KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 8 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы: – Бұл БАСЫЛЫМНЫҢ САРҒАЙҒАН парақтарында Алаш қайраткерлерінің сөзі қалған

28.02.2012, 18:00 273


Ол – қаламы қарымды журналист, білікті педагог. Мәдениет және қоғам қайраткері. «Құрмет» орденінің, Ы.Алтынсарин медалінің, тәуелсіз платиналы Тарлан сыйлығының иегері.
Германияда мектеп директорларын арнайы даярлайды

– «Қазақстан мектебі» деген сексен бес жылдық тарихы бар басылымның басшысысыз. Қалай ойлайсыз, бүгінгі Қазақстан мектебінің бет-бейнесі қандай болу керек?
– Ойландыратын сұрақ екен. 70-жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істегеннен бастап, білім жүйесінен әлі күнге қол үзіп көрген емеспін. Еңбек жолымды 1965 жылы мұғалімдіктен бастадым. Содан кейін аспирантурада оқыдым. «Социалистік Қазақстанға» кіші әдеби қызметкер болып жұмысқа кіріп, бөлімнің әдеби қызметкері деңгейіне дейін жеттім. Одан кейін «Қазақстан әйелдері» басылымында жауапты хатшы болып қызмет істеген кезде де білім жүйесінен іргемді алыстатпадым. Өйткені, сырттай бақылаушы емес, пікірімді ашық айту үшін осы жолға түстім. «Қазақстан әйелдерінде» жүрген кезімде журналист ретінде кәсіптік білім жүйесіне жауапты болдым. Басшылық қызметіме малданып, киелі жазу өнерін шетқақпай қалдырған емеспін.
1983 жылы «Қазақстан мектебі» журналына ауысқанда қайнаған білім жүйесінің ортасына келдім. Еліміздің білім жүйесіне деген ынта-ықыласым ерекше арта түсті.
Бүгінгі білім жүйесіне ой шалдырар болсақ, біз қазақстандық мектепті дамыту, білім сапасын жетілдіру мақсатында жұмыс істеудеміз. Реформаларға әуес болып кеткеніміз де жасырын емес. Кеңестік кезеңде бұйрық Мәскеуден түсетін. Мәскеу не айтса, соны құп алып, ләппайшыладық. Тәуелсіздікке жеткен уақытта еркіндіктің лебі есіп, бөркімізді аспанға ата қуандық. Жаңа мемлекет құрып, қазақстандық білім жүйесін жасау керек деген қатаң талап кеңінен ойлануға мүмкіндік бермеді. Сол кезде сәл сабырлылық жетпей қалды ма деп ойлаймын. Қазақстандық мектеп жүйесін жасаймыз деген министрлеріміз бірден білім саласын реформалауға көшті. «Ана елде бүйтіп жатыр, мына елде сөйтіп жатыр» деп, асығыстыққа, еліктеушілікке ұрынғандаймыз. Тіпті кезінде білім саласын тоғыз-ақ ай басқарған министрлеріміз де бар. Сол кезде бірнеше ұйымдарға мүшелікке кірдік. Елімізде жасалған шикі реформалардың бәрі сол асығыстық пен еліктеушіліктің салдарына ұрынды деп ойлаймын. Осының кесірінен білім жүйесінде қалыптасқан бірқатар жетістіктерімізден көз жазып қалдық. Талап қою, оқыту мәселесінде ана реформаны, мына реформаны орындаймыз деп жүріп мектептердің оқу үрдісіне қаншама ауырлық түсіріп алдық. Мұғалім алдында отырған отыз-қырық оқушының білім сапасын жетілдіре ме, әлде реформаның жетегінде жүруді ойлай ма? Қазір енді ес жиып, етек жапқан кезеңге жеткендейміз.
Кезінде Мәскеуден келетін орысша оқулықтарды ана тілге аударатын едік. Төл оқулық төртеу ғана болды. Оның бірі – Ермахан Бекмаханов жазып кеткен жұп-жұқа, пышақтың қырындай Қазақстан тарихы. Сосын Қазақстан географиясы, қазақ тілі мен әдебиеті. Қалғандары – аударма. Ол кезде біздің оқулық жазатын тәжірибеміз аз болды. 1997 жылы Германияның Бавария қаласында он бес күн білімімді жетілдіру үшін академияда семинарда болдым. Сапар барысында көрген-білгендерімді кейін «Бавария сабақтары» деген тақырыппен «Егемен Қазақстан», “Қазақ әдебиеті” газеттерінде мақала жарияладым. Бір таңғалғаным, Баварияда мектептің директоры болатын маманды арнайы даярлайды екен. Көрдіңіз бе? Ал біз мектеп директорын оның білімі мен білігін тексерместен «мынау жақсы мұғалім» дейміз де, тағайындай саламыз. Осының салдарынан кейбір жерлерде бұрынғы кеңес, партия қызметкерлері, зоотехниктер, мал дәрігерлері мектеп директоры болып кеткен жағдайлар да кездесті. Баварияны айту себебім, біз оқулық жазатын адамдарды дайындап, үйретуіміз керек еді. Өкінішке қарай, оқыту, үйрету, бағдарлау мәселесінде біз шетелдік озық тәжірибелерге жеткілікті ден қоймадық.
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 1995 жылдың сәуір айында білім қызметкерлерінің бірінші мәжілісін өткізді. Сол мәжілісте «Құрмет» орденін алдым. 1988 жылдан бастап Мәскеудің үлгісімен пәндік журналдар шығаруды қолға алдық. Сол кезде қанат қаққан, еліміздің білім саласындағы қазақ тіліндегі жалғыз және алғашқы журнал «Қазақстан мектебі» болатын. Бұл журналдан кейін қосымша ретінде «Қазақ тарихы», «Информатика, физика, математика» және «Отбасы және балабақша» сияқты бес пәндік журнал жарыққа шықты.
– Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланыпсыз. Сол жылдары атқарған жұмыстарыңыз, тындырған істеріңіз туралы айтып берсеңіз?
– Қазақ ұлтының перзенті ретінде өзіміздің қасиетті, киелі қазақ тілі жолындағы күреске қосқан үлесім – мені ел алдына алып шықты деп санаймын. Ана тілі жолындағы күрес әлі де жалғасуда. Ана тіліміздің Ата Заңда ғана мемлекеттік тіл, ал, өмірде мемлекеттік тіл деңгейіне жете алмай келе жатқаны өкінішті. 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін алды. Осы жылдары «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Мен «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы ретінде Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы болып сайландым. «Қазақ тілі» қоғамының ұсынуымен 70 жылдай еліміздің астанасы болған Алматы қалалық кеңесінің депутаты болдым.
Қазақ тілінің киесі осы жолда мені толқын да толқын бұқараның алдына алып шықты. Депутат кезімдегі жұмысым «Қазақ тілі» қоғамының жұмысымен тікелей байланысты. Осы уақытқа дейін қазақ тіліндегі педагогикалық журналдар ашуда, «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы ретінде өзімді әлі күнге дейін ана тіліміздің жолындағы күрескермін деп санаймын.

Тұманбай Молдағалиевтен кейінгі екінші адаммын

– «Қазақстан мектебіне» келгенге дейін бірнеше мектептен өттіңіз. Осы жөнінде аз-кем әңгіме өрбітсеңіз...
– 1965 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітірдім. Ол кезде оқу бітіргендерге жұмысқа тұруға жолдама берілетін. Жолдамамен өзімнің туған жерім Ақсуат ауданының “Социалистік” ауылына бардым. Ю.Гагарин атындағы сегіз- жылдық мектепте еңбек жолымды мұғалім болудан бастадым. Екінші оқу жылы басталарда аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне шақырылдым. Біздің ауданнан, яғни, Ақсуат ауданында туған қыздардан осы қызметке тағайындалған бірінші адам болдым. Оған дейін қыздар басқа аудандардан келеді екен. Аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып істеп жүрген кезімде 1967 жылы ҚазПИ-ден аспирантураға шақыру келді. Шақырған академик Қажым Жұмалиев ағамыз еді. Мен институтта оқыған кезде ол кісі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Студент кезімде белсенді болып, ғылыми жұмыстарға ерекше ден қойғандығымнан болар, академик мені институттың аспирантурасына қалдырғысы келген-ді. Бірақ орын болмады. Шақыру алған соң Алматыға қайтып оралдым. «ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бас кезіндегі ақын-жыраулардың өлеңдері ұмыт болып бара жатыр. Соларды біз ұмыттырмауымыз керек. Сол жырларды тірілтуіміз керек» деп бағдар берген ұстазым осы тақырыпты қаузауымды өтінді. Өкінішке қарай, 1968 жылдың желтоқсан айында Қажекең қайтыс болып, менің тақырыбым бекімей қалды. Қажекеңнің орнына кафедра меңгерушілігіне келген Серік Қирабаев ағамыз одан кейін басқа бір тақырып ұсынды. Тақырып көңіліме жақпаса да, жазып шығуға тырыс-тым. Себебі, ол тақырыптың әдебиеттен гөрі саясатқа жақындығы басым еді. Аспирантураны бітіргеннен кейін жұмыс іздеуге кірістім. Қол қусырып отыруға болмайды. Өмір сүру керек, табыс табу керек, тамақ ішу керек дегендей. Әкем кәрі, шешем сырқат. Бауырларым жас, алдымда аға, әпкем жоқ. Жұмыс іздегенде де өзімнің еңбегіме ғана сенетін, көңілім қалаған жұмысты іздедім. Ол – журналистік жұмыс еді. Ақыры іздеген жұмысым «Социалистік Қазақстан» газетінен табылды. Бәрін тізбелеп не қылайын, үш ай штаттан тыс тілші болып жүріп, штатқа кірдім. Сол жерде алты жыл қызмет еттім. Содан кейін «Қазақстан әйелдеріне» жауапты хатшы қызметіне ауыс-тырылдым. 1983 жылы «Қазақстан мектебі» журналына бас редактордың орынбасары қызметіне тағайындалдым. 1987 жылдан бері журналда бас редактормын. «Қазақстан мектебінде» жұмыс істеп отырғаныма биыл – 28 жыл. Бас редактор болып отырғаныма – 24 жыл. Кейде журналдағы бас редактор қызметіндегі еңбек өтілі жағынан Тұманбай Молдағалиевтен кейінгі орында келе жатқан бас редактормын деп мақтанып та қоямын.
– Өзіңіздің қаламыңыздан туған кітаптарыңыз бар екендігінен хабардармыз. Сол рухани игіліктеріңіз жайлы сөз суыртпақтасаңыз...
– Өмірден көріп, көңілге түйген тәжіри-бемнің жемісіндей “Нұрлы жол”, “Жыр арқауы – бейбітшілік”, “Оттай ыстық он жыл” атты кітаптарым жарық көрді. 1981 жылы Қазақстан Журналистер одағының екінші сыйлығын алдым. Сол сыйлыққа ұсынылған очерктерім мен мақалаларым 1986 жылы “Нұрлы жол” деген атаумен жарық көрді. Бұл – менің тұңғыш кітабым. Аспирантурада оқыған жылдары жүргізілген ғылыми жұмысым “Жыр арқауы – бейбітшілік” деген тақырыппен 1988 жылы “Қазақстан” баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Баршамыз үшін басымызға келген бақыт еліміздің жеке мемлекет болып, тәуелсіздікке қол жеткізуіміз. Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығы бүкіл қазақ халқы үшін бақ пен сынақтың қиын да қызықты кезеңі болды. Қазақ елінің бір азаматы ретінде менің қосқан үлесім – тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай осы 10 жыл ішінде шыққан очерк, мақала, жолсапар жарияланымдарымды “Оттай ыстық он жыл” тақырыбымен “Атамұра” баспасынан 2001 жылы кітап етіп шығардым.
60 жылдық мерейтойыма орай “Еңбегі мен қайраты екі жақтап” деген ғұмырнамалық кітап жарық көрді.
– Былтыр Тарбағатай ауданын су алғанда, сіз туған ауыл Жәнтікей де су астында қалды емес пе? Осы тілсіз жаудың салдарынан болған қауіпті жағдайда туған жер перзенті ретінде қандай көмек жасай алдыңыз?
– Туған ауылымда су тасқыны болғанда жүрегім қатты ауырды. Бірақ Аллаға тәубе дедім. Қызылағашта су тасқыны болғанда қанша адам о дүниелік болып кетті емес пе? Құдайға шүкір, Жәнтікей ауылында адам шығыны болған жоқ. Ең бастысы – сол апаттан адамдардың шығын болмай аман-есен шығуы. Жәнтікейден соң Көкжыра ауылын су алды. Содан кейін маған біраз адамдар хабарласып, «Апай, Жәнтікей жаққа барып қайтайық» деді. «Ол жаққа не деп барамын?» дедім мен. Егер кәсіпкер болғанымда, балаларға аяқ-киім, оқу жабдығын алыңыздар деп мол қаражат берер едім. Бірақ менің қолымда ондай қаржы жоқ. Ойлана келе, тасқыннан зардап шеккендерге арналып құрылған жәрдемдесу қорына Алматыда бас-көз болуды жөн көрдім. Сол қорды құрысуға ұйтқы болдым. Қордың жетекшілігіне ұсынып еді, жас жігіттер болсын деп одан бас тарттым. Сөйтіп, қордың ұйымдастыруымен осы жақтан шамамыз келгенше 3 миллиондай ақша жинап, сол қаржыға Семей арқылы екі КамАЗ көмек заттарын жөнелттік. Майра Ілиясова мен Еркін Шүкіманов арнайы барып концерт қойып қайтты. Туған топырақтан асқан киелі жер жоқ. Мен үшін қазақ даласының әр төбесі биік, әр төбесі қастерлі. Әрине, кір жуып, кіндік кескен туған жердің орны қай кезде де бөлек. Міне, мен сондықтан өзімнің туған ауылымнан ешуақытта көз жазбаймын, көңілімде сақтаймын. Туған жерге – тағзым деген адамның жүрегінде болуы керек.

Сыйлыққа да сыймайтын еңбектер болады

– Платиналы Тарлан сыйлығы, «Құр-мет» ордені, тағы басқа сыйлық, атақтар-ды қанжығалапсыз. Бұл да адамның еткен еңбегінің нәтижесі ғой. Адамның бүкіл еңбегін сыйлықпен бағалаған дұрыс па?
– Әрине, сыйлық алған жақсы. Сыйлыққа да сыймайтын еңбектер болады. Еңбек сыйлықпен бағаланбайды, оны халық бағалауы керек. Сондықтан да бұл сыйлықтың өзі халық танығаннан кейін берілуі керек. Ал сыйлық алу арқылы халыққа таныламын деу дұрыс нәрсе емес. Сыйлықты алған адамға қарап оның еңбегін ешкім де өлшей алмайды. Халық танығаннан кейін алған сыйлықтың орны бөлек. Менің алған сыйлықтарымның барлығы – еткен еңбегімнің жемісі және Алланың маған берген бақыты. Еңбек жолында мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Әрине, жеке өмірде қиындықтар, кедергілер мен әттеген-айлар бола береді. Бірақ ғұмыр жолында өзімді еңбегім жанған адаммын деп есептеймін. Менің кеудеме орден тағып тұрғанда Елбасымыз: «Сіз білім саласында, қазақ журналистикасы саласында бірінші орден алып тұрған адамсыз» деді. Әрине мұны алдымен «Қазақстан мектебі» журналының Қазақстанның білім жүйесіне сіңірген еңбегін ескеру деп санаймын.
«Қазақстан мектебі» журналы қазір де дүниежүзінің бүкіл кітапханаларына тарайды. Бүкіл дүниежүзілік кітап палатасының арнайы нөмірімен, белгісімен марапатталған – осы «Қазақстан мектебі» журналы. Бұл журналдың сарғайған парақтарында кешегі Алаш қайраткерлерінің құдіретті сөзі жатыр. «Қазақстан мектебі» Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаевтың қолдауымен «Жаңа мектеп» деген атпен ашылған тұңғыш қазақ тілді журнал болды.
– Демография – өзекті мәселенің бірі. Қазақтың көбеюі үшін қайтпек керек? Бұл – жалғыз Мақаш Тәтімовтің жұмысы емес шығар...
– Жұбан Молдағалиев жазғанындай, расында қазақ – мың өліп, мың тірілген халық. ХХ ғасырдың бас кезінде Көлбай Төгісов басқарған «Үш жүз» партиясы болған. Осы партияның бір құжатында қазақтың саны жеті миллиондай болғаны жазылыпты. Ал 1939 жылы қазақтың саны 3 миллион шамасында ғана қалған. 4 миллиондай қазақ қайда кетті? Әрине, алапат аштық, қызылдар мен ақтардың азаматтық соғысының кесірінен опат болды. Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Ақсуат ауданының Тарбағатай тауындағы шекараның бүгінге дейін Кандюрин атымен аталатын бекеті бар. Кезінде кәмпескеден қашқан ата-бабаларымыз Қытайға сол жолмен де өтеді екен. Сонда әлгі Кандюрин «мен сендердің бейбіт түрде көшіп кетулеріңе жағдай жасаймын, алдын ала келісіп өтіңдер» деп өтірік алдап, қалың көш жолға дайындалып, буынып-түйініп, малдарын алдарына салып шекарадан өтуге келгенде пулеметтен оқ жаудырып, бірін қалдырмай қырып салған көрінеді. Ең сорақысы – Кандюрин атындағы бекет әлі күнге дейін сол қалпында Кандюрин болып тұр.
Мұны айтып отырған себебім демография саясаты – қазақ үшін ең бірінші кезекте тұруы керек. Отбасының тәрбиешісі ана-әке болу – табиғат алдындағы міндет. Оқу оқып, еліңе қызмет жасау – азамат ретіндегі міндет.

«Қазақстан мектебін» жабылудан аман
алып қалып еді

– Гендерлік саясат жайлы жиі айтатын болдық. Бұл төңіректегі сіздің пікіріңізді білсек...
– Әйелдің рөлі кеңестік кезеңде жоғары болған деп айтып жүргендер көп. Менің білуімше, қазақта гендерлік саясат о заманнан бері бар. Әйелді, қыз баланы дәл қазақтай қастерлейтін ұлт жоқ шығар әлемде. Сондықтан «Америка өйтіп жатыр, Еуропа бүйтіп жатыр» деп жөнсіз еліктеуге ұрынудың қажеті шамалы. Өзімізде бардың қадірін жете түсініп, дамытқан дұрыс.
Әйелдің рөлі – қай қоғамда да үлкен мәнге ие. Әсіресе отбасы тәрбиесіндегі маңызы айрықша. Біз іргесі берік ұлт боламыз десек, әуелі отбасылық тәрбиені нықтауымыз керек. Ата Заңымызда тамаша бір бап бар. 17-бап. Сол бапта кәмелеттік жасқа толғанға дейін бала тәрбиесінің жауапкершілігі ата-ана мойнында делінеді. Сол бап бойынша дұрыстап жұмыс істеуіміз керек.
Бір мысал айтайын. Балабақша тәрбие-шілері «баласын бізге әкеп, итеріп тастап, кетуге асығып тұратын аналар көбейіп кетті» дейді кейде. Сосын ақшасы барлар қазір үйде бала күтуші ұстайды. Олар кімдер? Қалай тәрбиелеп жатыр? Онда шаруа жоқ. Мәселен, қазақ баласын орыс тілді күтуші бағып-қағып жүр делік. Бұл дегеніңіз ұлттық тілден қол үзу емес пе? Тілден қол үзгеннің ұлттық табиғаттан, ұлттық тамырынан, болмысынан ажырау деген сөз. Міне, әйелдің рөлі. Нағыз гендерлік саясатты осы жерде көрсетуіміз керек. Меніңше, гендерлік саясат деген біздің қазаққа бөтен емес.
– Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ-ТЫҢ тың бастамасын, жарқын істерін ел-жұрт біліп отыр. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Әр кезеңнің өзінің халық үшін туатын ұлдары болады. Халық үшін еңбек етуді өзінің өмірлік мақсаты тұтатын тұлғалар болады. Ол жүздің ішінде біреу бола ма, мыңның ішінде екеу бола ма? Міне, біреу болса, соның бірі, екеу болса, соның біреуі осы – Бердібек САПАРБАЕВ. Ол – халық үшін, халыққа осы қажетті игіліктің бәрін жасасам екен деп еңбек ететін азамат. Мұны мен бүгінгі күні ол кісінің облыс Әкімі болғаннан кейін айтып отырғаным жоқ. Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге қызмет еткен адаммын. Ол кісі Білім министрінің орынбасары болып қызмет еткен кезде мен «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы болдым. Бір министрлікте қызмет атқардық. Бір жайды айтайын. «Қазақстан мектебі» журналы 1997 жылы жабылудың аз-ақ алдында қалды. Сол кезде Бердібек САПАРБАЕВҚА бардым. Ол кісі бұл уақытта Қызылорда облысының әкімі қызметінде. «Қазақстан мектебі» жабылуға жақын. Алаш ардақтыларының ізі қалған, сөзі қалған, 70 жыл бойы қазақ тілді жалғыз педагогикалық журнал болып келе жатқан басылымның ешкімге керегі жоқ болып қалды ма?” дегенімде: «Жоқ, апай, алаңдамаңыз. Жабылмайды, көмектесеміз» деді. Сосын мен: «Бір нөмірді тұтасымен Қызылорда облысына арнайық, сатып алыңыздар» дедім. «Жарайды» деді. Сөйтіп, бір нөмірді Қызылорда облысына арнадық. Сол нөмірдің шығынын артығымен Қызылорда облысы көтеріп алды. Сөйтіп, жабылғалы тұрған журналға жан бітті. «Қазақстан мектебінің» 1995 жылдан бастап өзін-өзі қаржыландыруға көшірілгеннен бері журнал болып шығып келе жатқаны әуелі оқырманның, екінші Бердібек САПАРБАЕВ сияқты жанашыр демеуші тұлғалардың тікелей еңбегі деп айтуға әбден болады.
Ал енді Шығыс өңіріне, Абай, Шәкерім, Мұхтар туған киелі мекенге Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ Әкім болып келуі орынды шешім болды. Басқаны айтпай-ақ, кешегі тасқын күндері халықпен бірге керзі етікпен су кешіп, ел-жұрттың қиындығын бірге бөліскенінің өзі неге тұрады? Сол кездерде Бердібекті теледидардан көріп отырғанда «Айналайын-ай, қиналды-ау. Бірақ халқыңмен бірге қиналдың. Қуанышты да халқыңмен бірге көрерсің» деп, тілек тілеп отырдым іштей. Бір сөзбен айтқанда, Бердібек Шығыс Қазақстан облысының бағына келген Әкім болды. Ендігі тілегім – облыста Әкім болып ұзағырақ жүре тұрса екен...

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив