KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 11 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

ПИК-ТЕР ПЫСҚЫРМАЙ МА ӘЛДЕ ПӘРМЕНСІЗ БЕ?

15.02.2012, 18:00 176


Қыс келген сайын жылудың жырын, тұрғындардың мұңын есту әдетке айналған. Осы әңгімеге бірден-бір себеп тұрғын үйлердің қыс маусымына дұрыс дайындалмауы екені елене бермейді. Көпқабатты үйлердегі пәтерлер салқындай бастаса болды, бар кінәні жылу орталықтарына аудара салу да үрдіске айналып кеткендей. Расында солай ма?

Сонда көпқабатты тұрғын үйлердің қыс мерзіміне толық дайындықпен
келуіне жауапты ПИК-тердің (пәтер
иелерінің кооперативі) жауапкершілігі қайда қалады?
Олай дейтініміз, былтыр ерте көктемнен бастап билік тарапынан көпқабатты үйлерді жылу маусымына дайындауды құжаттандыру керектігі айтылған. Жақсы бастама жаз бойы неше рет қайталанса да қаладағы үйлердің жартысынан көбі қыс сынағына дайындықсыз күйінде келді. Сонда қысқы маусымға шалағай қараған ПИК жергілікті биліктің жылу маусымына қамдануға қатысты бастамасына пысқырмай ма, әлде тұрғындар алдында пәрменсіз бе?
Сондай-ақ, ПИК-тің тиісті жұмыс істеуін талап етуге құқылы тұрғындар белсенділігі неге байқалмайды?
Деректерге сүйенсек, Семейде 1035 үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі екен. Сол үйлерге иелік жасап, тұрғындардың коммуналдық жағдайына жауапты, қажеттіліктерімен жабдықтауға міндетті, сол үшін жалақы алып отырған орган ПИК (КСК) болып табылатынын ашып айтуымыз керек. Бүгінде қала бойынша 172 кондоминиум нысандарын басқару формалары жұмыс істеуде.
ПИК – кондоминиум нысанын басқару мақсатымен құрылған, көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер иелерінің коммерциялық емес бірлестігі. Мәліметтер Семейде көпқабатты үйлердің 70 пайызы жылу маусымына тиісті деңгейде дайындалмағандығын дәлелдеп отыр. Мұның барлығы да ПИК төрағаларының өз қызметтеріне салғырттығын аңғартпақ. Олай дейтініміз, былтыр жаз бойы сол ПИК-терге үйлердің қыс маусымына, жылу беруге әзірлігін анықтайтын құжат жасау тапсырылған болатын. Қала әкімдігі тарапынан айтылған бұл тапсырмаға ПИК әкімшіліктерінің басым көпшілігі бәлендей мән бермеген. Сол себептен де олардың жалған мәлімдемелеріне сенім артқан шенеуніктер жылуды уақытылы қосқан болатын. Дегенмен, қыстың қақаған аязы шала-шарпы жасалған жұмыстың жайын танытып отыр. Нәтижесі де айдан анық. Қынжылтарлығы, суық алып қалған үйлерді анықтағанмен де, оны қыс ортасында жөнге келтіру жағы қиындық тудырып тұр. Негізі қаладағы тұрғын үйлердің 60 % - ы өткен ғасырда бой көтерген. 1998 жылдан бері жекеменшік пәтер иелері кооперативтерінің қарамағындағы үйлердің жылу жүйелері мүлде жөндеуден өтпеген. Біздіңше, ПИК бәсекелестіктің жоқтығынан ұсы¬ны¬латын коммуналдық қызмет сапасын көтеруге талпынбайды. Бүгінде «Феникс», «Диана», «Диас», «Дулатов көшесі 206 «б» сынды ПИК-тердің қысқа әзірлігі аянышты. Олардың мұндай жағдайда қала беруіне оларға деген талаптың әлсіздігінен болар. Өздерін ешкімге бағынышты емеспіз есептейтін болса керек. Бірақ, ендігі кезекте олай бола қоймас.
Мәселе енді басқаша болмақ. Жұмысына салғырт кооперативтермен заң жүзінде жұмыс жасайтын, жаңа тұрғын үйлердің техникалық жағдайын бақылау инспекциясы айналысатын болады. Жаңадан құрылып жатқан инспекцияға лайықты мамандар даярланып, іріктелуде. Дәстүрлі жылу қиындықтарынан баз кешкен әкімдіктегілер де «Қыстың қамын жаз ойла» қағидасы негізінде өткен жылдың көктемінен бастап қысқа әзірлік жұмыстарын жүргізу, байланыс тораптарын жөндеу, подъездерді жылылау, батареяларды тазалау жайларын түсіндіру шараларын ұйымдастырып келді. Тұрғын үйлердегі жылу және электр энергиясын үнемдеу мақсатында тұрғындарға арналған ескерту парақшалары да таратылды. Бір айтарлығы, ПИК өкілдері мен тұрғындарға қысқы әзірліктері жайында акт дайындау қажеттігі ескертілген болатын. Оны бақылайтын арнайы ортақ комиссия құрылды. Құрамында ТҮКШ мамандары, «Жылукоммуноэнерго», «Семей су құбыры», ПИК және жекеменшік иелері бар. Қысқа әзірлік барысы да БАҚ арқылы жарияланып отырды. Және жаз бойы қала басшысы А. Кәрімов те бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға бұл әзірліктің қаншалықты маңызды екенін айтқан болатын. ПИК төрағаларымен барлығы 19, оның ішінде қала әкімінің қатысуымен 11 жиналыс өткізілді. ПИК құрамына кірмейтін 21 үймен кездесу өтті. Бір қуантарлығы, «Бірлік», «Дружба», «Рубин» сынды серіктестіктер және Б. Момышұлы көшесіндегі 37 үй, М. Әуезов даңғылындағы 43, 55, 65 үйлер, Титов көшесіндегі 140, 148 үйлер, т.б. тұрғындардың өз күштерімен қысқа сақадай сай кірген. Жалпы ПИК-тің құзіретіне кооператив мүшелерінің бекітілген тұрақты төлемдер мен жарналарды уақытында төлеуін бақылау; кооперативтің жылдық бюджетін, смета мен есепті құру, оларды жалпы жиналыста бекітуге ұсыну; кооператив атынан келісімшарт бекіту сынды бірқатар міндеттер кіреді. Олардың жұмыстарына кедергі келтірер негізгі нәрсе - тұрғындардың дер кезінде келісілген қаражатын төлемеуінен қарыз мөлшерінің артып кетуі және олар өздері тұрып жатқан үйге жанашырлық танытпауы. Есік-терезелерді жылылау, батареяларды уақытында тазалау жұмыстарын көпшілік өз бетімен жүргізе бермеуінен осындай олқылықтар орын алуда. Бір подъезде жиырма пәтер болса, олардың барлығы дерлік қысқа жиырма түрлі қамданғаны анық. Сол себептен белгілі меже 18-20 градус болса, ол бір үйдің ішіндегі бір пәтерде төменболса, келесі пәтерде жоғары болып келеді. Бұлай деуіме жақында Шоқан Уәлиханов атындағы көшенің 147-ші үйінен келіп түскен шағым түрткі болып отыр. Қала әкімінің орынбасары Д. Гариков бұл тұрғын үйдің жайымен танысып қайтқан болатын. Шағым түскен пәтер мен басқа да пәтерлерді салыстыра отырып қарағанда, бар мәселеге тұрғынның бейқамдығы себеп болған көрінеді. Өйткені, жалпы үйдің жылуы қалыпты, ал шырылдауық шегірткенің күйін кешкен пәтер иесі қыстың әзірлеген «сыйына» тосқауыл көрсете алмай отыр. Бұған ПИК жұмысының мардымсыздығы дәлел болуда.Тұрғындармен кездесу өткізіп, қаражат мәселесін, жалпы тұрғын үй жайын айтып, есеп беріп, бірлесе жұмыс істесе, ПИК жұмысы оңалар ма еді? ПИК арасында бәсекелестіктің болмауынан мұндай олқылықтар туып жатқанын жоғарыда сөз еттік. Қала басшылығына өзге қалалардағыдай «Ең үздік ПИК» байқауын ұйымдастырса деген ұсыныс айтсақ, бұл жемісін беретін де сияқты. «Ең үздік ПИК» атауына лайық мекемелер де бар бүгінгі таңда.
Жалпы, бәсеке бар жерде алға жылжушылық та болатыны рас. Бүгінгі ПИК-тердің жұмысын елеулі етуге тұрғындар да өз үлестерін қосқаны абзал. Қарыздарын дер кезінде өтеп, өздеріне тиесілі міндеттерін атқарып отырса ПИК-терге де тиісінше талап қоя алар еді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив