KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

Өмірде олай болмайды...

23.02.2012, 18:00 264


Оның жарық дүние есігін ашқанына он алты жылдың жүзі болды. Он алты жыл бұрын ата анасын зор қуанышқа бөлеп, шаңыраққа шаттық сыйлай келген бұл баланың күндердің бір күнінде тіршіліктің кермек дәмін тататынын кім білген? Ырымшыл қазақ есімін де қайғы көрмесін, бақытты ғұмыр кешсін деген ниетпен Бақыт деп атаған еді. Ұзақ жылдар сарыла күткен перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-ана оны өз бетімен шешім қабылдауға үйретпепті. «Жоқ» деген сөз ол үшін жат ұғым. Тамақтың ең тәттісін аузына салып, киім кешектің де ең әдемісін үстіне киетін ол өмірде жақсылық пен қатар жамандық, бақыт пен қатар қайғының да жүретінін аңғармапты. Кейде ата - ана мен оқу орындары бере алмаған тәрбиені өмірдің өзі береді. Осыдан бір күн бұрын ғана Бақыт алдында үлкен өмір сынағы күтіп тұрғанын сезбеген еді.

Іссапарға жиі шығатын оның ата - анасы бұл жолы кеткен қалаларынан тірі оралмады. Сойылын оңды - солды сілтей беретін ажал шіркін олардың да өмірін жалмады. Мұндай кезде пенденің «не жаздым?» деп тағдырға кінә артатын әдеті ғой. Өз бетімен өмір сүруге бейімделмеген Бақыт та тағдырына налыды. Арқа сүйер ағасы да, ізін қуар інісі де жоқ ол өзін жапанда жалғыз қалған жандай сезінді. Қос қанатындай болған әкесі мен шешесін жер қойнауына тапсырған ол оңашада ойға батты. Кереуетте бүк түсіп жатқан Бақыт оңайлықпен көз іле алмасын біліп, қаз қатар тізілген қайың арасына серуендеп қайтуға бел буды. «Әттең, не үшін өмірде бәрі де біз ойлағандай болмайды? Енді мен кімге арқа сүйеймін? Бұрын аңғармаппын, адам болып күн кешу қиын екен... Қажеттілік көп, мұқтаждық көп... Жаныңа жақын адамдар да мәңгілік қасыңда емес. Бәрінен шаршадым! Одан да мына ештеңе түсінбейтін, ештеңе сезбейтін қайыңға айналсам жарар еді?!» деген ойлар мазалай бастаған оның жанары жасқа толып: «Мұның бәрі не үшін басқаның емес, менің басымда болып жатыр? Әке, шешемді қатар алып кететіндей менің не жазығым бар?!» деп қайыңды ұрғылап, жылаған күйі жерге отыра кетті. Өрмекшінің торындай шырмауы мол ойдан шыға алмаған баланың отырған орнында көзі ілінді.

«Кешір, Аллам... кешірші» деген аянышты үннен оянып, жан - жағына жалтақтай қараған Бақыттың жүрегі қорқыныштан жарыла жаздап, бар дауысымен «Құтқарыңдар! деп айғайға басты. Сол кезде шыққан:
-Әуреленбе, балам! Адамдар сенің дауысыңды естімейді... - деген дауысты естігенде тілі байланып, денесін суық тер басты.
-Босат мені, мен адаммын! - деп айғайлаған оған қатар өскен кәрі қайың:

-Асықпа, балам! Қайың болғың келген өзің ғой! - деді байсалды үнмен. Қас қағым сәтте қалайша қайыңға айналғанын сезбей, екі дүние арасында тұрғандай күй кешкен Бақыттың аузына құм құйылды. Өзіне үн қатқан ешқандай адам емес, қатар өскен кәрі қайың екенін түсінген ол:
-Мені босатшы! Адам болғым келеді! - деді жалынышты үнмен. Сонда кәрі қайың сәл ойланып:

- Адам болғым келеді» деймісің? Және ғана басқаша ойда едің ғой...
-Ол кезде қатты ашулы едім... Дүние тірліктерінен жалыққан кезде туған ой, ал енді босат мені! - деді ол жалынып.

-Шүкір ету керек, балам! Дүниедегі әрбір жаратылыстың жаны бар, сонымен қатар атқаратын қызметі болады. Сен жансыз деп ойлайтын мына ағаш екеш ағаштың өзі жансыз емес! Тек оны көретін көз, сезінетін сана жоқ. Қасыма күніне сен сияқты ойлайтын неше адам келіп, неше адам кететінін білесің бе?! Енді саған да өзің сияқты адамдарға қайың көзімен қарауға мүмкіндік берейін, - деді кәрі қайың сабырлы қалыппен. Шыдамы таусылған Бақыт қайың түбінде жылап отырған өзінен де кіші балаға назарын аударып:
-Жыламашы... жасыңды тыйшы... - деді жалынышты үнмен.

-Не айтып тұрсың? Ол сені естиді деймісің? -деді кәрі қайың мырс етіп. -Сенің үніңді біреу естісе жақсы! Адамдардың көбі өзің сияқты ғой. Күніне бірнеше рет қасымнан өтсе де назар аудармайды, назар аударса да біздің тілімізді ұға алмайды. Мына бала кеше де келген. Жетім бала...
-Мен де жетім...

-Сенің жөнің бір басқа, оның жөні бір басқа. Сенің әке, шешеңді Құдай алды, ал Құдай ісін талқылауға қақың жоқ! Ол сен үшін не қайырлы екенін сенен артық біледі! Ал мына жетімекті шешесі құндақтаулы кезінде тастап кеткен.
-Ал оның не жазығы бар? Не үшін Құдайдан кешірім сұрап отыр?

-Шешесі үшін. Кеше «Оның қателігін кешіре гөр, мені іздемей-ақ қойсын, бірақ аман жүрсе болғаны. Маған өмір сыйлаған адамды қалайша жек көрейін? Он екі мүшем сау, ғұмыр берсең, алдан шығар сындардан сүрінбей өтермін. Сен пендеңе көтере алмайтын сынақ бермейсің ғой!» деп көз жасын көл қылды.

Көңілі босап, жасқа булыққан Бақытқа назар аударған кәрі қайың:

-Алланың адамға өзі көтере алмайтын сынақ бермейтінін адамдар түсіне бермейді. Мен сені де түсінбеймін. «Ештеңе сезбейтін қайың болсам» дейсің... Құдай саған өмір сыйлап, пайдалы адамға айналуыңа мүмкіндік берді. Ал сен түк сезбейтін пайдасыз затқа айналғың келеді. Тіпті ағаш екеш ағаштың өзі өткен, кеткенге сая болып тұрады. Ағаш атаулы дүниеден құрып кетсе не болады? - деді ол бала- қайыңға сұраулы жүзбен қарап. Бала - қайың жүзін төмен қаратты. Осы сәт оның жапырақ - жасы үзіліп, бір бірлеп жерге «тамып» жатқан еді. Тұшымды жауап ала алмайтынын білген кәрі қайың сөзін сабақтап:
-Ағаш атаулы жоқ болып кетсе дүниенің қандай болатынын білмеймін, бірақ адам атаулы құрып кетсе ештеңе де өзгермейтін сияқты...- деді.

Ойға батып кеткен бала - қайыңның құлағы:

-Мен сені жақсы көрем! - деген ер жігіттің сөзіне елең етті. Назар салып қараса, қайың түбінде түнгі аспаға телміре қарап, әлденені армандап тұрған бозбала мен бойжеткен екен. Кәрі қайыңның өнегелі әңгімесін тыңдап тұрып, анасы үшін Алладан кешірім сұраған жетім баланың қалайша өз жолымен кеткенін аңғармай қалған бала - қайыңның жүзіне күлкі үйіріліп:
-Бір - біріне ынтық мынадай ғашықтарды көргенде, сіздің де жүзіңізде күлкі ойнайтын шығар? - деді.

-Шынайы ғашықтарды көргенде қуануын қуанасың - ау! Бірақ бұл жігіт шынайы махаббатты басынан өткерген бақыттылардың бірі емес!
-Неге олай ойлайсың?

-Бұл жігітті жақсы білемін. Осы жерге жиі келеді және келген сайын қасындағы
қыздары да жиі ауысады. Менің адамдарға тағы бір таңқалатыным, бір ақ адамға арнауға болатын сөзді қорлап, кім көрінгенге айтатындығы. Жылы сөзбен алдаушылар бар және алданушылар бар. Солардың екеуі де бақытсыз шығар,бәлкім...
-Не үшін?

-Сенің «не үшін?» деген сұрағың бітпейді екен, балам! Алдаушы қалай бақытты болсын, егер шынайы арнағысы келген адамды кездестірмеген не жоғалтып алған болса? Алданушының не үшін бақытсыз екенін өзің де түсінерсің...

Жүзінде қуаныштың табы қалмаған бала қайыңнын ойын сырт - сырт еткен дыбыс бұзды. Қараса, қарсы алдында адамдар жүретін жолды сыпырып жүрген көше сыпырушы екен.

-Таңның атар, атпас уақытында көше сыпырып жүрген қандай бақытсыз жан еді! Неге мұндай күйге түсті екен? - деген сөздер қалайша аузынан шыққанын білмей қалған бала - қайың кәрі қайыңға көз салды. Ол да осы сұрақты күткендей ақ:

-Осы адамдардың аяйтын адамды аямай, аямайтын адамды аяйтынына таңым бар! Көше сыпырушы болудың несі айып?! Несі аянышты? Мен таңнан кешке дейін ғаламтордың алдында отырып, кеңсе мен үйдің арасында әрлі берлі сандалып жүретіндірді аяймын. Олардың жұмысбасты болғаны сондай, айналасына зер салып қарауға да мұршалары жоқ. Сонда тапқан таянғанын жинай береді, жинай береді. Көше сыпырушы дүние жинап, оны қалай көбейтсем екен деп әуреленіп, жиған байлығын азайтып алмаудын амалын ойлаумен күн өткізетін дәулеттілерге қарағанда әлдеқайда бақытты шығар, бәлкім?! Жинаған дүние бұл дүниеге азық болғанмен, о дүниеге азық бола алмайды өкінішке орай...
-О дүние деймісің? О дүниенің барлығына шынымен сенесің бе? - деді бала - қайың таңданысын жасыра алмай.

-Сенгенде қандай! Мен жарты әлемді жаулай алса да, ажалды жеңген адамды көрген емеспін. Өмірге не үшін келіп, не үшін кететінін түсінбейтін жұмысбастыларды аяймын. Адам қаншалықты атақ - даңққа ұмтылса да, түбінде бір уыс топыраққа айналмай ма? Сондықтан сен де «анаған айналсам, мынаған айналсам» деген бос қиялды қой. Өмірде олай болмайды! Жаратылысыңа қанағат ет. Ағашқа, аңға, құсқа айналсаң да түбінде бір уыс топырақ қанасың. Сондықтан өзіңнің жаратылысыңа шүкір ет те, пайдалы іспен шұғылдан, балам! - деді кәрі қайың мейірбан үнмен. - Сенің жасың нешеде?
-Он алтыда...

-Ал енді ойлан... Басқаша айтсам түсінбейсің, саған адамдар тілінде түсіндірейін: бір жылда шамамен елу апта бар, бұл жасқа дейін сенің сегіз жүз аптаң артта қалыпты. Оның тең жартысына жуығын ұйқымен өткіздің, ол шамамен үш жүз апта болады. Үш жүз апта алты жылмен тең. Он алты жылдың алты жылын ұйқымен өткіздің делік. Енді қалған он жылда не істеп, не қойғаныңды ой елегінен өткізіп көр. «Жаспын» деген бос әңгіме. Жас та болсаң бас бола біл. Өткен өміріңде не ұнамайтынын және нені өзгерткің келетінін ойла. Ғұмыр берсе, алдағы күндеріңде не өзгертіп, не істей алатыныңды ойлан, балам!

Кәрі қайыңмен келіскендей басын изеген Бақыт:
-Айтқан ойыңмен келісемін, бірақ мен ол ойларымның бәрін адам болсам ғана іске асыра аламын...
-Міне, саған айтқым келгені де осы еді. Адамның басқа тіршілік иелеріне қарағанда мүмкіндігі мол, тек оны орынды пайдалана білу керек.

-Кешір, мен сені көп сұрақтармен мазаладым ғой. Біз сияқты өмірге не үшін келіп, не үшін кететіндерін түсінбей жүрген жандар қасыңнан өткен сайын ауыр күйде болатын шығарсың... «Әттең, адам болғанда ғой...» деген ойда боласың ба? - деген бала қайыңның соңғы сұрағына кәрі қайың:
-Мені қойшы, қара жердің күрсінгенің көрсең ғой ондай кезде... Бір нәрсе есіңде болсын, балам! Бұл әлем адасушылардың сан түрін көрген және көре береді! Адасу өкініш емес, түзу жолды таба алмау, табам деп ұмтылмау, міне, сол өкініш! Жер Ана жақсыны да, жаманды да көтереді! Болсаң, жердей бол! Ниетің болса, сен көтере алмайтын сынақ жоқ! - деді де үнсіз қалды. Бұл жолғы үнсіздікті найзағайдың күркірі мен жаңбырдың тырсылы бұзды...

Тырс тырс етіп терезені ұрғылаған жаңбыр дыбысынан оянған Бақыттың да көзінен парлап аққан жас басына жастаған жастығына сіңіп жатыр екен. Болған жай түсім бе, өңім бе деп жан - жағына қараған оның көзі жастығының қасында жатқан бір тал қайың жапырағына түсті. Орнынан атып тұрған ол аулаға жүгіре шығып, түсінде көрген қайыңға ұзақ уақыт қадала қарады...

Зарина Долатай

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив