KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

ЖАҢҒЫРУ ҮШІН ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДІЛІГІ КЕРЕК

27.02.2012, 18:00 88


Жуырда ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев Семейге қала әкімінің есебін тыңдауға байланысты іссапармен келді. Күн тәртібіндегі мәселе семейліктердің "Терможаңғырту" бағдарламасына қатысты көзқарасы мен бағасын білу. Осы мақсатпен облыс басшысы Тарбағатай көшесі, 61-үй мекенжайында орналасқан жатақханаға табан тіреді.

Жатақханаға аталмыш бағдарлама негізінде шатырдан бастап жертөлеге дейін толыққанды жөндеу жүргізілген. Жөндеу жұмысына барлығы 31 млн. теңге жұмсалыпты. Алайда, бұл өзгеріске тұрғындардың көңілі толмай отыр. Жатақхана тұрғындарының айтуынша, аталмыш шаралар олардың келісімінсіз, әрі көңілден шығатындай жасалмаған. Сондай-ақ, жөндеу жұмысы барысында жауапты адамдар тұрғындарға екі түрлі смета көрсеткен көрінеді. Ал, аталмыш жатақхананың ПИК төрайымы Тамара Усманованың сөзіне сенсек, тұрғындар алдында күн сайын жиналыстар, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрған. Хаттамада көрсетілгендей, жиналысқа барлығы 93 адам қатысса, оның 62-сі жатақхананың жөндеуден өтуіне келісімін берген. "Жатақханадағы ұсақ-түйек олқылықтарға тұрғындардың өздері кінәлі. Бір мысал, қолжуғыштың орнынан босап қалуының себебі, оның үстіне жатақхана тұрғындары шелектерін қойып, су алады. Оны көтеруге шамасы келмеген қолжуғыш ыдысы, әлбетте, босайды" деді ПИК төрайымы.

Мердігерлердің, яғни "GRAND-Жақсылық" мекемесінің директоры Қазыбек Байсариновтың мәлімдемесінше, 12 млн. теңге төбеге, 19 млн. теңге қалған жұмыстарға жұмсалуына байланысты жөндеудің толық құны 31 млн. теңгені құрайды. "Бітпей қалған жұмыстар да бар екенін жасырмаймыз. 30 жылдан артық жөндеу көрмеген бұл тұрғынжайдың қалған жұмыстарын қазан айына дейін кепілдемесі бар болғандықтан, кемшіліктерімізді түзететін боламыз." - деді ол.

Тұрғындардың ендігі алға тартып отырған мәселесі бұл несиені дер кезінде төлей алмайтындығы, себебі көпбалалы қарапайым отбасылардың айтарлықтай жұмыстары да жоқ, алып отырған жәрдемақылары балаларының тамағынан аспайды екен. Бұл ретке де аймақ басшысы оңтайлы жауап берді. Әр отбасы жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мекемесіне барып, өзінің кіріс қаржысын есептету керек. Егер қаражат несие өтеуге жетпейтін болса, онда мемлекет тарапынан тұрғын үй жәрдемақысын алуға мүмкіндік туады. Бердібек Мәшбекұлы бөлмелер мен жертөлені қарап шыққаннан кейін әр тұрғынға және жөндеу жауапкершілігін қолға алған мамандарға сөз беріп, мұқият тыңдады. Одан соң қала әкімі Айбек Кәрімовке он күн ішінде тәуелсіз тараптардан құралған комиссия құруын тапсырды. Олардың міндеті смета құжатында көрсетілген деректерді, жұмыс сапасын бүге-шүгесіне дейін қайта қарап, орын алған кикілжіңдердің ақ-қарасын анықтау.

Жұмыс жоспарының екінші бөлігінде аймақ басшысы қаламыздағы Физкультурная көшесіндегі 17 үйге келді. Аталмыш үйдің жайы мүлде төмен. Тұрғындар ешқандай пәтер иелері кооперативін құрмаған, өз беттерінше өмір сүріп жатыр. Бөлмелер жылы болғанмен, подъезд тазалығы санитарлық талапқа сай емес, жертөле суға толы, қабырғалар көк татиды. Тұрғындар Кеңес дәуіріндегідей "Бәрін өкімет жасасын, біз ештеңе істемейміз!" қағидасымен тіршілік етуде. Өйткені, олар мемлекет ұсынып отырған бағдарламаға қатысқылары келмейді, ПИК те керек емес оларға, не өздері бірігіп, тұрып жатқан үйлерін жөндеуден өткізгілері жоқ. Бір қызығы, төрт подъезден тұратын бұл үйдің екі подъезінде темір есік орнатылған. Яғни, ұйымшылдық бар екені анық.

Іссапардың мәресі Достоевский көшесіндегі 186 үйде болды. Бұл үйдің мәселесі - жылудың қысымы төмен. Келу керек 60-80 градус орнына сырттан үй ішіне 55-56 градус жылу кіреді екен. ТҮКШ басшысы А. Ершовтың айтуынша, жылу айналымын кеңейту жоспары тұр алдыда. Сондай-ақ, үйге арнайы насостар орналастыру керектігі де айтылды. Жалпы, жылу мәселесін шешудің жолы шағын бу қазандықтарын азайтып, жаңа жылу құрылғыларын, жылу жүйелерін орнату керек деген түйін жасалды.

Өзінің іссапары барысында аймақ басшысының түйгені, семейліктер әлі де "Термомодернизация" бағдарламасына үреймен қарауда. Мемлекет ұсынып отырған үлкен мүмкіндікті пайдалана алмай отыр олар. Тұрғындарға бағдарлама маңызын түсіндіруге зор күш-жігер жұмсау керек. "Күлтөбенің басында күнде өткен жиындардың" нәтижесіздігі алаңдатарлық. Бүгінде үш жылға созылған бағдарламаның жүзеге асырылуын қадағалауымыз керектігін де айтып өтті Бердібек Мәшбекұлы. Ал, өз жауапкершілігіне немқұрайды қарайтын, коммуналдық шаруашылық қарыздарын өтемей, берешекке белшесінен батып отырған тұрғындар заң алдында жауапқа тартылатын болады. "Бұдан басқа амалымыз жоқ!" деді ол.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив