KZ
Өскемен
+9°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
449.58 486.94 4.86

Баға басынып бара ма, баспалап келе ме?

1.03.2012, 18:00 202


Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев Өскемен қаласындағы бірқатар халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарды аралап, ондағы азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмекке қойылған бағалармен танысты, қала тұрғындарының өтініш-тілектеріне ден қойды. Көтерілген мәселелерге орай, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Алыпсатарлар азаймаса, баға да аспандай береді


Аймақ басшысы алдымен «Жәрдем» базарына барып, мұндағы бағаның жайымен танысты. Облыстың тұрақтандыру қорындағы ауылшаруашылық өнімдері сатылымға шығарылатын базардағы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора-циясының иелік үлесі – 100 пайыз. Сөреде тұрған орамжапырақ, картоп, сәбіз 45 теңгеден, пияз 60 теңгеден сатылуда. Қаладағы «Алтай» май зауытының өнімі, күнбағыс майының литрі – 250-ден, қант – 150, күріш 140 теңгеден босатылуда. Облыстың тұрақтандыру қорындағы өнімдерді тасымалдап, өткізумен тікелей шұғылданатын «Шығыс-самғау» ЖШС-нің директоры Сергей Ярославцевтің айтуынша, жарма мен қантқа сұраныстың болмауынан, бағада тұрақтылық сақталып қалған көрінеді. «Қазір базар өнімге лықа толы. Сонымен бірге қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдарды, кәсіпкерлерді бекітілген бағада қордағы өнімді халыққа таратуға бірлесіп жұмыс жасауға шақырып жатырмыз. Сауда нүктелері көп болғанымен, тапсырыс аздау, ұсақ дүкендер мол көлемде алып, сатуға қауқарсыз» дейді ол.

Бір қызығы, арзан бағамен азық-түлік аткөпір болып сатылып жатса да, алып жатқан ағайынның қарасы аз.

Осында бес жылдан бері сауда нүктесі бар Бақыт Ражимова жеміс сатады. Оның алмасы сортына қарай келісі – 350, 380, апельсині – 350, мандарині – 250, бананы – 350, мароккалық апельсині 500 теңгеден екен. «Біз «Дина» толайым базарынан әкеліп, осында үстіне бес пайыз қосып сатамыз. Күнделікті баға – осы, келушілер бар. Басты проблемамыз – күнделікті орынды жалға алғанға 1950 теңге төлейміз. Сол қымбатырақ, сәл арзандаса, жақсы болар еді» дейді ол.

Бақыттың қасындағы орынды жалға алушы әйелдердің айтып жатқаны да – осы.

Мұндағы тағы бір проблема – ауылдан малының етін әкелген ағайын бірден жабық орынға тұрып, өнімін сата алмайды. Себебі, әкелінген етке бірнеше мәрте анықтама қағаздарды алу қажет. Онымен шұғылданып жүруге бір күнге келген шаруаның уақыты тағы жоқ. Мал сою пунктіне ақша төлеу керек. Сондықтан еріксіз қаптап жүрген алыпсатарларға келісімді бағаға өткізіп, кете береді. Облыс Әкіміне өтініш-тілектерін айтушылар да болды. Мәселен, Серікбай Халитов есімді зейнеткер «Қазір сіздер кеткесін, түстен кейін баға қайта өзгеріп шыға келеді. Мен кеше ет сатып алғанда баға мүлдем басқаша болып еді. Былтыр арзан болатын, биыл базармен бірдей болып тұр» дейді. Ал «Жәрдемнің» директоры Марат Ақтаев ондай баға өзгерісі болған емес, бәрі тұрақты деп ақталды. Әрине, алыпсатарлар азаймай, баға да биіктен түспесі анық жағдай. Осыны өңір басшысы да шегелей айтты.

– Егер бағаны ұстап тұра алмаса, несіне тұрақтандыру қорына өнім жинадық, қор – жұртты қымбатшылықтан қорғау үшін құрылған. Қыс бітті. Ондағы өнімді енді қашан сатамыз. Жаз айларында ма? Ол кезде ешкімге де керегі болмай қалады. «Жәрдемнің» ішіндегі баға жұртшылықтың қолы жететіндей болуы керек. Ондай бағаға сатқысы келмейтіндер болса, басқа жерге барып сатсын өнімдерін. Мұнда пияз 60 теңгеден дейсіздер, орталық базарда да сол баға. Келісі мың теңге тұратын жүзімді халық осы жерден алады деп ойлайсыздар ма? Егер барлық жерде солай болса. Ақсақал дұрыс айтады, егер баға шынымен төмен болса, бұл жерде таңертеңнен қарақұрым халық болар еді. Етті таратып та үлгермес едіңіздер. Сіздерде жарты павильон бос жатыр. Мұндай болмайды, бағаны ретке келтіру керек, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Аталған базарда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін төмендетілген бағамен өткізу ойластырылған болатын. Алайда нәтиже жоқтың қасы. Баға барлық жерде бірдей. «Жәрдемнің» екінші қабатына көтерілген Бердібек САПАРБАЕВ ұсақ-түйек дүниелер, киім-кешек сататын сауда нүктелерінің орнына азық-түлік сататын орындарды көптеп ұйымдастыруды ұсынды.
Сын тезіне арқау болған кем-шіліктерге орай, нақты шаруалар жасауға қала әкімінің орынбасарлары Д.Кавригин мен О.Желяковаға тапсырмалар берді.
Қаланың Үлбі ауданында орналасқан «Заречный» базарын да аралады облыс Әкімі. Мұнда да сол көрініс. Алыпсатарлардың мәселесімен облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен тиісті қалалық бөлім бірнеше жыл айналысып келе жатса да, әзірге тиімді жолы табылар емес. Сауда орындарын аралаған облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ базар басшылығына бірнеше ескертулер жасады. Мысалы, базардағы жиыны 617 орынның қысқы маусымда 450-і жұмыс істеп тұр. Оның сыртында қоймалар қаншама. Олардан түсіп жатқан табыс та аз емес екені белгілі. Солай бола тұра сауда залдарының көрер көзге тартымдылығы, безендірілуі қораш. Адамдарға жайлы мүмкіндіктер жасау қажет. Базарға кіреберіс қақпалар алдындағы қатқан мұздарды ойып, тазалау керек. Сонымен бірге өрт қауіпсіздігі мен санитарлық тазалықты да бірінші кезекте естен шығармаған абзал.

«Дос Нар» базары өзгелерден көш ілгері


Қаланың «Ивушка» ауданындағы «Дос Нар» базары «Заречныйға» қарағанда көш ілгері екен. Кең де жарық ғимараттың ішіне кіре бергеннен алдыңнан жылылық еседі. Әлеуметтік сөрелердегі бағалар да бекітілген мөлшерге саяды. Дегенмен, тұрақтандыру қорындағы өнімдер облыс басшысы келерден бір күн бұрын ғана сатыла бастапты. Базарды аралаған облыс Әкімі ішкі аумақтағы автокөлік тұрақтарының орнын сауда нүктелеріне алмастыруға ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, сыртта Зайсаннан, Күршімнен әкеліп балық сатып тұрғандардың, өздері тұздап жапқан бақша өнімдерін саудалаушы қала зейнеткерлерінің саудасы барлық талаптар үдесіне сай болуға тиіс. Олардың өнімдерінен сатып алушылар зардап шекпегені дұрыс. Базар директоры Әлия Досыбаева өңір басшысына балық сатушылар көктемгі маусымда ғана болатынын, ал қала тұрғындарының шаруасы күнделікті назарда екенін мәлімдеді. Орналасу орнына, халықтың көп келетіндігіне, бос сауда алаңдарының баршылығына орай, аталған базарға бұған дейін Металлургтер мәдениет сарайының алдында демалыс күндері өтіп келген дәстүрлі жәрмеңкелерді өткізуді қабылдауға мүмкіндік туып тұрған жайы бар. Облыс басшысы тиісті адамдарға барлық мәселе оңды шешілген жағдайда Металлургтер сарайының жөндеуге жабылуына байланысты, сәуір айынан бастап жәрмеңкені осында өткізе бастауды тапсырды.

Сонымен бірге қаладағы «Жастар», «Восход» дүкендерін аралап, ондағы бағалармен танысқан облыс Әкімі сауда нысаны басшыларына сауда мәдениетін қалыптастыруды, тауарлардың бағасын алушыларға қолжетімді етіп қою керектігіне нақты тоқталды.

Мемлекеттік тапсырыс аясындағы медициналық қызметке бақылау қажет

Қаладағы дәріханалар иелерімен жасалған меморандумдардың орындалып жатқанына тек аралап жүріп көз жеткізуге болатындай. Осыған орай облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі бірқатар дәріханалардың жұмысын өзі барып арнайы тексерді.

Бірінші кезекте амбулаториялық орталық ішінде орналасқан «Аква-фарм» ЖШС-нің филиалына бас сұққан облыс Әкімі сатылымдағы дәрі-дәрмектің бағасына сараптама жасады. Бұл жер жайдан-жай таңдалып отырған жоқ. Орталыққа күніне екі мыңға жуық адам қаралуға келеді. Жылына 340 млн. теңгенің мемлекеттік тапсырысы орындалады және бір млрд. теңгеден астам ақылы қызмет көрсетіледі. Мұнда науқастарға дәрігер белгілеген дәрінің барлық түрін алуға жағдай бар. Маманның айтуына сенсек, дәріхананың күндік табыс айналымы 150 мың теңгені құрайды екен. Ең көп сұранысқа ие анальгин, аспирин, фервекс секілді медикаменттер меморандумда бекітілгеннен де төмен бағада сатылымда көрінеді. Филиал басшысы Татьяна Светловскаяның айтуынша, меморандумдағы бағалар бүкіл Қазақстан бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің деңгейінде бекітіліпті. Аптека иелері төмен бағамен тасымалдаушыларды тапқандықтан, сәйкесінше бөлшектеп сату бағасы да төмен болып отыр.

Аталған медициналық мекеменің директоры Людмила Кузнецова жыл сайын ғимараттың жөндеуіне және жаңа медициналық құрылғыларды алуға 100 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалатынын айтады. Облыс басшысы жоғарғыда аталғандай табыс таба отырып, жүз млн. бөлу аз екендігін атады. Келушілерге көрсетілетін қызметтің сапасына да ерекше мән берген жөн.

Әкімге шағымын білдірген сондай қаралушылардың бірі, зейнеткер Валентина Макарцева мемлекеттік тапсырыс аясындағы дәрігерлердің қабылдауына жазылу қиынның қиыны екенін айтып қалды. Оған талон 30-наурызға беріліпті. Ал ақылы қабылдау тез жүзеге асырылады екен.

Тіпті, сол күні кеңесіңді алып кете беруіңе болады. Облыс басшысының амбулаториялық орталық директорына тапсырма беруінің нәтижесінде қарияның кезегі жақын күндерге жылжытылды. Өкініштісі, күнде бұлай бола бермейтіндігі. Мемлекеттік тапсырыс аясында көрсетілер медициналық қызметке сараптама жасау, жағдайды жіті бақылау, одан тиісті қорытынды шығарып отыру облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е. Масалимовқа тапсырылды.

Облыс басшысы мұнан кейін қаладағы жеке кәсіпкер О.Родинаның «Ремедиум», «КФК Медсервис Плюс» ЖШС-нің дәріханаларында болып, меморандумдардың орындалуын тек-серді. Оларда атап айтарлық кемшіліктер тіркелген жоқ.

Жылыжай жайқалып тұр

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Глубокое ауданы аумағында орналасқан «Агрофирма Интерпойск» шаруа қожалығында да болды. Шаруашылықтың өзге әріптестерінен ерекшелігі – көкөністер мен тағамға қосар түрлі жасыл өскіндерді өсіруде биогумисті кеңінен пайдалануы. Бұл арқылы байытылған топырақ мол өнімге кепіл болмақ. Шаруашылық жетекшісі Тохтархан Чурманов енді қысқы маусымда аса тиімді гелиожылыжайды салып бітіріп, оның пайдасын нақты жетістіктерімен дәлелдеп отырған жайы бар. Гелиожылыжай шатырында орнатылған арнайы жарықшағылдырғыш жабындылар арқылы күннің жылуын жинап, оны қайтадан жылыту мен фотосинтезге пайдаланады. Жылыжай иесінің сөзіне сенсек, күн жарқырап шығып тұрған күндерде сыртқы ауа температурасы нөлден 25 градус төмен болғанда, жылыжай ішіндегі температура 30 градус жылылықты көрсетеді. Бұл ретте фотосинтезге ешқандай қосымша жарықтың қажеті жоқ. Жазғы ауладағыдай жайқалып өсіп тұрған салатқа арналған жасыл жапырақтар мен петрушкалар көздің жауын алады.

Қуат үнемдеуде де үлкен нәтиже бар. Қысқы уақытта электр энергиясына кеткен шығын 25 мың теңгені құраса, әр шаршы метрге 60 теңгеден айналыпты. Уақыт ұзарған сайын шығын азая бермек. Аталған жылыжай облыстың климаттық жағдайында өзінің лайықты нәтижесін беріп, қолданылған құрылғылар толықтай сенімге ие болуда. Тохтархан Гурмановтың айтуынша, жылыжай кешенінің құрылысы бойынша жобаны іске асыруға мүмкіндік болса, облыс орталығын қолжетімді бағада жергілікті көкөніс өнімдерімен жыл көлемінде қамтамасыз етіп отырмақ. Бұл ретте облыс басшысы оның жобасына қолдау болатындығын, өзінің бірінші орынбасары Серік Әбденовке тапсырма беретіндігін жеткізді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив