KZ
Өскемен
+8°
ясно жел 4 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Алтайды алып БҰҒЫЛАРДЫҢ МЕКЕНДЕГЕНІ рас па?

1.03.2012, 18:00 326


Өскемен су-электр стансасын салып жатқан жұмысшылар бұрынғы дәуірден жеткен бұл «байлыққа» кездейсоқ тап болған. Техника күрегіне ілінген алып жануар қаңқасын алдымен экскаваторшы көріпті. Жер астында кемінде бес миллион жыл бойы жатқан сүйектер жақсы сақталған екен. Жер қазушылар көп кідірместен Өскеменнен ғалымдарды шақырады. Мамандар бір көргеннен-ақ «олжаның» палеолит дәуірінде тіршілік еткен үлкенмүйізді бұғының қаңқасы екенін айтады. Биологтар таңғалған жоқ. Бұл өңірден бұрын да көне замандарда тіршілік еткен жануарлардың қалдықтары табылып тұрған. Бүгінде сол ежелгі ұғының бір жақ жамбас сүйегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің табиғат ұражайында сақтаулы.

Сауыр – Тарбағатай жотасы мұхиттың түбі болған ба?

Аймағымыздағы іргелі білім ордасының табиғат мұражайында негізінен Шығыс өңірін мекен ететін аңдар мен құстардың, балықтар мен түрлі жәндіктердің тұлыптары, қаңқалары мен мүйіздері жинақ-талған. Біз осы жерде университет профессоры Константин Прокоповты сөзге тарттық.


– Кейбір экспонаттар, мысалы, үшкіртұмсықты қайра біздің өлкеде кездеспейді. Ол – Солтүстік теңізінің жағалауын мекендейтін құс. Кезінде менің Коль түбегіне жағрафиялық саяхатқа барғаным бар. Жартыаралдағы жартас-тар қонақтап отырған мыңдаған құстардан көрінбей тұрады екен. Сол кезде бірнеше құстың тұлыбын алып келгенмін. Мынау – солтүстік бұғысының мүйізі. Бізде олар жоқ, ал Сібірде оның көптігі сондай, жергілікті тұрғындар мүйіздерінен қоршау жасайды. Бұл – еліктің басы. Бірнеше жыл бұрын мен Катонқарағай ұлттық қорығынан үш мүйізді елікті көрдім. Екі мүйізінің ортасында үп-үшкір тағы бір мүйізі бар екен. Мұны мен атавизм құбылысы деп есептеймін. Кейде денесі түкті адамдар кездесіп жатады ғой, сол секілді құбылыс жануарларда да ұшырасады. Бұл – бабалардан қалған белгілер. Бұрын еліктердің мүйіздері көп болған, соның қалдығы. Мынау – 300 миллион жыл бұрын полеозой дәуірінде өмір сүрген балықтың тас болып қалған қалдығы. Сауыр – Тарбағатай жоталарында осындай тастар жиі кездеседі, – дейді профессор Константин Прокопов мұражайдағы әрбір жәдігердің қасына тоқтап. Өз ісіне жан-тәнімен берілген ғалым әңгімесін сағаттап айтудан жалықпайтын секілді.

Мұражайдағы ең қызықты экспонат – жоғарыда сөз болған алып немесе үлкенмүйізді бұғының биіктігі 87 см, ені (жалпақтығы) 82 см, салмағы 17 келі болатын жамбас сүйегі. Ол Өскемен су-электр стансасын салу барысында табылған. Тас боп қатқан қаңқаларды жер қазып жатқан жұмысшы байқап қалыпты. Сол жерге жеткен ғалымдар бұғының басқа сүйектерін де тапқан, бірақ ол қаңқалар өзге мұражайларға таратылып кетіпті. Мұражайдың негізін қалаушы палеонтология профессоры Валерьян Бажанов жамбас сүйегін ғана алып қалған екен.

– Мұндай алып жануарларға көп тамақ керек. Жер бетінде климат өзгергенде, яғни, қазіргі Қазақстан аумағында құрғақ ауа райы орнағанда, олар аштықтан қырылып, құрып кеткен. Ең епті тіршілік иелері ғана қалған. Қазір жер бетінде өсімдіктердің 500 мыңдай, ал жануарлардың 2 миллионнан астам түрі бар. Бұл – Жер жаратылғаннан бергі кезеңде пайда болған тіршіліктің тек 3-5 пайызы ғана. Флора мен фауна құбылмалы келеді. Бір түрлер қырылып, біреулері сақталып отырған. Табиғат заңы осындай. Бұл бұғы 5-7 миллион жыл бұрын өмір сүрген, яғни, кайнозой дәуірінде. Мәселен, соңғы динозаврлар мезозой дәуірінде жойылған, ал мезозойдың соңында ұсақ деген динозаврлардың өздері қырылып біткен, – дейді профессор.

Алып «кесірткелердің» 500-дей түрі болыпты, олар Жер бетінде 150 миллион жыл үстемдік құрған екен. Мезозой мен кайнозой замандарының ауысқан тұсында, осыдан 70 миллион жыл бұрын үлкен астероид Жерге соғылған деген пікір бар. Сол апаттың салдарынан жердегі өсімдіктер мен жан-жануарлардың 80-90 пайызы құрыған. Бірақ осыдан 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болған Жердегі тіршілік көші тоқтаған емес. Алайда кейбір атақты ғалымдардың, айталық палеонтология ілімінің негізін қалаған француз жаратылыстанушысы Жорж Кювьенің пайымдауынша, планетамыздағы апаттардан тіршілік мүлдем жойылып кетіп, қайтадан пайда болып отырған. Бірақ соңғы зерттеулер апаттардың салдарынан тіршілік толығымен құрып кетпегенін көрсетіп отыр.

Ғалымның айтуынша, қазба жұмыстарын жалғастырса, сол жерден ежелгі жануарлардың басқа да сүйектері шығуы мүмкін еді. Алайда электр стансасы салынған соң енді судың түбінде зерттеу жүргізу – екіталай.

Зайсан өңірінен динозаврлардың жұмыртқалары табылған

Динозавр демекші, олардың қалдықтары облысымыздың аумағынан да табылған. Оларды Зайсан өңірінен геолог-ғалым Виктор Ерофеев тауыпты. Сол өңірге мұнай іздеп барған ол нәтижесінде қара алтынды ғана емес, алып аждаһалардың қалдықтарын да тапқан екен. Ол 50-60 жылдары Зайсандағы қызыл балшықты алқаптарды, Қиынкеріш, Ашутас, Шекелмес деген жерлерді зерттеп, ұсақ динозаврдың тасқа айналған жұмыртқаларын аршыған. Профессор Прокопов «Ашутаста өсімдіктердің тасқа айналған қалдықтары көп, Бажанов та осы зерттеулермен айналысқан болатын» дейді.

– Сол жұмыртқалар қазір қайда?

– Ерофеев әйелімен ажырасады, ғалымның көп заттары, оның ішінде сол жұмыртқалар да зайыбында қалады. Ал әйелі кейін Ресейге көшіп кеткен көрінеді. Жәдігерлерді өзімен бірге сол жаққа алып кеткен болуы керек. Енді біреулер ғалымның ол жерде динозаврдың сүйектерін де тапқанын, бірақ оларға тиіспегенін, сонымен қатар жұмыртқалардың да бәрін алмағанын, тек кейбіреулерін ғана әкеткенін айтады. Қалған жұмыртқалар мен сүйектерді ғалым тапқан жерінде қалдырды деген де сөз бар.

Мұндай мұражай елімізде бірен-саран

Мұражайдың негізін 1964 жылы сол кезде оқу орнының зоология кафедрасына жетекшілік еткен биолог-ғалым Валерьян Бажанов қалапты. 2003 жылы мұражай қалпына келтіріліп, кейіннен оған Бажановтың аты берілген. Студенттер бұл жерде теориялық білім-дерін жетілдіріп, жануарлардың сыртқы құрылысымен танысады. Материалдарды диплом жұмысын жазуға пайдаланады.

– Мен Қазақстандағы көптеген зоологиялық мұражайларды көр-дім, біздікі өзгелерден артық болмаса, кем түспейді. Жәдігерлер алдағы уақытта көбейе түседі деп сенемін, – дейді Константин Прокопов.

Экспонаттардың басым бөлігін оқытушылар мен студенттер жыл сайын өтетін далалық іс-тәжірибе барысында жинап әкеледі. Алып келген жануарлардың денесі ары қарай өңделеді. Оның ішіндегі ет-сүйегі түгел алынып, орнына сымнан қаңқа жасалады, тал-шықтармен толтырылады. Мұны-мен студенттердің өздері немесе таксидермистер айналысады. Өз істеріне толық берілген оларды әрі ғалым, әрі сәулетші деп атауға болады. Кейбір жәндіктердің денелері спиртті формалин құйылған шыны сауыттарға салынады. Формалин етті шірітпей сақтайтын көрінеді. Аңдардың тұлыптары терітесер секілді жәндіктер жемес үшін күшәламен (мышьяк) өңделеді. Әйтпесе, зиянкестер тұлыпты бір-ақ жылда жоқ қылады екен.

– Бізде ақ құйрықты бүркіттің тұлыбы болатын, терітесер мен күйе жеп қойды. Жәдігерлер жыл сайын толығып отырады. Бірақ бір кедергі бар, қазір құс атуға рұқсат алу қиын. Бұрын біз аң-құсты ата алатынбыз, енді барды сақтап, зоологиялық орталықтардан, таксидермия зертханаларынан қымбатқа сатып аламыз. Енді таксодермияның қыр-сырын меңгерген маманды оқытып, экспонаттарды өзіміз дайындамақ ойымыз бар, – дейді биология кафедрасының меңгерушісі Гүлназ Есімбекқызы.

Мұражайдың бір бұрышы Алтай аумағын мекендейтін балық түрлеріне және жылан, кесіртке, бақа-шаяндарға арналыпты. Жабайы аралардың, құстардың ұялары да тұр көрмеде.

Біздің өңірде қанша қар барысы бар?

Мұражайдың ең жаңа экспонаты – жабайы қойлардың, яғни, арқарлардың мүйіздері.

– Бұлар Катонқарағай аудан-ындағы Укөк үстіртінен табылған. Арқардың екі түрі кездеседі бізде – Алтай және қазақ арқары. Екіншісі Ертістің сол жақ жағалауын мекендейді. Арқарлар тәулігіне жүз шақырымнан астам жер жүреді. Бірде мен Новосібірде конференцияда болдым, ресейлік ғалымдар бізде 30 Алтай арқары бар дейді. Бізде де – 30. Сөйтсек, біз арқарлардың бір үйірін санап жүр екенбіз. Олар екі елге ары-бері көшіп отырады екен. Осы шекаралас аумақтарды жабайы текелер де мекендейді. Сонымен қатар, олардың артынан қар барыстары аңдып, еріп жүреді. Біздің өлкеде оншақты ғана барыс бар, – деп қынжылыс білдірді профессор.

Керек дерек

Үлкенмүйізді бұғы немесе алып бұғы (Мegaloceros giganteus) – бұғылар тұқымдасына жа-татын шамамен 400 мың жыл бұрын жойылып кеткен жануар. Еуразияның солтүстік аймақтарында тіршілік еткен. Үлкенмүйізді бұғының қалдықтары Ирландия жерінен көп табылған. 1920 жылы Ресейдің Рязань облысында толық қаңқа сүйегі табылған. Қазақстанда табылған сүйектеріне қарағанда Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарын мекен еткен. Дене бітімі ірі, биіктігі 2 метрдей, мүйізі үлкен, бірнеше ұшты, күректәрізді жалпақ, екі мүйізінің арасы 3 метрден артық болған. Бас қаңқасының, тісінің және аяғының құрылысына қарағанда, ылғалы мол, шабындықты жерлерді мекендеген. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, үлкенмүйізді бұғы мамонттармен бірге тіршілік еткен жануарлар тобына жатады.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив