KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность жел 2 м/с, З
448.15 483.46 4.86

Желілік маркетинг: АЙЛА МА, пайда ма?

1.03.2012, 18:00 111


Көшедегі кез келген аялдамаға жалбырай жабысқан хабарландырулардың арасынан «работа» деген тілдей қағазды
талай байқаған шығарсыз. Бұл жұмыстар желілік маркетинг (сетевой маркетинг) деп аталады. Жұмыс берушілердің уәдесіне сәйкес, бұл кәсіп айналысып жатқан ісіңізге немесе оқуыңызға мүлдем кедергі келтірмейді. Алдымен біраз ақша салуыңыз қажет, сосын компания өнімін саудалайсыз, серіктес адамдар жинайсыз, содан соң мол пайдаға белшеңізден батасыз-мыс.


«Жылдам байығыңыз келе ме?»

Студенттерді мұндай жарнама бірден еліктірері сөзсіз. Ақылы бөлімде оқып жатқан студенттер үшін қаржы мәселесі қай кезде де қиынға соғатыны белгілі. Оқу уақытына ыңғайлы жұмыс таба алмай жүрген жастар, ақшаны күреп табуға болатын мұндай жұмысқа алғашында білек сыбана кіріседі екен. Бойында күш-қуаты тасып тұрған көрікті де жігерлі жастарды желілік компаниялар да өз мүдделеріне оңтайлы пайдалана біледі.
«Orіflame», «Mary Kay», «Faberlіc», «Avon» сынды косметика өнімдерін саудалайтын компаниялардың «қызметкері» болып шыға келу – әп-сәтте. Ол үшін аялдамаларда жабысқан хабарландырулардағы телефон нөмірлеріне қоңырау шалсаңыз жетіп жатыр. Сізді жылы сөйлеп, жарқын мысалдар келтіре білетін сауда агенті қарсы алып, айналдырған бір-екі айдың ішінде ауқатты адамдар қатарына қосылып кететініңізге кепілдік береді. Әрине, ол үшін еңбек етіп, «қаржылық пирамида» құруыңыз қажет.
Аталмыш кәсіпке мойынсұн-ған адамдардың айтатын ортақ тақырыбы – тек ақша және бонус. Бонустық ұпайды неғұрлым көп жинаған сайын, пайыздық көрсеткiшің де артады. Пайыздан-пайызға жеткен сайын келесiсіне жетуге ұмтылуың қажет. Алғашында студенттер бастаған істерін тастамай, желілік саудаға бар күш-жігерлерін салады екен. Себебі, алда мол қаржы, ауқатты өмір күтіп тұр. Уақыт өткен сайын адам келесi сатыға қалай жетемiн дегендi ойлай бастайды. Келесi белестi бағындыру үшiн бүгiн не iстеуге болады деген ой адамның миынан шықпай қоятын жағдайға жетедi. Осыдан кейiн, әрине, сабаққа деген ниет те төмендей-
дi. Сабақта отырған уақыт, текке өтіп жатқан уақытқа айнала бастайды.
Студенттер желілік жұмысқа жегілген соң қаржылық пирамида құруға кіріседі. Ол үшін маңайыңдағы достарың, туыстарың болсын, көбірек адам жинауың керек. Компания өнімін жарнамалап сату үшін табаныңнан тозып, қаланы аралайтын жолақы шығыны да студенттер қалтасынан. Бірақ алда жылтылдаған мол пайда үміті студентті жалған сенімге итермелейтін көрінеді.
Сізге күндердің бір күнінде араласпағалы бірнеше жылдың жүзі болған ескі бір танысыңыз телефон шалуы мүмкін. Ол бірден жылы-жылы сөйлесіп, хал-жағдайыңызды сұрай бастайды. Содан соң пәленбай күні пәленбай жерге кездесуге шақырады. «Неге?» деген сауалға маңызды және пайдалы әңгіме бар екенін айтады. Бұл – сіздің досыңыздың немесе туысыңыздың желілік маркетинг жетегіндегі жігерлі жұмыс жүргізіп жатқан кезеңі.

Желіге желігіп жұмыстарын тастап кеткендер көп

Жақсы араласатын досымның бірі «Q-net» деп аталатын желілік маркетингтің жетегінде жүрген болатын. «Барсаңшы, көрсеңші» деген қолқасын қимай, уағдалы уақытта, келіскен жерге бардық. Күндізгі сағат 12.35-ке деп шақырылған уақыттан 5-10 минут ерте жетіп, есікті қағып едік, іштегілер аша қоймады. 12.35 деді ме, сол уақытта келуіміз керек, тіпті 1 минут ерте келсең де кіргізбейді екен. Тәртіп солай. Бұл – босағаны алғаш аттағалы тұрған адамдардың көңіліне «неткен тәртіпті ұйым» деген ой туғызу үшін жасалған дүние болса керек. Кең, жарық бөлменің қақ ортасында тұрған үстелге төрт адам қарама-қарсы отырдық. Бөлмеге кіріп келіп аса ыждаһаттылықпен жымия сәлемдескен бойжеткен алдымен мұнда не үшін келгенімізді сұрады.
– Жақсы жұмыс табу үшін, – деп жауап бердік. Ары қарай ұзын сонар әңгіме. Аузы-аузына жұқпай зулай сөйлеген ол компанияның әлемдегі ең теңдессіз екенін, тауарды өндірушіден тұтынушыға делдалсыз ұсынатынын, байып кету дегеннің түкке тұрмайтын оп-оңай дүние екенін бірнеше ақ парақты шимайлай отырып, жеріне жеткізе әңгімелеп берді. Арасында сұрақ қойсаң қарындастың қабағы шытынап кетеді екен. Себебі, сұрақтың барлығы «баяндаманың» соңында қойылады, тәртіп солай. Эксклюзивті швейцар сағаттары, әртүрлі қымбат металдардан жасалған әшекей бұйымдар, саяхат карталары, биодисктер, тағы басқа ұсақ-түйек заттар – компанияның негізгі тауарлары. Ол өздерінің тілінде «консессия» деп аталады. Ұйымға кіру үшін алдымен осы консессиялардың біреуін сатып алуың керек, аталмыш заттардың ең арзанының құны 100 мың теңгеден төмен емес. Сосын сіз керемет виртуалды кәсіпкерге айналып кетесіз, ғаламторда өзіңіздің электронды дүкеніңіз ашылып, ақша деген көл болып ағып келеді-міс. Ол үшін бар-жоғы екі-ақ танысыңызды (ең жақын) алып келіп, желіге жегуіңіз керек. Оларды алып келіп, мұндағы аса сыпайы адамдарға өткізсеңіз болғаны, сізден өзге ештеңені талап етпейді. Қалғаны – қаржылық пирамиданың шаруасы.
– Сіз алдымен 250 доллар пайда табасыз, кейін 500, одан ары 1000, – деп байлықтың ауылын қол созым жерге жақындатып қойған кеңес беруші қыздың жылы-жылы сөйлеген сөзі жыланды інінен шығаратындай.
Жастардың ең осал тұсы – бас-пана мәселесі екендігі баршаға мәлім. «Сен азғана уақыттың ішін-де өзіңнің кең сарайдай баспанаңа ие боласың. Жаман бизнес болмайды, жаман бизнесмен болады немесе осыншама аз ақша сала отырып, сен апта сайын 5000 АҚШ долларын табатын боласың» деген сияқты көңіл мен құлақты майдай ерітетін сөздер мен көзді арбайтын жасанды «тәртіптер» арқылы олар адамның сенім қамалдарын оп-оңай басып ала алады.
Жаңағы бойжеткен кеңес беріп болған соң, бизнестің қаржылық жағынан «дәріс» беретін бозбала кірді бөлмеге. Өзін Жігер деп таныстырған ол да аузымен аспаннан алтын жаудырып бақты. Сендіре сөйлеген жастың бұл бизнесті бастағанына 7 айдың жүзі болыпты.
– Бұрын әскери қызметте болып, кейін барлығына қолымды бір сілтедім де осы кәсіпке кетіп қалдым, – деп көсілген Жігердің сөзінде де тым-тым «семіз» мысалдар кезігіп отырды. Ол айтады: – Оқу оқып не керек, біреуге жұмыс істеп нем бар, біз дипломсыз, білімсіз-ақ байимыз.
Қазірдің өзінде осы желілік маркетинг деп аталатын жалған қиялдың жетегіне жас та, кәрі де еріп кетіп жатқан көрінеді. Тіпті желілік пайда үшін бірнеше жыл үзбей жалғастырып келе жатқан жауапты қызметтерін тастап кеткендер де аз емес. «Аңқау елге арамза молда» демекші, не болса, соған сенгіш жұртты жайған торларына түсіріп, теспей сорып жатқандарға әзірге тыйым болмай тұр.

Байып кетесіз бе, тайып кетесіз бе?


Бір қызығы, республикамызда желілік бизнес заңмен қорғалған. Бұл жөнінде ел Үкіметінің 2005 жылы «Желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, пошта арқылы және басқа да тәсілдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауда ережесін бекіту туралы» Қаулысы шыққан. Онда таратушылардың кірісі дербес сатудан және олар желіге тартқан басқа агенттердің сатуынан түскен комиссиялық кірістен тұрады делінген.
Бұл сауда түрінде шімірікпей өтірік айта салу деген түкке тұрғысыз дүние. «Қанша пайда тауып жүрсің?» деген сұраққа досыңыз айына 1000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып жүрмін деп соға салуы мүмкін. Сізге де ол өз серіктестігінен естіген «мол пайда» туралы әңгімелерін жеріне жеткізе отырып айтады. Осы жерде: «Бұл не деген батпан құйрық, ай далада жатқан құйрық» деген ойға келесіз.
Біршама уақыт достарының мазасын алған студент ең соңында шаршай бастайды. Себебі, желілік маркетингтен пайда табу деген бос сөз! Құр шығын, құр қиял. Мол пайданың ауылы көкжиектен бұлдырай көрініп, біраздан соң ғайып болған соң жігер де мұқалады. Тәтті қиял жетегіндегі ащы шындыққа көздері жеткен студенттер бұл істен еріксіз бас тартады.
Желілік маркетингтен татымды пайда табу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Әрине, пайда тауып жүргендер де бар, бірақ олар саусақпен санарлық. Оларды компания үлгі қылып өзгелерге көрсету арқылы жұрттың жұмысқа деген ынтасын күшейтетін көрінеді.
Қысқасы, қазақта «сауда сақал сипағанша» деген сөз бар. Ендеше, барлығы өз қолыңызда. Пайдаға тап болып, байып кетесіз бе, әлде айлаға тап болып, тайып кетесіз бе? Ол да өзіңізге байланысты.

Мамандар не дейді?

Бекболат Байкемпір, С.Аманжолов атындағы экономика және менеджмент кафедрасының оқытушысы:


– Желілік маркетингтегі басты дүние – ақпарат тарату. Ірі компания иелері осы тұрғыдан өздеріне жастарды көптеп тартады, бұл жерде олар көп уәде бере отырып, студенттердің ширақтығын пайдаланады. «Байып кетесің» деген сияқты жалаң ұрандармен алдайды. Шынтуайтында, бұл бизнестен пайда тауып жатқан адамдар сирек, байып жатқандар құрылған пирамиданың басында отырғандар, ал астындағылар тек бірін-бірі айналдырған қалың көпшілік қана.

Перизат Мұхамеджанова, психолог:

– Қазіргі заманда біз ақша үшін қанша жұмыс істегенмен, ақша біз үшін жұмыс істеп жатқан жоқ. Ал албырт студенттер, әрине, өздерінің қиялдарындағы «байлыққа» тез жеткісі келеді. Бұған кіру оңай, артынан шығу қиын. Осы кәсіпті басқарып отырғандардың барлығы адам санасының ой-шұңқырын әбден зерттеген білікті психологтар екендігін естеріңізге сала кетейік. Көп күш-қуат жұмсап, ешқандай пайда таппай босқа шығындалған жастар психологиялық күйзеліске бейім келеді. Осы жерде «қол ұшын беретін» келесі топ дайын тұруы мүмкін, ол әртүрлі діни ұйымдар, секталар. Мұндай сәттерде ата-аналар тарапынан қатаң бақылаудың болғаны жөн.

Айжан Ахмадиева, бұрынғы студент:

– 2-курс оқып жүргенде жақын құрбым жұмысқа шақырды. Косметикалық өнімдерді саудалайтын танымал компанияға кіру үшін алдымен біраз ақша төлеу керек екен. Байқаймын, аз қаржы емес секілді. Сосын, желі тілімен айтқанда, жұмысқа шақырған құрбымның «астына» кірдім. Ол да, мен де біраз жұмыс істедік, жүгірдік, бірнеше ай маңдай терімізді төктік. Сондағы сыйлыққа алғанымыз кішкентай ғана арзанқол қолсөмке болды. Кейін бәрін тастап, төмендеп кеткен оқу үлгерімімізді түзеттік.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив