KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Әтина Жәкетова журналист, қоғам қайраткері: - Заманында рекорд жасаған екенмін ғой...

22.02.2012, 18:00 265


Әтина Жәкетова. Бұл есім республика жұртшылығына жақсы таныс.Әсіресе, Қазақстанның әйелдер қауымына. Өйткені, Әтина апай отыз жыл бойы «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы болып қызмет атқарған адам. Отыз жыл... Әтина апай осыншама жыл бойы барлық қазақ әйелдерімен бірге болды десе де болғандай. Қарапайым қазақ әйелдерімен бірге қуанып, бірге мұңайды. Бірге өсті, жетілді, биікке шықты. Бұл күнде Әтина Жәкетова ақ жаулықты әже.

Мен өмір бойы өзіме қаламды серік еткен адаммын
–Әтина апай, әңгімемізді өзіңіз отыз жыл бойы редактор болған «Қазақстан әйелдері» журналының тарихынан бастасақ деймін. 1925 жылдың 8 наурызы күні Қазақстан Орталық партия комитетінің жанындағы әйелдер бөлімі «Азат әйел» атты газет шығарған екен. Профессор, марқұм Т. Қожекеев «Қазақстан әйелдері» журналы өзінің тарихын осы «Азат әйелден», оның шыққан күні 1925 жылғы 8-наурыздан бастауы тиіс екенін талай айтқан болатын.
–Иә, одан кейін 1926 жылы «Теңдік» деген газеттің орнына «Әйел теңдігі» деген журнал шыққан. Бұл журнал негізінен сол қазақ әйелдерінің тыныс-тіршілігін жазған. Мен журналға 1951 жылы «Сталин жолы» кезінде келдім. 1956 жылы журналдың атын біз «Қазақстан әйелдері» деп өзгерттік.
– Редактор етіп сізді кім сайлады?
– Ол кезде сайламайды, жоғарыдан бекітеді ғой. Бұл шешім Қазақстан Орталық партия комитетінің бюросында бекітілді. Мен өзім одан бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай большевигі» газетінде, қазіргі «Дидарда» редактордың орынбасары болып істеген адаммын. Содан кейін қызмет бабымен Алматыға ауыстым. Ал 1944 жылдың тамыз айында мені Мәскеуге Бүкілодақтық Коммунистік партияның Орталық Комитетінің жанынан ашылған орталық газет курсына оқуға жіберді. Оны бітірген соң мені Орталық партия комитетінің аппаратына нұсқаушы етіп алды. 1948-1950 жылдары мен екі жылдық республикалық партия мектебін бітірдім. Сол кезде маған жоғарыдағы басшылар «Сіз Алматы облысынан басқа кез-келген облысқа атқару комитеті председателінің орынбасары болып барыңыз»,–деп қолқа салды. Мен оған келіспедім. Өйткені, басшы болу үшін ұйымдастырушылық қабілет керек. Ал мен өмір бойы өзіме қаламды серік еткен адаммын ғой. Әкімшілік жұмыс менің қолым емес. Сол себепті де ондай жұмысқа бармадым. Содан кейін мені радио комитетіне саяси редактор етіп жіберді. Сонда радио комитеті төрағасының орынбасары Қанафия Мұстафин деген кісі: «Әй, Әтина, сенің орның бұл емес. Өзіңнің орныңды табасың әлі» деп жиі айтушы еді. Шынында да онда істейтін адамдардың ең мықтысы мен болдым. Менің жазғандарымды ешкім де тексеріп жатпайтын, сол күйі кететін. Ол жерде бір жыл жұмыс істегеннен кейін «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторлығына бекітілдім. Қазір ойлап отырсам, менің журналдың редакторы болып ктеуіме сол кісі ықпал еткен сияқты. «Бізде осындай өте сауатты адам бар» деп жоғарыдағыларға сол кісі айтты ма, кім білсін. Өте жақсы адам еді. Өзі Қызылжардың жігіті болатын, марқұм.
– Қандай редактор болдыңыз? Қатал редактор болған шығарсыз?
– Жо-жоқ, мен бір адамға қатты сөз айтып, бетіне қарап «сен сондайсың» деген адам емеспін. Қазақта «қалауын тапса қар жанар» деген тамаша мақал бар. Еркекті басқаруға болады. Дүниеде әйелді басқару қиын ғой. Әйел деген дауасыз халық. Әйелді, тіпті, үйіндегі күйеуі басқара алмайды емес пе? Мен сол жұрттың қалауын тауып, әйелге де, еркекке де, үлкенге де, кішіге де жұмыс істеттім. Ой, ол кезде талап тым қатты еді ғой. Журнал бетінде бір қате жіберсең, жерден алып, жерге салатын. Партиядан шығарып, жұмысыңнан қуатын. Ал мен өте сақ болдым. Қате кетпесін деп журналды гранкіден бастап оқитынмын. Отыз жыл редактор болғанымда журнал бетінде бір қате кеткен емес. Сен осыған сенесің бе? Бірақ бұл шындық. Еткен еңбегім еленді, жемісін жедім. 61 жасымда дербес зейнетке шықтым. Мен шықпайтын да едім, қартайып отырғаным да шамалы еді, орныма біреуді қою керек болды. Орталықтың үгіт-насихат жөніндегі секретары Камалиденов деген адам маған мәселе қойды. «Жасыңыз келді. Демалыңыз» деді. Келістім. Осылайша Камалиденов мені босатып, орныма Қарақонақова деген әйелді қойды. Ертеңінде таңертең шопырым үйге телефон шалып тұр: «Апай, маған бір әйел звондап, «бүгіннен бастап журналдың редакторы менмін деп мекенжайын айтты, барайын ба?» дейді. «Бара ғой» дедім. Содан кейін орныма келген редакторға ненің қайда тұрғанын көрсетейін, тапсырайын деп редакцияға мен де бардым. Әрі күттім, бері күттім, жоқ. Келмеген соң өзімнің отыз жыл бойы жиналып қалған кітаптарымды, күнделіктерімді, тағы да басқа заттарымды буып-түйіп есік алдында кетуге ыңғайланып жатыр едім, қасымыздағы көрші редакцияның жігіттерінің «Апайды үйіне мен апарам, мен апарам» деп таласқаны. Бәрі мені жақсы көруші еді. Содан кейін «Ленинская смена» газетінің редакторы заттарымды машинасының артына тиеп, үйіме апарып тастады. Жүгімді үйге өзі тасып кіргізді. Сөйтсем менің орныма келген редактор әйел менің келгенімді көріп - тығылып қалғанға ұқсайды. Мақтанғаным емес, менің тегім діни адамдар. Атам Хазіретке қол берген кісі. Өмірімде біреуге жаманшылық жасамақ түгілі, жамандық ойлап көрген адам емеспін.
Мен редактор болып тұрған кезде «Қазақстан әйелдері» журналы жарты миллион таралыммен шықты. Бұл журналды шетелде, одақтас республикаларда тұратын қазақтар жаздырып алып оқитын. Қазынаның қоржынына ең көп қаржы құятын журнал біз болатынбыз. Қазір «заманында рекорд жасаған екенмін ғой» деп ойлаймын.
Озат әйелдерді бірінші бетке беріп отырдық
– «Қазақстан әйелдері» журналында қандай мәселелерге көп көңіл бөлдіңіздер?
– Осы республикамызда не жасалып жатыр, соның бәрі де біздің назарымыздан тыс қалған жоқ. Ол кезде Орталық партия комитеті, Министрлер кеңесі қандай қаулы алады, сол қаулыны жүзеге асыру, насихаттау газет-журналдардың басты міндеті болатын. Ғылым-білім, мәдениет, мал шаруашылығын өркендету, егін шаруашылығы... Қарап отырсаңыз, соның бәрінде де ерлермен бірге әйелдер жүретін. Нәзік жаратылыс иелері алып тракторларды, комбайндарды ауыздықтап жүргізе бастады. Біз озат әйелдерді бірінші бетке беріп отырдық. Битай Тәтенова, Дариға Жантоқова, Жадыра Таспанбетова, Кәмшат Дөнентаева... Атақты әйелдердің бәрі де біздің журналға шықты. Бірде «Пердеш» атты балабақшаның қарапайым ғана тәрбиешісі туралы жазып, суретін мұқабаның бірінші бетіне бердік. Суреті әлі есімде. Балалардың ортасында Пердеш отыр. Құтты бір әлгі балалардың анасы сияқты. Бір күні жаңағы келіншек маған телефон шалып тұр.
– Сізге рақмет. Барлық тамыр-таныс, туған-туыс, дос-жарандар сен республикаға танымал болдың деп құттықтап жатыр, – дейді қуанып. Арада көп уақыт өткен жоқ, қарапайым ғана тәрбиеші балалар бақшасының директорлығына көтерілді. Кейін еңбегі сіңген мәдениет қайраткері атағын алды. Сол келіншекті кейінде тағы да кезіктірдім. Қасымда екі-үш әйел отырған. Мені көріп, амандасып, құшақтап сүйіп жатыр. Қасымдағы әйелдерге «Менің қызмет істеп, өстіп жүргенімнің 75 пайызы мына апайдың арқасы» деді. Содан кейін маған бұрылып: «Апай, өзіңізді бір шақырамын, қонақ етемін әлі. Жаулығыңыз дайын тұр» деді бәйек болып. « Әуре болма, әуре болма, шамаң жетсе, сен де біреуге жақсылық жаса» деп жатырмын мен. Пердеш кеткен соң, қасымдағы әйелдердің бірі: «Жаңағы сөзінің өзі-ақ мың көйлекке тұрады ғой» дейді. Иә, істеген жақсылығыңды ұмытып, болып-толып алған соң, танымай кететін адамдар көп. Әйтсе де ол адамнан қайтпағанмен, Алла тағаладан қайтады екен. Менің осыншама жасқа келіп, өстіп ауырмай-сырқамай жүргенім, сол бір Алла тағаланың арқасы емес пе? Сондықтан адам баласына тек қана жақсылық жасау керек.
Әйел-ерінің жақын досы болуы керек
– Сіздер атеистік бағытта тәрбиеленген ұрпақсыздар ғой..
– Отызыншы жылдары менің пионер күнімде «Құдайсыздар ұйымы» болды. Сол ұйымға мүше болғандарға кеудеге тағатын төсбелгі беретін. Төсбелгіге қызығып ұйымға балалар мүшелікке өтіп жатты. Ал, мен өткен жоқпын. Құдайдың барына сендім. Енді журналымызға қайта оралайын. Журналды қызықты етіп шығару үшін бар күшімізді салдық. Неше түрлі айдарлар ойлап таптық. «Оқыңыз, қызық», «Сіз білесіз бе?», «Редакция көмектесті» т.б. Әсіресе, «Редакция көмектесті» деген айдарымыздың арқасында талай адамдарға болыстық. Редакция атынан жазған хаттарымызға облыстық, аудандық партия комитеті бірден жауап жазатын. Баспасөздің құдіреті кремет қой. Сайлаубай Қайнарбаев деген ағай болды. Заманында обкомның хатшысы болды, Білім министрлігінде қызмет істеді. Сол кісі бірде маған келіп: «Әтина, өзің білесің мен ақшаға зәру адам емеспін ғой. Мені көп адам білетін еді, мен де көп адамды білетін едім. Қазір солардан көз жазып қалдым. Менің бар екенімді олар білмейді. Сондықтан маған бір мақала берсеңіз, жазсам, сол арқылы жолдастарым менің тіршілігімді білер еді. Басқа газет-журналдардай емес, сіздің журнал көп тарайды ғой» деді. «Жарайды, аға. Онда ақын Сара туралы мақала жазып әкеліңіз» дедім. Өйткені өзі ақын Сараның ауылынан болатын. Сөйтіп, Сайлаубай аға мақаласын жазып әкелді. Жарияладық. Сондағы ол кісінің қуанғаны-ай десеңші. «Сәкең, әлі бар екен ғой» десті талай жұрт.
– Сіздің ойыңызша, әйел деген қандай болуы керек?
– Әйел деген ең алдымен өзінің сүйіп қосылған жарының жақын досы болуы крек. Кейбір әйелдер ерлері жұмыстан бес-он минут кешігіп келсе, тергей бастайды. Қайда бардың деп аузын иіскейді. Өйтуге болмайды. Еркекті дұрыстап ұстау үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Үсті-басын тазалап ұста, тамаққа тойдыр. Содан кейін жаңа ғана айтқанымдай, кешігіп келсе, тергеме, аузын иіскеме. Айналып-айналып өзіңе қайтып келеді. Кейбір әйелдер жұрттың айтқан өсегіне сенемін деп, ерлерінен айырылып қалып жатады. Сондықтан өзің көріп, куә болмайынша, біреудің айтқан сөзіне сенбе. Отбасын сақтап қалу – әйелдің қолында.
– Өзіңіз қандай әйел болдыңыз?
– Мен енді кереметтей пысық әйел болған жоқпын. Өйткені мен жұмысқа ерте кетіп, кеш келетінмін. Жолдасым екеуміздің үш баламыз болды. Оларға ата-енем қарады. Енем марқұмға ешқашан қарсы келмедім. Енемнің өз қалауымен пісірген тамағын жеп, соған қанағат ететінмін. Менің міндетім тек ақша табу болды. Бір үйде жеті-сегіз жан болдық. Соның бәрін мен асырадым.
– Жолдасыңыз не жұмыс істеді?
– Жолдасымның жөнді білімі жоқ еді. Тек әйтеуір коммунист еді. Коммунист болған соң, анда-мұнда инспектор, инструктор болып жұмыс істеді. Үйдің негізгі тірегі мен болдым. Әйелдің де, еркектің де жұмысын істедім.
Көңілім толмаса, жүрегім ауырып қалады ғой
– Бала тәрбиесі туралы не айтар едіңіз?
– Баланы көп қақпайлай беруге болмайды. Балаға кішкене еркіндік беру керек. Кейбір ата-аналар балаларына «ананы ұстама, мынаны ұстама, өйтпе, бүйтпе» деп көп ескерту жасайды. Бұл дұрыс емес. Содан кейін творчествоның адамына да еркіндік қажет. Еркін ойлау керек, еркін жүру керек. Сонда ғана ол творчество болады.
– Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуған жоқ па?
– Жоқ, менің жолымды ешқайсысы қуған жоқ. Бірінші қызым биолог, екіншісі – неміс тілінің маманы, үшіншісі –экономист.
– Кімдермен жақсы араластыңыз?
– Нэйла Базанова деген қазақтан шыққан тұңғыш академик әйел болды. Биолог еді. Сол кісімен өте жақсы араластым. Тым қарапайым еді. Академикпін деп ешқашан шіренбейтін. Мені сондай жақсы көретін. Жалғыз қызы Мәскеуде оқыды. Маған телефон шалып: «Әтина, Әнел келді. Тезірек жет» дейтін. Барған соң, «Мені неменеге шақырдыңыз?» деймін ғой. «Мына қызбен қазақша сөйлесші» дейтін сонда. Ой, жарықтық-ай, ғажап адам еді ғой...
– Қазір өзіңіз отыз жыл редактор болған «Қазақстан әйелдері» журналын оқып тұрасыз ба?
– Жоқ, несін қараймын. Көңілім толмаса, жүрегім ауырып қалады ғой.
– Әңгімеңізге рақмет!

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив