KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 8 м/с, С
445.66 474.58 4.78

Біз ойын қуып жүрген кезде ол кітап оқып отыратын

16.02.2012, 18:00 228


Балдай тәтті балалық дәуреннің кім кімге де ыстық екені рас. Албырт шағын аңсамайтын, күнәдан пәк кіршіксіз күндерін сағынбайтын жан баласы жоқ шығар, сірә!!!

Жазушының балалық шағы туралы бір білсе ауылдастары, сыныптастары, құрбы-құрдастары білер деп қаламгердің туған ауылы Шыңғыстайға жол тартқанбыз. Байқағанымыз, Оралханның көзін көріп, таныс-біліс болғанымен балалық шағын бірге өткізген жандар ат төбеліндей аз қалған екен. Бірі дүниеден өткен, бірі басқа жаққа көшіп кеткен.
Ауылға түсе салысымен бүгінде осындағы Оралхан Бөкейдің мұражайына бас-көз болып отырған, жазушының жастайынан құлын тайдай тебісіп бірге өскен жақын жолдасы Аманжан ағаның үйін іздедік. Таптық. Үйінде екен. Жазушының балалық шағы жайлы тұщымды мағлұмат табылар деген ниетпен әуелі қаламгердің мұражай үйіне бет алғанбыз. Алайда ол жерден қаламгердің балалық шағынан белгі беретіндей мәнді дерек, маңызды дәйек таппаған соң үйге барып әңгімелесуді жөн көрдік. Басқа амалымыз да болмады. Сыртта сақылдаған сары аяз. Аманжан ағамыз: «Оралханды менен гөрі Нұрлан жақсы біледі. Бір сынып жоғары оқығаны болмаса жастайынан бірге жүрді, көрші тұрды» деген соң Нұрлан ағамыздың үйін бетке алдық. Расында да айтса айтқандай, Оралхан Бөкейдің балалық шағы туралы көп дүниені біледі екен.

Бір күпейкені бес бала киген кездер есімнен шықпайды
– Оралханмен бала кезден бірге тұрдық, бірге өстік, бір тілім нанды бөліп жедік,– деп бастады әңгімесін Нұрлан ағамыз. – Менің әкем Сейтен мен Оралханның әкесі Бөкейдің үйі Шыңғыстай ауылының күншығыс жақ шетінде болатын. Арамызда үй жоқ. Есік алдына шықсаң да, клубтағы киноға барсаң да, мектепке келсең де, жазда су бойына барсаң да – көретінің сол. Бұдан кейін дос болмағанда қайда барасың? Не керек, біз 18-19 жасқа келгенше бір үйдің баласындай, қос қолдың саласындай ет-бауырымыз елжіреп, жұбымызды жазбай бірге жүрдік қой. Одан кейін мен әскерге кеттім. Ол осында пионер вожатый болып қалды.
– Балалық бал дәуренге бір саяхат жасаудың реті келіп тұрған секілді... Оралхан Бөкей қандай бала болды? Өзгелерден несімен ерекше еді?
– Елуінші жылдардың соңына қарай біз 15-16 жасқа енді келіп, ес біліп, етек-жеңімізді жиып жатқан кезде елдің жағдайы өте ауыр болды. Соғыстан кейінгі елең-алаң шақ. Ол кезде осында 6-7 жеті бала болса бір күпейкені мектепке түске дейін бір бала, түстен кейін бір бала киіп барып келетін. Екінші ауысымға баратын бала әлгі күпәйкені күтіп отыратын. Жасыратын несі бар, сол жылдары мектеп бітіру кешіне киіп баратын жөні түзу кәстөм таба алмадық қой. Оралханның жағдайы да дұрыс болған жоқ. Бір аяқ қара көже мен бір тілім қарма нан табылса, соған қанағат қылып жүре беретінбіз. Шыны керек, 60-70 жылдарға дейін бүтін шалбар киген жоқпыз. Ылғи жамаған шалбар кидік. Сөмке деген атымен жоқ. Оралхан бастаған төрт-бес бала матадан тігілген дорбаны алып мектепке баратынбыз. Сондай жағдайда өмір сүрдік. Біздің балалық шағымыз сондай заманмен тұспа тұс келді. Оралхан үйде төрт қыздың арасында жалғыз ұл болды. Мен он баланың үлкенімін. Еңбекке ерте араласып, ерте есейдік. Жазғы, көктемгі каникул кездерінде үлкендерге болысып, мал азығын дайындадық. Мал фермаларына барып қар күреп, қи қаздық. Жаз айларында Шабанбай жайлауына барып, шөп шаптық. Оралхан екеуміздің бір жыл трактордың артында косилкада отырғанымыз бар. Ат жегіп те шөп шаптық талай. Сәл есейген соң шөмеленің түбінде тұрып шөп әпердік. Сол бір сәттер әлі күнге көз алдымда.
Ауылда бір жаман клуб бар еді. Кешке сонда барамыз. Ол кезде қазіргідей дискотека демейді танцы дейді. Ауылдың бір баласы гармон ойнап отырады. Біз соған билеген боламыз баяғы. Оралханның мінезі қандай болды дегенге келсек, ол бала кезінен өжет, бірбеткей болды. Сол кезде ауылда бір-бірімізбен етене араласатын төрт-бес бала болдық. Соның ішінде ең өжеті осы Оралхан еді. Сондай бір шалт мінезі болатын. Ашулануы да тез, қайтуы да тез. Бір сөзбен айтқанда, найзағай секілді болды мінезі.
Бір оқиға есіме түсіп отыр. Бала кезімізде бір топ бала ауылдың іргесіндегі қабақтың астына мойыл теруге бардық. Бір кезде әлгі қалың мойылдың ішінен қарабауырдың шыға келмесі бар ма... Шыға келіп, қарсы шапқанда балалардың бәрі зәре-құты кетіп, тым-тырақай қашты. Оның өжеттігі сондай, жалғыз өзі қалып, қалың мойылдың ішіне кіріп кетіп, қолына сойыл алып әлгі мақұлұққа қарсы жүгірді.

Кітапханада ол оқымаған кітап жоқ шығар
– Естуімізше, Оралхан Бөкей мектепте оқып жүргенде вальсті керемет билейтін дейді. Рас па осы?
– Оның рас. Оралхан вальсті керемет билейтін. Билегенде де бабына келтіріп тұрып билейтін. Және өзі кез келген қызбен билей бермейді. Өзінің билейтін қыздары болатын. Оның тағы бір ерекшелігі дейміз бе, қыры дейміз бе, суда керемет жүзетін. Бұқтырманың арғы бетінен бергі бетіне емін-еркін өтіп жүре беретін.
– Сабақ жағы қалай болды?
– Біз Шыңғыстайда Әбдікерім болыс 1907 жылы қарағайдан қиып салдырған мектепте оқыдық. Бұл – аудан көлеміндегі ғана емес, облыстағы, республикадағы тарихы терең де бай білім ұяларының бірі. Оралхан мектепте жүргенде шымқай беспен оқыды деп айта алмаймын. Математика секілді сабаққа келгенде бірімізден біріміз көшіретінбіз. Ал енді қазақ әдебиеті, қазақ тілі пәндеріне келгенде ол алдына жан салмайтын. Нұрғазин Жомарт деген ұстазымыз болды. Оралхан бала кезінде сол кісімен жақсы қарым-қатынас жасап, «қыс деген не?» деген бір шумақ өлең жазып, ақын боламын деп жүретін. Осы бір сәт есімде қалыпты. Содан кейін «Жұлдыз» журналы, өзге де республикалық басылымдарды қолына алып, сондағы өлеңдерді оқып, маған көрсеткенді жақсы көретін.
Оралхан кітапты көп оқитын. Әсіресе, ертедегі қиссаларды. Алпамыстан бастап, бертінгі Илияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллинге дейін. Бәрін оқыды. Ол кезде бүгінгідей емес кітап қат еді ғой. Ауылда кішігірім кітапхана болды. Оралхан сондағы кітаптың бәрін оқыды-ау деймін. Талғамай оқитын. Талғайтын да мүмкіншілік болмады ғой ол кезде. Біз далаға шығып ойын қуып жүрген кезде ол кітап оқып отыратын.

Қиқар деп атаушы едік
– Ауылдағы ағайын бір-біріне ат қойып, айдар тағуға әуес қой. Оралханның да сондай лақап аты болған болар бала кезде...
– «Кличка» деген нәрсе бәрімізде де болды ғой. Өзімнен бастайын әуелі. Жақын араласып-құраласқан төрт-бес бала болдық. Мені бәрі Шойынқұлақ деп атайтын. Өйткені мен өзгелерден гөрі қарулы болдым. Оралханды қиқар дейтінбіз. Ол өзі ұнатпаған, жақтырмаған адамымен дұрыс сөйлеспейтін. Теріс жауап беріп, кекетіп сөйлейтін әдеті бар-тын. Содан балалар «осы ылғи қиқарланып тұрады» деп қиқар атап кеткенбіз.
Балалық дегеннен шығады, Оралхан екеуміздің арамызда болған бір оқиға еске түсіп отыр. Бала кезде ауылдағы клубта үндінің киноларын көп көретінбіз. Қайта-қайта қояды. Сонда кинода үндінің актерлерінің саусағынан қан шығарып, өмірлік дос боламыз деп серт беріп жататын сәттері бар. Соны көріп алған Оралхан екеуміз «бізде солай болайық» деп саусағымыздан қан шығарғанымыз бар. Әрине, бір жағы балалық, бір жағы кинодан алған әсер болар...
– Бала махаббат дейміз ғой. Жазушының балалық шақтағы балғын сезімдері есіңізде болар...
– Махаббат жағына келсек, анау-мынау қыздарды менсінбеді Оралхан. Өз ауылының қыздарын менсінбей, іргедегі «Өрнек» деген ауылдағы Бұтабаева Жазира деген қызға ғашық болып жүретін. Ол кезде ауылдағы мына мектепте интернат бар. Сырттан келіп оқитындар көп болды. Сол кезде біз кешкісін интернаттың аградасын жағалайтынбыз. Қыздарға барған боламыз ғой баяғы. Қайдам, мұғалімдер маңайлатпайтын бізді.
Оның тағы бір ерекшелігі, сөзге шешен, суырып салма болды. Біз сөз таба алмай күмілжіп тұрғанда Оралхан суырылып шығатын. Әкесі көп сөйлемегенімен шешесі Күлия бүкіл Шыңғыстайға мәлім, адуынды, сөзшең кісі болды. Оралханның сөзшеңдігі анасына тартса керек.
– Оралхан Бөкей әдебиетте ғана емес, көсемсөзде ғана емес, өмірде де көркем, тік сөйлеп, таза жүретін, кірпияз жан болғанын білеміз. Бала кезде де солай болды ма?
– Иә, Оралхан бала кезінде де солай болды. Біз жамаған киіммен салпылдатып жүргенде Оралхан ескі киім болса да соны жуып-шайып, жамалған киім кисе де соны білдіртпеуге тырысатын. Шаш қойысының өзі ерекше болатын. 8-ші сыныпқа көшкенде шашын жіберді ғой. Сол кездің өзінде ол бойын түзей білді. Таза жүрді. Өзіне жақсы қарады. Мен өзім Оралханның көп қылықтарын, серіліктерін Сәкен Сейфуллинге ұқсатам.

Судың жағасында отырып алып қалың ойға батушы еді
Жазушымен мектеп бітірген соң етене араласқан, Оралхан Бөкейдің өз тілімен айтсақ, «ішек-қарны араласқан» жолдастарының бірі Аманжан Нұқсарин қаламгердің балалық шағының бір-екі сәтін еске түсіргендей болды.
– Нұрлан көрді ме, жоқ па білмеймін, – дейді ол келмеске кеткен күндеріне көз салып. – Бұқтырма өзенінің бер жағында Грешке деген орыстың шалы тұрды, Маруся деген жалғыз қызы болды. Оралхан екеуінің жастары шамалас. Бір жағы көрші тұрды. Сонда Бұқтырма буырқанып, ағаштың басына шығып тасып жатқанда, Оралхан әлгі орыстың қызы екеуі мұздай судан аралға өтіп, сол жерден мойылдың гүлін алып келетін.
Оралханның тағы бір ерекшелігі, жас кезінде жалғыз өзі судың бойында отырып алып, басты төмен салып ойланып отыратын. Осындай сәтін көп көрдім. Ойнап жүрген балаларға көп жоламайтын.
Мен Оралханнан бір сынып жоғары оқыдым. Нұрғазин Жомарт деген мұғаліміміз болды. Ол кісі «оқушылар шығармашылығынан» деген үйірме құрып, журнал, газет шығарып жүретінбіз. Оған тек қана осы саладан хабары бар жігіттерді алып отырды. Осы үйірмеде Оралхан болды, мен болдым. Тағы бір-екі бала. Сол журналда Оралханның өлеңдері мен әңгімелері шығып жүретін.

Вальсті керемет билейтін
Оралхан Бөкей оқушы кезінде вальсті керемет билейтін деп жоғарыда айттық. Вальс демекші, кезінде Оралханмен шыр көбелек айналып вальс билеген бойжеткен, бүгінде зейнеткер Бақтина Жақиярова апамыз осы ауылда тұрады екен. Жанары жәудіреп, ерекше тебіреніспен еске алды сол бір сәтті.
– Вальсті керемет билейтін еді расында. Мені биге жиі шақырушы еді... Жарықтық ай десеңші... (орнынан тұрып, көңілі толқып Оралханның вальс билерде басын иіп, қолын ұсынатын сәтін көрсетті). Сөйтіп, клубтың басынан аяғына дейін дөңгеленіп шыр айнала билейтінбіз. Жаңа айттым ғой, Оралхан керемет билейтін. Қыздардың бәрі ол кісімен билеуді армандайтын.
Жазушының бишілік өнері жөнінде тағы бір дәйек.
Нұрлан Әкімбаевтың жары Бақсара Базарбаева айтады:
– 8-9-шы сыныпты осы жерде оқыдым. Оған дейін Шыңғыстайға іргелес Чернова деген ауылда тұрдым. Есімде қалғаны, Оралхан өзі сондай тәкәппар, өзі сондай сымбатты, ұзын бойлы, әдемі жігіт болды. Көп қыздар соңынан жүргенімен біріне де көз салмайтын. Толқынды шашын сілкіп қойып жүретін.
Құмарша Әдиханова деген қыз бізбен бірге оқыды. 11-ді осыдан бітірді. Сол қыз Оралханмен бірге шыр көбелек айналып вальс билейтін. Жалпы, ол кісімен қыздардың бәрінің билегісі келетін. Алайда Оралхан билегісі келетін қыздарымен ғана билейді. Ол кісі сол кезде 10-сыныпта оқиды. Біз 8-ші сыныпта оқимыз. Біз көбіне сырттан бақылайтынбыз.

Әдебиетке бейімдігін мектепте жүргенде-ақ байқатты
«Әдебиетке бейім екенін Оралхан мектепте оқып жүргенде-ақ көрсете бастады. Бірақ оны көріп-біліп, көмектесіп, демеген адам болды деп айту қиын. Сабақтан гөрі әдеби кітапты көп оқитын. Біз оған сабақ оқымай, әдеби кітаптарды неге көп оқисың деп ренжитінбіз. Сөйлеу сабақтарын қиындықсыз жақсы меңгеретін. Математика, физика сабақтарын ынталанбай, тек баға алу үшін оқитын. Пән мұғалімдері оған ашу шақыратын. Біз мектепте оқушылардың бейімділігіне қарай білім беруге назар аудармаймыз. Барлық оқушыны бірдей оқытамыз, бірдей талап қоямыз. Сол арқылы оқушылармен қайшылыққа кездесеміз. Ондай қиыншылықтар Оралханда да болды. Әдеби шығармаларды оқымай, тек сабаққа ғана даярлан деген талапты оның неге орындамайтынын ол кезде түсіне бермеппіз...
Оралхан оқушы кезінен-ақ бейнелеп сөйлеуге бейім еді. Жолдастарының жағымсыз қылықтарын бетіне тура айтатын, сөзбен шымшып алатын. Бірде сабақ үстінде кластасы Тұрысбек өзінің сабаққа даярлана алмаған себептерін айта бастады. Оның сөзін мұғалім тыңдап үлгергенше Оралхан «Балта көтергенше, дөңгек жол табады» десеңші деп жымия күліп мұғалімге қарады. Класта Қалибек деген оқушы болды, дүниеден қыршын кетті. Сол Қалибектің темекі тартатынын оқушылар клас жиналысында қарады. «Жоғарғы клас оқушыларының барлық қылықтарын төменгі клас оқушылары қайталайды. Сонда оларға мектебіңе зиян екенін түсінсең сен темекі тартпаған болар едің» деп мұғалім ұрсып жатса, Оралхан орнында отырып «Өгізді көрген бұзау оңа ма?», «Сиыр су ішсе, бұзау тұз жалайды» деп қойып қарап отыр. Мұғалімнің сөзінен гөрі Оралханның осы теңеулерінің әсері күшті болды. Мұндай сөз тізбектері ауызға өзінен өзі келіп, ағылытып отыратын еді.
Оның сол кезде-ақ ойы терең, қиялы ұшқыр еді. Өзіне сөз беріліп сабаққа кірісер алдында «мен сендерге оқтай жандырып, құстай қондырып зуылдатайыншы» деп күлімдеп бір қарап алатын. Әңгімеге кіріскенде, өзі айтқандай-ақ зуылдататын. Өзін басқалардан биік ұстайтын. Өзгелердің төбесінен қарап тұрғандай сезінетін. Ой-өрісінің кеңдігі оның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын өзгелерден өзгеше ететін».
(Жазушының ұстазы Зәбилә Алпысқызының естелігінен. «Оралхан» (естеліктер, эсселер және мақалалар). «Өнер» баспасы, Алматы, 2000 жыл)

Тақырыпқа тұздық!
«Аға, сіз жазушы болмасаңыз, қандай мамандық иесі болғанды қалар едіңіз?» деп сұрадым бірде. Жауабы: «Әйтеуір өнер адамы болар едім. Жас кезімде балет бишілеріне қатты қызығатынмын. Онша түсіне бермесем де, Опера балет театрына жиі баратынмын».
(Ғалия Бөкейқызының естелігінен. «Оралхан» (естеліктер, эсселер және мақалалар). «Өнер» баспасы, Алматы, 2000 жыл)


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив