KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

ШҚМТУ-да қызық та бағалы тәжірибе алып жүр

26.02.2012, 18:00 210


Саясаттану және славистика магистрі, Роберт Бош атындағы қордың дәріскері Катерина Ворстер Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да 2011 жылғы қыркүйек айынан бас-тап дәріс береді. Бұл - оның Қазақстанға алғаш келуі. Ол Өскеменнен алған әсері мен техникалық университеттегі қызметі туралы әңгімелейді.
– «Оқыта жүріп, оқып-үйрену» – Роберт Бош атындағы қор дәріскерлерінің ұраны. Мен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің шетел тілдері кафедрасына шақырылған дәріскермін, неміс тілінен сабақ беремін. Сондай-ақ, Германиямен таныстырып, елтану курстарын жүргіземін. Қабылдау сағаттары кезінде мен студенттердің және оқытушылардың Германияға қатысты сұрақтары бойынша, сонымен қатар Германияда оқу және шәкіртақы алу мүмкіндіктері жөнінде консультация беремін. Сонымен бірге осы бағдарламаға орай «Шығыс Еуропа мен Қытайдың жоғары оқу орындарындағы білім беру менеджменті» атты біліктілікті жетілдіру курсында оқимын. Бұл – Германияның Хилдесхайм университетінің сарапшыларымен бірлесіп арнайы әзірленген курстар.
Дәріс берумен қатар менің ШҚМТУ-дағы қызметімнің маңызды құрамдас бөлігінің бірі –
жобалық жұмыс болып табылады. Мысалы, 2012 жылғы мамыр айында техникалық университетте Германиядан шақырылған доктор Аннегрет Шмидьельмен ынтымақтастықта «Ғылыми жұмыстарды әзірлеу» семинарын өт-кізу жоспарлануда. Сондай-ақ, 2012 жылдың жазында ДААД-тың қолдауымен Ыстық- көлде (Қырғызстан) жазғы мектеп сабақтары өткізіледі, оны ұйымдастыру жұмысымен Орталық Азия қорының дәріскерлері айналысуда. Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген 25 студент, соның ішінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенттері, аталған жазғы мектептің тыңдаушылары бола алады.
Университет ректоры, профессор Н.Темірбеков және бірінші проректор, профессор Ж.Құлсейітов мені жылы шыраймен қарсы алды. Университеттің қайнаған өміріне тез араласып кеттім. Өйткені, менің шығармашылық жұмысыма барлық жағдай жасалды. Бұл тұста әріптестерім – ШҚМТУ шетел тілдері кафедрасының оқытушылары А.Сәрсембаеваға, О.Гасниченкоға, Д.Жексем-баеваға, Т.Әбдрахмановаға ерекше ризамын. Университетке келе салысымен мен Федерация және Еуропа істері жөніндегі Бавария мемлекеттік министрі Эмилия Мюллер ханым басшылық еткен Мюнхен делегациясымен кездесуге қатыстым. Сол сияқты делегация құрамында Қазақстандағы Германия елшілігінің өкілдері, Бавария парламентінің депутаттары, жоғары оқу орындарының профессорлары мен бизнесмендер болды. Университет ректоры Н.Темірбековтің салтанатты қабылдауы және неміс делегациясының университет өкілдерімен кездесуі кезінде мен ШҚМТУ-дың басқа елдердің жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен қарым-қатынас құруы қаншалықты кең ауқымды екендігін түсіндім. Бүгінгі таңда ШҚМТУ ғылыми-техникалық және білім беру ынтымақтастығын құру туралы 60-тан астам шарт жасасты. Мені сүйсіндіріп әрі таңғалдырған бір жәйт, ол университеттің Мюнхен техникалық университетімен, Маг-дебургтегі Отто фон Гуерике атындағы университетпен, Гамбургтің технологиялық университетімен, Клаусшталь техникалық университетімен, Брауншвайг техникалық университетінің жылумен қамту және құрылыс технологиялары институтымен, Штутгарт университетімен, Ганновер университетімен белсенді түрде ынтымақтастық құруы болды. Жасалған шарттарға орай ШҚМТУ-ға серіктес неміс университеттерінің алдыңғы қатарлы профессорлары дәріс оқуға, PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік етуге және бірлескен жобаларға қатысуға тартылады. 2011 жылы университетке шетелдерден 60-тан астам дәріскер мен ғылыми консультанттар келді, соның ішінде Германиядан келген профессор Штефан Шандерра (Инфодев компаниясы), Мартин Мецнер (Штутгарт университеті), Майкл Шеффлер (Магдебургтегі Отто фон Гуерике атындағы университет) бар. Маған Мюнхен техникалық университетінің профессорлары мен мамандарының: доктор Герхард Хаусладен, доктор Вернер Ланг пен доктор Изабель Неметтің терең мазмұнды дәрістері өте ұнады.
Мені оқу үдерісінің іс-тәжірибелік жағы ерекше қызықтырады. Сондықтан да мен университеттің геология мұражайына, «Іргетас» пен «САТиМ» зертханаларына және «Алтай» технопаркінің зертханаларына барып, танысу экскурсияларында болдым. Аталған зертханалардың жабдықталу деңгейі өте жоғары екендігін байқадым. Менің ойымша, университет оқушыларының кәсіби білімімен және осы педагогтардың шетел тілдерін жоғары деңгейде меңгеруімен бірге, оқу үдерісінің мұндай техникалық жабдықталуы жоғары оқу орнына әлемнің еңбек нарығында талап етілген мамандар оқытып шығаруға мүмкіндік береді. Әлемге аты әйгілі ASIIN агенттігімен 2012 жылы өткізілетін ШҚМТУ мамандықтарының халықаралық аккредитациясының ерекше мәні бар. Бұл жоғары оқу орнының оқу мен ғылыми әлеуетінің зор екендігін аңғартады. Еуропалық стандарттарға сай келетінін көрсетеді.
Менің университеттегі қызметім белсенді өміршеңдік қағиданы ұстанып, үлкен мейірімділік көрсете білетін ШҚМТУ студенттерімен қарым-қатынас құруға тікелей байланысты болды. Олардың неміс тіліне деген қызығушылығы, жалпы шетел тілдерін білуге деген ұмтылысы және де шетелдердің жоғары оқу орындарында оқып, сынақ мерзімінен өтуге білдірген тілектері менің беріп жүрген сабақтарымды мәнді етуге өз көмегін тигізеді. 2011 жылдың қазан айында 12 студент пен магистрант ДААД және IAESTE бағдарламаларына қатысуға құжаттарын тапсырды. Бұлардың ішінде студенттер: Д.Пешкина (09-БЖ-1 тобы) мен К.Тайлым (09-ГРК-1 тобы), магистрант Е.Клименко (11-NCM-1 тобы) және т.б. бар. Техникалық университеттегі шетел тілдері кафедрасының оқытушылары да өз кәсіби деңгейін жетілдіруге ұмтылып, ДААД пен Гете институтының зерттеу және оқу бағдарламаларына үнемі қатысады. Мысалы, кафедра меңгерушісі, доцент А.Сәрсембаева 2011 жылдың қараша айында Дрезденнің техникалық университетінде ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтті.
Кафедрадағы әріптестерім маған жылы шырай білдіріп, жан-жақты камқор болуда. Олардың мұндай ықыласы арқасында мен өзімді үйде жүргендей сезінемін. Жанұяға қонаққа шақыру, ұлттық тағамдарға толы дастарқан басында отырып, ұзақ әңгіме құру Қазақстанға тән дәстүрлердің бірі болып табылады. Әріптестерімнің үйлеріне қонаққа барып, олардың отбасымен және тұрмысымен танысқан кезде осыған көзім жетті.
Мен Қазақстанның кең байтақ даласында орналасқан осы шағын әрі жап-жасыл қалашықты жақсы көріп кеттім. Өскеменде бос уақытты өткізу мүмкіндігі көп, осында жүріп мен «Kazzink-Торпедо» командасының жігерлі жанкүйері атандым. Енді хоккей ойындарын сүйсініп тамашалаймын. Мен өмірімде алқашқы рет коньки тебуді Спорт сарайында үйрендім, содан бері коньки теуіп, белсенді түрде демалғанды жақсы көремін.
Қорыта келгенде, университет сияқты Өскемен қаласы да маған өз қабілетімді іске асырып, басқа мәдениет өкілдерімен қарым-қатынас құруда тәжірибемді байыта түсуге мүмкіндік берді. Сол үшін де шексіз алғысымды білдіремін.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив