KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Бозторғайдың үніндей үзілдіруші еді...

19.02.2012, 18:00 234


Біз өнер иесін асқақтату арқылы көне ғасырлардан азбай-тозбай бүгінгіге жеткенімізге шүкіршілік қыламыз. Ақан, Біржан, Жаяу Мұса, Естай, Майра, Ғазиз, Балуан Шолақтың бай мұраларын қастерлеп, Арқаның әншілік дәстүрін шегіне жеткізіп, кемерінен асырған Мәдениет Ешекеев еді.

Әкесі – Сейітжан сері, шешесі Айбике Әміренің алдында ән салыпты

Балиғатқа енді толған он үш жасында «Құлагерді» құлын дауысына жеткізіп, шаршы топ алдында ән шырқағанда, құмарлық отын маздатқан бір шырын әуез.
Көз алдында сылаң қаққан сұлу тұлпардың бүлкілдеген жүрісі.
– Міңгенім дәйім менің Сұржекейім,
Бүлкілдер әнге салсам көмекейім,
Кіші іні, үлкен аға бас қосқанда,
Алдыңнан сұржекеймен бір өтейін.
Сұржекей әсем басып елеңдейсің,
Бойжеткен сұлу қыздай көлбеңдейсің.
Бойыңды бұрып ұстап сылаң қағып,
Мінгенде көңілім шалқып, көкке өрлейсің – деп, қайырманы көтергенде әсем дауыс, таң алдындағы иран бақтың бұлбұлындай сайрады. Есіңді алар іңкәрлік. Тыңдай бергің келеді...
Ән қалықтап барып тоқтағанда, ұзақ қол соғылды. Ол тұңғыш рет тыңдаушының ықыласына бөленді. Сол шырайлы ән жұрттың аузында әлі жүр. «Балаңды әртістің оқуына бер Сейітжан, болайын деп тұр екен, тіл көзден сақтасын» деп қасиетті Қара Ертістің шалдары бата берген. Сейітжан сері әдемі қоңыр дауысымен әуелетіп салған, күмбірлетіп күй төккен, таңды-таңға қосып, қисса-дастандарды жатқа айтқан, өңірге танымал болса, шешесі Айбике Әміренің алдында ән салған деседі. Мәдениет өскен орта Семей өңірінің іш жағы, бұйығы ғана қоңыр төбел ауыл, Құрманқожа – академик Төлеубай Аманов, желаяқ Ғұсман Қосанов, біртуар әнші Болат Сыбановты тудырған асыл өлке. Көзі қарақты қариялардың айтысына қарағанда, сол ауылдың тіршілігі де бөлек болыпты. Колхоз басқармасының маңдайшасындағы ілулі тұратын радио үлкен-кішінің жалғыз ермегі, таң алдында хабар тыңдап, күні бойы жан сергітер қазақ әндерін тыңдайтын. М.Ержанов, Ж.Елебеков, Қ.Лекеров, Қ.Байжанов, Б.Жылқыбаев орындаған Ақан, Біржан,
Мәди, Жаяу Мұса, Естай әндерін Мәдениет бойына осылай сіңірген. Оның алған білімі мен ілімі дала консерваториясынан дарыған.
Хас талант туралы тебіренсең, өзіңнің де көкірек көзің ашылып, қиялға беріліп, бастан кешкендерді ой елегінен өткізуге тура келеді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары еске түседі. Мезгілдің қай тұсы екені есімде жоқ, деканымыз курсымыздың барлық баласын телевидениеге кездесуге жіберді. Ол уақытта руханият адамдарымен сырласу, пікірлесу, ой алмасу дамылсыз жүріп жататын. Студияға жастармен кездесуге атағы жоқ, дарыны дардай Мәдениет Ешекеев келді. Тіп-тік, сымдай тартылған, қырықтың қырқасына енді ілінген, аққұбаша сұңғақ бойлы екен.
Сахнаға шыға келгенде ерекше бір сәуле шашып, ол ән салмаса да ән салғандай күй кештік. Кездесу соңында әншіні көруге асықтық, әлде біреулермен емен-жарқын әңгімелесіп тұр екен, сәлемімізді самарқау алды. Қалай десеңіз де кеудемізді шайдай ашқан рухани бұлқыныстан нәр алып, кездесуден көңілді оралдық.
Жастық шақта не болмайды, арада екі-үш ай өткенде төбелеске түсіп, оқудан шығып қалдым. Ауылға қайтуға ар-ұят жібермеді, жалқы өнермен театр қабылдамады, ұстазым, алаштың ардақтысы Қайым Мұхаметханов қолымнан жетектеп аз-маз өнеріме бола филармонияға әкелді.
Ұжым басшысы хатшы қызға «Мәкеңді шақыр» деді. Әзірше ағаңның қасында бол, бір жылдан соң оқуыңды қайта жалғастырарсың деген ұстаз аманаты орындалмады.
Ширек ғасыр бойы нұрлы жүзін көріп, сұлу әнін естіп, соңынан ерткен талай әншілерді шуағына жылытқандықтан ба, әлде құлағымнан әлі күнге кетпейтін «майдақоңыр» сезім бе, әйтеуір жазуға оқталып жүргенмін.
Әңгіме қазақ өнерінің арда әншісі Мәдениет Ешекеев туралы болған соң, Арқаның әншілік ортасы жайлы ой өрбіту заңдылық болар.
Он бес жасында Алматыға келіп, Жүсіпбек Елебековтің алдынан өтпегенде, тұңғышындай болып қолтығына енбегенде, Мәдениет әнші өнердің басқа бір түрін қалар ма еді?!
Мәдениеттің сан қырлы дарын иесі екенін саралап шығуды болашақ мәдениеттанушылардың үлесіне берейік. Мен әншінің үш қырын ашқым келеді. Әнші көзі тірісінде мені Жүсіпбектің тұңғыш шәкірті дейтін, солайы солай-ау, бірақ мен жасымда Манарбектің стилімен үйрендім, домбыра қағысым, дауыс ырғағым бәрі-бәрі Манакең еді. Және алғаш үйренген әнім «Паровоз» болатын, Жүсекеңнің алдына барғанымда аздап ренжігені де бар.
Мен Жүсіпбек Елебековтің қасында сегіз ай ғана шәкірт болдым, сол сегіз ай сегіз жылға бергісіз еді. Ақан, Біржан, Майра, Естайды тірі деп естігендей болдым. Алаштың небір ардақтыларының қасында болып, асылын тердім. Қазақ әнінің кәусарын қанып ішкенім осы жылдар.
Бір отырыста 20-25 ән орындаушы еді

«Қазақконцерт» бірлестігінде істеген 20 жылда Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, ағайынды Абдуллиндермен жиі сапарлас болды, осы жылдарда шеберлігі шыңдалған әнші Алатаудың шырқау шыңдарына бірақ шықты. Мәдениет Ешекеевтің репертуар таңдауы тіптен керемет болатын. Патша көңіл көрерменінің емес, ән өнерінің қадір-қасиетін жан тәнімен алпыс екі тамырына сіңдірген әнші. Естілмеген әндер, хас таланттарды іздеу, ән авторларының қадір-қасиетін ерекше бағалауы ұстазынан алған ұлағаты болса керек-ті. Әнші саналы ғұмырында 300-ден астам ән орындаған, амал қанша, алтын қорда мұның бәрі сақталмаған. Дәстүрлі әншілердің ішінде осыншама мол мұра қалдырған әнші жоқ шығар. Тарлан таланттың ән дайындау үлгісі бөлек болатын. Мәдениет бір әнді кем дегенде 7-8 ай дайындап, кемеліне жеткізіп, кемел шағында айтты. Дәстүрлі әншілеріміздің қалт жібермейтін қағидасы. Мәдениет әншіні қашан көрсең, сыптай қамау тері алынған, бекзат қалпынан айнымайтын дарын иесі еді. Көрерменінің алдына шыққанда Мәдениет Естайдың «Жайқоңырымен» жайлап бастап, «Айтбаймен» аяқтағанда, ажары нұрланып, базары енді ғана басталғандай сұлулықтың сарайына енетін. Табиғат әншіге таудай талант қана емес, сүмбіле сұлулықты да аямаған.
«Базарың құтты болсын ардақты елім,
Қоянды, қоянды,
Ту көтерген думанды елім,
Қарқара, сұлу Көкше жер шоқтығы,
Сарыарқа
Алтын ана асқар белім.
Жер шоқтығы Көкшетау,
Тал, қарағай – бақша бау.
Бауырыңда өскен сексен көл,
Иісің жұпар аңқиды».
Әнші сұлу Көкшенің арайлы алтын шапақ таңын, айна көлін, хош иісті лала гүлдерін, жан жүрегіңді тербетіп, естіген сайын емешегімізді үзілдіріп, жан дүниемізді аялай-аймалай түсетін. Естайдың «Бір мысқалын», Балуан Шолақтың «Ғалиясын», «Сұржекейді» ән әлеміндегі қайталанбайтын шедеврге айналдырды. Суретші тілімен айтқанда, адам бойындағы сұлулық, тазалық, нәзіктік ғаламат кескіндемеге өзек болса, ән өнеріндегі ғажайып портреттерді Мәдениет галереясынан көреміз. Тас бұлақтың суындай мөлдір, мейірін қандырып ішетін, сыршыл, сарабдал, сезімтал әндерін тыңдағанда жан сарайың ашылатын. Мәдениеттегі Ақан әндерінің кескіндемесінен, кешегі Ілияс Жансүгіров суреттеген құлагер тұрпаты көз алдыңа келеді. Ұзаққа, тым ұзаққа шабатын Құлагер сияқты бір отырыста 20 – 25 әнді жеке орындап, сонда ғана ащы терін алғандай солығын басатын. Кеудесі кең даладай дархан болса, әні де, үні де асқақ болатын.
Мәдениет әнші томаға-тұйық көп ашылмайтын, сырын ішке сақтайтын. Бізге таңсық әуендерді ыммен ғана айтып, жұмған аузын ашпайтын. Алаштың асылдарынан қалған жауһар әндерді ашық айтып, айызын қандыра алмады. «Қанатталды», «Сарымойынды» аса сақтықпен айтып, «Жүсекең орындаған әндер ғой» дей салатын. Кейде томағасын сыпырған қырандай осы әндерді құйқылжытып- құйқылжытып алатын кездері де болатын. Әсіресе «Қанатталдының»:
– Гүлбақша көңілді бір әсем әнді,
Тілейтін бұлбұл едім сайрағанды.
Ән шырқап, бой жаза алмай,
шалқыта алмай,
Қалықтап қайран дүние, қанатталды.
Әнім ең сүйіп салған «Қанатталды»,
Бұл әнім балқытушы ед тыңдағанды.
Өмірден өз еркіме орын таппай,
Кейінге «Қанатталды» әнім қалды, – дегенде, тәкәппар тіршіліктің, көк әлемінде бой жаза алмай жүрген бейшара бозторғайдың үніндей үзілдіруші еді ғой...
«Арқадағы Сейітжан салдың осы әні елуін-ші жылдардың басында қатты қудаланып, әнді насихаттаушылар «үш қаріптің» қаһарына қатты ілігіп, Жүсекеңе де салқыны тиіпті» дейтін әнші. Шаршы топтың алдында ашылып айтпаса да, алтын қорда осы әндердің бәрі қалды.
Әлі есімде, Сарыарқаға барған сайын, «Қайрақты» кентіне соқпай кетпейтін. Онда алаш ардагері Орынбек Бековтің туыстары Рәбиға Есімжанованың қайын жұрты тұратын. Осы ауылдың қазыналы қарттарымен емен-жарқын әңгімелесіп, Ахметтің, Мағжанның, Сейітжанның,Тәукенің әндерін таң асырып айтушы еді. Міне, осындай асылдардың небір інжу- маржандарын жеткізе алмағанын әредік өкінішпен еске алатын. Кейде тіптен өзгеше әуендер Иран, Түркімен қазақтарының арғы-бергі тарихынан, салт-дәстүрінен алған мақамынан тұтас елді біріктіретін, ұлттық сананы қалыптастыратын ұлт тарихындағы ән мұрамызды санамызға сіңіргенін әулие демей не дерсің!
Алпысыншы жылдары қазақ музыка өнеріне жаңа толқын келді. Әбілахат, Әсет, Шәмші шоқ жұлдыздай жарқырады. Олардың әуезді әндерін бірінен соң бірі алып, ұлттың ұлы мұрасына айналдырды. Мәдениеттің орындауындағы Әбілахат Еспаевтың «Туған жер», Садық Керімбаевтың «Ақерке» әндері ел аузынан да, эфирден де түспеді. «Ақеркенің» орны бөлек қой» дейтін әнші.
Бірде Алматыдағы рухани ағасы, «қазақ-тың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев Садық Керімбаевтың үйіне ертіп барып, мына бауырыңыз өзіңіздің «Ақеркені» орындайтын Мәдениет Ешекеев деп таныстырыпты.
«Құдуанда мұндай сұлу әнді зағип жанның жазғанын кім біліпті?» дейтін бертін келе еске алып. Жұбайы ақсары өңді адам екен, қасына отырғызып, әлденеше тыңдап, «Ақеркемді» сендей сұлу айтатын орындаушыны естімедім, өмірің нұрлы да сұлу болғай!» деп ризашылығын білдіріпті. Мәдениеттің орындауындағы «Ақерке» бүкіл қазақ даласын шарлап, сол заман жастарының сүйікті әніне айналған. Сол жылдарда замандастарымен тығыз творчестволық байланыста болды. Шәмшінің «Сағыныш» әнін орындағанда, Шәкең балаша қуанып, «Қазақконцерттің» мықтылары мен радионың марқасқалары болмаса, Шәмші ме?!» депті.
Мәдениет ұлы ұстазы Жүсіпбектің жұрт мақтаған үлгілісі болды. Оның дәстүрлі өнердегі тағы бір ерекше жетістігі – Батыс, Арқа, Жетісудың әншілік мектептерін жете меңгеруі. Мұхиттың «Зәуреші», «Мұқида-шайбаны», Сәдіқожаның «Сары бидайы», Нартайдың «Алтын, көкемі», Қайып термелері, соның ішінде Қайыптың термесін қашанда ән қоржынынан қалдырмаған. Жетісудың ақиығы Кенен атамыздың «Қайран жастық», «Бозторғай», «Базар – Назары» қандай еді! Әнші бір естелігінде былай дейді:
– Жолсапарда жүріп, Қордайдағы Кенен атам ауылына арнайы соғып, сәлем бердім. Кенекең шау тартқанмен, көңілі сергек екен, уақытымның тығыздығына қарамай, қонақ қылып, қайтарымда «Балам, мынау атаңның тәбәрігі» деп иығыма шапанын жауып, арнау батасын жазып берді. Бұл «Бозторғай» әніне қатысты болатын. Асылы Жетісудың ардақты Кененінің «Бозторғайын» Мәдениеттей шебер орындаған әнші жоқ. Дәстүрлі ән мектептерінің шеберлік көкжиектерін жете меңгерген, Мәдениет Ешекеевтей тау жаңғыртқан, қас таланттың бұл бірінші қыры.

Екейбай оны
елге қайтарған

Тегінде өнер адамының басына бақ қона бастаса, бақай есеп, бақталастықтан көз ашпайды. Абай атам «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшыл болмай бақ қайда» дейді. Арсыз атақ қуғандар жалғанды жалпағынан басқанда, Алматыда жиырма жыл еңбек еткен Мәдениетке жатақхана бермей, жетім бұрыш жағалатыпты. Қасым ақын айтпақшы, «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды» деп жүргенде, елдегі біртуар тұлға, қоғам қайраткері, өнердің жанашыры Екейбай Қашаған ат-шапан жауып, елге қайтарып, баспана берді. Әнші өмірінің ең бір жемісті кезеңі басталды.
1976 жылы күзде балалар әдебиетінің атасы, жазушы Сапарғали Бегалиннің 80 жылдық торқалы тойы Семей өңірінде атап өтілді. Алматыдан мерейтой иесімен бірге жазушының замандасы Жүсіпбек Елебеков, Мәжит Бегалин, Рымғали Нұрғалиев, Мүсілім Абдуллин, Кәукен Кенжетаев келді. Абыралы өңірінде жазушыға айырықша ықылас көрсетіліп, жергілікті өнерпаздардың қошеметіне бөленді. Қадірлі қонақтардың ортасында Мәдениет Ешекеев те болды. Кешкілік қонақасы да алыстан келген өнер жұлдыздары бірінен соң бірі ән шырқаған ғой, кезек Мәдениетке келгенде Жүсекең «қоя тұр» деп ишарат жасапты. Мүсілім Абдуллин бірер ән салған соң:
– Ал Мәдениет, Мүсекеңді таңғалдырасың ба, қалай? – деп күледі. Қолына «қазан» сырнайын алып, сарнатқанда сай сүйегіңді сырқыратқан әуезді мұңлы әуен кімді болмасын баурап алады. Оның үстіне дәстүрлі әншілердің бәрі бірдей бара бермейтін тосын өнер.
Мүсілім әбзидің ризашылығы тіптен ерекше болған көрінеді. Бұл – қасиетті Семей жеріндегі Сапарғали ата мен Жүсіпбектің соңғы сапары болатын. Мәдениеттің тылсым талантының екінші қыры – асқан шебер сырнайшы екені ұстаз алдында осылай ашылыпты. Жүсіпбектің қай шәкірті болмасын сан қырлы, Жәнібегі – жазушы, Қайраты – қолға түспейтін ағаш шебері деп естиміз. Бұлар – сезім иелері, сыршыл суреткерлер, тарпаң талантты тұлғалар, олардың ортасында жүру де үлкен олжа.
80-ші жылдары Мәдениет ел ортасында ерекше еңбек сіңірді. Алтайдан Атырауға дейінгі қазақ даласын әлденеше мәрте аралап, жылды жемісті аяқтаған әншінің есімі Қазақстанның құрметті «Алтын кітабына» жазылды. Ол уақыттағы жол-сапарлар қандай еді, 7-8 айдан кем жүрмейтінбіз. Үйге келіп анасының қасында қаймақ қатқан қою шәйін ішіп отырып, шешіле сөйлеп, жолдан алған әсерін, базарлығын жайып салғандағы әжеміздің аналық мейірі қандай еді! Мына ғажапты қараңыз, қолы қалт етсе, қара қарындашпен туған даланың көркем табиғатын қағазға түсіру ерте кезден дағдысы екен, сиқырлы суреттеріне қарап отырып, әжеміздің балаша қуанғанын айтсаңызшы. Әжеміздің дастарқаны мол, қазаны асулы, қазы-қартасының иісі мұрын жаратын. Өнер адамдарының бас қосатын ортасы осында, дүлдүл әнші Болат Сыбанов бастаған рухани іні шәкірттері Тұрсынғазы мен Келденбай да осында жүретін. Әңгіме тиегін ағытып, ағыл-тегіл көңіл шалқытып отырған кезді әсте ұмыту қиын. Апамыз қабақ шытуды білмейтін. Мұндай кең пейіл қазақ аналары бүгінгі заманда да бар. Айбике әже сондай еді. Ажарлы, әнші болатын, халық әні «Қарғамауды» айтқанда, Мәдениеттің өзі де «тәтемдей айту қайда» деп отыратын. Анасын тәте деуші еді. Абай атасының «Көзімнің қарасы» мен «Сегіз аяғын» тәтесінен үйренген. Әжеміз кейде мұңайып отырып, кенжесінің жар сүйіп, ұрпақ көргенін аңсайтын. «Тұлпарда тұяқ болмайды» деген бар, Мәдениетке тағдыр мұндай сыйды жазбапты. Қайран дүние, біркүнгідей болмай өте шықты!
Мәдениет Ешекеевтің өнер жолын зерделеп отырсақ, кешегі сал-серілердің заңды жалғасындай сонау 1957 жылдан бері домбырасын қолына алып, ұлттың ұлы өнерін өлтірмеймін деп, иісі қазақтың тау-тасын жаяу-жалпылап кезбегенде, дәстүрлі ән өнерімізден айырылып қалар ма едік?!
Әнші 1981 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1987 жылы Қазақстанның Халық әртісі құрметті атағын алды. Қанат біткен әнші туған халқының ұлттық өнерін шеттегі қандастарына жеткізді. Қарақалпақ пен Түркімен, Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыз бұл жылдары қазақ өнеріне сусап қалған еді. Еліміз егемендік алғанда туысқандық шын ниетпен түркі бауырларымыз құттықтағанда, қара домбырасын қолтықтап барған да Мәдениет болатын. Еуропа мен Ресейдегі қандастары да Мәкеңді риза көңілмен құшақ жая қарсы алды. Ел есін жиып, егемендігін алған тұста, тарыдай шашыраған қалың қазақтың атажұртына саумалы сағынышпен оралғанын көрді. Ел мен ел қосылып, ақ түйенің қарны жарылғанда қазағы асқаралы Алатауының баурайында ұлы құрылтай шақырғанда, сол дүбірдің ортасында Мәдениет те болды. Ұлтының ұлан-асыр тойында, аңсап келген ағайынға армансыз ән салды. Басқа-басқа, Семейдің арнайы тігілген киіз үйіне ат басын тіреген Елбасы уақыт тығыздығына қарамастан, Мәдениеттің әнін тыңдап, Әсеттің «Інжу-маржанын» екі қайыра сұрапты. Елі сүйген, елін сүйген Елбасының ардақты әншісіне берген бағасынан артық бақыт бар ма!
1996 жылы желтоқсанда Семей жұрты әншінің 60 жылдық мерейтойын өткізді. Той өте салысымен ағаммен көшеде кездестім.
Мамықтай әппақ қар жапалақтап жауып тұр, ағамның ақ көңілін-ай деп анадайдан аңқылдап келіп құшақтадым. Өңі бозарып, жағы суалғандай көңілі пәс көрінді.
Сөйтсем, ұжымы зейнет демалысына шығарыпты. Саналы ғұмырын сахнада өткізген серіге келдің бе, кеттің бе деген жан болмапты. Айтысына қарағанда ұжым басшысы «енді өз күніңізді өзіңіз көріңіз» деген уәж айтыпты.
Дауысына қылау түспеген, ешкімге жалпақтап мүләйімсіп жатпайтын, құлагер-мінез, кірпияз қалпынан айнымаған асылдың құр сүлдерін көрдім.
...Біз де ептеп сеземіз. Ішімізде ит өліп жатыр. Өкпеңіз орынды да.
...Бірақ, жақсылар азайып барады. Терін сатпай, көзін сатқандар көп. Солар жол бермейді, Аға...
Осы әңгімеден кейін Мәдениет науқастанып, ауруханаға жатып шықты. Тұла бойы дел-сал боп, еңсесін көтертпеген құсалықтан құтылмады.
Араға алты ай салып, құлдыраңдаған Құлагер орға құлады...
Зымырап өткен уақыт-ай, содан бері он бес жыл өтіпті. Қазақтың бүгінге дейінгі және бүгіннен кейінгі ән ғұмыры қанша ұзақ болса, Мәдениеттің аты да, заты да сонша ғұмырлы! Биыл аталып отырған жетпіс бес жылдығыңыз сол ұзақ өмірдің көзмоншақтай бір үзігі ғана...
Айтулы өнер адамының өмірінде туған күні, өткен жылы деген болмайды. Ол шеңге де, шекпенге де, шеңберге де сыймайды.
Мәдениет те шеңберге сыймаған әнші!
Ақиық ақын Төлеген Айбергенов:
«Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар
да бәлкім қолайсыз,
Дегенмен, жаным, көгілдір дүние
сағынбағасын арайсыз.
Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз,
бақсыз, талайсыз», – дейді.
Бәлкім, әніңді келер ұрпағың сағынар, бұлбұл үнді бозторғайым!

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив