KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 8 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Қыздарға қандай гүл сыйлаған дұрыс?

5.03.2012, 18:00 380


– Халықаралық әйелдер мерекесінде аруларымызға қандай гүл сыйлаған дұрыс? Жалпы, гүлді қалай таңдау керек?

Жантөре Төлеуберді

Өскемен.

Бұл сұраққа Өскемендегі «Цветы» дүкенінің кеңесшісі Гүлмира Қаратайқызы жауап береді:

– Гүлді таңдау алдымен оны кімге сыйлайтыныңызға байланысты. Мәселен, анаңызға, әжеңізге, жұбайыңызға немесе сүйген қызыңызға, құрбыңызға деген сияқты. Енді осы сұлу жаратылыс иелерін түр-түсіне қарай жіктеп көрсек. Әуелі гүлдердің патшайымы раушаннан бастайық. Бұл гүл ежелден махаббаттың нышаны саналады. Қызыл раушанды сүйген қызыңызға сыйлаған дұрыс, өйткені, ол - сезімді құпия білдірудің белгісі. Қызыл − махаббат түсі. Десек те оның да әртүрлі реңдері бар, осы жағына мән беріңіз! Ашық қызыл түсті гүлді ерекше жақсы көретін құрбыңызға немесе туысыңызға, ал қанық қызыл түсті гүлді тек сүйіктіңізге сыйлаған жөн. Ал алқызыл түс негізінен қарапайымдылық пен жастықтың белгісімен астасып жатыр. Мұндай гүлдерді кез келген жастағы адамға, кез келген жағдайда сыйласаңыз болады.
Сондай-ақ сары раушан сағынышты, аппақ түсті раушан шынайы сенімді білдіреді. Бірақ кейбіреулер сары гүл сенімсіздіктің, айырылысудың нышаны деп жатады. Сондықтан оны өте жақын адамыңызға сыйламаған жөн. Ақ гүлдер нәзіктік пен тазалықты аңғартады. Оларды, әсіресе, үйлену тойында сыйлау дәстүрге айналған. Мәселен, түймедақ, қынжыгүл (ландыш), бәйшешек тәрізді аппақ дала гүлдерін кез келген әйел затына тарту етуге болады. Сол сияқты орхидея мен қызғалдақ гүлдері екі адамның арасындағы өзара сыйластық қарым-қатынасты білдірсе, кәдімгі бәйшешек - жақсылыққа деген үмітті, қызыл қалампыр - ыстық сезімді, лалагүл (лилия) - мейірімділікті, фиалка - қарапайымдылықты, ақ нәркес (нарцисс) - адалдықты, сүмбігүл (гиацинт) − көтеріңкі көңіл күй, әзілдесуге деген құлшынысты, сарыгүл (ирис) - достық, адалдық, құрмет сияқты белгілерді білдіреді. Осы қасиеттерін ескере отырып, өзіңіз қалаған адамыңызға аталған гүлдердің кез келгенін сыйлай аласыз. Ең бастысы, ер-азаматтарымыз гүлдерді шын көңілмен, ыстық ықыласпен сыйлай білсе, қыз-келіншектер үшін одан артық сыйлық жоқ.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив