KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 1 м/с, С
444.32 473.33 4.76

А.Мамин: «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары 2015 жылы пайдалануға беріледі

21.02.2012, 18:00 157


«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары 2015 жылы пайдалануға беріледі.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының басшысы Асқар Мамин мәлім етті.

Оның атап өтуінше, «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының жалпы ұзақтығы 988 шақырымды, оның ішінде «Шалқар-Бейнеу» учаскесі 471, «Жезқазған-Сексеуіл» учаскесі 517 шақырымды құрайды. Жобаға сәйкес 13 стансы, 30 разъезд ашу көзделген. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы - 45 ай. Темір жолды салу барысында 10 мыңнан астам адам жұмысқа тартылады. Ал темір жол желісі пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 3 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.

Ал «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желісінің ұзақтығы 214 шақырым. Жобада 4 стансы және 1 разъезд салу көзделген. Құрылыс ұзақтығы - 41 ай. Құрылыс жұмысына 2 мыңнан астам адам тартылып, теміржол желісі пайдалануға берілгеннен кейін 600 адам тұрақты жұмыс орнына ие болады.

«Біздер өндіріс жұмыстарының алдын ала кестесін әзірледік. Онда құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың маусымында бастау көзделген», - деп атап өткен компания басшысының сөзіне қарағанда, бастапқы кезеңде құрылыс алаңдарын дайындау, вахталық елді мекендер ұйымдастыру, қажетті техникаларды жұмылдыру шаралары қолға алынбақ.

Оның атап өтуінше, жобаны жүзеге асыру отандық мердігер ұйымдардың күшімен жүзеге асырылмақ. Бұл ретте заманауи дабыл және байланыс жүйесін енгізу жоспарланған. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына пайдаланатын материалдардың басым бөлігі отандық кәсіпорындардың өнімі болмақ. Жалпы жобаға тартылатын қазақстандық қамту көлемі 80 пайызды құрамақ.

«Жаңа теміржол желілерін 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру көзделуде», - деді А.Мамин.

Мәлiметтiң көзi: ҚазАқпарат




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив