KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 7 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Аспалы көпірге алаңдап отырған – жапондар

28.02.2012, 18:00 256


Семейге Жапониядан мәртебелі меймандар араға жыл салып келіп тұрады. Күншығыс елінің республикамыздағы елшілігінің медициналық атташесінің кеңесшісі Юдзи Ассо, халықаралық JICA жапон ынтымақтастығы агенттігі сарапшысы Хироюки Оказакидің осы жолғы сапарының басты мақсаты – Семейге қайырымдылық көмек ретінде берілген түрлі медициналық жабдықтардың жағдайы және оны меңгеру үшін арнайы оқытылған дәрігер-мамандардың біліктілігін байқау болатын. Бұл жағынан қонақтардың жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілдері толады. Ал мәселе аспалы көпірге келген кезде жапондықтар ішкі реніштерін жасыра алмады. Себебі – атақты аспалы көпір бүгінде қараусыз тұр.

Бұл көпір Ертістің екі жағалауында орналасқан Жаңа Семей мен ескі Семейді бір-біріне жалғап жатыр. Халық үшін аса маңызды нысанның құрылысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ел еңсесін әлі тіктей қоймаған сонау 1998 жылы қолға алынған болатын. Сол жылы Үкімет кездесіп отырған қиындықтарға қарамастан, жаңа көпір құрылысын бастауға шешім шығарды. Аспалы көпір құрылысымен жапондық «Аячай» фирмасы айналысқан еді. Сонау Жапонияда жасалған көпірдің негізгі қаңқалары алдымен су жолымен, сосын теміржолмен Семейге тасымалданып жеткізілді. Сол кездегі екі ел арасындағы келісімге орай Жапония мемлекеті көпір құрылысына 165 млн. доллар бөліпті. Бөлінген қаржыны қайтару керек, сондықтан да берілген ақшаны 2,7 пайызбен 30 жылда қайтару мәселесі де алдын ала қарастырылып қойылған. Жапондардан кейін аспалы көпірлерімен әлемге танылған Түрік елі де семейліктерге көмектесуден сырт қалмады. Түрік ағайындардың «АлсимАларко» фирмасы көпірге келіп тірелетін ұзындығы 16 шақырымдық жол құрылысын салып берді. Қала тұрғындары үшін бұл керемет көмек қана емес, тың жаңалық еді. Себебі жаңа көпірдің үстіне табиғи асфальт төселген. Бұл асфальт мамандардың айтуынша, Кариб бассейніндегі Трининад көлінен арнайы тасып жеткізілген көрінеді. Көпірді асар жасап, бүкіл ел болып салдық десек те артық емес, себебі барлық жұмыстарға Қазақстаннан отыз шақты фирма қатысса, жұмысшылардың 90 пайызын жергілікті семейлік ер-азаматтар құраған болатын.
Көпір құрылысы белгіленген мерзімнен бұрын бітіп, 2000 жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Бірақ нысан салынған кезден бастап оған нақты иелік ететін адам болмады. Алғашқы жеті жыл ішінде көпір қараусыз тұрды. Осы айтылған алты-жеті жыл төңірегінде не қаланың, не облыстың балансына кірмей қалады. Тіпті мемлекеттік комиссия да көпірді уақытымен қабылдап алмаған. Көпірді тоздырмай күтіп-баптау, сақтау, қадағалау жұмыстары қолға алынуы керек еді. Біраз уақытқа дейін бұл шаруаға ешкім де бас ауыртпады. Ал жапондар мен түріктер көпірді «бағуға» міндетті емес екендігі белгілі. Дегенмен жоғарыда айтқандай, Семейге ара-тұра келіп, қайырымдылық көмек ретінде медициналық құрал-жабдықтар әкеліп тұратын жапондардың өз қолдарымен тұрғызған көпірді назарларынан қағыс қалдыра алмады.
Олар алғашқы екі-үш жылда-ақ көпірді күтімге алып, қадағалап отыратын бір мекеменің қажет екендігін айтып, дабыл қақты. Бертінірек 2007 жылы да бірнеше рет көпірді қараусыз қалдырмау қажеттігін айтып қоймаған жапондардың ұсынысымен көпірді жөндейтін бір мекеме құрылғандай болды. Бірақ олар көпірдің тетіктерін қарап, айналасын гүлдендіріп, көгалдандыруды қолға ала алмады. Көпірді әрі-бері жинағыштап, тазалап, сыпыру жұмыстарынан басқа ештеңе бітірген жоқ. Өйткені қаржы жетімсіз еді. Тіпті көпірге жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын жасау үшін қажетті қаражат қала бюджетінде сол жылдары тапшы болып шықты. Ал көпір тозып барады. Бұл күндері көпірге төселген асфальттың қопарылып кету қаупі бар. Ас-фальттың беткейін айшылық алыс жерлерден тағы да тасып жүру екі есе қымбатқа түсетіндігі белгілі. Одан басқа жұмыстары да жетіп, артылады. Мәселен, жапондық меймандар аспалы көпірге келіп тірелетін 16 шақырымдық жолдың жағдайын, істен шыққан жарығы мен су кәріздері, көгалдандыруды да айтып қалып жүрді. Әу баста көпір жайнап, оның айналасында демалуға келген адамдар көпір мен ерке Ертісті тамашалап отыратындай жағдай ұйымдастырылады деп жоспарланған екен. Өйткені табиғатты сүюден күншығыс елі алдына жан салмайды ғой. Биыл қаламызға күншығыс елінен ат арылтып, қыстың қырауына қарамай борандатып жеткен жапондар тағы да бұл проблеманы тілге тиек етті.
– Дәл қазір жаңа аспалы көпір құлағалы тұр деп елді дүрліктіргім келмейді, – дейді халықаралық JIKO жапон ынтымақтастығы агенттігінің сарапшысы Хироюки Оказаки.
– Бірақ сіздердегі ауа райына байланысты жағдай нашарлап кетуі мүмкін. Қазірде аспалы тростарды ауыстырып, жолдың беткейін жөндеу қажет екендігін байқадық.
Ал аспалы көпірдің үстімен жүйткіп жүргенімізге он шақты жылдан асып барады. Семейдегі аспалы көпір – стратегиялық маңызы зор нысан. Мұндай көпір бүкіл ТМД аумағында тек Семейде ғана бар. Тіпті дүниежүзінде саусақпен санарлықтай ғана. Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мемлекеттік мекемесі мамандарының айтуынша, көпірдің үстімен тәулігіне 60-70 мыңға дейін көлік өтетін көрінеді. Бәрін айт та бірін айт, құдайы қонақ болып келген жапондар осы жолы да жағымды жаңалық әкелгендей болды. Жапондар тағы да көмек қолдарын созуды жоспарлап қойыпты. Мамыр айында қалаға күншығыс елінен арнайы зерттеуші топ келіп, көпірді тексеріп, жергілікті инженерлерді көпірді қалай жөндеу керектігіне үйретпекші.
– Бірақ сіздер қалайда қаражат тауып, біз көпірді жөндеушілерді оқытып-үйретіп кеткеннен соң, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасарсыздар деп үміттенеміз, – деді жапондар.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив