KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Асыл Тарбағатай, мен сені ұмытқам жоқ

19.02.2012, 18:00 196


Қазақ еліндегі таулардың қай-қайсысы да сыр мен сымбатқа толы ғой. Қазақ елінің сайын даласының көркі де осы қасиетті таулар. Ал тау іші, оның қойны-қонышы қайталанбас сұлулыққа тұнып тұр-ау шіркін! Несін айтасыз!...
1969 жылы мен Семейдің облыстық студенттер отрядының командирі болдым. Сол кезде студенттер бүкіл қазақ елінде малшыларға қора-қопсы, сов-хоз бен колхоздарда тұрғын үй, асау өзендерге көпірлер салған.
Сол жылдары біз Тарбағатай елінде (Ақсуат) көп құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Жаңа совхоздарды тұрғыздық.

Тарбағатай тауының қадір-қасиетін мен сол жылдары ұғып, бүкіл жан-тәніммен құлай сүйген болатынмын. Тарбағатайдың мен араламаған пұшпағы жоқ. Талай дүркіреген аюлармен «достастық», сирек кездесетін бұлан осы Тарбағатайда ғана болатын. Маринка деген дәмді хан балығы да осы Тарбағатайда ғана кездесетін.
Күзде маринка өзендердің тереңіне сүңгіп, үңгірлеріне ұйықтауға тығылатын. Олар бірінің үстіне бірі қонақтап жатқанда құдды снаряд қоймасындағы запастағы снарядтар сияқты еді.
Біз таудың суық суына сүңгіп, үңгірден сіресіп жатқан білектей-білектей маринкаларды жағалауға лақтырушы едік. Онда да тамаққа жарататын екі-үшеуін ғана алып шығамыз. Қалғандарына тимейміз. Қалғандары көктем келгенше ұйқы құшағында болады. Табиғатты қастерлеуді бойыма атам жарықтық сіңіріп еді-ау. Маринканың уылдырығы улы болады. Ал еті өте дәмді, аузыңда еріп жүре береді.
Оған да қырық жыл өтіпті?! Жер бетінде қалай тірі жүргеніңе таңғаласың?! Қанша уақыт өтті десейші?...
2009 жылдың желтоқсан айының жиырма бірінде мен қырық бір жыл болмаған Тарбағатайға аттандым. Серіктерім жас жігіттер. Аттың үстінде ойнайтын атбегі, айтулы аңшы жігіттер.
Жаңа жылды Тарбағатай тауында қарсы алуды талай жыл армандаған болатынмын.
Тарбағатайда қар қалың емес, күн жылы болып тұрды. Атпен таудың қойны-қоншын еркін араладық. Жас кезімде, түнде жолдан адасып Қытайдың шекарасынан өтіп кеткеніміз де бар еді.
Он күн бойы Тарбағатайды еркін кездік. Бұланға тиіспедік. Аюды оятпадық. Қасқыр мен түлкіні ғана аттық. Ас үшін бір үлкен арқарды Бекен құлатты.
Он күн бойы телевизорсыз, компьютерсіз, телефонсыз өмір кештік. Неткен керемет! Табиғат, сол табиғаттың аясында Адам. Табиғатты бағындырам деген сұрқия адам. Жауыз адам. Айуан адам. Қылмыскер адам.
О, Алла мені Мұхаммед пайғамбардың жасына іліктірсең, Шыңғыстау мен Тарбағатайға бір шығара көр деп Мәскеу мен Лондонның мешітінде тілеу тілеген едім.
Мың да бір рақмет, саған Алла Тағала, сол күнге жеткіздің! Немерем Назар мен Киев қаласының 11-сынып (осы сөзді қай антұрған ойлап тапты екен?) оқушысы талантты, ойшыл Аланды алып жаз бойы Шыңғыстауды кезгенмін. Шаһкәрім қажының қорасын, моласын, НКВД жауыздары атып, өлтіріп, денесін тастап кеткен құр құдығын көріп, басына мінәжат жасағанмын. Шыңғыстың іші де тұнып тұрған сұлулық қой, шіркін. Назар мен Алан бабаларының қоныстарын көріп, жандары жадыраған. Шыңғыстаудың ішіндегі Әу-лиелердің кең үңгірлерін көрсет-кенмін. Тасқа қашап салынған суреттерді көріп балалар таң-ғалған.
Саршұнақ аяз тұнған Тар-бағатай тауының биік сілемінде тұрмын. Дүние аппақ қар. Дүрбі салып едім, жақын жерде қы-бырлаған жан көрінбеді. Атымды тебініп сайға түсе бердім.
– Анау сайдың етегіне барып, тоқтайық, – деді аңшы Бекен.
– Дұрыс. Сол араға қос тігіп мына арқарды жайлайық, – деді айтулы атбегі, көп оқып-тоқығаны бар Ербол. Тарбағатайға мені бас-
тап әкелген де осы Ербол бауырым. Атпен ауырған, атбегілікті өнер ғып ұстауға құлшынған Ербол жақсы-ақ жігіт. Тарбағатай тауын еркін аралап, түстеп, танып білген жершілдігі де бір төбе. Атаммен бірге тау мен даланы бала кезімде көп кезгенмін.
Әлі есімде, атам шақшасын бір ат шалдырған жерде ұмытып кетіп, арбаны тоқтатып, атқа жайдақ мініп желіп кете берген. Жоғалған шақшасын тауып алып келіп, қуана күлімсірегені есімде. Атам көп сөзге жоқ адам еді. Барды бар, жоқты жоқ деп тура айтатын турашылдығы да бөлек еді-ау. Ол кезде мен жеті жаста едім.
– Қорықпадың ба, құлыным? – деп сұрады атам.
– Несіне қорқамын ата? Дала менікі ғой.
– Қалай жақсы айттың құлыным! Дала сенікі! Отан да сенікі! Отаны бар адам өлмейді. Отаныңды сатпа. Отаныңа тіл тигіздірме. Тіл тигізгенге қарсы шап. Отан үшін өлгенді Алла да құрметтейді. Бұқпа! Кеудені биік ұста, көзің жайнап тұрсын. Сенің далаңда өжет бабалар ғұмыр кешкен. Соларға тартып бақ.
– Ата, сонда бұл далада сатқындар болмаған ба?
Атам маған сынай қарап бөгелді. Атын қайтадан арбаға жегіп жатыр еді. Сонан соң, торсықтан маған қымыз құйып берді.
– Әуелі Сіз ішіңіз, ата.
Атам тостағанды өз қолына қайтып алды да, маған тесіле қарап бөгелді.
– Осы сен кітапты қай жасыңнан бастап оқи бастадың?
– Төрт жасымнан, ата. Өзіңіз де білесіз ғой. Апам екеуіңізге Ертөстікті оқып бердім емес пе?
Атам үндеген жоқ. Тостағандағы қымызды ішіп алып, сақалы мен мұртын ақ орамалымен сүртті, сонан соң, басымнан иіскеп тағы бөгелді.
– Сенің сұрақтарың білгір, қанжар сұрақтар. Мен білсем, осы сен арысы Абай мен Қажыға, берісі Мұхтарға тартып барасың-ау деп қалдым. Олардың тағдыры ауыр адамдар ғой. Сенің тағдырың да соларға ұқсап жүрмесін. Надан тобықты Абай мен Қажыны құрметтемей, сыйламай өтті. «Абай бабам қор елде туып, қорлықпен өтті» деп еңіреген Шаһкәрім қажының сөзі дәл екен. Өзін де қорлықпен атып өлтірді жауыздар. Бұйрық берген орыс, атқан қазақ. Қор қазақ. Малғұн қазақ.
Бөгеліп барып, қалтасынан мүйіз шақшасын алып шығып, асықпай насыбайын атты. Құранды басына іліп қойып жататын атам өзгеше туған бітім-болмысы бөлек, аса қарулы, текті адам еді.
– Адам болған жерде, сатқын да болады. Олардың сырты жылтыр, іші қарам түтінек келеді. Оларды танып білу оңай емес. Олар көп. Жақсы адамдар олардан да көп. Мынау жұмыр жердің кіндігінен жеріп, ауып кетпей тұрғаны, сол жақсылардың несібесінен. Сен өсіп-жетілгенде сатқындар қорғаны бұдан да берік, айласы да терең бола береді, – деп бөгелді атам. Абай атам мал мен жерді қатар еміңдер деп көреген ақыл айтып еді, оны қазақ ортасы тыңдамады. Тобықтының есерсоқтары Абайды тыңдамағанын күпілдеп мақтан көрді. Сол есерсоқтар мыңдаған жылқы айдады, көпірген ақша ұстады, ал содан енді не қалды? Абай айтқандай жер емгенде, Кеңес үкіметі қазақты басынбас еді. Мал бір жұттық қана дүние ғой. Сен өсіп-жетілгенде ел басқаратындар, Отанын да, елін де, жерін де сатуға дайын тұратындар болады. Оған, тірі болсаң, ғұмырың жетсе куәгер боласың. Ал бірақ, ол сатқындарды қазақ даласының киесі атады. Үрім-бұтағын тарыдай шашады. Мен мұны сонау Әнет бабаңның тіршілігінен білемін. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қара-таудан Шыңғыстауға үдере көшкен Тобықтылар Әнет бабаның сүйегін құм арасында қалдырып кеткен. Түркістанға апарып арулап, Яссауи мазарының ішіне қоя алмады. Тобықтының осы ездігі үшін Әнет бабаның аруағы ма, Алла Тағаланың өзі ме, Тобықтыны топалаң асырды ғой. Көрмегені бұл ғана емес, бұдан да асқанын көрсетеді әлі.
Атам күрсініп алып, арбаға отырды. Үн-түнсіз жүріп кетті.
Бір жылдан соң Шыңғыс-тауда сутегі бомбасын жарды. Шыңғыстау ядролық мекенге айналды. Тобықтылар сұраусыз қырылып жатты. Қылтамақтан жан тапсырғалы жатқан атам менің құлағыма: «Тобықтының тектісін де жалмап бітер. Сенің артыңнан да ұрпақ қалмай ма?» деп қорқамын дегені есімде. Ол кезде мен 13 жаста едім. Ес біліп қалған шағым болатын.
Ал дәл кәзір, алпыс үш жасымда, елу жыл өткен соң Тарбағатай тауында атамның сол сөзі ойыма түсіп, өн бойымды діріл буып кетті. Қырыққа келген жалғыз ұл, еркек кіндік аймаңдай ұл тудыра алмай, Ролланның артын үзеді-ау деген түйткіл жүрегіме түскенде көзімнен бұрқ етіп жас шығып, қарға қос тізерлей құлап түске-німді өзім де аңғармай қалдым.
Аспан ашық. Тарбағатай ма-ған құшағын айқара ашып тұр еді.
Ербол өткір қанжарды қолына мықтап ұстап, арқарды лезде бөлшектеп тастады.
– Екі сан етті тұздап күнге қақтаңдар. Жаңа жылдың қарлы дастарқанына ас дайын тұрсын. Жаңа жылды табиғаттың аясында қарсы алайық, деп бізді серпілткен, жүрегімізге жігер құйған, Роллан ағам аман болсын! – деді Ербол отқа қақтаған арқардың ып-ыстық бүйрегін маған беріп жатып.
– Роллан аға, біз далаға арақ алып шықпадық, ренжімеңіз, – деді көш басшы, ел иесі Бекен.
– Мен арақ ішпеймін, бауырым.
– Оныңыз дұрыс екен, аға.
– Осы былтыр бір топ депутат пен сенаторлар келіп үш жәшік арақ ішіп, тынымсыз оттап, ес ақылымызды алған. Айтатындары ақша, қатын, тағы ақша, тағы қатын. Кісі өзі ұялады екен. Кеуде керу, кердеңдеу, жалаң мақтан.
Басында бірін-бірі көкелеп еді, отты су қандарына сіңген соң бірін-бірі боқтап, балағаттап төбелесіп тарасты ғой. Депутат қылып, үлде мен бүлдеге ораған Нұрсұлтан ағамызға да тіл тигізді. Сұмдық! Біреуі бір ақылды сөз айта алмады. Біреуі бір оқыған кітаптарын бізге үлгі қылып ұсына алмады. Менің байқауымша, соларыңыз мектептен кейін қолдарына кітап ұстамағандар болса керек, – деді орта мектептің мұғалімі Ғани бауырым.
– Халық өзі қалап сайламаған, ол топастарды сөз ғып ауыз ауыртпаңдар. Мына ыстық дәмнен тойып жеп алайық та, атқа қонайық. Қанжығаны қанға бояйық, – деді әйгілі палуан алып жігіт Бекенай.
Таза ауа, таудың қарлы биіктері, тып-тыныш бесін уағы. Қайтып ешкім үндеген жоқ. Әркім өз ойымен өзі еді.
Табиғаттың аясына шық-қаным қандай жақсы болды, деп ойладым. Табиғат құшағында ой да, тән де тазарып жүре береді. Соңғы бес жылда жалғыз рет Назармен Жер орта теңізінде он күн демалыппын. Қалған жылдар шапқылаған өнімсіз тірлікте өтіпті. Бір уанышы қазақ елінде төрт-бес талантты жастарды таптым. Тәрбиеге көнсе үлкен азамат жазушыға жетуі мүмкін. Бесіктен белі шықпай мақтан қуып кетсе, құрығаны. Онда менің еңбегімнің де құрдымға кеткені. Қасыма ерген бес жігіттің бесеуі де, осы елдің кәдімгі адамдары. Бірақ оқып, тоқығандары көп, ойлы, арлы жігіттер. Ел ортасы осындай жігіттерге толса, елге құт осылар ғой. Астанада, облыс орталықтарында да кездесіп қалатын шенеуніктерді көрген-де қарның ашады, рухың езі-
леді. Қолдарына бір тілім қағаз ұстап алып, ат шаптырым дәлізде шауып жүрген жігіттерді көргенде түкке түсінбей түңілесің. Бұл тірліктің дұрысы қайсы, бұрысы қайсы екенін білмей қиналасың. Жүрекке запыран ыза жиналады. Қайда барарға, не істерге білмей дал боласың. Бұлардың бағдарламаларының жиырмасы не, отызы не, теледидар-
дан түспейтін Отан партиясының кәрі, жас пысықайлары не айтып отырғанын да ұқпайсың?!
Президенттен соңғы пақырға дейін бірдей болатын өрнекті заң, қазақ халқының өмір жолын айғақтап көрсететін ұғынықты бір беттік қана бағдар белгі жасаса болды емес пе? Онан өзге
не керек? Халықтар Ассамблеясы деп шуылдап жатады, ал оның не үшін керегін, оны басқарып отырған кімдер екенін жай адамдар тіптен білмейді. Оны білгісі де келмейді. Қазақ елін жай-
лаған ұлттар мен ұлыстар қазақтардың бойында күндіз беттен сүйіп, түнде өлтіретін пиғыл жоқ екенін жақсы біледі. Мейірімді, кешірімшіл қазақ халқының жан дүниесін есі бар қай адамда жақсы ұғынған. Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз деп, қазақ та өз жөнімен жүре береді. Кәдімгі қазақ, Кеңес үкіметі тұсында да, дербестік алған соң да, марқайып көңілі өскен кезі жоқ. Оны бәрі де біледі. Не билік шындық ұсынбайды, не оппозиция толғамды оң
жол көрсете алмайды. Дөң-
гелек тіршілікті айнала шауып, адасып өліп жатқандар да қазақтар. Сонда не істеу керек өзі?!
– Аға, атқа қонайық, сонау қырда қасқырлар жүр.
Біз ілезде атқа қонып, желе шауып биік адырды бетке ал-
дық. Біз адыр үстіне көтерілген-де, төменде үш жүйрік қаршана қарды бұрқыратып жазықта безілдеп жөнелді.
– Бағана біз ұшыратқан бес бұланды көрді мыналар, – деп дауыстады Ербол. – Төте тартайық. Мыналар оларды қазір-ақ қырып салады.
Атқа қамшы бастым. Мен мінген тор ат тойынған мықты жүрдек ат еді. Қамшы салғанымда жұлынып алға түсті. Екпіні қатты болғанымен, шабысы жайлы екен. Тор аттың тұяғы ұлпа қарды дүрсілдетіп зулап келеді.
Күнбатысты бетке алып шауып келе жатқан бес бұлан көрінді. Қуғынды сезіп жан ұшырған түрлері бар. Тауға тартты. Тау ішіндегі ағаш арасында қаршананың қауқарсыз болатынын олар білетін.
Сартылдаған автомат дауысы тау тыныштығын тіліп өтті.
– Тоқта! Атпа! Тоқта!... – деп айғайлады Ербол.
Ол бәрімізден оқ бойы алда, жүйрік құла атпен төтеден ұрып бара жатыр еді.
Қаршанадағылардан ес кеткен. Үш автомат оғы жаңбырша жауды. Соңында келе жатқан үлкен бұлан омақаса құлады. Әне, тағы біреуі жамбастай құлап түсті. Үшінші ... төртінші... бұлан да жер жастанды. Мүйізі қарағайдай үлкен еркек бұлан биік секіріп барып ағаш арасына еніп кетті.
Біз жеткенде, қаршана иелері төрт бұланды бірдей жайратып сойып тастап, сақылдай күлісіп тұр еді.
Қаланың бай қазақтары. Қазақтың ендігі иелері осылар. Жемірлер де осылар. Бұлардың заманы жүріп тұр.
– Жігіттер, мына бұландарды бекер жайраттыңдар ғой. Біреуін атсаңдар да болмас па еді? – деп Ербол оларды кінәлай сөйледі.
– Інішек жөніңе жүре бер, – деді сары тонды орта жастағы адам. – Бізге ақыл айтпа. Өз ақылымызды қайда қоярға білмей жүрміз?!.
– Астана мен осы облыстың иығына ұлтан жапсырған басшылары, – деді Бекен.
– Тарбағатайда бұлан жоқтың қасы болды. Тимеңдер деп ақыл айтатын Сіздер емес пе? Ұят жасадыңыздар! – деді Ербол тайсалмай.
– Келесі жолы вертолетпен келсек, сендерді қоса атамыз. Жөндеріңе жүріңдер, – деп алпамсадай жігіт топтан бөлініп шықты. Автоматты қос қолдай ұстап бізге ұмтылды.
– Болды. Доғар. Сары тонды адам қатты зеки сөйледі. Қайт кейін.
– Табиғаттың өз киесі бар. Сол кие Сіздерді жібермес, –
деп Ербол атын тебініп бізге қарай желе жортып дара шықты.
Желе жортып отырып біз қарсы дөңге көтерілдік. Қарсы алдымыздан екі қасқыр шыға келді. Ербол көздеместен бес атармен екі рет атқанда екі қасқыр домалап-ақ түсті.
Жаңа жылды біз қоста қарсы алдық. Үш күнде он қасқыр,
үш түлкі, екі арқар аттық. Қас-
қыр мен түлкі болса атайық, қалған аңға тиіспейік, деп келістік.
Ай жарық еді. Қар басқан тау іші саумалдай жарық. Тарбағатай сілемдері ағараңдап алыстан көрінеді. Ауа салқын. Түн тылсым тыныштықта.
– Аға, жаңа жылға бес минут қалды. Жаңа жылға арнап бір жәшік шампан алғанбыз. Рұхсат берсеңіз, соны көрейік, – деді Ербол.
– Болсын, – деп мен ризашылық білдірдім.
– Сіз Тарбағатай төрінде тұрып бір тілек айтыңыз, – деді Ғани мұғалім.
– Біздің теледидарымыз Тарбағатай тауы еді.
Тарбағатайға бір келу арманым болған. Сол орындалды. Аллаға мың рақмет. Осы Тарбағатаймен жүздесіп, тылсым түнін жамылып тұрып жаңа 2010 жылды қарсы алғаным сендер секілді алпауыт, адал інілерімнің арқасы. Қазақ елі, қазақ даласы намысын тіктеп, рухын биіктетуге жазсын! Ана-Отан қашанда аман болсын. Ана-Отанның көз жасын көрмеуге жазсын. Ана-Отан жасасын! Қазақ елі жасасын!
Айтар ой көп еді, сөз де көп болатын, бірақ, дәл осы арада ділмәрсіген жүрмейді екен. Сөз иесі, ұға алсақ, Тарбағатай тауының өзі еді.
– Әмин! Айтқаныңыз Алланың құлағына шалынсын! – деп дуылдасты жігіттер. Аяз буған далада, мұзы бетінде қалқып жүрген көпіршіген шампанды ішу бақыт еді.
Мен шыны тостағанымды қолыма ұстап оқшау шықтым. Тау бөктерінде жалғыз тұрып, таумен оңаша тілдескім келген.
Ертеңінде, тағы да, таң атар-атпастан қасқыр қудық. Қасқырлар бұл жолы алдырмады. Мен қасқырлар үшін қуандым. Жаңа жылдың жаңа таңында, аппақ далада көкжал қасқырлар оққа ұшып жайрап жатса не болғаны?..
– Жаңа жылда қасқырларға да тимейік, – деп ұсыныс жасадым. Жастар қолдады. Біз емін-еркін тау ішін араладық. Таңдап жүріп жақсы тобылғы қиып алдым.
Екінші қаңтар күні қосты жығып, бауырға, машиналарды қалдырған ауылға түсуге желе жортып жүріп кеттік. Қараңғы түсе ауылға да жеттік.
Арқардың етін Бекжан ақсақалдың үйіне түсірдік. Таңертең ащы қуырдақ жеп, сүтті шәй ішіп, текемет үстінде малдас құрып отырып тағы бір рахаттандық. Бекжан ақсақал мен Мәрзия апамызды Жаңа жылмен құттықтап шампан іштік.
Далаға шығып келген Бекжан ақсақал үйге асыға кірді.
– Мына күннің реңі ұнамай тұр, маған. Қалың жауын келе жатқан сыяқты. Сендер тез аттанып қара жолға түсіп алыңдар. Жауынға ұрынсаңдар машиналарыңа қиын болар, – деді. Жауын жауса жұт болады. Құдай оның бетін ары қылсын.
Біз асығыс аттанып кеттік. Қара жолға жете бере шелектеп жауын жауды. Ғанидың машинасы тайғақ бөктерде бір аунап түсті. Бәріміз жабылып көтеріп тұрғыздық. Үсті-басымыз малмандай су болды. Аяқ қатып қалды.
– Роллан аға, мына флягадан ұрттап-ұрттап жіберіңіз, спирт қой, – деді Ербол. Спирт өзекті тіліп өтті. Аздан соң, бойға бұрқырап жылу қонды.
Сол жауын екі күн қатарынан жауып, артынша суық басталды. Ал төрт-бес күннен кейін қалың қар жауды. Бұл туралы теле, радиода хабар болған жоқ. Мәскеуге ұшып бара жатып Ерболға телефон соқтым. Ел жағдайын білгім келіп еді.
– Бәрі оңды сияқты, аға. Жаман хабар естігем жоқ, – деді Ербол.
Бірақ, көңіл күпті еді. Жаңбыр сіресіп мұз болып қатса, мал жайылымнан қалады. Бейқам қазақ, жұтқа ұрынып жүрмесін деген үрей еді менің бойымды билеген.
Ақпанның аяғында мал жұтқа ұшырады, деп естідім. Жайылымнан қалған мал қырыла бас-тапты. Жұрттың айтуы бойынша, елдің бар малы шығын болған. Отар-отар қойлар суға кеткен. Жылқылар теңкиіп-теңкиіп қар үстінде өле берген. Жұртта еш лаж жоқ. Өліктерді жиып қала берген көрінеді. Өлген малға қасқыр да шаппапты, дейді, о сұмдық!
Мен Лондонға келген соң, Ерболға тағы телефон соқтым.
– Аға, аяусыз қырғын бас-талды. Тарбағатайдағы ауылдарды су ағызып әкетті.
– Не дейді, Құдай-ау! – деп састым.
Наурыздың 17-18-күндері, аяқ астынан күн жылынып кетіпті. 20 градусқа жылынған соң қоя ма, өзіңіз көрген қалың қар еріп өзенге айналған. Таудан құлаған мол ағын су жолында тұрған ауылдарды ағызып әкете беріпті. Мал қырылған. Ел жылаулы. Қолдың малы түгілі, арқарлар мен қасқырлар да суда тұншығып өлген көрінеді, деді Ербол.
– Тарбағатайға жет. Елдің жәйін біл. Не көмек керек екен, соны сұрастыр.
– Өзім де елге аттанғалы отырмын, аға.
– Өзіңіз Алматыға қашан ораласыз?
– Ертең мен де ұшамын, – дедім әзер сөйлеп.
Лондоннан Шығыс Қазақ-
стан облысының Әкімі іскер, ақылды азамат Бердібек САПАР-БАЕВҚА жедел хат жолдадым.
Осыдан үш жыл бұрын Бердібек САПАРБАЕВ облыс орталығы Өскеменнің қақ төріндегі Ленин ескерткішін алып тастап, орнына Абайдың зәулім ескерткішін қойды. Нағыз қазақ азаматына лайық мінез танытты. Туған Отанымызда туған елдің ұлы тұлғаларының бейнелері тұру керек. Нақыл сөздері жазылуы керек. Керекудегі Кутузов көшесі Дешті-Қыпшақтың әулие ұлы Машһүр Жүсіпке берілуі керек. Бұны керекуліктер көп көрмесін. Ұлы ұстаз Машһүр Жүсіптің аты педагогикалық институттың маңдайшасына да жазылуы керек. Керекудің киесіне айналған Мәшекеңе ешнәрсе артықшылық етпек емес. Бақытжан Сағындықов терең ойлы, мәдениетті, жөргегінен біліп туған, үлкен экономист жігіт Павлодардың төріне бір туар кемеңгер қазақ ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың ескерткішін орнатуы ерекше құбылыс болды. Ел басқарған ұлтжанды азаматтар, Орыс империясы орнатқан белгілерді алып, ата-баба жерінің бақыты үшін жан салған ұлыларын ұлағаттауды ойлы әрекетпен, терең тыныспен уағыздауды бастайтын кезі жетті. Жастардың жанын қазақтың ұлы тұлғаларының сөздерімен сусындатып, айбарлы рухтарымен қоректендіруі керек. Бұл қазақ мемлекетінің басты рухани бағыты болып белгіленуі тиіс. Біз сонда ғана ұлт бола аламыз. Дербестік пен даралық жолындағы жалындаған Қазақ елі боламыз. Бізде өзге жол жоқ. Өзге жолдың бәрі өкінішке, қайғыға әкеліп тірейді. Кейін, көз жасымызды көл қылып, жанымызды қанға суарып, санымызды соғып қалып жүрмейік.
Өскеменге, Бердібек СА-ПАРБАЕВТЫҢ атқосшыларына телефон соқтым. Не керегін сұрадым?
– Сізден, Роллан аға, бір-ақ нәрсе сұраймыз. Топан судан талқаны шыққан мектептердің кітапханалары қатты зардап шекті. Қалың жұрт таласа оқитын, Халықаралық Абай клубының кітаптары мен «Аманат» журналын салып жіберсеңіз болды, – деді шапшаң сөйлейтін жас жігіт.
Бір машина үздік кітаптарды жібердім. Жазушылардан да кітап жинадым. Болашақта да кітаптар жіберіп тұруға уәде бердім.
Екі күннен кейін Шығыс Қазақстан облысы Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТАН жедел хат алдым.
Мен өзім жазған хаттарыма императорлардан, корольдерден, Президенттерден ылғи да жауап аламын. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ канцеляриясы жақсы қан тамырындай жауап тостырмайды. Бұл үлгі.
Бірақ, хатыма, қазақ минис-трлерінен, облыс әкімдерінен жауап алып көргем жоқ. Олар-дың канцеляриясына мәдениет түнемеген болса керек.
Бұ қазақ елінде, сәлем беруді, жауап қайтаруды, алғыс айтуды Бердібек САПАРБАЕВ пен Елеусін Сағындықовтан үйренген ләзім.
Әр Алланың құлы бір-біріне күніне 40 рет сәлем берсе де артық емес, қайта сауап болады деуші еді қолынан құраны мен күрегі түспейтін Молдаберген атам.
Сол сөздерде жан бар екен-ау! Ақиқат түнеген ойлар өлмейтін болғаны ғой.
Ал сонда біз несіне күлгенбіз?
Кімге күлгенбіз, құдай-ау!.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив