KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
447.4 477.55 4.76

Бастауыш ұйымнан белсенділік талап етілді

19.02.2012, 18:00 168


Үстіміздегі жылды кәсіподақтар федерациясының бас кеңесі бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы деп жариялағаны белгілі. Жалпы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының беделін арттыру бүгінгі күні ең өзекті мәселеге айналып отыр. Осы орайда биылғы жылға арнайы ат беріліп, айдар тағылып отыруының да себебі осында. Десе де, жылды сәтті өткізу үшін бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділігі ауадай қажет. Таяуда бұл мәселе кәсіподақ комитеттері төрағаларының жиналысында кеңінен талқыланды. Оған кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің мүшелері, облыстағы бірқатар басқарма басшылары, жұмыс берушілер қауымдастығының жетекшілері мен облыстық, аумақтық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділері қатысты.

Қазіргі уақытта бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қажеттілігі ерекше сезіліп отыр. Өйткені нарықтық қатынастардың өмірімізге тереңдеп енуі кез келген еңбек адамының көңіл күйіне әсер ететіні шындық. Бүгін жалақы алып, жанұясын асырап жүрген жандардың ертең-ақ жұмыссыздардың қатарын толықтыруы оп-оңай. Сондықтан да қазіргі уақытта жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жалғыз дәнекер, ол – кәсіподақтар ұйымы екені сөзсіз.
Жиында облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Нұржан Түсіпова баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі күні кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған үлкен міндет – жалдамалы жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, әлеуметтік еңбек қатынастарын одан әрі дамытып, барлық мекемелер мен ұйымдарда ұжымдық келісімшарт жасауға қол жеткізу. Жалпы еліміздегі кәсіподақтар федерациясы бүгінгі таңда 17 731 бастауыш кәсіподақ ұйымының басын қосып отырған көрінеді. Ал біздің өңірде олардың саны – 1972. Өткен жылы ғана облыстың бюджеттік саласында 142 бас-тауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.
«Ұжымдық келісімшарт болса, кәсіподақ ұйымдары да бар». Бүгінгі таңда осы сөз барлық кәсіподақ ұйымдарының негізгі ұранына айналуы тиіс. Н.Түсіпованың айтуынша, облыс бойынша 1825 ұжымдық келісімшарт жасылыпты. Қабылданған келісімшарттардың барлығы да бақылау және еңбекті әлеуметтік қорғау департаментінің мониторингінен өтіп, тіркеліпті. Десе де, аймақтың бірқатар экономикалық және әлеуметтік салаларында жалдамалы жұмысшылардың еңбекақылары төмен күйінде қалып отыр. Сондықтан да жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі кәсіподақ ұйымдарының күн тәртібінен түспеуі қажет. Жалпы облысымызда орташа жалақы бүгінгі күні 71 мың теңгені құрап отыр. Облыстық үшжақты келісімде жыл сайын экономика саласындағы жұмысшылардың жалақысын бір жарым есеге арттыру мәселесі де қарастырылған. Осы орайда еңбек адамына жалақыны кешіктірмей, уақытында беру өте маңызды. Еңбекақыны кешіктіріп, зейнетақы жарнасын аудармайтын жұмыс берушілерге қатаң шаралар қолдану қажет. Қазіргі күні облыс бойынша жалақы қарызы 127 миллион теңгені құрайды. Мұндай оқиға жақында Катонқарағай ауданында да тіркеліпті. Ауданның дәрігерлеріне берешек 4 миллион теңгеге жеткен.
Еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі де кәсіподақ ұйымдарының үнемі назарында болуы тиіс. Облыс кәсіпорындарында 2486 қоғамдық инспектор жұмыс істейді. Өткен жылы олар 31 821 заң бұзушылықты анықтаған көрінеді.
Жиналыста ауылшаруашылық және қайта өңдеу ұйымдары жұмысшылары кәсіпода-ғының төрағасы Әбубәкір Сүлейменов те баяндама жасады. Қазіргі уақытта ел Үкіметінің ауылға үлкен көңіл бөліп отырғанын айта келіп, ол ауылшаруашылығы саласында еңбек етушілердің күрделі мәселелерін шешуде бас-тауыш кәсіподақ ұйымдарының үлкен рөл атқаратынына тоқталды.
Кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамының сөзін сөйлейтіні белгілі. Осы орайда жиналыс-та сөз алғандардың барлығы да бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған мәселе – зейнетке шығу жасын ұлғайтуға байланысты өз ойларын бүгіп қалмады. Жалпы елімізде зейнетке шығу жасын ұлғайту қажет пе, жоқ па? Бұл сұрақты егжей-тегжейлі зерттеу үшін Үкіметте арнайы жұмыс тобының да құрылғаны белгілі. Десе де, жиналыста сөз алғандар зейнетке шығу жасын ұлғайтуға бір ауыздан қарсы шықты. Өйткені өнеркәсіпті өңірдің халқы үшін мұның тиімсіз тұстары өте көп.
Жиналысқа қатысушылар кәсіподақ жылын ұйымшылдықпен өткізуге уәде байласып, қарар қабылдады.



Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив