KZ
Өскемен
+14°
небольшая облачность жел 5 м/с, З
445.66 474.58 4.78

ҚАЗІРГІ ТАҢДА ҚАТ БОЛЫП ОТЫРҒАН КӘСІП

14.02.2012, 18:00 101


Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісін дамытып, оқыту мен жұмысқа орналасуға септесудің тиімді жүйесін жасау бағытында нақты тапсырма берді. Қазір Өскемендегі №15 кәсіптік лицей ұжымы Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008 - 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында бәсекеге қабілетті, білікті кәсіби мамандарды даярлау үшін жұмыла жұмыс істеп жатыр.

Кәсіпорындармен келісімшарт жасалған

Бұл күндері олар токарь, кең ауқымды станокшы, модельер-шаштараз, модельер-киім пішуші, тігінші сияқты кәсіби мамандарды даярлаумен айналысуда. Ал бәсекеге қабілетті маман даярлау теориялық білімді іс-тәжірибемен ұштастырғанда ғана мүмкін болмақ. Осыған орай №15 кәсіптік лицей білім беру жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыру, кадрларды даярлауда әлеуметтік серіктестікті үйлестіру бағытында «Өскемен арматура зауыты», «Шығыс машина жасау зауыты», «Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамдары, «Қазцинк», «Гидросталь», «Машзауыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты ірі кәсіпорындардың басшыларымен оқушыларды іс-тәжірибеден өткізу жөнінде үш жылдық келісімшарт жасаған. Осындай екіжақты келісімшарт негізінде оқушылардың алған теориялық білімдерін өндіріс орындарында тереңдету, кәсіби дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру тұрақты жүргізіліп келеді.
– Осы аталған кәсіпорындарға оқуды бітірген түлектердің барлығы жұмысқа орналасып жатыр деп айта алмаймын, – дейді лицей директоры Батырхан Құсыманов. – Өйткені ондағы тәлімгер-мамандар іс-тәжірибеден өткізу кезінде оқушыларды қабілетіне қарай таңдап алады. Бүгінгі күні біздің лицеймен тығыз жұмыс істеп жатқан Арматура зауыты мен Гидросталь зауыты келісімшарт бойынша оқушыларды жұмыс киімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Гидросталь кәсіпорны өндірістік тәжірибе кезінде жұмыс істеген оқушыларға 15-20 мың теңгедей ақша төлеп, күніне бір уақыт үш жүз теңгенің тегін тамағын беруде. Қазіргі кезде көптеген түлектер осы зауытқа орналасып, жұмыс істеп жатыр.
Былтыр лицейді 182 оқушы бітірді. Токарь мамандығын меңгерген 28 түлектің 10-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналас-ты. Үшеуі өздері қалаған оқу орындарында оқуын жалғастыруда. Төртеуі әскер қатарына шақырылып, өз міндеттерін өтеуде.
Жалпы лицейді былтыр бітірген оқушылардың жетпіс пайыздан астамы жұмысқа орналасқан. Кейбір түлектер 20-30 мың теңгелік еңбекақыны азсынып, одан көбірек төлейтін жұмысқа орналасып жатыр.
Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға дейін лицейлердің оқу-материалдық базасын жақсартуды, бұрыннан қолданыста келе жатқан керек-жарақтардың сексен пайызын жаңалауды жүзеге асыру бағыттары белгіленген. Осыған орай қазіргі уақытта №15 кәсіптік лицейде оқу-өндірістік базасын жаңарту және жаңа технологиялық жабдықтармен қайта жарақтандыру жүргізілуде. Лицейге 11 миллион теңгенің қажетті құрал-жабдықтары алынды. Енді токарь станоктарын сатып алу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бір станок 6 миллион теңге тұрады. Кең ауқымды станокшы үш мамандықты бірдей игеріп шығады. Станокшыға сұраныс бар. Сондай-ақ тігін машиналары жаңартылды. Шаштараздардың күнделікті қолданатын керек-жарақтары да жеткілікті.
Облыстағы орта және шағын бизнесті қолдау және дамыту орталықтарының, жұмыс берушілер қауымдастығының тапсырыстары бойынша шаштараздар мен тігіншілерді жекеменшік жұмыс орындарына даярлап жатыр. Өйткені қазіргі уақытта осы мамандықтар бойынша жұмыс істеп тұрған мемлекеттік мекемелер қалған жоқ. Өткен жылы мамандық алып шыққан шаштараздардың 47 пайызы ғана жұмысқа орналасқан.
Шаштараз мамандығына оқушылар саны азайтылып, жүз адамның орнына былтыр елу адам қабылдаған. Бір орынға үш талапкерден өтінім түскен соң байқау бо-йынша таңдау жасалынды. Оқушылар тігінші мамандығын игеруге соншалықты ықыласты емес, өйткені лицейді бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу жағы бірден шешілмейтін көрінеді.
Болашақ шаштараздар балалар мен қарттар үйлерін қамқорлықтарына алған. Сонда тұрып жатқан балалар мен қарттардың шаштарын тегін алып береді және шағын ауданда тұратын зейнеткерлерге де тегін қызмет көрсетеді.

Өскеменде қазақша оқытатын лицей
жалғыз-ақ

Қазіргі уақытта облыс орталығында мамандықтарды қазақша оқытатын бір ғана лицей бар. Қалғандарында сабақ орыс тілінде өткізіледі. №15 лицей ұжымы ауыл жастарының қалада оқып, кәсіби мамандық алуына мүмкіндігіне қарай жағдай жасап келеді.
– Қазір көптеген ауылдарда шаштараз жоқ. Оқуын бітіргеннен кейін олар үйінде немесе басқа орындардың бірінде бөлме жалдап, тұрғындарға қызмет көрсетіп, өз күнін көрер еді. Ауылдан келіп оқыған тігіншілер де өз жұмыстарын жалғастырып кетер еді, – дейді Батырхан Құсыманов.
Былтыр №15 лицейде қазақ тобы ашылып, 11-сыныпты бітірген 25 оқушыны шаштараз мамандығы бойынша оқытты. Олардың барлығы оқуды бітіргеннен кейін ауылдарына оралды.
– Лицейдің өз жатақханасы жоқ. Ауылдан келген оқушыларға жатақхана тауып береміз деп уәде берген едім. Былтыр оқушылардың өтініші бойынша басқа оқу орындарының жатақханаларынан орын алып бердім. Пәтер жалдаса, қымбатқа түседі, –
деген директор биыл тігінші мен шаштараз мамандықтарына ауылдардан қабылдана-тын оқушылар санын ұлғайтуды жоспарлап отырғанын да айта кетті.
Лицей басшылығы жұмыспен қамту орталығымен, әлеуметтік әріптестерімен бірлесіп, еңбек нарығының білікті кәсіби мамандарға қажеттілігін анықтай отырып, жаңаша жүйелі жұмыс істеуге көшуді жүзеге асырып жатыр. «Рауан» АҚ басшысы Г.Накужановадан оператор-слесарьлар даярлап беру жөнінде ұсыныс түскен. Оның айтуынша, бүкіл Өскемен қаласы бойынша тігін машиналарын жөндейтін бірде-бір маман қалмапты. Зейнет жасындағы бұрынғы мамандарды шақырып жөндетуге мәжбүр болған. Биыл жұмыс берушінің өтінімі бойынша тігін машиналарын жөндейтін кадрларды даярлау мақсатында арнайы топ ашуды жоспарлап отыр.
– Кәсіпорындарға барып, қандай мамандық қажет екенін біліп отырамыз. Жұмыс берушілердің талаптарына сай мамандар даярлаймыз. Сұраныс үнемі сәйкес келе бермейді. Оқушы үш жыл оқып, мамандық алып шыққанда кәсіпорын басшылары тарапынан енді қажет болмай тұр деген сияқты өзгерістер де болып жатады, – дейді лицей директоры.
Лицейдің кәсіптік оқыту бағдарламалары мен оқу жоспарлары жұмыс берушілермен келісілген. Теориялық біліммен қоса іс-
тәжірибеден өткізу арқылы арнайы дағды-ларды игеруге бағытталған жүйе енгізілген. Сондай-ақ, жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп лицей түлектерін жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесуде.
Былтырғы кәсіптік бағдарлау, жұмысқа орналастыру жәрмеңкелеріне лицейдің оқытушылары мен өндіріс шеберлері де қатысып, жоғары сынып оқушыларымен әңгімелесіп, қойған сұрақтарына жауаптар берді. Тігіншілер өздерінің тіккен киімдерін, шаштараздар әсемдеп шаш қиюдағы шеберліктерін көрсетті.

Әлімжан Қадылбекұлы

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив