KZ
Өскемен
небольшая облачность жел 2,5 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

Айткүл және Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЕР: – Қазір ҚАЗАҚ ӘРТІСТЕРІНІҢ Шығысқа жолы ашылды

26.02.2012, 18:00 193


Өскеменнің қазақыланып келе жатқаны қуантады

– Алла сәтін салса, Өскемен жұртына «Туған тілім – тұғырым» атты кон-церттік бағдарлама ұсынбақ ойдасыздар. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ...

Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Кешіміз «Туған тілім – тұғырым» деп аталады. Айткүл екеуміздің бұл жобамен шұғылданып келе жатқанымызға бір-екі жылдың жүзі болды. Бұған дейін осы бағдарламамен еліміздің алты облысында болып, өнер көрсетіп қайттық. Өскеменде өтетін концертімізге өзіміздің отбасының мүшелерінен бөлек «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрының әртістері шақырылып отыр.
– Жобаның, идеяның авторы өздеріңіз ғой...
Айткүл КӘКІМҚЫЗЫ:
– Иә, идея өзіміздікі. Жалпы, Қанат екеуміз соңғы 15 жыл көлемінде осы секілді бірнеше жобалармен, арнайы бағдарламалармен халық алдына шығып жүрміз. 1991 жылы өнерде жүргеніміздің 15 жылдығына орай концерт бердік. Бұл үрдіс сол кезден басталды деуге болады.
– Шығыс өңіріне жиі келіп тұрасыздар. Қандай өзгерістерді байқадыңыздар? Өңір өзгерді ме?
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Шығыс өзіміздің жеріміз ғой. Менің осы өңірден жұбайымды тауып, өнерде де, өмірде де бірге, қол ұстасып бақытты ғұмыр кешіп келе жатқаныма 36 жыл уақыт бопты. Содан бері Шығыс өңірімен тығыз байланыстамын. Расында, соңғы жылдары Шығыс өңірінен үлкен өзгерістерді байқап жүрміз. Бұрын да келіп жүретінбіз. Әсіресе облыс басшылығына Бердібек САПАРБАЕВ келгелі ұлттық өнерге, оның ішінде қазақ әртістеріне Шығыс Қазақстанға, нақтырақ айтсақ, Өскеменге жол ашылды деуге болады. Осыдан бір-екі жыл бұрын Ата Заңымыздың мерекесіне орай арнайы шақыртумен келіп концерт бердік. Ұлы Абай ескерткішінің ашылу салтанатына да қатыстық. Одан бөлек облыста өтіп жатқан түрлі мәдени шараларға қатысып жүрміз. Шыны керек, бұрын мұндай болмаған-ды. Бұрын облыс орталығында емес өңірдің аудандарын аралап, сол жақта өнер көрсететінбіз. Қазір облыс орталығына арнайы шақыртумен келіп жүрміз. Бұрын Өскеменге тек Ресейдің, өзге де мемлекеттердің өнерпаздары келетін. Бізге дұрыс көңіл бөлінбейтін. Қазір, құдайға шүкір, қазақтың жазушылары, ақындары мен әншілері Шығыстан шықпайтын болды. Өскемен өз үйіне айналды. Ең бастысы, бізді Өскеменнің қазақыланып келе жатқаны қуанта-ды. Мәдениет ошақтары да жанданып жатыр. Қаракөздеріміздің де қатары артып келеді екен.

Қытайда «Мен қазақпын» әнін айтқызбады

Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Ұлттық өнер, концерт дегеннен шығады. Биыл Айткүл екеуміз отбасымызбен бірге Наурыз мерекесіне орай арнайы шақыртумен Қытай Халық Республикасына барып, сондағы бауырларымызға концерт бердік. 12 күн шамасында онға жуық елді мекенде өнер көрсеттік. Үрімшінің өзінде болдық. Байқағанымыз, қандастарымыз қазақ өнеріне аса зәру екен. Біз негізінде ол жаққа «Туған тілім – тұғырым» бағдарламасын апардық. Бірақ атын атағанымыз жоқ. Ол жақта тіл жөнінде, басқа да мәселелер жөнінде айтуға болмайды екен. Олардың саясаты сондай. Біздің орындайтын барлық әндерімізді тексерістен өткізді. Мысалы, Ерболаттың «Мен қазақпын» деген әнін айтқызбады.
Айткүл КӘКІМҚЫЗЫ:
– Елдің бәрі негізінен сол әнді тыңдау үшін келіпті. Үрімшіде концерт бергенде кеш аяқталған кезде залдағы үш мыңға жуық халық «Мен қазақпын», «Мен қазақпын» деп айғайлап отырып алды. Сол сөзді естігенде көзімізге жас келді. Өз ана тіліндегі бір әнді тыңдауға зар болғаннан кейін не дейсің? Сонда менің есіме өз жерімізде, өз елімізде отырып ана тіліміздің қадіріне жете алмай жүрген қандастарым түсті. Шет елдегі өз тілінде бір әнін тыңдай алмай қор болған бауырларымызға қарап жүрегіміз ауырды.
– Сөйтіп, Қытайдағы қандастарымыз
«Мен қазақпын» әнін тыңдай алмады ғой...
Айткүл КӘКІМҚЫЗЫ:
– Тыңдай алмады. Біздің Ерболат намысшыл ғой. Шыдай алмады-ау деймін. Концерт біткен. Халық орындарынан тұрып алған. Кетпейді. «Мен қазақпын, мен қазақпын» деп айғайлайды. Ерболат сахнаға жүгіріп шықты да: «Сіздерге көп-көп рақмет. Алла жазса әлі талай кездесеміз. Әлі де көп әндер айтылады» деп әнге сусаған қандастарымызды жұбатқандай болды.
– «Алдағы уақытта этно-хип, этно-рэп стилін дамытуға үлес қоссақ дейміз. Мұның бәрі Батыстан келген дүниелер ғой. Біз соны сол күйінде емес, өңдеп, ұлттық нақышқа жақындатуымыз керек. Ерболаттың стилінде ұрмалы аспаптар синтезі бар. Қалғанының бәрі – өзіміздің ұлттық аспаптар. Қылқобыз да, шаңқобыз да, үскірік те – бәрі бар. Жастар қызығатын сол ағымды өңдеп, өз тілімізге, стилімізге икемдегіміз келеді» депсіз Қанат аға бір сұхбатыңызда. Қашан көре аламыз бұл бағыттағы жұмыстарыңызды?
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Негізі рэп деген дүниенің өзі айтыс қой. Аудармасы соған ұқсас келеді. Рэп Африка халықтарының бір-бірімен айтысып, бір-біріне жауаптасуы. Айтыс деген қазақтың ежелден келе жатқан өнері. Мысалы, Айткүл екеуміз кейде сахнада әнмен айтысамыз. Түркі заманынан қалған дүние бұл. Бұйырса оны да көре жатармыз. Ерболатымыз бұл үрдісті бастады. Бұл батыстан келген ағым деген әңгімелер де болды. Ерболаттың әндерінің өңдеуінде ұлттық аспаптарымыздың шет қалған кезі жоқ. Домбыраның да, қобыздың үнін де естисіз. Ерболаттың табысы ұлттық аспаптарымызды заманаға сай үйлестіре білуі деп білемін.
Айткүл КӘКІМҚЫЗЫ:
– Ерболат баламыздың жаңашыл бағытта, тыңнан түрен салуына Қанат екеуміздің терме-леріміз үлкен әсерін тигізгенін жоққа шығара алмаймын. Ол әуелде термелерге эстраданы қосты. Сөйтіп, біртіндеп бүгінгі бағытын таңдады.
– Ерболат бүгінде өзіндік бағыты, өзіндік стилі бар есімі елге танымал жас әншілердің бірі. Жалпы, Ерболат әндерді өзі таңдай ма? Әлде өздеріңізден ақыл-кеңес сұрап отыра ма?
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Әрине, ең әуелі бізбен ақылдасады. Әнді өзі табады. Сөзін табады. Алғашқы тыңдаушысы біз. Әнді тыңдаған соң айтарымызды айтамыз, ақылдасамыз, кеңесеміз. Ерболат баламыз әуелде «Молдабай», «Ешнияз шалдың әні» секілді термелерді орындап жүрді. Одан кейін осы термені неге эстрадаға қоспасқа деген ой түйген болуы керек. Өзіңіз білесіз, біздің жастар шетелдің даңғаза музыкасына көп еліктейді. Бір ауыз сөзін білмесе де, мән-мағынасын түсінбесе де тыңдайды. Тіпті жаттап та алады. Ерболат бұған намыстанды. «Біз қазақпыз ғой. Бізде де тамаша ақындар бар. Неге жастарға арнап қазақ тілінде рэп жазбасқа, неге жастарға бейімдеп айтпасқа» деген ойға келді. Сол ойға бекінді де Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңін таңдады. Әнді алғашында тыңдағанда, бұрын мұндай әнді естемегендіктен бе екен, ерсілеу секілді болып көрінгені рас. Зер салып құлақ түрсек ешқандай ағаттығы жоқ, біздің айтып жүрген термеміз секілді. Ешқандай шетелдің музыкасын ұрлап алған жоқ. Өзіміздің домбыра, өзіміздің қобыз. Өзіміздің дауылпаз. Содан кейін «жарайсың» деп қолдау көрсеттік. Солай басталды ғой бұл ән.
Айткүл КӘКІМҚЫЗЫ:
– Біз отбасымызбен Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда жұмыс істейміз. Ерболат осы филармонияның жеке әншісі. Ербол баламыз Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің домбырашысы, келініміз Назгүл қобызшы. Салтанат қызымыз Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 2-курс студенті. Оның алға қойған арман-мақсаттары көп. Ал Айгүл баламыз Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. Қазақтың күйлеріне өңдеулер жасайды. Музыка зерттеумен шұғылданады. Халықаралық байқаулардың лауреаты.

Бес жасымнан бері домбыра ұстап келемін

– Балаларыңыз шеттерінен өнерпаз. Бірі әнші, бірі күйші, бірі қобызшы. Барлығының өнер жолын таңдауына не себеп? Әлде сіздердің ықпалдарыңыз әсер етті ме?
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Біз ешқайсысына шектеу қойғанымыз жоқ. Өнер жолын таңдаған өздері. Өзіме келер болсам, менің әкем ағаштан түйін түйген шебер болды. Шешем үй шаруасының адамы болса да кейбір той-томалақтарда айтысқа түсетін. Әкем домбыраны маған өз қолымен жасап беретін. Пернесін, шегін тағып, құлақ-күйін келтіріп қолыма ұстататын. Соған қарағанда ол кісінің де музыкалық қабілеті бар ма деп ойлаймын. Мен ол кезде кішкенемін. Әкем өзі домбыраны шертпесе де құлақ күйін келтіріп беретін. Әкемнің күйлеуіндегі домбырамен «Елім-ай», «Әке жыры» деген секілді әндерді айта бастадым. Қарап отырсам, бес жасымнан бері домбыра ұстап келеді екенмін.
Айткүл КӘКІМҚЫЗЫ:
– Менің әке-шешем де өнерге етене жақын еді. Ауылдың бетке ұстар әнші, күйшісі болды десем артық айтпаспын. Екеуі қосылып ән айтатын. Қанат екеуміздің дуэт болғанымызға сол кісілер әсер етті ме деп ойлаймын кейде. Өйткені шешем мандолинамен, гармоньмен ән айтатын. Оған әкем қосылатын. Содан болар әке-шешем өздері жандарымен сүйетін өнер жолына балаларын да баулыды. Мектеп-тегі қоғамдық жұмыстың ешқайсысынан бізді қалдырмайтын.
Қанат екеуміз Алматыда таныстық. Оқуымызды бітірген соң отбасын құрып біріміз күйші, біріміз әнші болып жолдамамен Қарағандыға аттандық. Кенді шаһарда біраз жыл еңбек еттік. Дуэт болып ән шырқауымыз осы қаладан басталды. Ұмытпасам 1978 жыл. Әуелде бір-екі жыл шамасына екеуміз жеке-жеке ән айтып жүрдік. Шыны керек, бастапқыда бұл дуэтімізді кейбір жұрт дұрыс қабылдамады. Тура Ерболаттың «Мен қазақпын» әні секілді. Ерболаттың әніне бастапқыда сын айтушылар көп болды ғой. Бізге де солай болды. «Домбырамен екі дауыста ән айтпайды» деді бірі. «Қазақтың дәстүрлі әндерін бұлай айтуға болмайды» деді енді бірі. Бірақ халық бізді жылы қабылдады. Сөйтіп жүргенде сол кездегі «Гүлдер» ансамблінің директоры Ғабиден Тұяқаев деген азамат Қарағандыға келген бір сапарында Қанаттың күйшілігіне тәнті болып өзімен бірге өнер ұжымының гастрольдік сапарына ертіп алып кетеді. 10 күнге. Қанат гастроль барысында сәтті өнер көрсетсе керек. Тұяқаев «Гүлдер» ансамбліне лайық жігіт екенсің» деп Алматыға жұмысқа шақырды. Әуелде бас тартты. Бір жылдан кейін ойлана келе «шақырған жерден қалмау керек» деп Қанат Алматыға аттанды. Соңынан мен де бардым. Қанат «Гүлдер» ансамбліне қызметке орналасқаннан кейін қайтадан дуэт болып шыға бастадық. Әуелі Қоразбаевтың «Әгугай домбырасын» айтып жүрдік. Ол кезде елдің Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков деген ағамыз болды. Бір күні бізді шақырып алды да «мына әнді былай айтсаңыздар, мына жері былай болса» деп өзінің ақыл-кеңесін айтып бізді опера театрындағы Қонаевтың қатысуымен өтетін үлкен концертке жіберді. Сөйтіп, дуэт болып қалыптасып, ел алдына шықтық. Бізге еліктейтіндер шықты кейіннен. Қазір 20 шақты ерлі-зайыпты әншілер бар. Біздің шәкірттеріміз десек те болады.
– Байқаймыз, қазір еліміздегі әншілердің көбі «Қазақстан» телеарнасындағы «Екі жұлдыз» жобасының көрігін қыздырып жүр. Үлкені бар, кішісі бар. Осы жоба жөнінде не айтасыздар? Шақыру түскен жоқ па сіздерге?
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– «Екі жұлдыз», Аты тәп-тәуір. Бірақ аты затына сай емес. Өйткені, біздің тілімізге деген құрмет жоқ. Мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге құлқы жоқ шүлдірлердің ордасы. Меніңше, ондағы отырған қазыларды дұрыс таңдау керек. Бет-жүзіңе қарамай, ақиқатты ашып айтатын, ашық айтатын қазылар болғаны жөн. Жасыратыны жоқ, «Екі жұлдызда» бір ауыз қазақша білмей-
тін әншілер де жүр. Соларға «Айналайын, сен тіліңді түзеші», «Сен қазағымыздың әдемі де көр-
кем тілін неге бұзып тұрсың?», «Сен өзің қазақша
білесің бе?» деп батырып айтатын адамдар бол-
уы керек ол жерде. Бұл өзге әншілерге үлгі болады.

Қазақстанда қармақ салмаған өзенім жоқ

– Дәстүрлі әндер дұрыс насихатталмай жатыр деген пікірді жиі естиміз. Сіздер осы пікірмен келісесіздер ме? Дәстүрлі ән шынымен насихатталмай жатыр ма?
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Насихат жоқ емес, бар. Бірақ аз. «Қазақстан» мен «Хабар» телеарнасындағы бірлі-жарым бағдарламалар дәстүрлі әнді насихаттауға аздық етеді. Мұны көбейту керек. Қазақстанда не көп, ән мектебі көп. Батысы бар, оңтүстігі бар, Шығысы бар. Сыр бойының өзінің тоқсан түрлі мақамдары бар. Арқа дәстүрі, батыс дәстүрі... Айта берсең тауыса алмайсың. Соңғы жылдар мұғдарында Шығыс Алтай, Тарбағатай дәстүрі жайлы көп айтылып жүр. Моңғолия мен Қытайдан келіп жатқан қандастарымыз бізге көп дүние алып келді. Соларды жиі көрсетіп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, зерттеп-зерделеп, жиі-жиі насихаттасақ, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.
– Атақ дегенге қалай қарайсыздар? Қажет пе сол өзі?
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Уақытында алған атаққа ештеңе жетпейді. Халық алдында абыройлы, беделді, өнері өзге жұрттан асып тұрса да атақсыз кеткен, ерен еңбегі ескерусіз қалған өнерпаздар қаншама... Өз басым, біз атақты өз уақытында, өз жөнімен алдық па деп ойлаймын. Бұрын «Қазақстанның Халық ақыны», «Қазақстанның Халық әртісі», «Қазақстанның Халық жазушысы» деген секілді үлкен атақтар болды. Қазір «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері» деген атақ бар. Оны барлығына беріп жатыр. Әртіске де, жазушыға да, журналиске де, спортшыға да. Әрине, бұл шығармашылық адамдарының кәсіби деңгейінің өсуіне әсер етеді деп ойлаймын. Алайда менің ойымша «Еңбек сіңірген медицина қызметкері», «Еңбек сіңірген журналист», «Еңбек сіңірген жазушы» деп әрқайсысына жеке-жеке бергені дұрыс секілді.
– Хобби дейміз, әуестік дейміз. Біреу ат ұстайды, біреу ит ұстайды. Сіздердің қандай хоббилеріңіз бар. Айта отырсаңыздар...
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Кезінде «Гәкку», «Гүлдер» ансамблінде қызмет еткенде үнемі жолда жүрдік. Сол кезде менде балық аулау деген хобби болды. Қазақстанның барлық өзендеріне қармақ салдым десем артық айтпаспын. Өзіміздің ғана емес, Енисей, Обь, Волга, Дон өзендерінің де балықтарын «мазалағаным» рас. Суретке түсірумен шұғылданған кезім де болды. Көңілім неге ауады соған беріліп кететін мінезім бар. Бір кездерде радиодан берілетін әртүрлі әндерді таспаға жазып алуға ден қойдым. 500-ге тарта кассета жинадым. Бір кездерде «тоқыма ер адамдардан басталған» деген әңгімені естіп, тоқымамен айналысқаным бар. Балаларыма, өзіме, жолдастарыма күртеше тоқып бердім. Ою салуды үйрендім. Қысқасы тоқыманың қыр-сырына қанықтым. Сондай-сондай хоббилер болды. Қазіргі хобби – немерелеріміз.
Айткүл КӘКІМҚЫЗЫ:
– «Алтын арқау» деген республикалық қоғамдық ұйым бар. Ұйымға белгілі жазушы, Мәдениет ағарту ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызы жетекшілік етеді. «Туған тілім – тұғырым» жобасының сценарийін жазған да сол кісі. Мен ол кісімен көп жылдардан бері шығармашылық байланыстамын. Аталған қоғамдық ұйым аясында ұлттық киіміміз – кимешекті дәріптеумен шұғылданып келем. Ұлттық киімді дұрыс киіну, орамалды дұрыс тағыну деген секілді дүниелерді насихаттауға атсалысып жүрмін. Жеке хоббиім десем де болатын шығар. Қазақ қыздары қай заманда да әдемі киінген. Қазір өкінішке қарай, хиджап киіп жүрген бойжеткендерімізді көреміз. Біз араб емеспіз. Біз орамал таққанбыз. Біздің өз кимешегіміз, үкілі тақиямыз, әдемі сәукелеміз бар. Осы дүниелерді қазақтың әр бойжеткені біле жүрсе деймін.
– Әңгімелеріңізге алғыс айтамыз.

Сұхбаттасқан – Азамат Қасым

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив