KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

Сен үшін бақыт тілегем...

3.03.2012, 18:00 198


Біреу түрткендей ояна келді. Көзін ашып қалып еді, бөлмесі аппақ нұрға толып тұр екен. Терезеден құйылған көктемнің шуақты күнінің шырайы лезде бойын сергітіп жіберген.

...Жаннұр онымен сонау жылдары, студенттік шақта танысқан. Ол одан соң көп өтпей бұл қызмет етіп жүрген мекемеге тәжірибеден өтуге келгенде Бектасты кім білсін, өзі қатты қуанған-ды. Не шара, әдемі қой көздері мейірін төге қарайтын Бектас үйленгелі жүр екен. Бірақ екеуі дос болып қала берді. Кәдімгі жігіт пен қыздың достығы емес, ой-пікірлері үйлесіп жататын, рухани достар еді олар. Айтатындары соңғы оқыған кітаптары, көрген кинолары. Сондай әңгімелер үстінде Бектасқа ұрлана қарайтын Жаннұр керемет бір сезімнің күшін сезетіні бар еді.
Бір күні Алматысына қайтып кеткен Бектастан телеграмма келіп тұр. «Есенкүл екеуміздің үйлену тойымыздың құрметті қонағы бол!». Жаннұр «Досым, жан досым менің, бақытты бол!» деп күбірледі де, телеграмманы төргі үйдегі айнаның үстіне қыстырып қойды.
...Өмір бәрін астаң-кестең еткені әлі санасында. Өзі есепші болып істейтін қызметінде бас есепшінің ішіп-жеп қойғаны бұған ғана емес, бірге істейтін төрт әйелге де ауыр соққы болды. Заң орнындағылар ары сүйреп, бері сүйреп, бұлардың бесеуін де кінәлі санады да, бәрі әр түрлі жазаға кесіліп кете барды. Өзінің еш кінәсі жоқ екенін қанша шырылдаса да, дәлелдей алмаған бұл нақақтан-нақақ үш жыл арқалап жүре берген. Бар тірліктен баз кешіп, тар жерде жүргенінде екі баласын туыстарына тастап, 15 жыл отасқан күйеуі «жылы ұя» тауып кеткені тіптен есеңгіреткен. Сонда бар арқа тірегені жан досы Бектас қана еді. Мұның басына түскен шытырманнан ол ұзақ соттасып жүріп, алып шыққан. Жақсылық жасаса да, ақысын сұрамайтын, қайран дос мінез қайырымдылығынан айнымаған екен.
Жаннұр қиын-қыстаудан оралып, жеке шаруасын бастағалы бері қол ұшын беріп келе жатқан да осы досы. Қызы бой жетіп, ұлы ер жетіп қалса да, ақылын айтып жататын Бектастың шын дос пейілін қалай естен шығарсын. Бұның бәрі әркімге жұғыса бермейтін сұлу қасиет екен ғой. Жаннұр қай-қашан да жанынан табылатын досына бек риза болып отыр еді, есіктің қоңырауы шыр ете қалды. Құшақ толы гүлі бар сары қыз күлімсіреп: «Сізге» деді де жылы ғана саулық тілеп, жүре берді. Құлпырған гүлдің арасындағы әдемі қағазды алып қараса Бектастан екен:
«Дос көп болсын деседі-ау,
Сендей достың
Көп болуы адамда мүмкін
емес!..»
Жаннұр гүлді құшағына қатты қысып, Бектастың үнемі айтатын «Сен үшін бақыт тілегем» деген сөзін қайталай берді...

Ғафура Сәрсенбайқызы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив