Петров өзі меңгерген отыздан астам тілдің ішінде қазақтілін теориялық тұрғыда білетінін айтады. Өйткені Қазақстанда қазақтілді ортаға түспегендіктен, қазақ тілінде сөйлесе алмай жүр екен. Содан болса керек, біздің қазақ тілінде қойған сұрағымызды түсінгенімен, қазақ тілінде жауап беруге қиналып қалды. Ол қазақтілді орта мемлекеттік тілді үйренуге алғашқы қадам жасағандарды қолдап, демеп отыруы керек деп санайды. «Алайда мұндай көзқарасты байқай алмадым», - деді ол. Айта кетейік, Д.Петров жуықта Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қабылдауында болыпты. Ғалымның айтуынша, ол кездесуде үш тілдік саясат туралы сөз болған. Үкімет жетекшісі ғалымнан қазақ тілін қысқа мерзімде қалай үйрену мүмкін екенін сұрапты. Ғалым кеше кез келген тілді ынталандыру мен тілдік орта бар жерде бір ай емес, тіпті бір-ақ аптада үйреніп шығуға болады деп салды. Енді осы уәдесін орындау үшін әдістемесін мемлекеттік қызметте отырған шенеуніктер арасында жүргізсе тамаша болар еді. Бәлкім, сонда шенеунік біткен бәрімізді наурыз мерекесінде мемлекеттік тіл - қазақ тілінде құттықтайтын болар...

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Мәлiметтiң көзi: Айқын




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив