Өскемен
-7°
ясно ветер 10 м/с, С
448.05 486.58 5.82

Еліміздің 6 қаласында әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған жоба жүзеге асырыла бастады

28.02.2012, 18:00 19 0


«Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мен «Шеврон» компаниясы Астана, Алматы, Атырау, Қызылорда, Петропавл, Өскемен сияқты 6 қалада әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаны бастады.
Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты арнайы өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

«Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Сәрсенбаеваның айтуынша, аталмыш жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін әйел азаматшаларды оқытумен байланысты. «Бұл ретте біз әйелдерді өз бизнестерін ашу үшін алғашында қандай қадамдар жасау қажет екендігін үйретеміз, сондай-ақ олардың шағын несиелер алуларына ықпал етеміз. Ал оқыту барысында заңгер, психолог сияқты түрлі сала мамандары жұмыс істейтін болады»,- дейді Р.Сәрсенбаева.

Оның сөзінше, жобаның екінші кезеңі еліміздің аймақтарындағы іскерлікке бейім әйел азаматшалармен тренингтер мен дөңгелек үстел отырыстарын өткізуге байланысты. «Бұл ретте біз бизнес ортаның әйел азаматтарға қаншалықты ыңғайлы және онда әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуларына не кедергі болып отырғанын білу маңызды. Қорыта айтқанда, біз әйелдерді болашағы зор нағыз іскер азаматшаларға айналдыру үшін қажетті шарттардың барлығын қалыптастыруға ықпал етеміз»,-деді қоғамдық бірлестік төрайымы.

Оның айтуынша, жобаның үшінші кезеңі бизнес-ортаны талдаумен байланысты. «Ол үшін біз арнайы маман әлеуметтанушылармен жұмыс істеп, кәсіпкерлік саласы бойынша оқып-білім алып жүрген азаматшалар арасында сауалнама және зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Әлемнің кез келген елінде өмір сүру деңгейі орта топтар шағын және орта бизнес негізінде қалыптасатыны белгілі. Ал шағын бизнеспен айналысатындардың басым бөлігін әйел азаматтар құрайды. Жағдайдың бұлайша қалыптасуын әйелдердің аса ұқыпты, іскер, сақ болуы сияқты түрлі факторлармен байланыстыруға болады. Сайып келгенде осының барлығы елдегі кәсіпкерлердің 60 пайызының әйел азаматтарға тиесілі болуына ықпал етіп отырған жәйттер. Меніңше, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті қолдау - бірінші кезекте кедейлік пен әйелдер арасындағы жұмыссыздықпен күрес. Өйткені әйелдер түрлі себептермен байланысты тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндіктері бола бермейді. Осы себепті бүгін біз осындай жобаны қолға алып отырмыз»,-деді Р.Сәрсенбаева.

Мәлiметтiң көзi: ҚазАқпарат




19
0
00

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив